Жазушы Төлен Әбдік сынына жауап
Хәкім Абайды таныту жайынан бір үзік ой
«Егемен Қазақстанның» үстіміздегі жылдың 29-қыркүйек күнгі санында, қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің бірі, жазушы Төлен Әбдіктің «Дүние де өзі, мал да өзі» атты көлемді мақаласы жарияланды. Жазушы ағамыз өз мақаласында бүгінгі қазақ қоғамындағы дін мен ғылым мәселесін Абай шығармашылығы арқылы сөз ете келіп, Абай шығармашылығымен дінді уағыздайды деп белгілі абайтанушы ғалым Асан Омаров пен бірге мені де «сипай қамшылап» сынап өтіпті.
Мен өзім Төлен Әбдік ағамыздың шығармашылығын аса жоғары бағалаймын. Әдебиетші ретіндегі жеке пікірім бойынша: XX ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды. XX ғасыр басында Жүсіпбек, Мұхтар, Сәкен, Мағжандардан бастау алған қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық бағыт – XX ғасырдың 60-90 жылдарында қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерді. Қазір ғой жұрттың бәрі «модернист жазушы» атануға жанын салып жүр. Төлен Әбдіктің «Оң қолы» мен «Парасат майданы» XX ғасырдың соңғы ширегінде жазылған қазақ әдебиетіндегі модернистік бағыттың бірегейі ғана емес, басы болды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі жаңашыл – «модернистік» бағыт Төлен Әбдііктен басталды деген сөз емес.
Қоғамдағы технологиялық, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге байланысты туындайтын әдебиеттегі «модернизм» деп аталып жүрген жаңашыл бағыт – өз тұсындағы қоғамдық қатынастарға байланысты өзгермелі. Сондықтан да, Төлен Әбдікті XX ғасырдың соңғы ширегінің модернист жазушысы дейміз. Себебі, қазақ әдебиетіндегі модернистік-жаңашыл бағыттың тамыры тым тереңде, арыдан басталады.
Қалай десек те, қазақ әдебиетінің алтын ғасырын жасаған алыптар тобының «соңғы тұяқтарының» бірі жазушы Төлен Әбдік шығармашылығына деген менің құрметім ерекше.
Сөз басында айтқымыз келген ойымыздың негізгі діңгегі осы болатын.
Міне, жазушы ретінде ерекше құрметтейтін осы Төлен ағам өзінің «Дүние де өзі, мал да өзі» мақаласында: «Енді ғылым тақырыбы бойынша талдамақ болған екінші материалымызға тоқталайық. «XXI ғасыр көзімен: Абайдың білім және ғылым туралы ойлары», авторы Нұрғали Махан. Көрмеген жігітім. Бірақ тәуір мақалаларын оқыған едім. Әсіресе «Тәкеннің «Жұмбақ жаны» деген мақаласын оқып риза болғаным есімде. Ал, Абайдың шығармашылығы туралы мына мақаласы теология жанрында жазылғандықтан, талдауға тура келіп тұр. Тек айырмашылығы – өзгелер дін мен ғылымды қарама-қарсы таным ретінде қараса, Нұрғали екеуін бір құбылыс етіп көрсетуге бейім», – деп жазыпты.
Төлен аға, мен жазған «Тәкеннің «Жұмбақ жаны» зерттеу еңбегім хақында айтқан жылы лебізіңізге рахмет!
Ең бірінші айтпағым: Сіз атап өткендей, мен дін мен ғылымды ғылыми негізде бірге қарастыруға бейім болсам да, «XXI ғасыр көзімен: Абайдың білім және ғылым туралы ойлары» мақаламда ғылым мен дінді бір құбылыс ретінде қарастырғаным жоқ. Себебі, ғылым мен діннің табиғаты бірдей емес екенін жақсы түсінем. Ғылым – тәжірибе арқылы тексерілетін құбылыстарды зерттесе, ал, дін – метафизикалық және рухани мәселелерді қамтитын адами сенім. Ғылыми таным дінді түсінуге көмектескенімен, барлық діни тұжырымды, ғылым – тәжірибе арқылы дәлелдей алмайды.
Алайда, «Дінді ғылым арқылы тану керек» дегенде, ақыл-ой мен білімге негізделіп жазылған Құран-Кәрімдегі мәселелерді ғылымда дәлелденген қағидалар арқылы негіздеуге болар деп ойлаймын.
Өз мақаламда мен бұл ойымды Абайдың:
Құран рас Алланың сөзі дүр-ол
Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ, –
деген ойын негізге алып, Құран-Кәрімдегі «Ясин» сүресінің 36-аятын, «Рахман» сүресінің 19-20 аяттары, «Нәміл» сүресінің 12-14 аяттары және «Мүмин» сүресінің 12-14 аяттары және өзімнің ұстазым Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ғылым және дін» мақаласы мен Морис Бюкайдың «Библя, Құран және қазіргі ғылым» кітабына сүйене отырып айтқан болатынмын.
Төлен аға, менің бұл сөздеріме қарап, мені дін жолында жүрген аса бір діншіл, діндар екен деп ойлап қалмаңыз. Мен діншіл де, діндар да емеспін. Дәстүрлі дінімізден бөлек, ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқ ететін жат діни ағымдардың бәрін – ұлт болашағына төнген қауіп деп есептеймін. Сондықтан да, жат діни ағымдардан сақтану үшін, Құран-Кәрімді ұлттық түсінігімізге сай, ғылыми негізде тәпсірлеген дұрыс болар деген ойдамын. Бірақ, бұл – ғылым мен дін егіз деген сөз емес.
Қазіргі адамдар ғылымға сенеді және ғылымды игергісі келетіні анық. Себебі, қазіргі адамдар ғылымның игілігін көзбен көріп, қолмен ұстап отыр. Сондықтан, халыққа ғылымды насихаттап, ғылымды игеруге шақыру – басы артық жұмыс. Дегенмен, ғылымға сеніп, ғылымның игілігін көзбен көріп, қолмен ұстап отырған қазіргі адамдар – жаратушы бір Құдайды да жоққа шығармайды. Себебі, қазіргі ғылымды қанша жерден дамыды десек те, бүгінгі таңдағы ғылым – жаратылыстың барлық құбылыстарын түсіндіріп бере алмай отыр. (Бұған мысал шаш-етектен. Ол мысалдарды өз сөзіме дәлел ретінде келтірер болсам, ойымыз басқа ауанға ауып, кетуі бек мүмкін)
Айтқымыз келгені: Құдайды жоққа шығарып, ғылымды насихаттау – өткен XX ғасырдың еншісінде қалып кеткен мәселе. Соңғы отыз жылды былай қойып, қылышынан қан тамған, «Құдай жоқ» дейтін Кеңестік дәуірдің өзінде де «Құдай жоқ, Мен Құдайға сенбеймін» деген бір адамды да көргенім жоқ.
Қалай десек те, қазіргі адамдар жаратушы бір күштің барына сенеді. Бір Құдайдың бар екеніне сеніп, ғылымның игілігін көзбен көріп, қолмен ұстап отырған көпшілік жұрт «Ғылымды Құдайдың бір сипаты» деп түсінері анық. Мен де сол көпшіліктің ішіндемін. Сондықтан болар, дін мен ғылымды бір құбылыс ретінде көрсетуге бейіммін. Төлен аға, «бейіммін» деген сөз «ақиқат, сенем» деген ұғым емес.
Абайдың: «Ғылым Алланың бір сипаты» деген танымы менің жаныма ерекше жақын болғандықтан: «Хәкім Абай үшін дін мен ғылым – бір тұтас бір дүние. Екеуі де, яғни дін де, ғылым да ақиқат пен Бір Алланы тану жолында қызмет ету керек», – деп жазған болатынмын.
Төлен аға, назар аударуыңызды өтінем: Мен бұл жерде дін мен ғылым туралы өзімнің жеке көзқарасымды емес, Абайдың көзқарасын айтып отырмын.
Ал, сіз: «Бұл арада автор жансақ түсініктеме беріп отыр. Бірақ, ол бұған кінәлі емес. Кінәлі – кейінгі жылдарда Абай жинағын дайындап, баспадан шығарған абайтанушылар. Олар кейбір тұста Абайдың жазғандарын қайта қарап, оның қара сөздерін редакциялап, бүгінгі заман оқырмандарына лайықтаған тұстары бар. Әсіресе кезінде Шағатай тілінде жазылған 38-қарасөзді өзгерткендері көрініп тұр. Бірінші қателік – арабтың «Илм» сөзін ғылым деп аударғанында. Түпнұсқа болып есептелетін Мүрсейіттің қолжазбасында: «Илм – Аллаһының бір сифәті, ол – хәқиқәт, оған ашиқлық өзі де хәқлық һәм адамдық-дүр», – деп жазылған. Ал, кейінгі басылымдарда «Ғылым – Алланың бір сипаты...» болып кеткен. Мақаладағы концептуалды қателік осы қате аудармадан болып отыр», – дейсіз.
Төлен аға, мен КазГУ-дің филология факультетінің араб бөлімін бітіргенмін. Сол себепті де Әбсаттар Дербісәліні ұстазым деп атадым. «Илм» деген сөз арабта жоқ. Ал, «ғылым» деген сөз бар. Тіліміздегі «ғылым» деген сөз арабтан енген. Арабтарда «ғ» дыбысы болса да, «ғылым» сөзіндегі «ғ» дыбысы кеңірдектен шығатын дыбыс (гортанный звук) «аиын» عـ хәріпі арқылы жазылады. ( ع - бұл «аиын» хәріпінің жеке тұрғандағы көрінісі) «Ғылым» сөзі арабша علم болып, яғни араб тіліндегі «аиын», «ләм», «мим» хәріптері арқылы жазылады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Арабтың «ғылым» сөзіндегі «аиын» дыбысының қазақ тілінде баламасы жоқ болғандықтан, қолжазбаны кирилица жазуына аударған кезде, Мүрсейіт қолжазбасында қадым жазуындағы «аиын» хәріпімен жазылған ғылым сөзіндегі «аиын» дыбысы «и» болып өзгеріп, «ғылым» сөзі бірде «Илм», тағы бірде «Ъилм» болып жазылып кеткен. Сөзіміз дәлелді болуы үшін жеке мұрағатымдағы түпнұсқа Мүрсейіт қолжазбасының ксерокөшірмесіндегі «ғылым» сөзінің сурет көшірмесін жариялап отырмын. Суретте қара сызықпен қоршалып қойылған сөздер, Мүрсейіт қолжазбасындағы «ғылым» сөзінің сурет көшірмесі.
Мүрсейіт өз қолжазбасында «Илм» сөзін мүлдем қолданбаған. Сондықтан, бұл жерде Абай жинағын дайындап, баспадан шығарған абайтанушылар тарапынан кеткен қателік жоқ.
Қазақ тілінде «ілім» мен «ғылым» сөздері мағыналас синоним сөздер болғандықтан, «ғылым» сөзін «Илм» – «Ілім» деп түсіндірген дінтаушы-теологтар, «Илм» – «Ілім» – «Білім» деп алып, «Алла бәрін біледі» деп тәпсірлеп жүр. Болмаса, Мүрсейіт қолжазбасы арқылы жеткен, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген Абайдың «Ғақлиат-Тасдиқатының» түпнұсқасында «Ъилм Аллаһының сифәті» яғни, «Ғылым – Алланың сипаты» деп анық жазылған.
Арғы-бергі қазақ тарихында ғылымды Абайдан көп насихаттаған бірде-бір санаткер жоқ. Неге? Себебі, хәкім Абай халқының өркениет көшінен кенжелеп қалып, бодандыққа түсуінің негізгі себебі – ғылым, білімнен мақұрым қалуынан екенін жақсы білген. Сондықтан да Абай ғылымды өркениетке жету құралы һәм тәрбие негізі деп түсінді. Абай бірінші тәрбие деді. Себебі, тәрбиесіз келген ғылым – адамзаттың қас жауы екенін, ислам білім жүйесі бойынша білім алған Абай жақсы білді.
Ежелгі Шығыстағы ислам әлемінде ғылым – Алланың ғылымы және Адамның ғылымы деп екіге бөлінген.
Алланың ғылымы – ғажайып шеберлікпен Алла жаратқан, табиғат жаратылысы яғни, бізге көрініп, бізді қоршап тұрған тұтас Ғалам.
Адамның ғылымы – әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен табылатын жан азығы мәселесін қарастыратын рухани әлем. Адамның ғылымы – Алла ғылымының кішкене, зәрредей бір бөлшегі. Адамның ішкі рухани әлемі мен көзге көрініп тұрған сыртқы жаратылыс сырын бірге, бір үйлесімділікте (гармонияда) қарастыратын ғылым – Алланың бір сипаты деп түсіндіріледі ислам әлемінде.
Бұл жерде біздің бүгінгі заманауи түсінігімізге сай, Алланың ғылымы нені зерттейді? –деген сұрақ туындауға тиіс емес. Мысалы: Жазушыны тану үшін – жазушы жазған шығармаларды оқып, зерттеп білуіміз керек қой. Тура сол секілді, Алланы тану үшін – Алла жаратқан табиғат пен жаратылысты мына біз, адамдар зерттеп білуіміз керек. Зерттеп те жатырмыз физика, химия, гидрология, минерология, геология, биология тағы басқа сол секілді атын өзіміз қойып алған жаратылыстану ғылымдары арқылы.
Бір сөзбен айтқанда: Көне Шығыстық, исламдық түсінік бойынша айтылатын Алланың ғылымы – Алла жаратқан жаратылысты тану деген сөз.
Ал, Алла жаратқан жаратылысты қалай танимыз? Ол үшін ең әуелі, Алланың өзіне тән сегіз сипатының ішіндегі ең бастысы ғылым арқылы Алланы таны деген ой ұстанымда болған хәкім Абай, ең бірінші Аллаға сеніп, иман келтіріп, оған яғни Алла Тағалаға өз хәлімізше ұқсауды шарт етуіміз керек дейді де: «Алла Тағалаға ұқсай аламын ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ. Заты түгіл хикметіне (даналығына Н.М) ешбір хаким (данышпан, дана адам. Н.М) ақыл ерістіре алмайды. Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі», – дейді өзінің «Ғақлиат-Тасдиқат» ғылыми трактатында.
Ғылымға деген көзқарас төңірегінде Батыс пен Шығыс арасындағы ең басты айырмашылық: Шығыс ғылымды «Адамның ғылымы» және «Алланың ғылымы» деп екіге бөліп, «Адамның ғылымы» арқылы адамның ішкі моральдық-рухани дүниесін басты орынға шығарса, ғылымды табиғат пен жаратылысты түрлі тәжірибелер мен есептеулер арқылы зерттейтін тәжірибе алаңы деп қарастырған Батыс, адамның ішкі рухани әлемін мүлдем ескерусіз қалдырды.
Әрине, соңғы ғылыми техникалық жетістіктер адамзаттың материалдық игіліктерді тұтыну мүмкіншілігін орасан зор биікке көтеріп тастады. Мойындауымыз керек, бұл – адамзат өркениет тарихының үлкен жетістігі. Алайда, тек қана материалдық игіліктерді ғана ойлау – адамзатты бұрын соңды болмаған рухани дағдарысқа итермелеуде. Материалдық игіліктер үшін XIX, XX ғасырларда батыс тарапынан басталған түрлі деңгейдегі террористік-отаршылдық соғыстар бұл ойымыздың анық дәлелі.
Біз Батыс ықпалындағы елміз. Сондықтан, біз де ғылымды материалдық игіліктерге жету құралы деп қана түсінеміз.
Ғылымды Шығыстық көзқарас арқылы түсінген Абай үшін ғылым – адамның рухани құндылықтарға жету жолы. Сондықтан да, хәкім Абай ғылымды бар жайдан жоғары қойып: «Мал аямай, ғылым тап» дейді. Ал, бізде бәрі керісінше. Мал табу үшін біз ғылым іздеп жүрміз. Сондықтан да, біз қазір рухани тұрғыдағы мүгедектерге айналудамыз.
Абайдың ғылым туралы ойларын оның дінге деген көзқарасынан бөліп алып, жеке қарастыру мүмкін емес.
Ең бірінші айтпағымыз:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
– деп:
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол
Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ,
– деген хәкім Абай – кемел мұсылман.
Абайдың дінге көзқарасы туралы ойласам болды, ойыма бірінші болып, Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлының Абай хақында жазып қалдырған естелігі еске түседі.
Ол былай дейді: «Абай шын мәнінде мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес. Үлкен сын мен терең ой, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, Шариғат жолы деген барлығына сынымен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді. Сондықтан, сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кезде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын», – деп жазады. (М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. 168-бет. Алматы, «Санат» 1997 жыл.)
Көріп отырғаныңыздай, Абай діншіл, тақуа болмаған. Абай үшін дін – сенім һәм тәрбие құралы.
Алланы тану, өзін тану және жаратылыс дүниені тани отырып, пенденің жан-жақты жетілген кемел адамға жету жолдарының мәселелері қарастырылған «Ғақлиат-Тасдиқат» ғылыми трактатында хәкім Абай тұтас Ғаламды Алла, Адам, Дүние (сыртқы орта, жаратылыс) деп бір бірлікте қарастырады да, Ғылымды, Әділетті, Рахымды – «Толық адам» концепциясын жасайды. Бұл жерде Абай тағы да, адам бойында бар қасиеттер ішінен Ғылымды басты орынға шығарып отыр.
Тәрбие арқылы адамды өзгерте отырып, қоғамды да өзгертуге болады деген ой ұстанымында болған Абай, күллі шығармаларының ой-өзегінде бес нәрседен: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақтан қашық болып, бес нәрсе: талап, еңбек, терең ой, қанағат рахымға ғашық болған «Иманигүлді» яғни, Алланы, Адамзатты, Әділетті сүйетін Ғылымды, Әділетті, Рахымды «Толық адамды» насихаттайды. Бұл – біз қазір «Абай ілімі» деп жүрген «Ар ілімінің» негізгі өзегі.
Төлен аға, «Абай ілімі» – ғылым.
«XX ғасыр көзімен: Абайдың білім және ғылым туралы ойлары» мақаламда хәл-қадірімше «Абай ілімін» талдап, оны насихаттауға тырыстым. Неге екені білмеймін, Абайдың діні туралы сөз болса болды, үлкен аға-апаларымыз: Абайды діншіл қылып көрсетуге тырысасыңдар. Абай діншіл емес дейді.
Рас, Абай фанатикалық тұрғыдағы діншіл емес. Алайда, Абайдың діни көзқарасын түсінбесек – «Абай іліміндегі» оның ғылым туралы ойларының түпқазығын мүлдем түсінбей, Абайдың шапаны мен тақиясын айтып жүре береміз. Аға-апаларымыздың кейбірі Абайды тек ағартушы-ақын ретінде ғана көргісі келетін секілді. Рас, Абай – ағартушы. Бірақ, Абайды тек қана ағартушы деп түсінсек, онда біз Абайды өз ауылымыздың шеңберінде ғана қамап ұстағанымыз. Шын мәніне келгенде Абай – әлемдік тұлға.
Жаратушы бір Алланы өзіне тән сегіз сипаты мен тоқсан тоғыз есіміне қарай отырып тану керек деп, Ғаламды Алла, Адам, Дүние-жаратылыс деп үшке бөліп, Алланы тану, өзін тану және жаратылыс Дүниені тани отырып, пенденің жан-жақты кемел жетілген «Толық адамға» жету жолдарын көрсеткен Абайдан өзге тағы бір кемеңгерді атаңызшы.
Әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырымды қаласында» «Толық адамның» оннан аса, анығына келгенде он төрт белгісін атапты. Дей тұрғанмен, Әл-Фарабидің «Толық адамының» екшеленген сығындысының көрінісіндей болған Абайдың Ғылымды, Әділетті, Рахымды «Толық адамы» – Әл-Фарабидің «Толық адамына» қарағанда, жан-жақты жетілген, өте биік деңгейдегі тұлға болып көрінді маған.
Ал, жер басып жүрген әрбір пенденің көкейінде тұрған: «Ұлы Жаратушыны қалай танимыз?», – деген сұраққа Абайдан өзге Әл-Фараби де, Европа философиясының классиктері деп аталып жүрген Гегель де, Кант та, Ницше де жауап іздемепті. Олар бұл сұраққа жауап іздеуді білмеді деп айта алмаймыз, батылдықтары жетпесе керек.
Ал, Абай бұл сұраққа неге жауап іздеді?
Біздің ойымызша, оны сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдай мәжбүрледі. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме, басқа тақырып...
Қалай десек те, Абай – әлемдік тұлға. Абайды қытайдың Конфуцийі немесе немістің Гегелі, Гетесі секілді ұлылармен салыстыра зерттеу, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе деп түсінеміз.
Төлен аға, сіз Абайды әлемге танытуымыз керек дейсіз. Аталы сөз. Бірақ, қалай танытамыз? Егер біз Абайды өзіміз толық тани алмай жүрсек.
Менің ойымша, ең әуелі Абайды біздің өзіміз танып білуіміз керек. Әлем үшін емес, өзіміз үшін, өз ұлтымыздың келешегі үшін. Ол үшін «Абайтану» пәнін мектеп бағдарламасынан бастап, жоғары оқу орындарына дейін түгел енгізу шарт. Себебі, түп-тамыры ұлттық құндылықтардан бастау алатын «Абай ілімі» ғана ұлтымызды бөтен идеология мен түрлі бағыттағы жат діни ағымдардан қорғап қала алады.
Біз қазір Абайдың даталы тойларын шаш етектен қаржы шашып, түрлі деңгейде тойлауға шебер болып алдық. Бірақ, елімізде Абайды ғылыми негізде танытатын бірде-бір ғылыми-зерттеу институты жоқ. Рас, әрбір университетте «Абай академиясы» бар. Меніңше, бұл – аз. Абайтану ғылыми-зерттеу институты әрбір облыс орталығында болуы керек қой. Басқалар дәріптеп танытуға Абайсынды әлемдік деңгейдегі данышпан таппай жүр. Ал, біз барымызды бағалай алмай отырмыз.
Жазушы Төлен Әбдік ағамыздың «Дүние де өзі, мал да өзі» мақаласындағы Абайды тануға байланысты менің өз тарапыма айтылған сынға жауабым жоғарыда нақышталды деп білем. Кем айтып, не артық кетсем ғафу өтінем.
Төлен аға, сіздің шығармаларыңыз арқылы тәрбиеленіп өскен ұрпақпыз. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Сондықтан, ірілі-ұсақты сыныңыз үшін сізге үлкен рақмет. Басқа айтарым жоқ. Деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін.
Құрметпен Нұрғали Махан
Abai.kz