Дүйсенбі, 31 Тамыз 2026
Жаңалықтар 158 0 пікір 31 Тамыз, 2026 сағат 16:15

ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері туризмді дамыту бағытындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Суреттер: kaz.inform.kz сайтынан алынды.

ТМД мүшелерінің туристік әлеуетін нығайту бойынша жаңа тетіктер енгізілуі мүмкін. Бұл мәселе Ыстықкөлде өткен ТМД Мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XXXV отырысында кеңінен талқыланды.

Жиында Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан ақпарат агенттіктері арасында туристік контент алмасуды жүйелі түрде жолға қоюды ұсынды. Соның ішінде осы бағытқа жауапты үйлестірушілерді белгілеу қажеттігін атап өтті.

— Әрқайсымыздың ақпараттық ресурстарымыздың мүмкіндігі зор және өз елдеріміздегі жетекші медиаресурстардың бірі болып саналады. Биыл Қазақстан бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, тілшілеріміз туристік өңірлерге барып, қызметтердің құны, инфрақұрылым және демалыс жағдайлары т. б. тақырыптарда жан-жақты материалдар әзірледі. Біз бұл контентті әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз. Туризм тақырыбына жауапты жеке үйлестірушіні белгілеу мұндай жұмыстарды жүйелі әрі тиімді етуге мүмкіндік береді, — деді Нағашыбек Алдан.

Ал ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов ұлттық ақпарат агенттіктерінің аталған бағыттағы өзара іс-қимылын жандандыру идеясын қолдады. Оның айтуынша, ТМД елдерінің туристік әлеуеті зор болғанымен, кей мәселелер бойынша көршілес мемлекеттердің тұрғындарына әлі де жеткілікті деңгейде ақпарат беріліп жатқан жоқ.

— Бүгінде біз бір-біріміз үшін бұған дейін өзіміз де білмеген орасан зор туристік мүмкіндіктерді ашып жатырмыз. Әрқайсымыздың еліміздегі туристік орындарға көршілес халықтардың қызығушылығы артып келеді. Ондай жерлердің қатарына тарихи нысандар да, заманауи туристік кластерлер де кіреді. Бұл саладағы жұмысты одан әрі күшейтіп, елдеріміздегі туристік орындар жайында барынша кең ауқымда ақпарат беруіміз керек, — деді Андрей Кондрашов.

Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев те бұл тақырыптағы ұстанымын мәлімдеді. Оның сөзінше, Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Шерметалиев ТМД елдерінің ақпарат агенттіктерін алдағы халықаралық іс-шараны көрсетуде ақпараттық қолдау білдіруге шақырды.

— Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — халықаралық маңызы бар ауқымды шара. Біз үшін оның Қырғызстаннан тыс жерлерде кеңінен насихатталуы өте өзекті мәселе. ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері аталған дода туралы жаңалықтарды, репортаждарды және басқа да материалдарды тұрақты түрде жариялап отырса, біз бұған өте риза болар едік, — деді Медербек Шерметалиев.

Жиынға қатысушылар туристік контентті жүйелі түрде алмасып отырудың тиімділігіне тоқталды. Ондай әріптестік ТМД елдерінің тұрғындарын жаңа туристік бағыттар мен нысандар туралы кеңінен хабардар етуге мүмкіндік береді. Соның арқасында туристік ағын да артады.

Айта кетейік, бұған дейін ТМД мемлекеттері әскери өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі құжаттарға қол қойғанын жазғанбыз.

Дереккөзі: Қазақпарат агенттігі

Abai.kz

0 пікір