Бейсенбі, 27 Тамыз 2026
Әдебиет 226 0 пікір 26 Тамыз, 2026 сағат 14:11

Борхес «табынған» он қаламгер кім?

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Хорхе Луис Борхес – Аргентинаның көрнекті жазушысы, испан тілді әдебиеттің ұлы өкілі. Оның аңызға айналған «Айырық жолдар бағы», «Құм кітабы» сияқты жинақтарының авторы.

Борхестің ерекше бағалаған, шығармашылығына шабыт алған 10 қаламгер туралы айталық:

Гомер (Ежелгі Грекия)

Борхес Гомерды эпикалық жырлардың баяндау өнерінің бастау бұлағы деп білген. «Илиада» мен «Одиссеяны» үнемі тілге тиек етіп, олардың ауқымды баяндалуын, архетиптік бейнелері мен ауызша әдебиетке тән шынайы қуатын жоғары бағалады.

Мигель де Сервантес (Испания)

Борхес Сервантестің «Дон Кихот» романын өмір бойы қайта парақтап, испан әдебиетінің нағыз шыңы деп санаған. Оны шығармадағы ақиқат пен қиялдың астасып жатуы ерекше баураған. «Дон Кихот» бейнесі Борхестің төл туындыларында да жиі кездеседі.

Уильям Шекспир (Англия)

Борхес Шекспирдің кейіпкер жасау шеберлігі мен тіл байлығына тәнті болды. Әсіресе, оның пьесаларындағы тағдыр, түс, елес сарындарын жоғары бағалап, Шекспир драматургиясына арнап арнайы эсселер жазды.

Джонатан Свифт (Ұлыбритания)

Жазушының суық мысқылын, ғажайып қиялы мен шапшаң, жинақы жазу стилін ұнатты. Ол «Гулливердің саяхаттарын» жай ғана балалар ертегісі емес, терең философиялық тұңғиығы бар фантастикалық туынды деп есептеді.

Эдгар Аллан По (АҚШ)

Борхес шығармашылығына ең зор ықпал еткен авторлардың бірі. Поны заманауи фантастиканың, детективтің және психологиялық триллердің атасы деп бағалады. Оның ойластырылған сюжеттік құрылымына, құпия атмосферасы мен логикалық өріміне сүйсінді. Борхестің қысқа әңгіме жазу стилі, детектив пен философияны ұштастыру тәсілі Подан бастау алады.

Роберт Льюис Стивенсон (Ұлыбритания)

Борхес Стивенсонның оқиғаны баяндау шеберлігін, шым-шытырық сюжет пен бірнеше болмыс тақырыбын сәтті игергенін айта келе, оны «қысқа прозаның мінсіз шебері» деп атаған.

Франц Кафка (Австрия)

Борхес Кафка шығармашылығын Латын Америкасы оқырмандарына алғашқылардың бірі болып таныстырды. Кафкаға тән абсурдты күнделікті өмір, аңыз-әмбебап баяндау мен жатсыну тұжырымдамасы Борхеске өте жақын еді – екі жазушы да шағын оқиға арқылы метафизикалық тереңдікті аша білді.

Томас Де Квинси (Ұлыбритания)

Оның түс әлемін суреттейтін психоделикалық, ішкі толғанысқа толы прозасына тәнті болды. Ерекше фантазияға құрылған бұл стилистика Борхестің кейіннен лабиринт пен түс тақырыбындағы шығармалар жазуына арқау болды.

Андре Жид (Франция)

Борхес Жидтің ой тереңдігін, стиль эксперименттерін және шығармаларындағы мораль, еркіндік пен адамның өзін тану ізденістерін жоғары бағалады.

Александр Пушкин (Ресей)

Борхес орыс поэзиясын ерекше сүйді. Пушкин өлеңдеріндегі ықшамдылықты, мұңды әуен мен ішкі драманы жоғары қойып, орыс әдебиеті туралы пікірлерін бірнеше рет қағазға түсірді.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір