Абай тіріліп келіп, Парламентке барса, біразының тілін кесер еді!
Құрылтайдың жаңа депутаттарының назарына!
ҚАЗАҚ ТІЛІ НЕГЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛІ ДЕ ТОЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ АЙНАЛА АЛМАДЫ?
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры ғана емес, мемлекеттің тарихи таңдау мәселесі. Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз бес жылға жуық уақыт болды. Осы кезең ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, қазақ мектептері көбейді, қазақ тіліндегі ақпарат пен мәдени өнімдердің аясы кеңейді.
Соған қарамастан қоғамда: «неге Қазақстанның мемлекеттік тілі елдің барлық қоғамдық саласында толық үстем тілге айнала алмай отыр?» деген қарапайым, бірақ өзекті өртер сұрақ үнемі туындайды.
Қазақ халқы өзінің жақын-жанашыры, туыс-туғаны, дос-жары арасынан өрескел, ұятты қылық көргенде: «досқа күлкі, дұшпанға таба қылды-ау» немесе «бетімізбен жер бастырды-ау» деп қатты қынжылады. Жақында Праламент төрінде ант қабылдаған Құрылтай депуттары арасынан бірдің басын, бірдің аяғын айтып, «қақалып-шашалып», қазақ тілінде сөйлей алмай тұрғандарды көргенде бізге де осы ой келді. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп өзімізді жұбатқымыз келсе де, әлгі «шүлдірлелендер» жалғыз емес, «бір қызымнан бір қызым сорақының» кебін киіп тұр.
Енді қайттім? «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма - жан ...». Бауыр өзіңдікі, тілі өзгенікі. Әжелеріміздің: «жаман ініңді қуып жіберсең де, саған ешкім жақсы інісін әкеліп бермейді. Аяғым шуаш болды деп оны кесіп тастамайсың..» деген сөздері еске түсіп, тағы да мүжілесің.
Тағы да Абайша: «жартасқа барасың, күнде айқай саласың...».
Дегенмен де, сол Абай айтады ғой: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі. Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім...» (Абайдың «Отыз жетінші қара сөзі»-нен) деп. Ендеше, біз: «қазақ тілін түзеп болмайды» деп айта аламыз ба?! Абай тіріліп келіп Парламент төріне шықса, біразының тілін кесер ме еді?. Біздің қазақ тіліміз «жаман болса», әрине, «замандастар түгелінен кінәліміз».
Ендеше, фәлсафашылар пайымы бойынша Қазақстанда қазақ тіліне неге немқұрайлы қарап келгенімізге «себеп, сылтау» іздеп көрейікші.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Бұл оның Конституцияда бекітілген құқықтық мәртебесі. Алайда заңдағы мәртебе мен қоғамдық өмірдегі нақты қолданыстың арасы жер мен көктей дерлік алшақтықта. «Қосылмас рельстердің де, қосылар шағы жетті ғой...» деп Мұқағали жырлағандай, 35 жыл неге болса да жетерлік уақыт еді. Шоқан Уалихановтың тұтас ғұмырынан да артық, аюдың өзі түгілі немересіне де тіл үйрететіндей болдық. «Қасықтай қайран тілім балға малған...» деп қашанғы жылай береміз.
Қазақ тілінің қазіргі хал-күйін безбендеу үшін бүгінмен ғана шектелмей, өзегімізге үңгіп кірген өткеннің қасіретіне де үңілейікші. Оның түп-тамыры ХІХ ғасырдағы отарлау саясатына, ХХ ғасырдағы кеңестік тіл саясатына, қалалық отырықшы өмірде өзге ұлт өкілдерінің көп болуына және тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың сылбыраңдығына барып тіреледі.
Ресей империясының Қазақ даласын отарлап-жаулауымен әкімшілік басқарудың жаңа жүйесі, қатал тәртібі, мәжбүри өктемдігі қалыптасты. Орыс тілі билік пен ресми қарым-қатынастың тіліне айналды.
Кейін Кеңес Одағы кезеңінде бұл үрдіс әлдеқайда күшейді. Қазақ тілінің қоғамдық қызмет аясы біртіндеп тарылып, орыс тілі мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ғылым, жоғары білім және қала мәдениетінде басымдық алды. Орыс тілін білмегендер өспеді, кадрлыққа да жарамады. «Сауатсыз» саналды. Қазақтардың өзі баласын қазақ мектебіне бермей, орыс мектебіне беретін болды. Орыс тілді мектептер барынша көбейді.
Осының салдарынан тілдік мұқтаждық қалыптасты: орыс тілі – қала, білім, қызмет, мансап, ғылым тілі болды да, қазақ тілі – отбасы, ауыл, тұрмыстық қарым-қатынас тілі ретінде қаралды.
Бұл түсінік тәуелсіздік алғаннан кейін де бірден жойылған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілді. Бірақ, тәуелсіздік қазақ тілінің мәселесін бір күнде шеше алмады. Мемлекеттің саяси тәуелсіздігі мен қоғамның тілдік тәуелсіздігі – екі арнаға айналды. Мемлекет тәуелсіздік алғанымен, тіл тәуелсіздігі өз тұғырына қона алмады. Жайдақ атпен ұрандай шапқылаған бала кейпінде (сөз жүзінде) қалды. Жоғарыдан «қазақ тілін қайтсеңде білесің» деген қысым болмағасын, «албасты қабаққа қарай басты», әркім қолайына жаққанын істеді. Отбасыда, достары арасында қазақша сөйлейтін адамдардың өзі – мемлекеттік мекемеде, банкте, дүкенде, ауруханада, жоғары оқу орнында, жұмыс орнында орысша сөйлесуге мәжбүр болды. Қазақ тілін білу міндетті қоғамдық қажеттілікке айналмады. Жаутаңдаған жетім, өгей баланың күйін кешті. Шын мәнінде, мемлекеттік тілдің ең үлкен түйіншегі – қажеттіліктің әлсіз, әлжуаздығында болды.
Адам баласы кез келген тілді ең алдымен қажеттілік үшін үйренеді. Егер қазақ тілін білмеген адам: жақсы жұмысқа орналаса алмаса; мемлекеттік қызметте өсуі қиындаса; белгілі бір кәсіби ортаға кіре алмаса; мемлекеттік қызметтерді толық пайдалана алмаса, онда қазақ тілін үйренуге табиғи сұраныс пайда болар еді. Керісінше, қазақ тілін білмей-ақ адамның білім алуына, жұмыс істеуіне және күнделікті өмір сүруіне мүмкіндік мол болса, тіл үйренудің қажеттілігі де шамалы болар еді. Тіпті қажеті де болмас еді.
Сондықтан қазақ тілінің тағдыры тек «халық қазақша сөйлей ме?» дегеннен көрі «құзіретті билік орындары сөзсіз қазақша білуі, сөйлеуі керек» деген батыл, нақты сөйлеммен толықтануы керек еді.
Өкінішке қарай, «Қазақ тілін білмей өмір сүру мүмкін емес», «Қазақ тілін білу Қазақстан азаматы үшін маңызды артықшылық пен табиғи қажеттілік» деген сананы қалыптастыра алмай қара жаяу күй кештік, жалтақшыл болдық.
Осы арада тағы бір сауал туындайды: «қазақ тіліне жау болып отырғандар орыстар ма, әлде қазақтардың өзі ме?» деген. Күнделікті ашық ақпарат бетінде мұның жауабы әр күні айтылады: «қазақ тілінің жауы қара көзді орыстар» деген. Демек, қасірет тамыры, құлдық сана қайда жатыр?!
Қалалы жердегі қазақтардың көбі үйде қазақша сөйлегенімен, қоғамдық жерде шартты түрде орыс тіліне көшеді. Тіпті, үйде де, түзде де орыс тілінде сөйлейтін қазақ отбасылары көп. Ал Ақорда төңірегіндегі әртүрлі қызметтік бөлімдер ішінде де бір-біріне: «орысша сөйлейік пе?» дегендей ішкі психологиялық тосқауылмен қарап, жиналысты орыс тілінде жүргізетіндер аз емес. Нәтижесінде қазақ тілін білетін адамдардың өзі қазақ тілінің қоғамдық кеңістігін кеңейте алмай, тар шеңберде қалады. Бұл – отарлық кезеңнен қалған құлдық сана, психологиялық қысымның сарқыншағы, азат ойға жете алмай адасқандардың таңдауы.
Олай болса, қазақ қоғамының тілдік мінез-құлқы өзгермейінше, ұлттық идеялогия барынша жанданбайынша мемлекеттік мекемелерде де мемлекеттік тілдің болашағына немқұрайды қараушылар азаймайды.
Осындай немқұрайлық салдарынан мемлекеттік мекемелерде жұмыс атқаратын қызметкерлер арасында «қазақша дұрыс сөйлей алмай күлкіге қаламын ба?» немесе «орысша сөйлей алмасам мәдениетсіз, білімсіз көрініп қаламын ба?» деген қорқыныш пен жалған намыс пайда болады. Содан көбі: «қазақшам дұрыс емес», «акцентім бар», «сөздерді шатастырып аламын», «күлетін шығар» деген ішкі қажетсіз түйсікпен қазақша сөйлеуден қашады. Мәселенің мәнін сыртқы сылтау ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, тілді мінсіз сөйлейтіндер ғана емес, шынайы ниетпен сөйлей бастағандар да дамыта алады.
Осы арада бір нәрсе еске түседі. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенатта жүрген алғашқы жылдары қазақ тілін шорқақ сөйлейтін еді. Кейіннен өзін-өзі жетілдіргені – халық алдындағы үндеу, жолдауларында, ашық сұхбат алаңдарында айқын көрініп жүрді. Қазақ тілін еркін меңгерді. Демек, біз билікті сынауға үйірміз, ал, билік басындағы кісінің қазақшаны ғана емес, өзге тілдерді де толық игеріп алғанын неге үлгі тұтпаймыз?!
Қ-Ж.Тоқаев президенттік мінберге шыққан алғашқы жолдауында (2019 жылы): «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деді.
2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік саясаттағы орны туралы: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді» деді. Сондай-ақ: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда» деп бағалады. Ең маңызды тұжырымдарының бірі: «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» деген сөзі болды.
2021 жыл мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміндегі сөзінде Тоқаев: «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл» дей келіп, одан әрі: «Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады» деп шегелеп тұрып айтты. Сондай-ақ: «Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін өте нақты тұжырымдады.
Қ-Ж.Тоқаевтың тіл саясатының өзегін төмендегідей бірнеше тұжырымға жинақтауға болады:
Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі; Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттің міндеті; Қазақ тілін үйрену – Қазақстанның болашағын ойлайтын азамат үшін патриоттық құндылық; Қазақ тілі бірте-бірте білім, ғылым, мәдениет және іс жүргізу тілінің негізгі тіліне айналуы тиіс; Қазақ тілінің мәртебесін көтеру қоғамдағы татулық пен тұрақтылыққа дәнекер болуы керек.
Ең маңыздысы – Тоқаевтың «Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады» және «Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті» деген екі сөзі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қатысты оның ұстанымын өте анық көрсетеді.
Олай болса, Ақорда төңірегінде отырғандар: «әтпүш!», «бер, Тәңір!» деп беттерін құрғақ сипап, бас шұлғи бермей, президент сөзін басшылыққа алып, неге батыл қадамдарға бармайды?!
Ендеше, біздің Құрылтай мінберіндегі жаңа депуттаттарымызды көптеген сауалдар мен мәселелер күтіп тұр. Атқа мінген екенсің, халық алдында абыроймен көзге түссең, жүрегің ақ болса, жүрісің мандиды, ұрпағың, елің ақ батасын арнайды. Қарғыс алмай, алғыс алуға құмар қазақ баласының алдында қаншама баталы сәттер, тарихи сынақтар күтіп тұр.
Тіл мәселесінде ең өзектісі – қазақ тілінің бет-беделі мен абыройын көтеру мәселесі екенін еш ұмытпауымыз тиіс. Тілдің өміршеңдігі оның заңдағы мәртебесімен ғана емес, қоғамдағы бет-бедел, абыройымен де өлшенеді. Қазақ тілі – ғылымның, технологияның, бизнестің, жоғары білімнің, мемлекеттік басқарудың, әдебиеттің, заманауи мәдениеттің толыққанды тілі болуы керек.
Тілді дамытудағы тағы бір кедергі – формашылдық. Кейбір мекемелерде қазақша құжат бар, маңдайша қазақша жазылған, ресми сайттың қазақша нұсқасы бар. Бірақ нақты жұмыс барысы басқа тілде жүреді. Аты бар, заты жоқ; тілдің сыртқы формасы бар да, ішкі қызметі жансыз. Маңдайшада немесе құжат жүзінде қазақша жазу емес, жұмыстың қазақша жүруі маңызды.
Тіл мәселесінде білім беру саласы – ең негізгі шешуші түйіннің бірі. Қазақ тілінің болашағы бала бақша, мектеп, жоғары оқу орындарымен тікелей байланысты. Қазақ мектебін барынша көбейтіп қана қалмастан, қазақ тілінде: математика, Физика, химия, биология, информатика, инженерия, медицина, экономика, құқық, жасанды интеллект сияқты салалар бойынша сапалы білім берудің сан-салалы, көп түрлі мазмұны болуы қажет. Жас буын қия басса қазақ тілін көпір етіп келесі қададамдарға баруы қажет. Әсіресе, бала бақша, бастауыш сыныпта қазақ тілінің ірге тасы мықтап қаланса, ұрпақ өзінің ұлттық құндылығын жоғалтпай өседі.
Бүгінгі жаңа технология көзімен қарағанда, Қазақ тіліндегі интернеттің маңызы да айрықша. Қазіргі жастардың тілдік ортасын теледидардан гөрі интернет қалыптастырады. Сондықтан қазақ тілінің болашағы YouTube, әлеуметтік желілер, подкасттар, фильмдер, ойындар, білім беру платформалары және цифрлық технологиялармен тығыз байланысты.
Балалар пайдалануға тиісті болған сан-салалы, көп мазмұнды, жаңа заман үлгісіндегі қазақ тіліндегі мүмкіндіктер мен қажеттіліктер көбейген сайын тілдің табиғи қолданысы да артады.
Бұл тұрғыда елімізде соңғы жылдары оң өзгерістер байқалады. Дегенмен де барынша жетілдіруді, қадағалауды қажет етеді.
«Қазақ тілі, қазақ тілі!» дегенде кейде: «өзге тіл қайда қалады?» дейтін жөнді-жөнсіз сауалдың шекесі де қылт етеді. Қадір Мырзалиевтың сөзімен айтқанда: «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біздің сөзбен айтқанда: «өзгені өзекке теппе, өзіңді төмен түсірме, жоғалтпа!».
Қазақ тілін дамыту деген сөз оны басқа тілге қарсы қою дегенді білдірмейді. Одан көлеңке іздеу бөлшектеуші идея өкілі саналады. Қазақстанда көптілділіктің болуы заңды. Мәселе – мемлекеттік тілдің өз мемлекетінде толыққанды қызмет атқаруында. Орыс тілін немесе басқа тілдерді білуді қазақ тілінің дамуымен еш шатастырмау керек. Керісінше: қазақ тілі – мемлекеттік және қоғамдық біріктіруші тұлғалық тіл; басқа тілдер – қосымша тілдік мүмкіндік (қажет болғанда қолдануға болады) деген табиғи сананы бекемдеуіміз қажет.
Мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік тіл құзіреті мен заңға құрмет ету аясындағы қажеттілік арқылы; кемсіту арқылы емес – бет-бедел арқылы, үгіт арқылы ғана емес – білім-ғылымның баспалдағы, бай мазмұнды қажетсінуі арқылы жүзеге асуы керек. Былайша айтқанда, бұл айқаймен, ұранмен атқаратын іс емес. Мемлекет заңына бой ұсынушы топтың саналылықпен заңға бас юінің көрінісі ретінде табиғи іске асуы қажет.
Қазақстандағы тілге қатысты мемлекеттік саясат туралы айтқанда, әр түрлі тұжырымдама қабылданған. Қазір де қолданыста. Маңыздысы – қабылданған саясаттың нақты қоғамдық нәтижеге айналуы, сөзден ішке көшу мәселесі.
Сөзімізді жинақтай келгенде, «қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін не қажет?» деген сауалға тоқталайық.
Біріншіден, мемлекеттік қызметте қазақ тілінің нақты қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Қазақ тілін білу – өтініш, ұсыныс түрінде емес, міндетті түрдегі шарт болуы керек.
Екіншіден, қазақ тіліндегі ғылым мен жоғары білімді дамытуға барынша мән беру керек. Оқулықтар мәселесіне де ерекше назар аударған жөн.
Үшіншіден, қазақ тіліндегі заманауи цифрлық қажеттілікті (контентті) көбейту тиіс.
Төртіншіден, қазақ тілін үйренетін азаматтарға ыңғайлы әрі сапалы орта қалыптастырумен бірге қазақ тілін білетін азаматтың кәсіби мүмкіндігін арттыру қажет. Тіпті қажет болған жағдайда қазақ тілі байқаулары мен үздіктерді марапаттау іс-шарасын үнемі ұйымдастырудың да артықтығы жоқ.
Бесіншіден, қазақ тілінде қызмет көрсетуді қалыпты қоғамдық нормаға, қажеттілікке айналдыру керек. Кез-келген жерге барған тіл қолданушы қазақ тілін білудің сөзсіз қажеттілігін жүрегімен сезінуі тиіс.
Алтыншыдан, балаларға арналған қажеттінің бәрін қазақшалау қажет. Баланың тілі – мемлекеттің ертеңгі тілі. Тіл саясатының ең маңызды нысаны – бала. Бала қазақ тілін тек мектептегі пән ретінде емес, ойын, мультфильм, музыка, кітап, ғылым, достық және интернет тілі ретінде қабылдауы керек. Бала бақша, мектеп өмірі ғана емес, қоғамдық орта, үй жағдайы, кітапхана, кино-театр, т.б.ның бәрінде бала қажетін қазақ тілінде қанағаттандыра алатын болуымыз қажет. Бала қазақша әлемді қызықты әрі заманауи деп қабылдаса, тілдің болашағы да нұрлы болады. Жас ұрпақ қазақ тілін өзінің ата-бабасының тілі ғана емес, өз болашағының кілті деп қабылдауы тиіс.
Жетіншіден, қазақ тілінің қалалық мәдениетін қалыптастыру қажет. Күнделікті өмірдегі адамдар – жолда, қоғамдық көлікте, тамақтану және сауда-саттық орындарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңдігіне еріксіз бас юі, құрметтеуі керек. Тілдің шын мәніндегі жеңісі – заңдағы бапта емес, адамдардың күнделікті сөйлеуінде. Қазақ тілін қолдау, қолдану барлық жерде табиғи қажеттілікке айналуы қажет. Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, т.б. қалаларға кірген-шыққан адамның бәрі де қазақ қаласы екенін айқын сезінуі керек.
Қорыта келгенде, өткен өтті, енді біз мәселе төркінін тарихи, саяси, әлеуметтік, экономикалық және психологиялық себептерден іздей беруді доғаруымыз қажет. Тіпті ойланатын, талқылайтын да мәселе емес. Тек қана қажеттілікті атқару үшін атқа міну қажет.
Қазақ тілін тәуелсіз Қазақстанның табиғи қоғамдық тіліне айналдыру – уақыты келген, әбден пысып жетілген мәселе. Қазақ тілі мемлекеттік мекемеде ғана емес, үйде де, мектепте де, университетте де, ғылымда да, бизнесте де, медицинада да, интернетте де, технологияда да еркін қолдануға мүдделі, құқылы.
Қазақ тілі тек тарих пен әдебиеттің тілі емес, ол – ғылымның, технологияның, медицинаның, құқықтың, экономиканың, инженерияның, бизнестің, жасанды интеллектінің, цифрлық мәдениеттің тілі болуы шарт. Тілдің қалай бұрылуы, бағытталуы – баланың аузындағы алғашқы сөзде, студенттің білімінде, ғалымның еңбегінде, дәрігердің қабылдауында, кәсіпкердің жұмысында, журналистің эфирінде және азаматтың күнделікті қарым-қатынасында көрінеді.
Ең бастысы – қазақ тілін «қорғалатын тілден» «қажетті тілге» айналдыруымыз қажет. «Қазақстанда өмір сүру, білім алу, жұмыс істеу және қоғамға араласу үшін қазақ тілі қажет тіл, оны білмесе болмайды. Қазақ тілін білмей қоғамдық өмірде толыққанды қызмет ету мүмкін емес» деген деңгейге көтеріле алсақ, мәселе түбегейлі өзгереді. Сонда ғана адамдар қазақ тілін ұлтшылдық нысайы емес, өзінің өмірлік қажеттілігі санайды.
Отыз бес жылға жуық тәуелсіздік кезеңінен кейін бұл мәселені үнемі «болашақта шешіледі» деп кейінге ысыра берудің еш қажеті қалмады. Тіпті, дәл осы сәттің өзінде: «қазақ тілі!» деп қақсай беруіміздің өзі ұят.
Қазақстан мемлекет ретінде өзінің тарихи таңдауын жасаған: мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ендігі міндет – осы конституциялық мәртебені қоғамдық шындыққа айналдыру. Қазақ тілі қазақтардың ғана тілі емес. Ол – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан қазақ тілінің дамуы белгілі бір этностың мүддесі емес, мемлекеттің институционалдық тұтастығы мен тарихи болашағының мәселесі. Ойланып-толғанып, талас-тартысқа салатын тақырып емес, бұлжытпай орындайтын өзекті міндет, парыз. Қазақ тіліне жаулық көзқараспен қарау – Қазақстан мемлекетіне қоныстанған халықтарға жаулықпен қарау деген сөз. Кезінде қазақ ұлты мен тілін көтерген алашшылдарды «халық жауы» десек, ал бүгін Алаш аманаты болған ана тілімізге жау болғандар – нағыз халық жауы.
Қазақ тілінің тағдырына немқұрайлы қарамау – өткенді құрметтеу ғана емес, бұл – Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарау деген сөз. Қазақ тіліне құрмет – мемлекеттік саясатқа құрмет. Қазақ тілі мәртебесін көтеру – Қазақстан республикасының негізгі заңын адалдықпен атқарудың өзегі. Ол ұлттың мәселесі емес, мемлекеттің өзекті мәселесі.
Біз қорқатындай, жалтақтайтындай дәнеңе жоқ. Мемлекеттілігіміздің ең айқын белгісінің бірі болған қазақ тілі заңдық тұғырынан, халықтық қажеттілігінен еш таймай, өз болашағын барынша бекемдеуі тиіс!
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері.
Алматы.
Abai.kz