Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 268 0 пікір 28 Қыркүйек, 2026 сағат 14:57

Үш Гран-при- қазақ балалары Астраханда топ жарды!

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Қазақстандық Jas tolqyn байқауының жеңімпаздары Астраханда өткен Каспий өңірінің «Достық көпірі. Ресей – Қазақстан» халықаралық мәдени форумына жолдама алды. Халықаралық сахнада жас өнерпаздар тағы да жетістікке жетіп, үш Гран-при, төрт бірінші және екі екінші орынды жеңіп алды. Форум 2026 жылғы 25 қыркүйекте Астрахан опера және балет театрында өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Жүлдегерлер қатарында Атырау мен Оралдың жас әншілері, аспапшылары мен бишілері, сондай-ақ Атырау облысының ауылдарынан келген қатысушылар бар. Бейбарыс пен Аққыстау ауылдарының балаларына Jas tolqyn байқауы туған өлкесін халықаралық сахнада таныстыруға мүмкіндік берді.

Гран-при жүлдесін атыраулық Нұрсұлтан Абылай (вокал), Атыраудың «Тұран» домбырашылар ансамблі (аспаптық жанр) және Оралдың «Алтын білезік» хореографиялық ансамблі иеленді.

Бірінші орындарды атыраулық Санжар Аскаров (классикалық аспаптық жанр) пен Нәйля Бекқұл (әлеуметтік бейне), Атырау облысы Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан келген Нұр Орынбай (дәстүрлі ән) және оралдық Райымбек Мақсот (вокал) жеңіп алды.

Екінші орындар атыраулық Айнұрлы Мұхитқа (халық аспаптарында орындау) және Атырау облысы Исатай ауданының Аққыстау ауылынан келген «Әсемай» ансамбліне (дәстүрлі ән) бұйырды.

Астраханда болған бірнеше күн ішінде жас өнерпаздар Астрахан кремліндегі шеберлік сабақтарына қатысып, форумның өзге қатысушыларымен тәжірибе алмасты және қаланың мәдени нысандарымен танысты. Қазақстандық делегация Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталыққа да барды. Бағдарлама аясында Jas tolqyn жеңімпаздарының Астрахан мемлекеттік филармониясында өткен жеке концерті ерекше орын алды. Концерт 24 қыркүйекте, қорытынды гала-концерт қарсаңында өтті.

Концерт Астрахан облысындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Қазақстандық жас өнерпаздардың өнерін тамашалауға көптеген көрермен облыстың шалғай аудандарынан да келді. Астрахан мемлекеттік филармониясының 600 көрерменге арналған залы лық толды.

«Біз Jas tolqyn қатысушыларының арасынан Қазақстанның болашақ жұлдыздары шығатынына сенеміз. Бүгінде оларға қолдау көрсетіп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік беру аса маңызды. Сондықтан КҚК өзінің қайырымдылық бағдарламасы арқылы қалалар мен ауылдардағы дарынды балалардың өнер шеберлерінен тәлім алып, үлкен сахнада алғашқы қадамдарын жасауына көмектеседі. Астрахан осы жолдың маңызды бір белесіне айналды. Бұл — Қазақстанмен Каспий, тарих және Құрманғазы мұрасы арқылы сабақтасып жатқан, бізге жақын өлке. Мұнда балаларымыз сол байланысты сезініп, оны өз өнерімен жалғастыра алды. Олардың жеңістері бізді қуантады. Сонымен бірге елге өз күшіне деген сеніммен, алға ұмтылуға деген құлшыныспен оралуы да біз үшін аса құнды. Бәлкім, осы алғашқы жетістіктер ертең бүкіл ел назар аударатын шығармашылық жолдың бастауы болар», — деді «КҚК-Қ» АҚ бас директорының Қазақстан Республикасының Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Jas tolqyn байқауы туралы

Jas tolqyn — Қазақстанның батыс өңіріндегі дарынды балаларға арналған шығармашылық байқау. Жоба «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ қайырымдылық бағдарламасы аясында жетінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жеті маусымда ол 7 мыңнан астам бала мен жасөспірімнің басын қосты. Байқауға қатысушылар сахналық тәжірибе жинақтап қана қоймай, Қазақстан мен Ресейдің танымал мәдениет және өнер қайраткерлерінің шеберлік сабақтарына қатысуға және халықаралық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1579
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3193
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1182
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1093