Сенбі, 29 Тамыз 2026
Жаңалықтар 369 0 пікір 27 Тамыз, 2026 сағат 16:57

Қазақ тілін кемсіткен Ресей азаматы қамалды

Сурет: paryz.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желіде қазақ тілі мен қазақтардың мекеніне қатысты кемсітушілік сөздер айтып, қоғамда үлкен резонанс тудырған бұрынғы Ресей азаматы Данил Скуратов сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Желідегі Instagram парақшасында Ресейден мобилизация арқылы келгенін және Астана қаласында тұрып жатқанын көрсеткен ол Threads платформасында желі қолданушыларының ашу-заңын туғызған бірнеше жазба қалдырған. Скуратов өз сөзінде қазақ тілін кемсітіп, оны «ешкімге керегі жоқ» деп сипаттаған, сондай-ақ халыққа қатысты жағымсыз сөздер айтқан.

Әлеуметтік желідегі даулы пікірлер:

«Мен қазақ тілін білмеймін және 39 жыл бойы тамаша өмір сүріп келемін»;

«Мамбеттер мен қонақжайлылық екеуі екі түрлі ұғым. Кейін туристер неге жоқ деп таңғалады»;

«Қазақ тілін білмейтін жапондықтар мықты автокөліктер, Apple компаниясы iPhone-дар шығарып жатыр. Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлеуден басқа ештеңе білмейтін ақымақсыңдар... Қазақ тілі ешкімге де керек емес».

Осы оқиғадан кейін Алматы қалалық Полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы арқылы арнайы тексеріс жүргізіп, заң бұзушының жеке басын анықтады.

Полиция департаменті азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша іс қозғап, жиналған материалдарды шешім шығару үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдады.

Сот отырысы барысында айыпталушы Данил Скуратов өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңілдеу жаза қолдануды сұраған. Дегенмен сот оның әрекетін қоғамдық тәртіпті бұзу деп танып, 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.

Abai.kz

0 пікір