Сейсенбі, 6 Қазан 2026
Білгенге маржан 164 0 пікір 6 Қазан, 2026 сағат 13:49

ІІ Жаһан соғысы: Майдандағы қазақ қаһармандығы

Сурет: pobeda.elar.ru сайтынан алынды.

Ендеше, басқа да ерліктері кем түспейтін бұрынғы Одақ халықтарының көңіліне қапы қалдырмай, қазақ ұлтының мысалында 21 ғасыр адамдарына Шығыс майдан туралы ақиқатты жеткізейік.

Сонымен, соғыс басталғаннан кейінгі сегізінші күні фашистерге Беларусьтің астанасы Минск қаласы берілді, 22-күні Молдованың астанасы Кишинев алынды, ал соғыстың 72-күні Киев құлады. 1941 жылдың 30 қыркүйегіне қарай Кеңес армиясының жалпы саны 5,3 миллион адамды құраса, оның ішінде 3 800 000 орыс, украин, беларусь немістердің тұтқынына түсіп, 1 миллионнан астамы қаза тапты. 1941 жылдың қазан айында Мәскеуді қорғайтын ешкім де қалмаған еді. Немістер бұзып кірген Мәскеу радиосы бравурлы фашистік марштарды таратып жатты, қалада хаос, мародёрлық белең алды, қаладан шығысқа қарай шығатын жолдар адамдарға, көліктер мен жүк көліктеріне лық толды, орыс офицерлері де азаматтық киімге ауысып алып қашып жатты.

Дәл осы уақытта Мәскеуді қорғау үшін Қазақстаннан 312-ші Ақтөбе дивизиясы, 316-шы Алматы дивизиясы, 238-ші Семей дивизиясы келіп жетті. Қаланы қорғау кезінде жеке құрамның шығыны 80-95%-ды құрады. Генерал Афанасий Белобородов «Ратный подвиг» атты кітабында: «Мәскеуді үш қазақстандық және бір сібірлік дивизия құтқарды» деп жазады. Бұл туралы маршал Г. Жуков та өз естеліктерінде («Воспоминания и размышления») атап өткен еді. Қазақстандағы жұмылдыру (мобилизация) деңгейі Германиядан да жоғары болды. 1943 жылға қарай Қазақстанда қолына қару ұстауға жарайтын адамдар түгелдей әскерге алынып, тылда тек негізінен әйелдер мен балалардан тұратын 750 000 адамдық еңбек армиясы ғана қалды. Республика майданға жалпы саны 1,38 миллион адамнан тұратын 18 дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50 полк аттандырды. Бұл ретте неміс фашистерінің жағында мыналар: СС-тің 29-шы «Рона» орыс дивизиясы, СС-тің 30-шы орыс жаяу әскер дивизиясы, Генерал Красновтың СС казак корпусы, Генерал Власовтың Орыс азаттық армиясы және жалпы саны 1,8 миллион адамды құрайтын тағы да басқа «азат етушілер» тобы соғысты. Ал 1942 жылы Харьковты қорғау кезінде 106-шы қазақ Ақмола дивизиясы толығымен қаза тапты, ешкім шегінген жоқ және ешкім тұтқынға түскен жоқ.

Қатыгез Сталинград шайқасы толығымен қазақ дивизияларының арқасында жеңіске жетті: 27-ші, 38-ші, 72-ші, 73-ші гвардиялық дивизиялар, 292-ші, 387-ші атқыштар дивизиялары, 81-ші атты әскер дивизиясы, 74-ші теңіз атқыштар бригадасы, 129-шы миномет полкі, 15-ші жеке арнайы мотоатқыштар батальоны. Жеке құрамның шығыны 60-тан 70%-ға дейін жетті. Бұл шайқаста полковник Ғани Сафиуллин басқарған 38-ші дивизия ерекше көзге түсіп, 300 мыңдық неміс топталуын қоршауға алып, оларды тізе бүктірді. Қазақ ұлтының Сталинград шайқасындағы жеңіске қосқан үлесі арнайы Сталин тарапынан тыйым салынып, бұл тақырыпқа қатысты Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының (ЦАМО) құжаттарына қолжетімділік әлі күнге дейін жабық күйінде қалып отыр. Ленинградты 48-ші, 310-ші, 314-ші және 372-ші қазақ атқыштар дивизиялары қорғап қалды. Қаланы қорғау кезінде бөлімше командирі, аға сержант Сұлтан Баймағамбетов башқұрт Александр Матросовтың (Шәкірьян Мұхамедьянов) ерлігін қайталап, ДЗОТ-ты кеудесімен жапты. Балтық флотында 1570 қазақ матрос болып соғысты, тек «Киров» крейсерінің өзінде 156 қазақ қызмет етті. Қазақтардың ерлігі мен төзімділігіне тәнті болған Балтық флотының қолбасшысы адмирал В. Трибуц Қазақстан халқына ашық хат жолдады: «Қазақ халқының ұлдары сүйікті теңіз астанамыз, даңқты Ленинград қаласын шаршамай-талмай қорғап, шабуылға бірінші қатарда шығады. Ержүрек ұлдарды өсірген Қазақстан аналары, сіздерге мың тағзым!» Курск шайқасына жалпы саны 96 768 адамнан тұратын төрт қазақ дивизиясы қатысты. 73-ші гвардиялық дивизия Вермахтың екі танкілік және екі жаяу әскер дивизиясын жойы жіберді, әрі ешкім де кейін шегінген жоқ. Курск шайқасында барлық соғыс тарихындағы жалғыз әйелдер танкілік экипажы – Қарағанды қаласынан шыққан төрт қазақ қызы қаза тапты. Бірақ кеңестік, кейінгі ресейлік үгіт-насихат бұл туралы бүгінгі күнге дейін үнсіз қалуда. Сол сияқты 1945 жылы 25 сәуірде барлау ротасының командирі Айтқали Әлібеков кеңес әскерлерінің арасында бірінші болып Эльба бойында америкалық одақтастармен кездескені туралы да айтылмайды, әлемдік агенттіктер мен тарих үшін бірінші болып аққұба славян Г. Голобородько көрсетілді. 1945 жылы 29 сәуірде аға лейтенант Қайырбек Маденов кеңес сарбаздарының арасында бірінші болып Берлиннің ең биік ғимараты – Ратуша күмбезіне қызыл туды тікті. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну Кремль тарапынан қабылданбады. 1945 жылы 30 сәуірде неміс Рейхстагының үстіне Жеңіс туын бірінші болып лейтенант Рахымжан Қошқарбаев татар жігіті Григорий Булатовпен бірге көтерді. Командование жасаған Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну тудың стандартты емес екендігі сылтауратылып, Кремльмен кері қайтарылды. Қазақ ұлты 112 Кеңес Одағының Батырын берді, ал бұл атаққа берілген 130-дан астам ұсыныс кері қағылды.

Барлық орыс шовинистерінің назарына жеткіземін – егер Қазақстан КСРО құрамында болмағанда, Кеңес Одағы Германиядан 100% кепілдікпен соғыста жеңіліс табушы еді, себебі: оқ-дәрідегі 10 патронның 8-і қазақстандық қорғасын мен жезден жасалды, 10 литр солярканың 8 литрі қазақстандық өнім еді, барлық әскери зауыттар қарағандылық көмірмен жылытылды, 90% шинельдер мен тон қаптамалары, 95% солдат аяқкиімі қазақстандық шикізаттан өндірілді. Сонда орыс, украин, беларусь және КСРО-ның басқа да халықтарының тарихы мүлде басқа бағытпен кетер еді.

Дайындаған - Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 819
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1120