Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталды
Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы тегін вакцинация науқаны басталды. Ол үшін вакцинаның 2,1 млн дозасы сатып алынды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталады. Халықты тегін вакцинациялау үшін вакцинаның 2,1 млн дозасы сатып алынды. Алғашқы 564 мың доза елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жіберіліп жатыр», - делінген жұмадағы хабарламада.
Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілгені атап өтіледі. Қалған өңірлерге жеткізу 5 қазанға дейін жоспарланған. Вакцина түскен аймақтарда медициналық ұйымдар халықты егуді бастап кетті.
«Науқанды өткізу үшін Ресейде өндірілген «Гриппол®️» вакцинасы сатып алынды. Оның штаммдық құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдағы эпидемиялық маусымға арналған ұсынымдарына сәйкес келеді», - делінген хабарламада.
Бірінші кезеңде тегін вакцинацияны тұмауға және оның асқынуларына барынша бейім халық топтары алады. Оларға медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медико-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдар жатады.
Өңірлерге вакцинацияны уақытылы бастау және мақсатты топтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
«Қазан айы сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне дейін вакцинация жасау үшін ең оңтайлы кезең болып табылады. Екпеден кейін ағзаға иммундық қорғанысты қалыптастыру үшін уақыт қажет. Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін, ең бастысы, оның ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетуге көмектеседі», - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрлігінен.
Мақсатты топтағы азаматтарға вакцинация туралы ақпаратты нақтылау үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға хабарласу ұсынылады.
Abai.kz