Батыр директордың баянды еңбегі
Таяуда Абай облысының Абай ауданында аймақ басшысы Берік Уәлидің қатысуымен бірнеше ауқымды шаруаның таныстырылымы болды. Облыс басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Қаладан – ауылға» жобасы бойынша Архат ауылына 9 отбасы көшіп келсе, Медеу елдімекенінде жаңа ауыз су жүйесі іске қосылды. Туризмді дамытуға бағытталған әлеуметтік нысандар құрылысымен танысып, жалпы халықпен кездесті, бірқатар тұрғындар әкімнің жеке қабылдауында болды.
Осы бірқатар іс-шараның қатарында орын алған аудан орталығындағы саябақтың жаңғыртылып, қайта ашылуына жеке тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Себебі, бұл – өткенге құрмет, тарих парақтарындағы үлгілі істерді қайта жаңғырту. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде ауыл тұғындары үшін қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру мақсатындағы бастамаға облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қараусыз қалған саябақ заманауи абаттандырылған. Саябақ іші тек демеалыс орыны ғана емес, жасөспірімдерге жекелеген спортпен айналысуға мүмкіндіктер жасалған. Футбол, волейбол секілді көпшілікке ортақ ойындар алаңы да бой көтеріпті.
«Халықтың сұранысын ескеріп, облыстық бюджеттен 80 миллион теңгеге көлемінде қаражат бөлдік. Нәтижесінде бүлдіршіндерден бастап, ауыл үлкендеріне дейін демалатын, салауатты өмір салтын ұстанып, болашақ чемпиондар дайындалатын ерекше қоғамдық кеңістік пайда болды. Абай елі – руханияттың алтын бесігі. Ұлы Абайдың туған жерінде әр нысанның көркі мен келбеті осы өлкенің мәртебесіне сай болуы тиіс. Сондықтан елді мекендерді көркейту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – облыс әкімдігінің маңызды, басты бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», – деген өңір басшысы Берік Уәли сөзінің іс жүзіндегі көрінісіне саябақтың ашылыуында көпшілікпен бірге біз де куә болдық.
Расында, саябақ ішінде жергілікті тұрғындардың салауатты өмірін арттыруға арналған футбол, волейболдан бөлек Street Workaut алаңдары, шахмат, теннис және тоғызқұмалақ үстелдері орнатылыпты. Абаттандыру аясында 79 жарықтандыру бағаны, 24 сәндік жарықтандыру тірегі және 55 LED шамдары қойылған. Атшаптырым аумақ қоршалып, ішкі жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдарға текшетас төселген.
Иә, бұл жерде саябақпен бірге тарих та жаңғырып, өткен шаққа уақыт өзінің әділ бағасын беріп жатыр. Олай дейтініміз, осы демалыс аумағының «Арғынбеков саябағы» атануында. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, бұрындар ауызекі айтылып келген «Арғынбеков саябағының» ресмиленуіне аудан басшылығы да ынталы болса керек. Саябақтың ашылуында сөз алып, батасын берген ардагер ақын Төлеген Жанғалиев саябақтың тарихына да тоқталып өтті. 1993 жылдары Орал Арғынбеков осында аудан әкімі болып тұрғанында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойының дайындығына жанын сала кіріскен. Қаладан кіреберіс жақтан қарағанда Қарауыл жалаңаштанып тұр, сол үшін саябақ салайық дегенде кейбір басшылар «Ореке, тұрған жеріміз тастақ, ауламыздағы күнде суғарып отырған бірер талдың өзі әрең көктеп тұр, мынауымыз бос әурешілік болады», депті. Солардың қатарында өзі де болғанын жасырмады. Әкім айтқанынан қайтпаған соң халық болып кірісіп, осы аумаққа тал еккен. «Енді не болар екен» деп іштей тынып жүргенде, отырғызған шыбықтар тамырланып, бірер жылда қалың орманға айналған. Оны сурғарып жатқан ешкім болмаса да өздігінен қаулап кетіпті. Ел таң-тамаша болған, соның әсерімен кезінде Төлеген аға «Оралдың орманы» деген толғау да жазыпты.
Төлеген аға айтқандай, бұл саябақтың қайта жаңғыруы қарауылдықтар үшін үлкен қуаныш. Өйткені, осындан отыз жыл бұрын саябақтың құрылысы мен көшет отырғызуға қаншама адам қатысты. Әркім өзінің қолқабысын тигізді. Оның нәтиже бергені көңілге мерей. Соның бәрі өз алдына бір естелік. Сондықтан, саябақтың жаңғыруы – халықтың да тарихи санасын жаңғыртып тұр. Ал, игілікті іске көшбасшылық жасап, көрегенділік танытқан тұлға Орал Арғынбековке сол саябағын қайтарып беру де – әділетті шешім.
Осы орайда, еліне сіңірген еңбегін ескеріп, есімін ұлықтап жатқан Мақаншы және Абай ауданының құрметті азаматы, бірегей басшы Орал Арғынбекұлы атқарған істердің біразына қысқаша тоқтала кетсек. Ол рухани құдылықтарды терең ұғынатын, ұғынғанын тірлігінде тұтынатын жетекші тұлғалар қатарынан. Сол себеті де өмірден өткеніне жиырма жылдан аса уақыт өтсе де есімі мен еңбегі елдің жадында. Неше жыл өтседе халқына сіңірген өнегелі жол өшпейді, өрістей береді. Тарихи маңызы зор іргелі істер тындырған тұлғалар тұғыры аласармауы керек.
Орекең атқарған айтулы да айдарлы жұмыстар аз емес. Кейінгіге мұра, ұрпаққа өнеге боларлық дүниелерінің кейбірі мынадай: Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойы мен ұлы Абайдың 150 жылдық мерекесі аясында атқарған шаруаларының әрқайсы жеке әңгіме. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесінің іргетасынан бастап күмбезіне дейінгі құрылыс шаруашылығының бүкіл мәселесін тығыз мерзімде реттеп, жұмысын жүргізген осы Орал Ағынбекұлы. Ол Абай-Шәкәрім кесенесі құрылысының қасында бастан-аяқ жүрген бірден-бір ұйымдастырушы. Бекітілген жоба бойынша кесененің іргетасынан бастап бой көтергенге дейінгі ыстық-суығының бел ортасында жүрген. Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған құрылыстың қиюын келтіріп, межеленген мерзімде салынуына бір кісідей еңбек сіңірген. Қара жұмысынан дара жұмысына дейінгі аралықтағы қажеттіліктер уақытында қамтылған. Алайда, ұлы ақынның 150 жылдық мерекесіне бір қадам қалғанда Орал Арғынбекұлы орнын босатқан. Облыс басшысы В.Чернов мәселенің себеп-салдарына назар аудармағандықтан...
Одан арырақ барсақ Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың музейі мен Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті қорымының құрылысында да оның қолтаңбасы бар екен. Бұл тіпті Кеңес заманының қылышы жалаңдап тұрған 1970-80 жылдардың кезі. Екі бірдей қасиетті орынның бүгінге бүлінбей жетіп, ел мақтанышына айналуының арғы жағында Орекеңнің айрықша үлесі жатыр. Осы тектес еңбектерін ескергеннен болса керек, сол кездегі Семей облысын басқарған Аманолла Рамазанов көпшілік алдында О.Арғынбекұлын «Батыр директор», «Қасқабұлақты Орал батырдың ауылы деу керек» деп ашық айтыпты. Ол жөнінде Абай ауданының құрметті азаматы Жақан Екібаев өз естелігінде таратып айтады.
Естелік демекші;
...Бар жыртығын ауылдың жамағандай,
Келген-кеткен қызығып қарағандай.
Өз-өзінен өсіп тұр қалың тоғай,
Өнегесі өлмейтін ағалардай, – деп келетін Орекең құрметіне арналған толғаулар да аз еес. Осы жыр жолдардың авторы, халықаралық сыйлықтың лауреаты Төлеген Жанғалиев Қарауылдың кіреберісіндегі саябақтың жайқалуы – Орал Арғынбекұлының еңбегі екенін шебер суреттейді. Ақынның алғаусыз көңілі О.Арғынбекұлының халықшыл болмысын өлеңмен өрнектеп, «Абайдың аспандаған ақиығы» деп сомдап, оны «Абылайдан бата алған Мамай батырға» балайды. «Ақынның сөзі – халықтың сөзі» деген осы шығар.
Кезінде А.Рамазановтың әлгіндей «Батыр директор» деп атауы жай айтылмағанын уақыт дәлелдей түсіпті. Жас директордың Абай аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына баратыны да осы тұс. Ауданның бірінші хатшысы Х.Матаевпен тізе қосып әрі оны ұстазындай көріп жұмыс жасаған бес жылда да қыруар тірлік атқарылған. Елге сіңірген еңбек еленбей қалмақ емес, бұл жолы да Орекеңе облыс басшылығының назары ауыпты. Аманолла Рамазановтың орнына Семей облысына бірінші хатшы болып келген Сағидолла Құбашев Орекеңнің өз алдына аудан басқара алатынына сенім артып, Мақаншы аудандық партия комитетінің бірінші басшылығына ұйғарым жасайды. Соған орай Орал Арғынбекұлы республика басшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болып парасатты тұлғаның езуінен енші алып қайтқан.
Ұлы даламызды ұрпаққа аманаттауда теңдессіз ерлік көрсеткен батырлар Тоқтамыс пен Мамайдың және Абайдың ақын шәкірті Көкбайға мазарлар орнатуда да Орекеңнің орны бөлек. Шәкәрім денесін қырық жыл жасырған құрқұдық басына белгі қойдырған. «Қасқабұлақ» совхозының директоры болған 1970 жылдар ортасында екі бірдей тарихи орынды «қайта тірілтті». Ол кезде басшыларға қойылатын басты талап – қоғам малын көбейту, ауылшаруашылықты дамыту. Соған қарамастан отыздағы жас директор ол шаруалардан бөлек ұлы Абай айналасына қатысты есімдер мен қасиетті орындардың қадырын арттыруды перзенттік парызым деп білген.
Қазір айтқанға жеңіл болғанымен ол кезде әлгі мәселелерге тәуекел жасау ерлікпен тең. Кеңес қоғамының дінді апиынға балап, Құнанбайдан «феодал» жасап, коммунизм принциптеріне бас шұлғыған уақыт. Партияның сондай қаһарлы уақытында Орал Арғынбекұлының Ақшоқыдағы бүлініп жатқан Құнанбай қорымын жаңартқан. Лайдан құйылған қабырғалары құлап қалған қорымды табиғи таспен текшелеп қалатып, құран-қатым түсірткен. Екі жүздей шаршы метр аумақты алып жатқан қорымды екі жарым метрдей биіктікте таспен көтеріп шыққанына қарап қандай күш жұмсалғанын бағамдай беріңіз. Соның бәрі тарихи тұлғаның мәңгілік мекенінің болашағын ойлағандықтан болар. Құнанбай әулетінің рухына деген құрметінің тағы бір көрінісі – оның әр жерде жерленген ұрпақтарының мүрдесін әкеліп осы қорымға қайта жерлетуі.
Осы Қасқабұлақ шаруашылығын жүргізіп тұрғанда келешек үшін қолға алған келесі шаруасы – Мұхтар Әуезов дүниеге келген Омархан шаңырағын қайта қалпына келтіруі. Заңғар жазушының 80 жылдығы қарсаңында жермен жексен болып кеткен әуезовтер үйін әу бастағы үлгісімен қалатып, он бөлмелік аумақтың да пішіні сол кездегідей сақталуын мақсат тұтқан. Бұл бастаманы басынан соңына дейін әуезовтер үйін көзі көрген ақсақалдарға басқартқан. Нәтижесінде сәтті шыққан құрылыс ауыл кітапханасына айналып, арада он жыл өткенде кемеңгер қаламгердің 90 жылдығында музейге айналған. Екі бірдей қасиетті орынның бүгінге бұрынғы қалпымен жетіп, ел мақтанышына айналуының арғы жағында Орекеңнің осындай айтулы еңбегі жатыр.
Сондай-ақ, Мақаншы ауданын басқарған алты жалдан астам уақыт та текке кетпеді. Сол жылдары Мақаншы барлық көрсеткіш бойынша облыстың алдына шықты. Халық тұрмысын өтейтін нысандар құрылысы қарқынды жалғасты. Аудан мен кеңшарлар орталықтарында мәдениет үйлері, мектептер мен емханалар, дүкендер мен моншалар бой көтерді. Аудан орталығында салынған «Ана мен бала», «Жеңіс саябағы» секілді серуен алаңдары әлі қызмет етіп тұр. Орекең мұнда да ұлттық рухтың іргетасындай ірі дүниелердің ретін келтірді. Осы өңірдің ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған тарихи тұлғаларымыз Қаракерей Қабанбай мен әйгілі ақын, әнші-композитор Әсет Найманбаевтың есімін ұлықтауды басты назарға алды.
Орал Арғынбекұлының Мақаншы өңіріндегі мәдениет пен өнерді дамытуға терең мән бергендігі жайында өнертанушы қаламгер, ардагер аға Әбен Разуев әдемілеп жазған. Осы орайда тоқталмай кетуге болмайтын тағы бір дүние – оның 1988 жылы Қытай Халық Республикасына жол салуы. Кеңес одағының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы хатшы Ақмарал Арыстанбековаға арнайы хат жазу нәтижесінде Бақты бекеті арқылы екіжақты туыстық қатынасқа есік ашылған. Бұл бастама келер жылы Одақтық деңгейде бекітіліп екі ел арасындағы экономикалық байланысқа ұласқан. Сауда айналымының нәтижесінде облыс бюджетіне қыруар қаржы түскен.
«Ғибрат қылар артыңда із қалдырсаң, Шын бақыт, осыны ұқ мәңгілік өлмейсің» деп Шәкәрім айтқандай, Орал Арғынбекұлының соңында өшпес ізі, өнегелі ұрпағы бар. Жұбайы Амангүл Асанқызы екеуі тәрбиелеген ұрпақ қоғамның әр саласында еңбек сіңіріп өз алдарына бір-бір әулетке айналып келеді.
Қайрат Зекенұлы,
Семей қаласы.
Суретте: Орал Арғынбеков және саябақ көріністері
Abai.kz