Мұнай бағасы арзандады: Ормуз бұғазы ашыла ма?
Ормуз бұғазына қатысты келіссөздер фонында әлемде мұнай арзандап жатыр.
27 тамызда әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта төмендеді. Бұған Таяу Шығыстағы дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы қайта ашылып, мұнай жеткізіліміне қойылған шектеулер жеңілдеуі мүмкін деген үміт себеп болды, деп хабарлайды Reuters.
Нарықтағы баға өзгерісі:
-
Brent: Фьючерстер бағасы 0,5%-ға төмендеп, барреліне 87,43 долларға түсті. Бұл марка бойынша арзандау қатарынан төртінші күн жалғасып отыр.
-
WTI: Америкалық шикізат бағасы да 0,5%-ға азайып, баррелі 81,86 долларды құрады. WTI бағасы қатарынан бесінші күн құлдырауда.
Геосаяси жағдай және келіссөздер
Қазіргі уақытта Иран мен Оман Ормуз бұғазын бақылауға қатысты келісімнің егжей-тегжейлерін пысықтауда. Бұған дейін Тегеран тараптардың бұл маңызды теңіз жолын бірлесе басқару және одан түсетін кірісті бөлу қағидалары бойынша ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеген болатын.
Анықтама: Иранға қарсы әскери қақтығыс басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен газ тұтынуының шамамен бестен бір бөлігі тасымалданатын. Тегеран тарапынан шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш бұрынғы деңгейдің төрттен біріне дейін құлдыраған еді.
Осы себепті аталған теңіз дәлізінің қайта ашылуы мүмкін екені туралы кез келген белгі әлемдік мұнай бағасына бірден әсер етіп, нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келуде.
Abai.kz