Бейсенбі, 27 Тамыз 2026
46 - сөз 413 0 пікір 25 Тамыз, 2026 сағат 14:57

Исатай–Махамбет көтерілісіне 190 жыл!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Ішкі Орданың құрылуы мен отаршылдық саясат

1801 жылы Ресей императоры Павел I-нің жарлығымен Жайық пен Еділ өзендері аралығында Ішкі немесе Бөкей хандығы құрылды. Патша үкіметі мұндай қадамға Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресі күннен-күнге өршіп бара жатқан Кіші жүздегі ахуалды бәсеңдету мақсатында барды.

Қазақтардың бұл қоныс аударуын Нұралы ханның ұлы — Бөкей сұлтан басқарды. Ол 1812 жылы 7 шілдеде ресми түрде хан болып жарияланып, хандықтың құрылуы заңды түрде рәсімделді. 1771 жылы қалмақтар Жоңғарияға ауғаннан кейін бос қалған жерлерді беру арқылы патша өкіметі Кіші жүздегі әлеуметтік шиеленісті сейілтуді көздеді. Бұл қоныстандыру империяның отаршылдық мүддесіне толық сай келді: ол Кіші жүз күштерін бытыраңқы етті, қазақтардың бір бөлігін қалмақтар мен башқұрттар сияқты империяның бағынышты буынына айналдырды әрі халықтан алынатын алым-салықты көбейтуге жол ашты.

Саяси тұрғыдан бұл аймақ 1812 жылы ғана арнайы иелік ретінде бекітілді. Сол жылы Кіші жүзге Шерғазы сұлтан, ал Ішкі Ордаға Бөкей сұлтан хан болып тағайындалды. Көп ұзамай иелік шекарасы белгіленіп, 1815 жылы Бөкей хан қайтыс болды. Оның үлкен ұлы Жәңгір кәмелетке толғанша Орданы Шығай сұлтан басқарды. Жәңгірдің өзі Астраханьда, губернатордың үйінде тәрбиеленді.

Жәңгір ханның билігі мен реформалары

1824 жылы 24 шілдеде Орал қаласында Орынбор шекара комиссиясының лауазымды тұлғаларының қатысуымен Жәңгір хан болып жарияланды. Оның билік құрған кезеңі қоғамдық өзгерістерге толы, салыстырмалы түрде ұзақ әрі қайшылықты оқиғалармен өтті.

Ол қазақ хандықтарының тарихында алғаш рет көшпелілердің отырықшылыққа көшкен жерлерін жеке меншікке беруді жүзеге асырды. Оның тұсында тархандық институт қайта жанданды. Бұл шаралар дәстүрлі көшпелі қазақ қауымдастығының ыдырауына ықпал етті.

Билігі күшейген сайын Жәңгір салық жүйесін реформалады. Әуелі зекет, содан соң соғым, ең соңында жасауыл ақысын (қызметшілерді асырауға арналған салық) енгізді. Хан өзімен бірге біршама қызметтік құрылымдардан: кеңседен, орынбасарлар тобынан, 12 билер кеңесінен, есауылдар институтынан, базар сұлтандарынан және 14 адамнан тұратын хабаршылардан құралған басқару аппаратын қалыптастырды. Бөкей Ордасында бас дін қызметкері – ахун лауазымы бекітілді. Алғашқыда патша әкімшілігі Орданың ішкі істеріне дерлік араласқан жоқ.

Жәңгір хан орыс дворяндарының жер иелену жүйесін енгізіп, сұлтандар мен старшындарға қоғамдық жерлерді үлестіріп берді. Қарапайым қазақтарға тархандық дәреже беріп, оларды төрелермен теңестірді. Мұның үстіне мемлекеттік жерлерді жеке тұлғаларға сатты. Осылайша, бара-бара ханның сенімді әлеуметтік тірегіне айналған артықшылықты байлар табы қалыптасты.

1830 жылдары хандық территориясында маңызды әкімшілік орталықтар пайда болды. Солардың бірі — Хан ордасы еді. Онда 1832 жылы өткізілген жәрмеңкенің тауар айналымы миллион рубльден асты. Ресейге жүздеген мың мал жөнелтіліп, жәрмеңкеге жан-жақтан көпестер ағылды. Хан ордасының сауда орталығына айналғанын мына дерек айғақтайды: елді мекендегі 89 үйдің 46-сы дүкен, 19-ы сауда қоймасы болған.

Жәңгір ханның ағартушылық бастамасы 1841 жылы Бөкей Ордасында (әрі бүкіл Қазақстан бойынша) ашылған алғашқы зайырлы мектептен көрініс тапты. Мектептегі 30-40 орынға алғашқы жылы бар болғаны 12 оқушы қабылданды. Соған қарамастан, оқу орнында татар, араб, орыс тілдері, арифметика мен грамматика негіздері, география мен тарих, сондай-ақ шешек ауруына қарсы егу ережелері оқытылды. Үздік түлектер Орынбор Неплюев кадет корпусына оқуға түсіп отырды.

Бөкей хандығының мәдени өмірінде Қару-жарақ бөлмесі ерекше орын алды. Замандастарының айтуынша, онда қазақ қолөнершілерінің шеберлігін айғақтайтын бірегей экспонаттар сақталған. Қазақстандағы осы алғашқы мұражайда шығыс халықтарының әскери сауыт-саймандары: кіреуке сауыттар, дулығалар, шынтақшалар болды. Сондай-ақ, орыс императорларының Жәңгір әулетіне сыйға тартқан қару-жарақтары сақталды.

Жәңгір хан Қазан университетінің Ғылыми-тарихи қоғамының құрметті мүшесі болып сайланды. Ол қазақтың бірқатар эпостық жырлары мен шежірелерін қағазға түсірді. Тұтастай алғанда, Бөкей Ордасы — Ресей империясының құрамында өзіндік басқаруы, әдет-ғұрпы мен дәстүрі бар ерекше құрылым болды. Ол формальды түрде Ресей азаматтығында саналғанымен, бастапқыда салық төлемеген және әскери міндеттемелерді атқармаған.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс

Бөкей Ордасында хан билігінің шамадан тыс күшеюі патша үкіметінің саяси жоспарына кірмейтін еді. Дегенмен, Жәңгір ханның адалдығын және халық арасындағы толқуларды ескерген үкімет ұзақ уақыт бойы Орданы әкімшілік жағынан қайта құруға асықпады. XIX ғасырдың басында патшалық әкімшілік қазақ қоғамының саяси құрылымын өзгертетін реформаларды бастап кетті.

Жергілікті патша әкімшілігі хандарға, сұлтандарға және билерге арқа сүйеп, қазақ жерлерін отарлауды, халықтың құқықтарын таптауды және жаңа салықтар енгізуді жалғастырды. Жер дағдарысы, салық ауыртпалығы мен патша шенеуніктерінің озбырлығы 1836 жылдың ақпанында халықтың ашық көтеріліске шығуына себеп болды.

Көтерілісті Беріш руының старшыны, батыр Исатай Тайманұлы басқарды. Оның қарулас досы әрі сенімді серігі — белгілі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Көтеріліс қамтыған аймақтарда хан билігі мен отаршылдық басқару жүйесі толығымен тоқтады. 1837 жылы шешуші оқиғалар өрістеп, 2000-нан астам көтерілісші Жәңгір ханның ордасын қоршауға алды.

Көтерілісшілер бірнеше бекіністі де қоршап алды. Тығырыққа тірелген Жәңгір хан мен жергілікті әкімшілік патша үкіметінен шұғыл әскери көмек сұрады. Көтерілісті басу үшін мыңнан астам сарбаздан тұратын ірі жазалаушы күш жіберілді. Патша подполковнигі Геке басқарған экспедиция құрамында екі зеңбірегі бар хан отряды, сондай-ақ Астрахань және Орал казактары болды.

Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы шешуші шайқас 1837 жылы 15 қарашада таң ата Тастөбе шатқалында өтті. Бұл қанды шайқаста көтерілісшілер үлкен шығынға ұшырады. Желтоқсанның 13-іне қараған түні Исатай бастаған отряд Жаманқала заставасының жанынан Жайық өзенін кесіп өтіп, Орал даласына бет алды.

Орал өңірінде Исатай мен Махамбет шашырап кеткен топтарды қайта біріктіріп, 1838 жылдың көктеміне қарай қайтадан ірі күш жинақтады. Оларды жою үшін Геке басқарған жазалаушы отряд қайта жіберілді. 1838 жылы 12 шілдеде Қиыл өзенінің бойындағы Ақбұлақ деген жерде соңғы айқас өтті.

Көтерілісшілер ерлікпен шайқасқанымен, сан жағынан да, қару-жарақ жағынан да басым жаудан жеңіліс тапты. Шайқаста 500-ге жуық сарбаздан тұратын негізгі топ талқандалып, Исатай Тайманұлы қаза тапты. Осыдан кейін көтеріліс бәсеңдей бастады. Патша өкіметі қатысушыларды аяусыз жазалады: халық жаппай соққыға жығылды, мүліктері тәркіленді, тұрақты қоныстарынан жер аударылып, караторға жіберілді, жүздеген адам өлім жазасына кесілді.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс — Жәңгір хан саясаты мен Ресей империясының отаршылдық езгісіне қарсы бағытталған халық-азаттық қозғалыс болды. Бұл көтеріліс қазақ халқының бостандыққа деген ұмтылысы мен азаттық рухының өшпес символы ретінде тарихта қалды.

P.S. Ж. Ниг өзінің «Чапаевтың орнында Әбілқайыр хан тұрсын!» атты мақаласында Орал қаласындағы теміржол вокзалы алаңындағы Чапаев ескерткішінің орнына Кіші жүз ханы Әбілқайырға ескерткіш орнатуды ұсынады. Бұл — орынды бастама, өйткені Әбілқайыр хан XVIII ғасырдың бірінші ширегінде халқын бастаған ұлы билеуші болды. Өз тарапымнан айтарым: И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтерілістің 190 жылдығына орай, XIX ғасырда елдің азаттығы үшін күрескен осы екі батырымызға арнап ескерткіш қою да өте өзекті әрі тарихи әділеттілік болар еді.

Керімсал Жұбатқанов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

0 пікір