Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2026
Әдебиет 185 0 пікір 14 Қыркүйек, 2026 сағат 13:36

Ғалым мұрасы және Абайтанудың мәні

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ғылыми ортаның қолына енді тиген жаңа кітап – қазақ әдебиеттануы мен текстологиясының негізін салушылардың бірі, алаштанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлының (1916–2004) мұрасы – отандық гуманитарлық ғылымның маңызды белесі.

«Қайымтану» оқу құралы (авторлары: Қ. Мәдібаева, Г. Пірәлі, А. Мауленов, Қ. Мұхамади) ғалымның ғылыми-академиялық жүйесін, Абай мен Алаш айналасын зерттеудегі методологиялық ұстанымдарын кешенді түрде сараптайды.

Бұл еңбек XX ғасырдағы идеологиялық шетін кезеңдерге қарамастан сақталған ғылыми-филологиялық дәстүр мен заманауи абайтанудың сабақтастығын көрсететін іргелі ресурстардың бірі ретінде бағаланады.

Кітаптың парақ ашар алғы сөзінде «Көрнекті абайтанушы, әдебиет тарихын зерттеудің Алаш, Әуезов мектебі дәстүрін сақтап, дамытуда жолдан таймаған қайтпас тұлға Қайым Мұхамедханұлы  туралы кейінгі кезеңде көп айтып та, жазып та жүрміз.

Осы бір халқының бар болмысы бойына тұнған қарапайым адамның ұлан-асыр,  ұшан-теңіз  білім қазынасы жеке басынан нендей күйлер өткенде де ұлтына тоқтаусыз еңбек жасады.

Қайым Мұхамедханұлының тұлғалық болмысындағы екінің біріне бұйырмайтын кісілік мазмұн ұдайы толғантады, толқытады.

Ол жалған сөйлемеген екен. Жасанды қалыпқа енбеген екен. Бірді бірге соғып ғайбат айтпаған екен. Біреудің ала жібін аттамапты. Барын жұртынан жасырмаған, аямаған жан жомарты болыпты. Тоқтаусыз, үздіксіз тер төгіп, тереңнен қазып еңбек жасапты.

Атақ қумаған адам. Айтқыш. Алымды. Биязы. Қажет жерінде қайтпайтын қатты. Қаймықпайтын батыр жүрек. Батыл, шешімді.

Ол туралы айтса таусылмайтын аңызға бергісіз әңгімелер бар. Оның оқыған сайын құнықтыратын том- том еңбектері бар. Сөз сапырып жазуға жоламаған. Дерек пен дәйек қана сөйлейді», - деп тамаша ой айтады.

ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ ҒЫЛЫМИ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ

А – Академиялық текстология және археографиялық ізденістер...

Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мектебінің өзегі – деректанулық база мен текстологиялық талдаудың дәлдігінде. Оқу құралында ғалымның мынадай іргелі нәтижелері ғылыми айналымға интеграцияланады:

Түпнұсқаны қалпына келтіру: Архивтік қолжазбалармен, сирек кездесетін басылымдармен салғастырмалы талдау жасау арқылы Абай шығармаларындағы бұрмалаулар мен советтік цензурадан өткен канондық емес өзгерістерді анықтау.

Дефинициялық және лексикалық талдау: Қазақ жазба поэзиясының мәтіндік бірізділігін (герменевтикасын) ғылыми тұрғыдан канондау.

Ә – «Абайдың ақындық мектебі» концепциясы...

Ғалымның 1951 жылы репрессияға ұшырауына себеп болған, бірақ кейін толық мойындалған «Абайдың ақындық мектебі» атты доктриналық концепциясы еңбектің басты аргументі ретінде қарастырылады:

Тұлғалар феномені: Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділханұлы т.б. шығармашылығының дербестігін, жанрлық-стильдік ізденістерін (дастан, нәзира, айтыс) жан-жақты талдау.

Батыс пен Шығыс контексі: Абай шәкірттерінің әлемдік әдебиет үлгілерін (Пушкин, Лермонтов, орыс және шығыс классиктері) қазақ поэзиясының поэтикалық контекстіне бейімдеу ерекшеліктерін сараптау.

Б – Тарихтану және Алаштану...

Оқу құралында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы арасындағы ғылыми-дидактикалық байланыс, Семейдегі Абай музейінің негізін қалау, Алаш арыстарының әдеби-теориялық мұрасын сақтау мен қорғаудағы ғалымның репрессияға қарамастан сақтаған қайсар ғылыми позициясы ғылыми-елтпнулық тұрғыдан бағаланады.

Еңбектің структуралық және дидактикалық құрылымына тоқталар болсақ нысаналы аудиториясы филология, әдебиеттану, тарих факультеттерінің PhD докторанттары, магистранттары, бакалаврлары, зерттеуші-ғылыми қызметкерлер болса, дереккөздік базасына қатысты айтарымыз Қ. Мұхамедханұлының монографиялары, диссертациялық авторефераттары, орталық және аймақтық архив қорларының құжаттары, сирек қолжазбалар, ал, еңбектің құндылығы мен академиялық маңызына келетін болсақ, қазақ әдебиетінің тарихнамасындағы текстологиялық, концептуалдық және персонологиялық мәселелерді кешенді жүйелеуді мақсат етуімен бпғалы.

«Қайымтану» оқу құралы – жалаң оқу-әдістемелік жинақ емес, қазақ филологиясындағы арнайы курстар мен ғылыми-зерттеу бағдарламаларына арналған іргелі теориялық-методологиялық еңбек. Кітап ұлттық филология ғылымының текстологиялық негіздерін тереңдетуге, абайтану саласының әдіснамалық аясын кеңейтуге және болашақ гуманитар-ғалымдардың зерттеу мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосады.

Еңбектің өзектілігі мен ғылыми құндылығына қарата қорыта тілге тиек ете айтарымыз:

Деректану және текстология мектебі: Ғалымның ғылыми ұстанымындағы басты ерекшелік – бос сөз бен жалаң бағаға бой алдырмай, тек нақты архивтік деректерге, текстологиялық салғастыруларға сүйенуінде. Оқу құралында Қайым Мұхамедханұлының Санкт-Петербург, Мәскеу, Ленинград кітапханаларына хат жазып, сирек кездесетін басылымдарды, қолжазбаларды тірнектеп жинаған жанкешті еңбегі нақты мысалдармен берілген.

Абайдың ақындық мектебін орнықтыру: Ғалым Абай айналасындағы ақын шәкірттердің (Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділханұлы т.б.) мұрасын ғылыми айналымға қосты. Рецензияланып отырған еңбекте бұл ақындардың текстологиялық бұрмалауларға түскен шығармаларын түпнұсқамен салыстырып, авторлық сөзді қалпына келтірудегі Қайым еңбегі жан-жақты талданады.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1170
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2695
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 814
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 785