Сенбі, 24 Қазан 2026
Жаңалықтар 347 0 пікір 23 Қазан, 2026 сағат 18:35

«Астана Тазалық»: Елордада 354 арнайы техника дайын

Сурет: «Астана Тазалық» ЖШС-дан алынды.

«Астана Тазалық» ЖШС-нің өндірістік базасында 2026-2027 жылдардағы қысқы маусымға дайындық аясында арнайы техникалардың дайындығы тексерілді.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары, қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы және кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Қатысушыларға қысқы кезеңде қала аумақтарын тазалауға арналған техника таныстырылып, жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі туралы баяндалды.

Қысқы маусымға кәсіпорынның 354 бірлік арнайы техникасы сақадай сай тұр. Техника Сарыарқа, Нұра, Сарайшық, Алматы және Есіл аудандары бойынша бөлінген. Кәсіпорынның қызмет көрсету аумағына жалпы көлемі 13 млн шаршы метрден асатын 143 көше кіреді. Қаланы тазалау үшін 18 маршрут жасақталған. Қажет болған жағдайда қосымша 530 бірлікке дейін арнайы техника тартуға мүмкіндік бар. Қысқы кезеңде елорданы қардан тазалау жұмыстарына 700-ден астам жұмысшы жұмылдырылады.

«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен биыл кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңарту аясында 2,9 млрд теңгеге 23 бірлік арнайы техника сатып алу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдары тағы 70 бірлік техника сатып алу жоспарланып отыр. Өндірістік базаларды абаттандыру және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау бағытындағы жұмыстар да жасалған. Бүгін арнайы техниканың қысқы маусымға дайындығын көрдік. Кәсіпорын алдағы міндеттерді орындауға дайын деп сеніммен айтуға болады», - деп атап өтті Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев.

«Қысқы кезеңде ең бастысы - техниканың дайындығы мен жұмыстың нақты ұйымдастырылуы. Бүгінгі күні әр ауданға белгілі бір аумақтар мен техника бекітілген. Біз жалпы көлемі 13 млн шаршы метрден асатын 143 көшені тазалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл, әсіресе, қалың қар жауған кезеңде өте үлкен жұмыс көлемі. Өткен қысқы маусымның қорытындысы жұмысымыздың жеделдігі артып, тұрғындардан түсетін шағымдар саны азайғанын көрсетті. Бұл - барлық бөлімшенің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Алдағы қысқы маусымда да тәулік бойы жұмыс істеп, ауа райының өзгеруіне және тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етеміз», - деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев.

Кәсіпорынның техникасы қысқы жағдайда жұмыс істеуге дайын, ал қызметкерлердің жұмысы алдағы жүктемені ескере отырып ұйымдастырылған. Сондай-ақ көктайғаққа қарсы материалдар қоры әзірленіп, 7 177 тонна техникалық тұз бен 413 тонна реагент дайындалды.

Іс-шара соңында Республика күніне орай кәсіпорын қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қызметкерлерге адал еңбегі және елорда тазалығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Қысқы маусымда қаланың таза әрі қауіпсіз болуы ең алдымен коммуналдық қызмет мамандарының еңбегіне байланысты. Қар жауып, аяз күшейген кезде де олар елорда көшелерін уақтылы тазалап, тұрғындардың қалыпты қозғалысын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1185
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1641