"Қызылжар" атам қойған аты мәлім...
Қазақ мүддесі де қақас қалмасыншы...
Қазақстан халқының үлкен жетістігі - ұлтаралық келісім екенін осы күні барлық отандастарымыз жақсы біледі. Президент Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында қол жетіп отырған бұл табысымызды өзіміз жоғары бағалаймыз, өзгелер оған қызыға қарайды. Елбасы да өзінің сөздерінде оған жоғары баға беріп, елдің үлкен табысының қайнар көзінің бірі сол екенін үнемі еске салып отырады.
Бұл табысты уыстан шығаруға болмайтыны сөзсіз. Оған Қазақстанда тұратын негізгі халық қазақтармен бірге басқа халықтардың өкілдері де мүдделі. Өйткені, табыс кепілі тыныштық, өзара келісім екенін бәрі де біледі.
Ұлтаралық келісімге жету жолында Президент ашық пікірлер айтып, айқын жол ұстанып келеді. Жауырды жаба тоқып, көзге көрінген кеселді күлбілтелеп, көрмеген болсақ, ондай іс бітеу жараға айналып, үсті тобарсып тұрғанымен асты шіри берер еді. Ал ондай жара бір күні бәрібір жарылып, қоғам ағзасына айтарлықтай залал келтірері сөзсіз. Бетін аулақ қылсын, Кеңес одағының бітеу жарасы асқынып кетіп, ақырында сол қоғамның өзін де құртып тынды ғой. Кеселді көзге ілмей, "бізде халықтардың мызғымас достығы орнады" деп сарнап келген саясат бір-ақ сәтте өзінің жалған екенін көрсетіп берді.
Қазақ мүддесі де қақас қалмасыншы...
Қазақстан халқының үлкен жетістігі - ұлтаралық келісім екенін осы күні барлық отандастарымыз жақсы біледі. Президент Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында қол жетіп отырған бұл табысымызды өзіміз жоғары бағалаймыз, өзгелер оған қызыға қарайды. Елбасы да өзінің сөздерінде оған жоғары баға беріп, елдің үлкен табысының қайнар көзінің бірі сол екенін үнемі еске салып отырады.
Бұл табысты уыстан шығаруға болмайтыны сөзсіз. Оған Қазақстанда тұратын негізгі халық қазақтармен бірге басқа халықтардың өкілдері де мүдделі. Өйткені, табыс кепілі тыныштық, өзара келісім екенін бәрі де біледі.
Ұлтаралық келісімге жету жолында Президент ашық пікірлер айтып, айқын жол ұстанып келеді. Жауырды жаба тоқып, көзге көрінген кеселді күлбілтелеп, көрмеген болсақ, ондай іс бітеу жараға айналып, үсті тобарсып тұрғанымен асты шіри берер еді. Ал ондай жара бір күні бәрібір жарылып, қоғам ағзасына айтарлықтай залал келтірері сөзсіз. Бетін аулақ қылсын, Кеңес одағының бітеу жарасы асқынып кетіп, ақырында сол қоғамның өзін де құртып тынды ғой. Кеселді көзге ілмей, "бізде халықтардың мызғымас достығы орнады" деп сарнап келген саясат бір-ақ сәтте өзінің жалған екенін көрсетіп берді.
Ал бізде бәрі де ашық, анығы айтылып, дұрыс жолмен шешіліп келеді. Тарихи Отаны Қазақстан болмаса да бізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәріне мемлекет жағдай жасап отыр. Бәрінің де дерлік ұлттық-мәдени орталықтары бар. Тіл үйренемін, өз ұлтымның салт-дәстүрін жандандырамын десең - ерік өзіңде. Мемлекет қолынан келген барлық жағдайды жасап береді: орын береді, мектеп ашады, ұсынған жобаларын да қаржыландырып отырады, т.т. Жиналыс өткіземіз, кездесу жасаймыз, ұлттық мерекелерімізді атап өтеміз десе де құба-құп.
Бірде, республикалық корей ұлттық-мәдени қоғамының төрағасы, атақты Серік Қонақбаевтың жаттықтырушысы, сенатор Юрий Цхаймен әңгімелескеніміз бар. Сол төмендегідей қызық әңгіме айтып еді.
- Осыдан біраз бұрын біздің белсенділеріміз Мәскеуге жиналып, Орталық Азия мен Ресейдегі корейлердің аймақтық конференциясын өткізбек болдық, - деп бастады ол. - Корейлердің көп жерінің бірі - Ташкент, мұндай жиындар Қазақстанда бұрын бірнеше рет болғандықтан осы жолы өзбекстандық ағайындардың қарсы алғанын қаладық. Сөйтсек, олар төмен қарап күмілжиді. Мәнісін сұрай келсек, алдымен жергілікті өкіметтің рұқсатын алу керек екен, ал бұл оңай шаруа емес көрінеді, талай шенеуніктің алдынан өтіп, табан тоздыру керек. Ал ол қолға тигеннің өзінде кездесуді өткізетін жер табу да оңай емес екен. Олай болса бізде-ақ өткізейік деп мен нақты ұсыныстар жасай бастадым. Өзгелер менің белсенділігіме таңырқап, жергілікті өкіметпен келісіп алмай, бірден шешім қабылдағаның қалай деп қайран қалды. Сонда мен өзімнің Қазақстандай еркін елде тұратыныма мақтанып қалып едім. Қандай рұқсат керек дедім мен оларға шекемнен қарап, бізде демократия, біздің ел ұлттардың өз мүдделерін шешудегі белсенділігін қолдайды, мен ешкімнен рұқсат сұрамақ түгіл, ешкімге айтпаймын да, жиынды өткізетін орынды жалдаймын да іске кірісе беремін, деп мақтанышпен айттым. Осының өзі бақыт қой, деді Цхай. Расында солай, бізде ешкімнің мүддесі аяққа басылмайды, ұлттық дүние десе есікті шалқасынан ашып, бәріне де рұқсат береміз.
Бірақ барлық ұлттың жағдайын ескеріп жүрген Қазақстан Үкіметі жергілікті халық, мемлекетті құраушы қазақ халқының өз мүддесін кейде ескермейтін сияқты. Мемлекет өзінікі болған соң бұлар неге болса да шыдай береді деп өзімізден шыққан кейбір шенеуніктеріміз қазақтың көнбістігін пайдаланып, белден басып жүре береді. Сөйтіп, басқа жұрттың бәрінің мүддесі ескеріліп, проблемасы шешіліп жатқанда өз мүддеміз ішінара аяққа басылып қалуда. Әрине, айыптарды көп созбай нақты мысалдар айтайық.
Петропавл мен Павлодар қалаларының қазақша атау алуы керектігін, екеуі де біздің колониалдық тәуелділікте болған, рухымыз бен санамызды езген сорлылық кезімізді еске салып, намысқа тиіп тұрған атаулар екенін, соны өзгерту ұлттық мүддеміз екенін айтып, дәлелдеп, қазақ халқының талай өкілдері, ұлттың сүт бетіне шығар қаймақтары дабыл көтергелі біраз жыл болды. Бұл заңды талап. Барлық ілім-ғылым да бұл талаптың дұрыстығын айтады. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым М.Құл-Мұхаммед өзінің бір ғылыми мақаласында: "...как только народы добиваются независимости, они первым делом стремятся поскорее избавиться от всех и всяческих атрибутов позорного колониального прошлого и восстановить свою, в той или иной степени и на тот или иной взгляд, утерянную национальную идентичность" деп жазған еді. ("Қазақ альманағы", №1, 2009 ж., "Основа национального бытия", 55-бет).
Осы екі атау да ел мен жерге байланыссыз бізге колонизаторлардың сырттан әкеліп таңған атауы еді ғой. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан азаматтарының оны өзгертуге ұмтылуы - табиғи тілек. Бірақ соны құлаққа іліп, шешуге ұмтылған немесе тырмысқан бірде-бір шенеунік болған емес. Ал кейбір орыс ағайындар бойларына сіңіп қалған әдетпен осы атаулардан айрылмаймыз деп шуласа болды, ойбай, өзгертпейміз, әміріңе құлдық, деп аяғына бас ұрып шыға келеміз. Әрине, белгілі бір мәселелерде орыс халқының мүддесін де ескеру керек. Бірақ олармен түсінік жұмыстарын жүргізуге болады ғой. Егер біз Қазақстанның Петропавл қаласының атын өзгертіп жатсақ, ол Ресейдің Санкт-Петербургіндегі Петропавл қорғанының немесе Қиыр Шығысындағы Петропавл атты қаласының атауын өзгертеміз деген сөз емес қой. Біз тек өз елімізде, өз жерімізге салынған, өз қаламыздың жер-суға байланысты халық қойған ежелгі атауын қайтарсақ дейміз. Егер бір жерде орыс халқының өкілдері көп отырса - сол қаланы, жерді орысша ғана атау керек деген заң жоқ қой. Бізде орысша атау алған қалалар мен елді мекендер толып жатыр. Солардың бәрін жаппай өзгертейік деп жатқан ешкім жоқ, ал бірақ елдің екі үлкен аймағының орталығы сапындағы екі қаламыздың қазақы атауын қайтаруға қақымыз бар шығар? Бұл қазақ халқының, елдің негізгі тұрғындарының ежелгі мүддесінен туындайтын заңды талап еді ғой. Барлық халықтың мүддесін ескеретін Қазақстан Үкіметі мемлекет құраушы халық - қазақтың мүддесімен де санасуы керек шығар.
Айта кететін жәйт, орыстардың басым бөлігі қазақтардың бұл ниетіне түсіністікпен қарайды. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері, соның ішінде екі халықтың ежелгі достығы мен сыйластығын бағалайтын, қазақты қадірлейтін азаматтары арасында ешқандай қарсылық жоғын көріп жүрміз. Қарсылық, империялық саясат миларын улап, кеуделерін өсіріп жіберген шағын топтардың арасында ғана бар. Сосын үнін шығарудың өзіне тайсалып, қазақты "қазақ" деп айтудан да жасқанып, бұғып өскен қазақтың өзінен шыққан кәрі, бұрынғы партократ-бюрократтардың арасында бар. Жауын жаумай су болып жүретін ондайлар ашық қарсылық білдірмесе де көлеңкесінен қорқып, соның не керегі бар, қайтесіңдер, қоя тұрыңдар деп бұрыш-бұрышта өзіміздің шалғайымыздан алады. Былтыр "Егеменге" Қызылжардың 1925 жылы қазақша аталғанын, Қазақ Республикасының Орталық Атқару комитетінің қаулысы да болғанын жазып, сол құжаттардың көшірмесін де көрсеткен едік ("Е.Қ." 05.08.08.). Соны оқыған бір ағамыз мені көріп, сол мақаланы бекер жазғанымды айтып, шенеп жатыр. Ішінен Қызылжар атауына қарсы болмаса да қанына әбден сіңіп қалған қорқақтық байғұсты қатты шошындырып жіберіпті...
Жалған құжат жасап, жаба салған...
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды, қаланың қазақы атауын қайтару жолында солтүстік өңірдің қазіргі басшыларының құп көрерлік епті қадамдары да бар. Мәселен, облыстың футбол командасының атауын "Қызылжар" деп қойып, мыңдаған жанкүйерлер арасында бұл атауды сүйкімді, құлаққа жағымды үн етіпті. Қазір қала стадионында футбол қарап отырсаңыз "Қызылжар, Қызылжар!" деген барлық ұлттан шыққан жанкүйерлердің өз командасын қосыла қостаған айғайын естіп, халықтың біртұтастығына риза болып қаласың. Бұл, әрине, өте құптарлық іс болған. Оның үстіне... Қаланың бір шетіндегі биік жардың үстінде баяғы "Әулие Петр", яғни "Петропавл" қорғанының орны бар еді, сол орында қорғанның фрагментін қайта қалпына келтіріп, қазіргі атауды сол жерге беріп, қаланың өзін Қызылжар атайық деген де ұсыныстар бар көрінеді. Ата қоныс, туған жерімізді басып алғанда салынған колониалдықтың белгісін қалпына келтірумен пара-пар болса да қаланың атауын қайтартудың бұл да логикалық, ұтымды амалы ма деп қалдық...
Қалаға Қызылжар атауын қою керектігін алдыңғы ағаларымыз Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ қолға алған болатын. Бұл жөнінде Ақмола губисполкомының (ол кезде Қызылжар осы губернияның орталығы) шешімі шыққанын, оны Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитеті бекітіп, Қаулы шығарғанын жоғарыда аталған мақаламызда егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Ресей мемлекеттік архивінде осыған байланысты тағы да қандай құжаттар бар екенін сұрауды Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының директоры Сәуле Мәліковадан өтінген едік. Ол ресейлік әріптестерімен хабарласып, төмендегідей қосымша құжаттар алды.
Алдымен ҚазОАК сол кездегі төрағасы Мыңбаев (есімінің бас әрпі көрсетілмесе де оның Жалау Мыңбаев екені белгілі) және хатшысы Аралбаев қол қойып, Мәскеудегі ВЦИК-ке мынадай хат жолдайды: "Президиум Казакского ЦИК, на основании ходатайства Акмолинского Губисполкома от 1 августа и своего постановления от 19 сентября с.г. настоящим возбуждает ходатайство о переименовании губернского центра Акмолинской губернии города Петропавловска в гор. Кзыл-Жар (Красный Яр)" дей келіп, одан әрі оның екі түрлі себебін айтады. Біріншісі, "әулие Петр мен Павелдің" аттары жұмысшы табының атеистік санасына кереғар екендігі және екіншісі, "Қызыл -Жар" атауының қазақ халқының ежелден қойған төл атауы екендігі.
Осы жерде бір "әттегенай" бар. Екі себепке қосып "қызыл" деген сөздің заман талабына сай екендігі, яғни "әлемге аты шыққан жеңімпаз пролетариаттың" туының түсіне дәл екендігін де айта кету керек еді. Сонда жер-дүниенің бәрін қып-қызыл қылып жатқан Кеңес көсемдері бұған көңілдері көбірек жібіп қалар ма еді, қайтер еді...
Бұл ресми хат ВЦИК-ке 1925 жылдың 30 қыркүйегі күні енеді. Ал 2 қазан күні ВЦИК оны әкімшілік комиссиясына "Президиум ВЦИК при сем препровождает для рассмотрения ходатайство ЦИК-а Автономной Казакской СС Республики от 22/ІХ-25 г. за №16320 о переименовании гор.Петропавловска в гор. "Кзыл-Жар" деген мәтінмен қарауға жібереді. Осы жерде мына қызыққа қараңыз, жолдама хатқа басқа емес... С.Асфандияров қол қойыпты. Иә, иә, өзіміздің Санжар Асфандияров. Ол сол тұста Мәскеуде ВЦИК хатшысының орынбасары екен.
Әкімшілік комиссия ұсынысты ұзақ уақыт бойы қарамай, жауап берілмейді. Осы екі ортада, 29 қазан күні ВЦИК-тің Ұлттар бөлімінің хатшысы Юмакаев деген кісі әкімшілік комиссиясына "...просим в срочном порядке сообщить в каком положении находится дело о переименовании г.Петропавловска - Кзыл-джар" деп телефонограмма соғады. Осының өзінен қазақ басшыларының бұл істі қатты қадағалап, қозғап отырғанын көруге болады.
Ресей мұрағатынан осы іске байланысты барлық құжаттар алынғанымен әкімшілік комиссияның ұсынысты қараған хаттамасы табылмады. Соған қарағанда бұл мәселе комиссияда қаралмаған. Ал жауапты әкімшілік комиссиясының төрағасы Делобродов, хатшысы Троицкий дегендердің фамилиясы ғана көрсетіліп, "копия верна" деп жазып, қолы ғана қойылған біреу жібере салған. Осының өзі жасырын жібере салған қағазға келетін секілді деп өткен мақаламызда күдік келтірген болатынбыз. Өйткені, онда ана екеуінің фамилиясы көрсетілгенімен қолдары жоқ. Мұндайда түпнұсқа құжаттың өзі жіберілуі керек еді ғой. Енді жауаптың өзін қайталап келтіре кетелік: "Административная комиссия уведомляет Вас, что Президиум ВЦИК предложил адмкомиссии ВЦИК не входить в будущем с представлениями в Президиум ВЦИК о переименованиях населенных пунктов, а потому дальнейшего движения вопросу о переименовании упомянутого города дано быть не может и следовательно постановление Адмкомиссии по этому вопросу является окончательным."
Бұл жауап 1925 жылғы 20 қазанда Мәскеудегі Қазақ Автономиялы Республикасының өкілдігіне жіберілген. Ұсыныс-хатты ВЦИК жолдаса да жауап өкілдікке жіберіліпті. Неге? Бұл жерде де бір жұмбақ бар.
Жауаптың қолдан жасалған, жалған, шығарыпсалма екендігін қолымызға тиген қосымша құжаттар тіпті айқындай түсті. Әкімшілік комиссияға ВЦИК болашақта елді-мекендердің атын өзгерту туралы ұсыныспен шықпаңдар (Аударған біз - Ж.С.) деп айтты дейді. Осының өзі өтірік қой. Өйткені, 2 қазан күні ғана ВЦИК-тің төралқасы атынан Қазақ АКСР қолдаухатын қараңыздар деген хатты өздері жіберген жоқ па еді? Елді-мекендердің атын өзгерту туралы ұсыныс жасамаңдар деп өздері ұсыныс жасаса мына хатты жібермес еді ғой. Екіншіден, өздеріне жауап келмеген соң ВЦИК-тің Ұлттар бөлімінің хатшысы Юмакаев мәселені шешу қандай деңгейде екенін жылдам хабарлаңыздар деп телефонограмма соғар ма еді? Бұл құжат та ВЦИК-тің елді-мекендер атын өзгерту туралы ұсыныс жасамаңдар дегенінің жалған екенін растайды.
Өткен мақаламызда біз: "осы жауаптың өзі жоғары өкіметтің жасағаны емес, әрі шовинист, әрі діншіл бір шенеуніктің өз тарапынан жасырын түрде жібере салғаны емес пе екен деген күдік туады" деп жазған едік. Сол күдік енді расқа айналды. Қайтсе де орысша атаудың қалғанын қалаған біреу жалған құжат жасап, оны және тиісті жерге жібермей Қазақстанның өкілдігіне жібере салған ғой. Сұраса өкілдікке жауап берілді деп айта салу үшін солай істеген болуы керек. Ол жауапты көтеріп, түп ізіне түсетіндей адам алыстағы қазақ елінен ол кезде келе қоюы да екіталай екені анық. Ал ВЦИК-тің өзіне жауап бермегені оның атын жамылып жасаған өтірігін оған қалай айтсын?
Міне, біздің тағдырымызды, ұлттық мүддемізді әлдекімдер тасадан тас лақтыру арқылы осылай шеше салып отырған. Сондықтан қазіргі, Тәуелсіз еліміздің Үкіметі Қазақ ОАК 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының негізінде Петропавлдың атауын Қызылжарға өзгертсе оның ешқандай заң бұзушылығы болмас еді деп ойлаймыз.
Әрине, заңгерлер оның дұрыстығына шүбә келтіруі мүмкін. Бұрынғы үкімет басқа, қазір біз басқамыз дейтін шығар. Бірақ біз Қазақ КСР-нің заңды ізбасары емеспіз бе? Ол құрыған жоқ, Тәуелсіз Қазақстан Республикасына айналды. Оның қабылдаған құжаттары күшін жойған жоқ. Қазақ КСР ОАК сол, 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының күшін жойды деген құжат қабылданса бір сәрі. Ал ондай құжатты біз көрген жоқпыз...
Жалпы, заң бойынша, ҚазОАК-тың қаулысының күшін жоятын тек ВЦИК қаулысы болуға тиісті еді ғой. Ал ол жерден ешқандай қаулы шықпаған...
«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ