Сәрсенбі, 18 Қараша 2026
102 0 пікір 18 Қараша, 2026 сағат 21:25

Конституциялық Сот жаңа Конституция жағдайында конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі бағдарларын айқындады

Сурет: baq.kz сайтынан алынды

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Қазақстан Республикасы Құрылтайының отырысында конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауын жариялап, жаңа Конституция жағдайында конституциялық бақылаудың қорытындылары мен заңнаманы одан әрі жетілдірудің басым бағыттарын ұсынды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін жылы жаңа Конституцияның қабылдануы қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды кезең болды.

Жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтар заңнаманы жүйелі түрде жаңартуды, құқықтық олқылықтарды жоюды және конституциялық-құқықтық тәуекелдердің алдын алуды талап етеді. Осыған байланысты Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары өзекті болып табылады және заң жобаларын әзірлеу кезеңінде ескерілуге тиіс.

Конституциялық Сот жұмысын бастағаннан бері 18 мыңнан астам өтініш түсті. Өтініш берушілердің шамамен 99%-ын азаматтар құрады. Нормативтік қаулылардың 70%-ы іске асырылды. Құқықтық ұстанымдардың іс жүзінде қолданылуы сот актілерінің қайта қаралуымен және 1 000-нан астам сот актісінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларына сілтеме жасалуымен расталады.

Прокурорлық қадағалау және ден қою шараларының нәтижесінде 1 000-нан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Заңсыз өндірілген қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешек есебінен 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Жолдауда адам құқықтарын тиімді қорғаудың шарты ретінде заңнаманың сапасына, құқықтық айқындық, шектеулердің мөлшерлестігі және құқықтық реттеудің болжамдылығы талаптарына, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану кезінде конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заңнамада және қоғамдық өмірде «Заң мен Тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» тұжырымдамасын ұстанудың маңыздылығы атап өтілді.

Эльвира Азимова Құрылтай депутаттарына заң шығару қызметінің конституциялық негіздерін нығайту жөніндегі Конституциялық Соттың ұсынымдарын жеткізді.

Конституциялық Соттың Төрағасы бұл жұмыстың басты нәтижесі қабылданған актілердің санымен емес, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етумен, азаматтардың құқықтарының іс жүзінде қорғалуымен және қоғамның мемлекетке деген сенімінің артуымен өлшенетінін атап өтті.

Abai.kz

0 пікір