Жұма, 23 Қазан 2026
Жаңалықтар 444 0 пікір 22 Қазан, 2026 сағат 19:15

Шекарадағы шектеу: Қазақстан Ресейге жауап берді

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетелдіктер үшін елге кірудің жаңартылған талаптары мен QazETA жүйесіне байланысты ресейлік тараптың өтінішіне ресми түсініктеме берді. Ведомство өкілі жаңа тәртіп туралы барлық ақпарат серіктес мемлекеттерге дипломатиялық арналар арқылы толық жеткізілгенін мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдегендей, елімізге визасыз келу құқығы бар 85 мемлекеттің, соның ішінде Ресейдің де азаматтары үшін QazETA электрондық рұқсат беру жүйесі қолданылады. Аталған тетік бойынша түсіндіру материалдары тиісті елдердің елшіліктеріне алдын ала жіберілген.

«Қазіргі уақытта QazETA жүйесі бойынша толық ақпарат аталған барлық мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы берілді», – деп мәлімдеді Жанболат Үсенов.

Ресми өкілдің айтуынша, электрондық рұқсатты ресімдеу тәртібі Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің ресми сайттары мен ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланады. Бұл шетелдіктерге өзгерістермен ертерек танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар еліміздің құзыретті органдары жақын күндері Астанада тіркелген дипломатиялық миссиялар үшін QazETA жүйесінің жұмыс ерекшеліктерін түсіндіретін арнайы брифинг өткізуді жоспарлап отыр.

Мәскеу қандай сауал жолдады?

Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова брифинг барысында жаңа ережелерге қатысты Қазақстаннан қосымша түсініктеме күтетіндерін білдірген болатын. Оның сөзінше, жаңа нормалар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) азаматтарына да ортақ болғандықтан, шекаралық тәртіптің халықаралық келісімдермен қалай үйлесетінін нақтылау маңызды.

«Біз мемлекеттің ұлттық көші-қон заңнамасын жетілдіруге деген егемен құқығына құрметпен қараймыз. Жаңа талаптар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтарына да қатысты болғандықтан, қолданыстағы халықаралық келісімдерді ескере отырып, қазақстандық тараптан қосымша түсіндірме күтеміз», – деді Мария Захарова.

QazETA қалай және қай мерзімде енгізіледі?

Қазақстан Үкіметі шетелдіктердің елге келуі, уақытша болуы және кері шығуы ережелеріне өзгерістер енгізген еді. Құжатқа сай, шекарадан визасыз өтетін шетелдіктерге цифрлық кіру рұқсатын алу талабы қойылады. Рұқсат онлайн түрде тегін беріледі, оған сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын өтінім тапсыру қажет. Алынған құжат 180 күн бойы жарамды саналады.

Жүйе бірнеше кезең бойынша іске қосылады:

2026 жылғы 1 қарашадан бастап — Ақтау әуежайында және төрт автокөлік өткізу пунктінде («Үрлітөбе», «Ауқатты», «Атамекен», «Нұрлы жол») сынақ режимі жүреді;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — Астана мен Алматы әуежайларында тексеру басталады;

2027 жылғы 1 наурыздан бастап — барлық өткізу бекеттеріне таратылады.

Сынақ кезеңінде электронды рұқсаты болмаған шетелдіктерге елге кіруден бас тартылмайды, шекарашылар тек ақпараттық ескерту жасайды. Ал 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап QazETA шекарадан өту үшін міндетті талапқа айналмақ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1168
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1622