Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Абай «Алла» деп еді. Бүгінгілер «Аллах» деп жүр...
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор:
- Өздеріңіз бастамашы болып, Еуразия ұлттық университеті жанынан «Алаш» институтының іргесін қаладыңыздар. Мұны құрудағы мақсат не еді және оның бүгінгі жұмыстары қалай жүріп жатыр?
- 2007 жылы Алашорда өкіметінің, жалпы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мемлекет құру тәжірибесіне 90 жыл толды. Осы айтулы сәт жақындап келе жатқанда, Қазақстанда кейбір азаматтар тарапынан игілікті жұмыстар істеле бастады. Әсіресе, Алматыда біраз шаруалар жасалды. Мәселен, «Алаш қозғалысы» секілді құжатты кітаптар дайындалды. Осы үрдіске біз де қосылып, 2006 жылы күзде университеттегі ғылыми кеңестің шешімімен «Алаш: мәдениет және рухани даму» атты институт құрдық.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор:
- Өздеріңіз бастамашы болып, Еуразия ұлттық университеті жанынан «Алаш» институтының іргесін қаладыңыздар. Мұны құрудағы мақсат не еді және оның бүгінгі жұмыстары қалай жүріп жатыр?
- 2007 жылы Алашорда өкіметінің, жалпы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мемлекет құру тәжірибесіне 90 жыл толды. Осы айтулы сәт жақындап келе жатқанда, Қазақстанда кейбір азаматтар тарапынан игілікті жұмыстар істеле бастады. Әсіресе, Алматыда біраз шаруалар жасалды. Мәселен, «Алаш қозғалысы» секілді құжатты кітаптар дайындалды. Осы үрдіске біз де қосылып, 2006 жылы күзде университеттегі ғылыми кеңестің шешімімен «Алаш: мәдениет және рухани даму» атты институт құрдық.
Астанадағы «Алашты» ашудағы тағы бір себеп - Ұлттық Ғылым академиясы қоғамдық қана мәртебеге түскеннен кейін «ғылым университеттерге баруы керек, ғылыми зерттеу орталықтары ашылуы қажет» деген ниетке үн қосу еді. Институттың негізгі мақсатын қысқаша үш бағытпен түсіндіруге болады. Бірінші - Алаш зиялылары еңбектерінің мәтінін жинау. Оның көп бөлігі Ресейдің мұрағат, кітапханаларында екенін айта кетейін. Екінші бағыт - сол мәтіндерді саралау, бүгіннің пайдасына жарату. Үшінші - тіл, мәдениет, өнер саласында Алаш құндылықтарын ғылыми және практикалық бағытта ретімен, орнымен насихаттау.
- Бұл шаруалардың қаржылық қолдау жағы қалай болды?
- Негізі, университет жанындағы институттар өзі тек ұтып алатын гранттар бойынша ғана жұмыс істейді. Қазақстанда іргелі ғылымдарға грант жарияланатыны мәлім. Сондай-ақ уақыты шектеулі, өтпелі гранттар болады. Бір бағыт үшін ұзақ жылдарға арналған грант жоқ. Алаш деген - біздің мәңгілік тақырыбымыз. Қазақ қазақ болғалы рухы мен мәдениетіне өлшем, тұтқа болған осы ұғым болған соң, бұл бағытқа ұзаққа арналған қаржылар бөлінетін шығар деп ойлаған едік. Бірақ айтарлықтай қолдау көрсеткен ешкім бола қоймады. Мысалы, 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық идея» деген ғылыми грант жариялады.
Қызық ретінде айта кетейін, сол грантқа Астанадағы біздің де, Алматыдағы қазақтың тарихын, шежіресін зерттейтін «Алаш» орталығының да жобалары өтпеген. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Өзі жарияланып отырғаны ұлттық идея болса, Алаш ұғымы соның темірқазығы емес пе? Мұның себебі мынада деуге болады, біздің қазіргі билік басында жүрген тарихты білмейтін біраз сабаздар «Алаш» деген сөзден әлі күнге қорқады. Алаш атауына үрке қарап, оны қоғамның тұрақтылығына зиян келтіретін «бүлікші идея» ретінде қарайды. Қызық болғанда, осы институтты құру кезінде университетте біраз адам Алаш ұғымын 1990 жылдардың басында Рәтбек қажының қолын сындыратын «Алаш» деген ұйыммен шатастырады екен. «Соны насихаттап жүрсіңдер ме?» дегенде, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Сонда олар үшін арғы Алаш тарихы беймәлім болғаны ғой. Қазір біз институт ісіне қолдау табудың басқа жолын қарастырудамыз. Мәселен, «Аджип» компаниясының мемлекеттік тілді дамытуға арналған грантын ұтып алдық. Оның негізгі мазмұнын Алашқа қатысты дүниелермен толтырдық. Қазір немістерге, ағылшындарға, француздарға арналған «Қазақ тілі мен мәдениетінің оқулығы» деген кітап дайындап жатырмыз. Оқулықтың ішінде Алаш зиялыларының ой-пікірлері, өмірбаяндары болмақшы. Ұлт тарихына, соның ішінде Алашқа, жәдитшілдікке, Еуразиялық жаңаша танымға байланысты сөздіктер түзіп жатырмыз.
- «Алаш ұғымына үрке қарайды» деп айттыңыз. Бұл қоғамның табиғи қажетсінбеуі ме, әлде сананы сілкіндіретін насихаттың кемшілігі ме?
- Біз қазақтың тарихын, жалпы, қазіргі мүддесін таразыға салар болсақ, қоғамда өткеніне лайықты көзқарасы бар көзі ашық азаматтар жоқ та емес. Егер қазақтың оқыған 10 азаматына сауал тастасаңыз, соның кемі сегізі тарихи Алашты «ең сапалы кезеңіміз» дер еді. Және «Алаш біздің бүгінгі рухани жаңғыруымызға зор әсер етпек» дейтіні де рас. Қазір біз «өй, билік басындағылардың 80-90 пайызы қазақ ұлтының өкілдері» деп жүрміз. Ал «сол азаматтардан қайсысы тарихты біледі?» деген сұрақ қойсаңыз, бұл жаңағы 8:2 қатынасындай болып шықпайды. Онда білетіндердің пайыздық өлшемі, өкінішке қарай, өте аз. Бұдан шығатын қорытынды не?
Рас, білім, мәдениет, жалпы, рухани салада жұмыс істейтіндердің дені Алашты қадірлейді. Ал билік басындағылардың көбінде бұл жағы кемшін. Алаш біз үшін өзімізді танудың және ұлттық сапаның призмасы сияқты болу керек. Қай адам Алашты біледі, Алашты таниды, бағалайды, сол азаматтың дәрежесі ұлттың тілін, ұлттың мәдениетін білетін, жан дүниесін түсінетін деңгейге жетеді. Қазір көп адамның сүйегі қатып қалған. Кітапты былай қойғанда, тіпті газетті әрең оқиды.
Бұрын кеңес кезеңінде «пәленбай деген министр болмаса басқарма бастығы өзі газетке мақала жазып, өзі мәселе көтеріп, әдеби өмірге араласады» деуші едік. Мәселен, Ілияс Омаров, Шерияздан Елеукенов сынды баяндамасын өзі жазатын басшылар болды. Қазір ондай тек бірлі-жарым азамат бар. Бірақ көбі әдеби өмірде не болып жатыр, газетте ұлттың мұңын қозғайтын, жоғын жоқтайтын қандай дүниелер шығып жатыр - ол жағына басын қатырмайды. Бүгінгі тілмен айтсақ, «файлы таза». Енді осындай сүйегі қатып қалған адамдар үшін насихатты көп жүргізуіміз қажет. Қазақ «беті бері қарайтын адам» деп айтып жатады. Солай үмітті болайық. Ал жастар жағына, әсіресе, білім жүйесіне алаштану ертеден жүйелі беріле бастауы керек. Балабақша, орта мектеп, колледж, университетте осы бағытта қарқынды жұмыс жасалса, 10 жылдың ішінде ұлттық тұрғыдан оңалу нәтиже беретіні шүбәсіз.
- Қазір мектептердегі Алаш тақырыбын оқыту жайы қалай?
- Мектептегі білім жүйесіне Алаш түсінігі соңғы бес-алты жыл ішінде бара бастады. Алдында тек қана Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжандар ғана айтылатын. Қазір Алаш қозғалысы қазақтың өміріндегі жаңғыру, қоғамдық реформаға ұмтылыс екені, парасатты әрекетпен қазақ даласына қозғау салғаны тарих оқулығының белгілі бір тарауларына енді. Қазір Алашты таныту кезеңінде Қазақстанда біз секілді жүз орталық болса да көп демес едім. Осы бағыттағы танымдық ұйым балалардың арасында да болсын. Мәселен, жақында ғана біздің университетте «Алаш жастары» деген қоғамдық ұйым құрылып, жұмысқа кірісті. Оның ұйытқысы - шетелден келген қазақ жастары. Алматыда Сандуғаш Жұмағұлова деген студент басқаратын «Алаш қыздары» атты ұйымның жұмысына ризашылықпен қараймыз.
Негізі, Әлихан, Смағұлдар саяси қайраткерлер еді. Бірақ өз қолымен толтырған өмірбаян деректерінде «мамандығыңыз не?» деген жерге барлығы «журналист» деп көрсетеді. Сонда журналистиканың, публицистиканың тууының өзі - «публикаға яки халыққа шығу» деген сөз. Олар сөзін ауызша да, жазбаша да жұртқа жеткізе алу үшін журналист болды. Алаштың серкесі Әлихан Бөкейхан «Мен ішкі дүнием, табиғатым әдебиетші болғандықтан әдебиетші болғаным жоқ, уақыт мәжбүрлеп, халқымның қажетіне жарау үшін әдебиетші болып отырмын» деп жазғаны бар. Осы секілді дүниелерді оқығанда адам тебіренерліктей жауап табасың.
- Алаш идеясын ту етуге байланысты қатардағы шенеуніктердің жайы жоғарыда айтылды. Енді осы іске мемлекеттік тұрғыдан ауқымды түрде араласу сезілмейтін секілді. Алаш қайраткерлерінің интеллектуалдық болмысын үлгі етердей, соны бағытқа алардай үлкен қозғау неге жоқ?
- Бізде білім мен мәдениетке, ақпаратқа қатысты азаматтардың бәрінің көзі ашық. Былай қарасаңыз, жоғарғы жақ түсініп тұр. Төмен жақтағы азаматтар оны қалап тұр. Олай болса, неге іс жүрмейді, неге халық ынталанып кірісіп кетпейді? Біз секілді ғылым төңірегінде жүрген азаматтар осының бір тетігін табуымыз керек сияқты. Мәселен, кеңес кезінде Махамбет пен Сұлтанмахмұт сол формада жүрді. С.Торайғырұлы - бүкіл Алаш зиялыларының, Махамбет барша жыраулардың орнында тұрды. Ол кезде Махамбеттің шығармасын ешкім тоқтатып қойған жоқ.
Оның жырларының бәрі - «Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Ерлердің ісі біте ме?!» деген сынды рухты қозғайтын туындылар. Ал Сұлтанмахмұт - Алаш зиялыларының ішінен шыққан тұлға. Тұлғалардың бәрі атылып, аты аталмайтын кезде оны «кедей табының өкілі» деп бері тартып алдық. Оның жыры да Алаш идеясына құрылған. Тіпті оны Міржақыптан бөле қарауға болмайды. «Сарыарқаға жаңбыр керек» дейді, бізге, ұлтымызға бір қозғау қажет деп, Ахметтің идеяларын айтып отыр. Ал енді осы айтылған идеяны біз өзімізге сіңіре алдық па?
Толық сіңіре алмадық. Ол кез үшін қазақ хандығы мен Алашты айтуға форма керек болды. Ақылдыларымыз оны тапты да. Ал жалпы халық оны сіңіре алмады. 1986 жылғы оқиға, оның алдындағы кей толқулар жекелеген адамдардың әсерімен болмаса, бір стихиялы түрде жүзеге асты. Ұлтты түлетердей жүздеген жылдарға арналған концепция жасалған жоқ. Қазіргі біздің бағытымыз осыдан сабақ алуы керек. Мысалы, біз Алаш, Әлихан, Ахмет, Міржақып деп айтамыз.
Бірақ неге олардың айтқанын ұстанбаймыз? Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбиде 28 әріп бар. Онда «щ», «ё», «ъ» т.б. орыс әріптерінің иісі де жоқ. Енді қараңыз, біз Алаш зиялыларын 1988 жылы ақтап алдық, мәртебесін анықтадық. Ал неге олардың айтқанын, тіл табиғатын түсініп барып айқындаған ғылыми ережелерін үлгі етпейміз? Әлем әлдеқашан өз тағдыры мен табиғатын ойлап оянды, ал бізде әлі сол кеңестік-тоталитарлық жүйедегі 42 әріп.
Қазақ тілін әлі күнге белін сындырып, сүйегін майыстырып, жасандылықпен пайдаланып жүрміз. Ең болмағанда ғылыми орта осы жұмыстардың жүйелі тұжырымдамасын дайындауы керек қой. Мәселен, «бірінші кезең - жат әріптерден құтылу кезеңі» дегендей. Мұның бізге жат, бөтен екенін ғылым тұрғысынан түсіндіруіміз қажет. Ғылымның өзі тілдің табиғилығына қызмет етуі тиіс. Егер Алаш тұсындағы тұжырымдамаға қайтып бармай, жасандылықты алып жүре берсек, онда ешқандай реформа жүрмейді. Бәрі жалған болып қалады.
- Осы бағыттағы Алаш зиялыларының бастамашылдығы қалай болды?
- Қазір әлемде ай сайын, жыл сайын мыңдап-миллиондап терминдер шығып жатыр. Бәрін аударып біту мүмкін емес. Мұның әдемі жолын Алаш арыстары көрсетіп берген. Яғни терминдерді, аталымдарды қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына келтіру керек. Оларға қазақ тілінің жұрнақтарын жалғау керек. Мысалға «көрермен» деген секілді. Немесе «квартирадан» - «пәтер» шығарғандай жолмен жүруіміз керек. Бізде «ф», «х» деген секілді әріптер болмаған. А.Байтұрсыновтың жазбаларында «хат» дегенді «қат» түрінде жазған. Тіпті Ақаңның аты Ахмет емес - Ақымет.
Демек, тілімізге бейімдеген. Қаһарман дегендегі «һ» деген әріп бар деп жүрміз. Ол да арабтың әрпі. Соңғы уақытта көп жазылып жүрген «һәм» сөзі бізше «әм» болып қолданылуы керек. Сөз жоқ, арабтың, парсының тілін мойындаймыз, ол -мәдениетіміздің бір қабаты. Бірақ олардан келген атауларды қазақтың табиғи дыбыс үндестігіне, тіл заңдылығына салып жіберуіміз керек қой. Мәселен, арабтар «китабун» дейді. Біз олай айтпаймыз, «кітап» дейміз. Негізі, «кітәп» болғаны дұрыс. Араб тілін жетік білген Абай «Алла» дейді, біздің бүгінгі мықтылар тіл табиғилығын менсінбей, «Аллаһ» дегенді шығарды.
Мінеки, кейінгі кездері біз орыстан, Еуропадан кірген таныммен қарап, сол бойынша әріп, сөз жасап, халықты шатастырып отырмыз. Қазір өз еркіміз өзімізде, мүмкіндік бар. Неге біз табиғи тілімізге қайтып оралмаймыз? Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралын» негізге алып, барлық ғылым саласындағы термин, атауларды жүйелесек, қате бола ма? Әйтпесе кеңес кезінде шатасып жасалған зерттеулермен, ұстанымдармен жүре берсек, әлі-ақ ана тілін «гибрид тіл» қыламыз.
- Тілдің табиғи үрдісін бір жүйеге түсірудің жолы - Алаш зиялылары салған жол болғаны ғой ...
- Иә, мәселен, маған Алаш тақырыбы не берді десеңіз, бір сөзге, сөз тіркесіне, ұғымға күмәндансам, сол зиялылардың еңбектеріне жүгінемін. Мысалы, «бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы не деді екен, осы өзі қазақтың сөзі ме, жоқ өзге біреудікі ме?» деп сол жаққа қараймын. Қысқасы, бұл мәселеде біз үшін эталон - Алаш зиялыларының еңбектері және Абайдың сөздері болуы қажет. Ал Абайды Алаш арыстары үлкен өнеге тұтқан.
- Былайғы жұрт, жастар, оқушылар Алаш дегенде ары кетсе бес-алты тұлғаны ғана таниды. Алаш идеясының төңірегіне ұйысқан барлық қайраткерлерді топтастырған, олардың кім болғанынан хабар беретін бір ғана сүбелі еңбек жасау ісін жүзеге асыруға бола ма?
- Бұл өте керекті дүние және жасауға болады. Осы жайт ойымызда біраздан бері жүрген еді. Жоспарымызда да бар. Бүгінде бастамашыл азаматтар тарапынан «Алаш қозғалысы», «Алаш анықтамалығы», «Алаш энциклопедиясы» дегендей дүниелер жасалып жатыр. Бірақ балаларға арналған бір оқулық тәрізді еңбек қажет. Мәселен, «Алаш ұғымы не береді?» деген тәрізді дүние болса. «Алаш - сенің ұлтыңның аты, Алаш - сенің кеңдігің, Алаш - сенің мемлекеттілігіңнің негізі, Алаш - тарихың мен тілің» дегенді балаларға түсінікті, қарапайым тілмен айтып, ақпар беретін кітап болса, ұрпақ санасы нұрлана түсер еді.
- Осыған ұқсас, Алашты насихаттауда кино саласын іске қосу да артық болмас. Мысалы, ұлтқа Алашты кеңінен ұғындыратын тарихи да көркем ұласпалы фильмдер жасалса, бұл отаншылдықты дамытуға ықпал етпей ме?
- Бұл өте жақсы идея деп есептеймін. Және уақыты келді. Өткенде ғана осы «Алаш айнасы» газетінде Мәмбет Қойгелдінің сұхбатын оқыдым. Сонда ол кісі «Мұстафа Шоқай фильмі туралы бізден кеңес сұраған адам болған жоқ» деді. «Көшпенділер» фильмі де солай болды. Рас, бұл киноға біздің белгілі азаматтар қатысқан. Бірақ екі киноны көрген кезде де «әттеген-ай» деп отырасың.
Мәселен, «Мұстафа Шоқай» фильмінде негізгі кейіпкер тек бір эпизодта ғана Алаш қайраткерлерімен кезігеді. Әлиханды, Ахметті көрсетеді. Бірақ олардың бейнесі ашылмай, еш байланыссыз қалған. Мұстафа Шоқай -Түркістан автономиясын құрған адам. Сонымен бірге ол Алашорданың да мүшесі болған... Дәл қазір біз үшін белгілі тұлғалардың әйел-баласына деген сүйіспеншілігін емес, ұлтқа деген сүйіспеншілігін білу маңызды.
Қазіргі фильмдердің философиясы үнді фильмдеріндей түсінікті. Айырмашылығы - біздікінің шетелден атақ алу үшін түсірілгендігінде. Міндетті түрде оның ішінде бір жебірейдің шалы немесе баласы жүруі керек. Дәл қазіргідей мемлекеттің іргесін мықтап жатқан кезде біздің фильмдер 15-16 миллион болатын өз халқымыздың мүддесіне қызмет етсе жетеді. Елдік мүддеміз түзелсе, әлем базарына шығатын кез алда. Екінші жағынан, Алаш зиялыларының балалық шағы бар. Мәселен, Әлихан кішкене кезінен өзіндік ерекше қасиеті бар бала болған.
Ахметтер де сондай. Олардың нағыз сапалы тұлға дәрежесіне көтерілген адам екенін тарих та, халық та мойындап отыр. Енді солардың сапалық негізінде халықты да, ұрпақты да тәрбиелеуге болады ғой. Сондықтан бұл бағыттағы кино түсіру жұмысы өте өзекті мәселе. Егер бізден кеңес сұрап жатса, қолдан келгенді жасауға даярмыз дер едім.
Жүсіпбек Аймауытұлының бес томдығын, Қошке Кемеңгерұлының үш томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының екі томдығын, Хайретдин Болғанбайдың бір томдығын құрастыруға қатыстық. ҰҚК мұрағатынан «Алқа» бағдарламасын, Әлихандардың хаттарын таптық. Негізі, мәтінді оқыған кезде, сараптаған кезде адамға көп ой келеді. Мәтін деген ол - мәдениеттің алақаны, алақандағы айнасы. Оған қарап отырып, сол дәуірге бойлайсыз.
- Биліктегі шенеуніктердің бәрін болмаса да, 50-60 пайызын Алаш идеясын ту етіп, ұлтым, елім деп қызмет ететін, соны дәстүр ретінде ұстанатын жағдайға қалай жеткізуге болады деп ойлайсыз?
- Ол үшін үлкен мемлекеттік құжаттарда, мысалға Ата Заңның өзінде, ауқымды тұжырымдамаларда «Алаш жолы» деген ұстаным, бағыт енгізілуі керек. Бізде «Алаш жолы», «Алаш қозғалысы», «Алаш бағыты» сынды құндылықтарға ғалымдар, саясаттанушылар, философтар бәрі біріге отырып, баға беруі қажет. Мәселен, оған «ұлтымыздың сапалы жаңғыру кезеңі» деген баға берілсе, соның өзі Алаштың парқын жете түсіну болар еді. Қай ел болсын өзі жүріп өткен тарихтағы бір жолды, белгілі тұлғаларды өзіне темірқазық ретінде үлгі етеді. Абылай хан, Кенесары сынды тұлғаларын ту етеді. Айналып келгенде, олардың тағылымы қайтадан алдан шығып отырады.
Ал Алаш жолына көз салыңызшы: зайырлы ма - зайырлы! Білім жолы да бар. Патриот десең - патриот. Ұлтын жанындай сүйген. «Байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып...» деп жаздық қой Конституцияға. Байырғы қазақ жерінің ең сапалы биігі «Алаш кезеңі» болса, ол неге Ата Заңда жазылып тұрмауы керек? Себебі ұлт тарихындағы, ел дамуындағы ең бір құнды идея, елдіктің үлкен бір арқауы болған сөзді қолдану заңның тіліне қайшы келмейді. Сосын бір айқын нәрсе, осыны кез келген зиялы азаматпен сөйлессеңіз, бәрі түсініп, «дұрыс екен» дейді.
Бірақ нақты іске келген кезде ақырын тайқып шығып кетеді. Кейде бүгінде әжептеуір атақ-дәрежеге жеткендер әңгіме-сұхбат барысында алдымен коммунистік идеядағыларды айтып, сосын үлкендеріне көшіп жатады. Сонда біздің темірқазығымыз қайсы? Жауабын айтсақ, әлі тарихты өз дәрежесінде, ұлттық-мемлекеттік мүдде тұрғысынан дұрыс байыптай алмай жатырмыз. Бұрынғы жалаң ұранның жетегінде кетіп қалатын тұстарымыз аз емес.
Бөлек ой
«Мәдени мұра» бағдарламасын мұзжарғыш кеме ретінде қарауға болады. Соның арқасында Алашқа байланысты біраз дүние жиналды. Мысалы, 10 томдық Алаш қозғалысы туралы еңбек жарияланып жатыр. Оларға қатысты бар материалдың шыға бергені дұрыс. Енді бірыңғай Алашты жинақтап, зерттеп, кеңінен жариялауға арналған «Алаш мұрасы» атты мемлекеттік жоба қабылданса, әлемге «Қазақ елі» деп тұғырын айқындап жатқан ел ұтар еді. Қазіргі күні Қазақстанда өзін дәлелдеген, сол тақырыпта ғылыми диссертация қорғаған кемі 30-40 алаштанушы, ал тұтастай алғанда, Алаш туралы зерделі ой айта алатын 300-400 қаламгер бар. Бұл аз күш емес. Осыларды біріктіріп, істің тағанын қалап алсақ, әрі қарайғы бағыт өздігінен-ақ анықталар еді.
Әңгімелескен Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ
"Алаш айнасы" газеті
Ескерту: «Алаш айнасы» газетіндегі сұхбаттың тақырыбы - «Араб тілін жетік білген Абай «Алла» дейді, бірақ біздің бүгінгі «мықтылар» тіл табиғилығын менсінбей «Аллаһ» дегенді шығарды»