Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2026
Әдебиет 195 0 пікір 17 Қыркүйек, 2026 сағат 13:01

Робин және Бен: Қарақшы мен дәріханашы

Сурет: miloserdie.ru сайтынан алынды.

«Робин және Бен, немесе, қарақшы мен дәріханашы» — Роберт Льюис Стивенсонның көркемдік қуаты өте жоғары, баллада үлгісінде жазылған психологиялық-сатиралық өлеңі. Стивенсон бұл туындыны тек күлкі үшін емес, адам табиғатының терең қайшылықтарын ашу үшін көркем шығарма ретінде шебер өрген.

Тыңдағын, құлағыңды түр де бері,
Айтайын өнегелі ертегімді.
Жаралған екі түрлі несібемен,
Болыпты Қарақшы Роб, саудагер Бен.

Уелстің жағалауы шалқып жатқан,
Жазиралы даласы шалғын жапқан.
Толқыны шулап жатқан сол өлкеде,
Робин, Бен құлын-тайдай өсті бірге.
Қосылса өзгелерге күн бермейтін,
Апталап мектеп бетін бір көрмейтін.
Танауын тартып ойнап бір-бірінің,
Шарбақтан асып әрі зып беретін.

Бірақ та мінездері болды бөлек;
Робин болды дөрекі, өркөкірек.
Батыл әрі өжет, тағы, қайтпайтын,
Батырынан бұрынғының аумайтын.
Ал, Беніңіз екіжүзді кәззаптай,
Сызып жүріп жымқыратын байқатпай.
Мінәжат қып құдайына шіркеуде,
Бүкшеңдейтін сыртта шен мен шекпенге!

Шыдатпай іштегі сол бүлік ойы,
Бурадай қалыш-қалыш етті өне бойы.
Қырандай қызыл көрген аласұрып,
Өз анасын тонады өзі, құдай ұрып.
Көрсетті Роб осылай даралығын,
Ішінде жатқан бұғып тағылығын.
Жөнелді жолыменен бетіне алған,
Жамылып қараңғы түн жұлдыз жанған.
Ескенде таңғы самал ертесінде,
Жетті ол шалқып жатқан теңізге де.
Шараппен сылқитты да капитанды,
Кемеге тұрған әзір қарғып мінді.
Таулары туған жердің ыстық қандай,
Барады қалып артта қимай-қимай!

Ал, Бен ше?
Осал емес кәнігі оның дағы,
Қадірменді ректор ғой жағынғаны.
Түсу үшін қалай да бір көзіне,
Иіледі алдында оның үзіле.
Еңбегінің арқасында ақыр сол,
Дәріханаға шәкірт болып тұрды ол.

Жел қуып Робин кетті өр теңізге,
Ал Беннің домалады тасы өрге.
Дүкенін жүргізді бір кемеңгердей,
Шашын да арасында жүрді сәндей.
Келгенде үйретуге ақыл-кеңес,
Таппайсың одан артық адамды еш.

Теңіздің сонау қиян бір шетінде,
Робин ер салды шайқас кескілесе.
Барбадос ендігінің маңын ала,
Көтерді қанды қылыш жауларына.
Қорқыныш, үрейдің де білмей бірін,
Майданда даусы күндей күркірейтін.
Жауларын байқау үшін көкжиектен,
Мачтаға бірінші боп өзі жеткен.
Шайқасқа да кіретін өзі бастап,
Шығатын ең соңында бәрін тастап.
Айтқанын бұлжымайтын заң деп білер,
Алдында құрақ ұшқан теңізшілер.
Еш қарақшы өмірде бұл көрмеген,
Абыройға бөленді ол бір бөтен.

Ауыр бейнет салды еске өткенін,
Сағынды ол туған жердің бөктерін.
Жайғастырып шаруаларын алды да,
Тартып кетті қарамастан артына.
Келді міне - ыстық бәрі өзіне,
Таныс төбе, таныс соқпақ - үйіне.
Күрсінді де шолып алып маңайын,
Таныс көше – аралады талайын.
Қысылып еш, қынжылып бір жатпастан,
Қонақ үйге түсті барып саспастан.

Дәриға-ай! Ту алыстан өзім деп
Жеткенінде есіл ер аңсап, шөлдеп.
Жөн еді-ау, құшақ жайып қарсы алғаны,
Жұрт бірақ қашып оған жоламады.

Шалбары, қалпағы да бір өзгеше,
Қақырына беретін жұрт көзінше.
Сұсына қарап оның ерсі сонша,
Қорқатын көрген кәрі, бала-шаға.
Қаймығып біресе жұрт тіксінсе шын,
Қомсынып кейде тіпті менсінбейтін.
Бәрін айт та, бірін айт, өз елінде,
Болды ол өгей перзент, бөтен мүлде.

Түнертті көрген мұнша зәбір-жапа,
Жалғыз ром серігі еді оңашада.
Жерініп дәл осылай жүрген шақта,
Жолықты Бен досына ойда-жоқта.
Сәтті күн, сәтті мезет келіп тура,
Тоғысты екі достың жолы қайта.
Мәз болып құшақтасты арқа-жарқа,
Бүкпесіз сөйлесті ұзақ сыр қатара.
Ыстық күн, жайғасып ап көлеңкеде,
Сөз етті бүгінгіні, өткенді де.
Айтты Бен жетістігін өзі жеткен,
Робтағы шертті өмірін теңізде өткен.

Ақыры, мықтымын деп әркім өзі,
Таласып қала берді сөзге екеуі.
Қарайтын өзгелерге шекесінен,
Теңізші қалды қойып төтесінен:
«Қарашы, бұған қалай қызықпассың,
Жұдырыққа сірә мұндай жолықпассың.
Сақалым сом денеме құйып қойған,
Сұс беріп тұрар өңім күн қақтаған.
Отырам кабақтарда кекірік атып,
Жұтам да стингомды сылқылдатып.
Дорбамда сыңғырлайды алтындарым,
Қылыштың жүзіменен тапқан малым!»
Бен басын шайқады да сөзге көшті:
«Құрысын қаңғыбастың көрген күні.
Қан майдан – жеңесің, я ұтыласың,
Сен солай тапқаныңды жеп тынасың.
Әурең көп-ақ, арпалыс, әбігер кіл,
Тапқаның жыртығыңа жетпейді бір.
Одан да қалғаныңда ақыл тауып,
Нан табу болмайтын ед мұнша қауіп.
Жай жүріп, анық басқан жандар ғана,
Тыныш ұйықтап, жетеді мақсатына.
Жанын жалдап, басын тіккен қатерге,
Қарақшыны табысты одан дей көрме.
Мәз боласың бес-он тиын дорбаңда,
Менің ақшам жатыр өсіп қорларда.
Қалтаңның түбін күнде ақтарасың,
Барыңды Бриджиттерге қақтырасың.
Тоймайтын түні бойы ішу неткен,
Жұпыны өмір ғой бұл есі кеткен?!
Ал, мына жолдасыңа қара нақтап,
Көргенді жердің қызын қойған таңдап.
(Толықтау болғанымен опалы ұрпақ,
Дүиім жер жасауына сыйы болмақ).
Айтшы, ал, жағыдайым жараспай ма?!
Қарашы, анықтап бір өн-бойыма.
Киімге үстімдегі көзің сал да,
Тауып көр осал жері, міні болса.
Әділін айтшы, қане, Құдай деген,
Пайдаға кенелдім мен шаш етектен.
Жан қинау, қауіп-қатер, керегі не?
Сескенем ұстараның жүзінен де.
Жоламан теңізіңе шулап жатқан,
Үйімдей жер жоқ маған одан асқан.
Болмады байлғым да, сенер ешкім,
Шәкірттің қараң қалғыр күнін кештім.
Отыздың сегізіне шыққан таңда,
Бақ-дәулет бұйырды ақыр маңдайыма.»

«Қандай да» - деді Робин – «сыр бар мұнда?»
Маңдайын көрсетті Бен шұқып сонда.
«Рақмет айту керек мына басқа,
Ептейтін бәрін дағы осы қасқа.
Түнімен есеп соғып мазаланды,
Тасындай дирменнің шыр айланды.
Бақылап жағыдайды елден бұрын,
Айланың табады ойлап небір түрін.
Жалғыз-ақ шығармағын мынаны естен:
Там-тұмдап ұрла, бірақ, сездірместен.
Шықпасаң осы ақылдан менің айтқан,
Адал жан атанасың ел мақтаған.
Жұмысқа алғаш кірген кезім менің,
Кассаны күн құрғатпай жымқырушы ем.
Ал қазір өз дүкенім – өзім қожа,
Тасыған табысым бар өзіме олжа.
Мысалы, өткен күні – сәрсенбіде.
Бір жас қыз келді менің дүкеніме.
Сырқаты шешесінің үдеп тіптен,
Еміне сұрай кепті дәрі менен.
«Шыдай тұр, қазір, қалқам,»- дедім дағы
Шашынан алдым сипап қыздың тағы.
Опалы ісін біраз мақтап-мақтап,
Су толы құтыны саттым алдап.»

«Қарт ана ше?» - деп баж етті Робин сонда,
«Білмеймін, жатқан шығар бір шұңқырда.»

«Қанды қырғын, індет, өлім, соғыстар,
Өкіреді шулап теңіз – толқындар.
Тойын тойлап қанды ауыз акула,
Қызыл жоса бөкті қанға айнала.
Күн астында қалды бауыр көмусіз,
Зеңбіректер гүрсілдейді белгісіз.
Қандыбалақ қарақшының өзі де,
Қалар сасып асау дауыл өтінде.
Бақтым шыдап соның бәрін көрсем де,
Шыдай алман, бірақ, сендей зәлімге!»

Жарқ етті де өткір кылыш сол ара,
Құлады Бен... қалды қырда әдіра.

Ағылшын тілінен аударған: Әмір Қапшықбайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1282
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2828
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 930
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 875