Бейсенбі, 8 Қазан 2026
Ғибырат 411 0 пікір 7 Қазан, 2026 сағат 13:21

Алтын күз...

Сурет: novoetv.kz сайтынан алынды.

Эссе

Осыдан талай жыл бұрын, өткен ғасырдың сексенінші жылдары еді. Төлеміш Өкеевтің «Алтын күз» фильмі Алматыдағы Кино үйіне әкелінді.

Бүгін ойлап отырсам, сол күн қазақ киносының тарихындағы ерекше бір белес екен.

Төлеміш Өкеевті қазақтың сол кездегі билігі онша жақтыра қоймайтын. Оның таланты да өзгеше еді, мінезі де өзгеше еді. Өкеев ешкімге ұқсамайтын. Оның киносы да ешкімге ұқсамайтын.

«Көксерек» — қазақ киносының ғана емес, әлемдік кино өнерінің інжу-маржанына айналған шығарма.

Сурет: rezka.ag сайтынан алынды.

Ал сол Төлеміш Өкеев «Алтын күздің» басты рөліне Досхан Жолжақсыновты шақырды.

Фильмнің сыртқы драматургиясына қарасаң, алып бара жатқан оқиға жоқ сияқты. Журналист Мұрат ел аралап, адамдармен кездеседі, сұхбат алады. Бірақ мәселе оқиғада емес еді.

Бұл — жалғыздық туралы фильм.

Тұлға туралы.

Уақыт туралы.

Адамның өз-өзіне қоятын сұрағы туралы.

Бұл — кино-поэма.

Сол жылдары ұлы Сүйменқұл Шоқморовтың денсаулығы сыр бере бастаған еді. Төлеміш Өкеев өзінің өнердегі серігін, досын, бауырын іздегендей болды.

Сөйтіп Төлеміш Өкеев Досханды тапты..

Бұл кездейсоқ бекерден бекер емес ті..

Бұл — өнердегі рухани жалғастық болатын.

Сочиде бір кезде бір топ киногер бас қосқанбыз.

Түн ауа ұзақ отырдық. Жанымызда Төлеміш бәйкем бар. Актриса Айтұрған Темірова үшеуміз әңгімелесіп отырмыз. Ортада бір бөтелке коньяк.

Сол түні Төлеміш Сүйменқұл мен Досхан туралы көп айтты.

«Көксерек» пен «Ұланның» дүниеге келуінде Сүйменқұлдың еңбегі көп еді. Екеуінің арасында ерекше шығармашылық байланыс болды.

Шоқморов — Өкеев.

Өкеев — Шоқморов.

Сол тандемнің рухани жалғасын мен кейін Досхан мен Төлеміштің арасынан көрдім.

Өкеев пен Жолжақсынов.

«Алтын күз» осы екі өнерпаздың ерекше шығармашылық үндестігін көрсетті.

Фильмнің әр кадры тұнып тұрған махаббат.

Адамға деген құрмет.

Ақынға деген тағзым.

Журналистке деген құрмет.

Өмірге деген өкініш.

Уақытқа деген сағыныш.

Фильмнің басында тележурналист Мұрат қырғыз халқының заңғар жазушылары Аалы Тоқомбаев пен Түгелбай Сыдықбековтен сұхбат алады.

«Алтын күз сізге не берді?

Сіз Алтын күзге не бердіңіз?»

Міне, фильмнің философиясы осы екі сұрақтың ішінде жатқандай.

Жап-жас Досхан.

Көрікті жігіт.

Таланты тасып тұрған кезі.

Басында үлкен шляпа.

Үстінде плащ.

Кей тұста Сүйменқұлдың сұлбасын көргендей боласың.

Бірақ ол Сүйменқұл емес.

Ол — Досхан.

Өз болмысы, өз мінезі, өз жан дүниесі бар Досхан.

Төлеміштің өкініші мен арманы тоғысқан тұс сияқты.

Ал Досхан — Мұраттың ойында да, бойында да бір сұрақ бар:

Алтын күз бізге не берді?

Біз Алтын күзге не бердік?

Мен Досханмен танысқанда, екеуміз де жас болдық.

Консерваторияның 65-бөлмесінде бірге тұрдық.

Бір қызығы, сол бөлмеден кейін Қазақстанның екі Халық әртісі шықты.

Жылдар өткен соң Мәскеуге, ВГИК-ке барғанымда, Будайская, 3-тегі жатақханада тұрдым.

Ұзын дәліз.

Бөлмелер.

Әр бөлменің алдында тақтайша.

«Бұл бөлмеде Василий Шукшин тұрған».

«Бұл бөлмеде Андрей Тарковский тұрған».

«Бұл бөлмеде Элем Климов тұрған».

«Бұл бөлмеде Лариса Шепитько тұрған».

Өнердегі үлкен таланттардың тағдыры қарапайым бөлмелерден басталады екен.

Біздің де 65-бөлмеміз сондай бір кішкентай әлем еді.

Досханның өнердегі үлкен ұстазы — анасы десе артық емес, Хадиша Бөкеева еді.

Кеңес Одағының Халық әртісі. Мемлекеттік сыйлықтардың иегері.

Қазақ өнерінің ханшайымы.

Өнердің аристократы.

Хадиша апамыз Ленинградтан тәлім алды. Театр мектебінен өтті.

Жастайынан ата-анасынан айырылған Хадиша Ирина Мейерхольдтан дәріс алған.

Ирина — атақты Всеволод Мейерхольдтың қызы.

Осы үлкен өнер мектебінің тәрбиесі Хадиша апамыздың бойында ерекше із қалдырды.

Ал Хадиша апамыз сол тектілікті Досханға берді.

Тектілік деген тек киім немесе жүріс-тұрыс емес. Ол — бекзаттық, болмыс-бітім, көзқарас, философия.

Ол — адамға деген құрмет.

Ол — сабыр.

Ол — ізгілік.

Ол — жастарға үлгілік.

Ол — өнер алдындағы жауапкершілік.

Ал Досханның туған анасы Жазира апамыздың орны бөлек.

Ұзын бойлы.

Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, мейірімді, ғажап жан еді.

Мені өз баласындай жақсы көрді.

Кейде тіпті Досханға айтпайтын сырын маған айтатын.

Ботаникалық бульвардағы екі бөлме мен үшін әлі күнге дейін ыстық.

Өйткені ол жерде Жазира апамның ақ пейілі қалды.

Дастарқаны қалды.

Мен ол кісінің баласындай болып кеттім.

Досханның тағы бір үлкен ұстазы — Абдолла Қарсақбаев.

Ол Досханды бірден таныды.

Ешкімге белгісіз жас жігітті «Бандыны қуған Хамиттің» басты рөліне бекітті.

Сурет: kino-teatr.ru сайтынан алынды.

Бұл шығарма оқырман қауымға таныс дүние. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуден» кейінгі шығармасы. Москвалық Анатолий Степанов жазған. Алайда фильмнің өн бойы қазақы. Әр кадр, әр көрініс, әр детальдан қазақ исі шығып тұрған дүние.

Бұл — қазақ киносындағы вестерннің бастауы десек, артық емес.

Фильм басталған алғашқы сәттен-ақ Нұрғиса Тілендиевтің ғажап музыкасы залды кернеп кететін.

Әр заманның өз қаһарманы болады.

Хамит — сондай образ.

Бір жағында даланың еркін тағысындай Құдіре.

Екінші жағында — Хамит.

Жалғыздық.

Өз позициясына адалдық.

Хамит — Сәкен Сейфуллиндей, Ілияс пен Бейімбеттей жаңа өмірді көксеген, бақытты қоғам құрам деп жүріп, басын өлімге тіккен тұлға…

Мінез… Осы фильмдегі мінез — Досхандікі. «Баланы туғанмен, мінезін тумайсың» демекші, Хамит бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын… Құдды Досхан дерсің.

Сондықтан бұл фильмді жастар жақсы көрді.

Досхан сол жастардың кумиріне айналды.

Ел-жұрт балаларына Досхан деп ат қойды.

Каскадерсіз трюктерді өзі жасады.

Аттан құлайтын бір сахна есімде.

Дубль.

Тағы бір дубль.

Соңғы дубльде Досхан құлаған жерде тас болған екен.

Белін ауыртып алды.

Егер осы күнге дейін белі сырқырап қоятын болса, сол күндердің жаңғырығы шығар деп ойлаймын.

Менің әкем соғысты да, репрессияны да бастан өткерген адам еді.

Мен ол кезде Мәскеуде студентпін.

Папам ауыра бастады.

Күннен-күнге арықтап, екі беті суалып кетті.

Сасып-салбырап, асты-үстіне түсеміз.

Бір күні Досханға телефон шалдым.

— Досхан, жағдай осындай…

Ол көп сөз айтқан жоқ.

Таксимен үйге келді.

Қолында домбырасы бар.

Папам оны көргенде қатты қуанды.

Төсекте жатқан басын көтеріп, дастарқанның шетіне отырды.

Апам жайған дастарқаннан шай іштік.

Сосын Досхан домбырасын қолына алды.

Досханның қоңыр дауысы бөлменің ішін аралап, ас үйге сыймай, келесі бөлмеге бөгелмей барды. Ән отшашудай шашылып, маңайды түгел аралап, желдеткіштен сыртқа сусып бара жатты…

Даламның исі бұрқырап,
Қарттарым аман-сау жүрші…

Апам да әнге елітіп, тоқтап қалды.

Көзіне келген жасын орамалымен сүртеді.

Папам терезенің сыртына қарай береді.

Көктем еді.

Алматының қары кетіп, маңайдағы тал-терек бүршік атып жатқан кез. Көлеңкелі кей жерлерде қара күрең қардың сұлбасы қараяды…

Өмір кезек.

Табиғат заңы.

Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің…

Әкем жарықтық Досханды құшақтай берді.

Бұл әкемнің өміріндегі бақытты сәттерінің бірі шығар… Өйткені ән менің әкем секілді майдан кешкен, репрессияның отына шарпылса да, аман жеткен қарттар жайлы болатын. Әкем соған риза болды. Бұл менің ең жақын адамымның соңғы тыңдаған реквиемі еді.

Бұл әннің сөзінде де, сазында да қазақтың жаны бар…

Сағыныш бар.

Сурет бар.

Ұлттық философия бар.

Сағи Жиенбаевтың сөзі.

Досханның әуені.

Бұл ән мәнін де, мағынасын да ешқашан жоғалтқан емес.

Төлеміш Өкеев кейін Досханды тағы шақырды.

Сурет: kino-teatr.ru сайтынан алынды.

Бұл жолы — «Ақ барыстың әулеті», яғни «Қожажаш» туралы аңыз фильмі болатын.

Досхан мұнда Мұздыбай есімді қарияны ойнады.

Жап-жас жігіт қарттың рөлінде.

Міне, актерлік өнердің ғажабы осы.

Бір образдан екінші образға ену… өту… өзгеру… өсу…

Өкеев Досханның осы қасиетін дәл таныды.

Бұл — философиялық әфсана.

Табиғат-Ана туралы толғау.

Қырғыздың көне эпосындағы аңшы Қожажаштың тағдыры.

Адам мен табиғаттың тартысы.

Аңшы мен аңның арақатынасы.

Адамның табиғат алдындағы жауапкершілігі.

Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Бұғы анамен үндесіп жатқандай.

Төлеміштің киносы да, Досханның ойыны да сыртқы оқиғадан гөрі ішкі дүниеге жақын еді.

Досхан Консерваторияның актерлік курсын бітірген соң Жастар театрында қалды.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген сөз бар…

Ол кезде ТЮЗ Гүлжихан Әбуевна басшы болды..

Талантты режжисслар мен артистерді жинай білді..Ол кезде Байділда Қалтаев, Салима Саттарова, Әмина Өмірзақова, Аққағаз Мамбетова, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаевтың керемет кезі тін..

Және осы театрда Алтынбек Кенжеков, Раиса Мұхамедьярова, Нұрқанат Жақыпбай, Ғазиза Әбдінәбиева, Лидия Қаденова сияқты өнерпаздардың жұлдызы жанған сәті болатын.

Досхан сол ортадан өтті.

Бүгінгі замандағыдай телефон жоқ.

Бірақ бір-бірімізді бәрібір тез табатынбыз.

Бір күні Мәскеуде «Мосфильмдегі» монтаж бөлімінің телефоны шыр ете қалды.

— Тақа, мен Мәскеуге келдім.

— Қайдасың?

— «Мосфильмдемін».

Менің сол кезде қызметтік, кезекші «Волгам» бар.

Ардагер кинематографистердің үйінде тұратынмын.

Нағыз «мачо» кезім.

Тамақ дайын.

Бір бөлме.

Керемет жағдай.

Досхан екеуміз бөлмеге келдік.

Шай іштік.

Әңгімелестік.

Бұл оның өміріндегі қиын кезеңдердің бірі еді.

Жазира апамыздың өмірден өткен кезі. Солтүстік Мұзды мұхитқа барып, алты ай жүрді. «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетте» басты рөлдердің бірін сомдайды.

Бөлмеде жалғыз керует. Матрасты еденге төсеп, қатар жаттық.

Түн.

Мәскеу.

Үнсіздік.

Бір кезде Досхан:

— Тақа…

— Не?

— Ұйықтап қалған жоқсың ба?

— Жоға…

— Мен бір қызбен таныстым.

— Содан?

— Аты Қарагөз.

Сол түні Қарагөз туралы ұзақ сөйлестік.

Досханның көңілі кеткенін сездім.

Ал Мәскеуде күз болатын.

Жердің де, көктің де түсі сап-сары.

Жапырақтар төгіліп жатыр.

Аздап жел.

Даладан сіркіреп жауған жауынның дыбысы естіледі…

Мен осылай «Алтын күзде» Қарагөзбен сырттай таныстым…

Ойлан, балам…
Өмір деген өтпелі.
Бұл өмірге кімдер келіп кетпеді?
Қайта оралмас бұл өмірдің жастары-ай,
Қайта оралмас бұл өмірдің көктемі…
Ойлан, балам…

Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев бұл әнді Досханға арнайы бергендей еді.

Бәлкім, бұл ән Досханның өз тағдырына да айналған шығар.

Жастық.

Уақыт.

Өткен күн.

Өтпелі өмір.

Алтын күз.

Досхан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрын басқарды.

Бұл оңай уақыт емес еді.

Ел қиналған елең-алаң кезеңдер…

Өнер де тығырыққа тірелген.

Театрларға ақша жоқ.

Жалақы жоқ.

Спектакль қоюға мүмкіндік аз.

Көрермен залы суық.

Театрдың бір басынан кірген жел екінші басынан шығатын заман болған.

Осындай қиын уақытта директор Жолжақсынов театрды сақтап қалды.

Артистерге қамқор болды.

Өнер адамдарын қорғай білді.

Мен бұл жерде біреуді мақтап, біреуді жамандағым келмейді.

Бірақ тарихтың да өз шындығы бар.

Бұрынғы театр басшысы Қасым Жәкібаев пен Раиса Мұхамедьярованы шығарып жіберген еді.

Қасым аға — сол театрдың шымылдығын ашқан актерлердің бірі.

Алғашқы қойылым — «Алтын кілтте» ойнаған дарабоз.

Қазақ өнеріне адал қызмет еткен, оқығаны мен түйгені мол актер.

Раиса Мұхамедьярова — тек ТЮЗ-дің ғана емес, қазақ аруының символы.

Ғабит Мүсіреповтің музасы.

Қазақ өнерінің музасы.

Дубляж өнерінің королевасы.

Кезінде қазақ тілін білмей келген қаршадай қыздың кейін қазақ дубляжының айтулы тұлғасына айналуының өзі — үлкен еңбек, маңдай тер.

Досхан директор болғанда осы екі талантты театрға қайта шақырды.

Бұл оның алғашқы шешімдерінің бірі болды.

Меніңше, бұл жай ғана кадрлық шешім емес.

Бұл — өткен қателікті түзеу болатын.

Бұл — театрдың ертеңіне деген сенім еді.

Досхан Жамал Бектасоваға да туған баласындай қамқор болды.

Жамал апаның жалғыз ұлы қайтыс болғанда, қасынан табылды.

Кейін Жамал апаның «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алуына да мұрындық болды.

Жамал апа Досханды өмірінің соңына дейін «балам» деп өтті.

Бұл — ең жоғары сенім еді.

Досхан — жақсы аңшы.

Бұл қасиеті әкесі Қалидан жұққан серіліктің бір қыры шығар.

Қазақта аңшылықтың да өз мектебі бар.

Ғабит ағадан, Елубайдан қалған дәстүр.

Дінмұхамед Қонаев пен Асқаров секілді азаматтардың да саятшылықпен байланысты әңгімелері бар.

Досхан күзде де, көктемде де құсқа шығады.

Қыста қасқыр мен қабанға барады.

Кейде үйден бір апта, он күнге кетеді.

Бұл — Досханның түлейтін… түрленетін шағы.

Сар қамыстың үстінде сағаттап қозғалмай жату — кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Оған саятшының сабыры керек.

Төзімі керек.

Бұл — қазақтың ғасырдан ғасырға жеткен көне дәстүрі.

Ер жігіттің бір қыры.

Ал бүгін ше?

Бүгін біз Досханның сан түрлі образын көрдік.
1972 «Арман асуы» эпизод
1974 «Бұлақ» эпизод
1975 «Гауһартас» Әскербек
1979 «Даладағы қуғын» Хамит
1979 «Шешуші айқас» эпизод
1979 «Чемпион» Ілияс Шәріпұлы
1980 «Алтын күз» эпизод
1982 «Көріскенше қош бол, Медеу» Кәрім
1983 «Ай астындағы үй» Дәуіт
1983 «Өтелмеген парыз» Нұрлан
1984 «Жарқыраған әлем» Акунахара
1984 «Ақ ілбістің тұқымы» Мұндызбай
1984 «Адами фактор» Ниязов
1986 «Махаббат қиялдары» Қожа Зульфиқар
1986 «Потерпевшие претензий не имеют» Ілияс Сахметович Садыков
1987 «Про любовь, дружбу и судьбу» Керім
1990 «Пегий пес, бегущий краем моря» әке
1998 «Омпа» Дәуірбек Ақынов
2005 «Көшпенділер» Галдан Цэрэн
2009 «Біржан сал» Біржан сал, әрі режиссер
2015 «Құнанбай» Құнанбай, әрі режиссер
2016 «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» Шайбани

Тағы қаншама кейіпкер…бар...

Оларды тізе берсек, таң атар.

Бірақ менің есімнен шықпай тұрғаны — «Алтын күз».

Сол фильмдегі тележурналист Досхан..

Басында үлкен шляпа.

Үстінде плащ.

Камера алдында тұрған жігіт маңайына емес..

Өткен өмірге емес, ертеңге көз салғандай…

Көп ішінен кешегі Аалы Тоқомбаевты, Төлеміш пен Болатты, Хадиша мен Мен Дон Укты, Тоқпанов пен Шоқыбаевты іздеп жүрген сияқты…

Сол кезде Төлеміш Өкеев Досханға сұрақ қоя ма екен?

«Алтын күз саған не берді?»

Алтын күз бізге не берді?

Өмірдің де өз «Алтын күзі» болады.

Бұл кез — табиғаттың толған кезі, тоқшылықтың шағы.

Егін жиналған.

Ақ молайған.

Жер-ана тыныстаған.

Жан-жануар қомданған.

Ал ер азаматтың да сондай бір шағы болады…

Бүгін — Досханның Алтын күзі.

Өнердің кемеліне келетін шағы.

Баяғыда «Алтын күзінде» жап-жас Досхан:

«Бізге не бердің?»

деген сұрақтың алдында тұрған болатын. Егер осы сұрақты бүгін Досханға қойсақ…

Оған оның сомдаған жүздеген образы, сахнадағы ғұмыры, киносы, әні, шәкірттері, достары, бірге жүрген серіктері жауап береді.

Алтын күз — табиғаттың ең сұлу шағы.

Адамның да ең сұлу шағы болады.

Меніңше, Досханның Алтын күзі — дәл сондай кезең.

Тек Досханның ғана емес.

Бұл — қазақ өнерінің де шуақты шағы.

Өйткені өнер адамының ғұмыры жылдармен емес, халықтың жүрегінде қалған ізбен өлшенеді.

Ал Досханның ізі бар.

Киносында бар.

Театрында бар.

Әнінде бар.

Достығында бар.

Адамдарға жасаған жақсылығында бар.

Сондықтан…

Алтын күз, бізге не бердің?

Досханның Алтын күзі — қазақ өнерінің алтын күзі.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық әртісі, кинорежиссер

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 906
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1204