Дәурен Қуат. Отаршылдықтың ойранын соттау керек
Голодомор... Аранын ашқан аштық зұлматын қолдан жасағандарға Украин халқы қарғыс айтумен келеді. Қарғыс айтып қойып қарап отыруды дәрменсіздік санайтын азат ойлы халық Сталин мен Сталиннің қандықол қарақшыларын соттау керек деп біледі. Таяуда Киевтің аппеляциялық соты Иосиф Сталинді, Сталиннің тұсында Совнаркомның төрағасы болған Вячеслав Молотовты, коммунистер партиясы ОК басшысы Лазар Каганович пен Павел Постышевты украина халқын езгіге салып, жосықсыз қырып-жойған деген шешім шығарды. Соттың шешімі Украина қауіпсіздік қызметінің тарапынан да қолдау тапқанға ұқсайды. Тілі бір, діні бір украин халқының қазіргі бет алысын еш құптамайтын Кремль басшылары болса әдеттегідей бұл жайтты антиорысшылдық саясат ретінде қабылдап алабүліктеніп қалды. Президент Ющенконың атын естісе, есесі кетіп бара жатқандай кіжінетін Мәскеу қазір қайткенде Украинадағы сайлаудан ши шығып кетуін тілейді. Алайда, сайлау бәрібір Ющенконың ойындағыдай тиянақ табатынға ұқсайды. Өйткені, украиндердің тәуелсіз елге тән ерік жігері артып, тарихи таңдау жолын анықтап алған. Қалың бұқараның сол тілегін анық таныған Виктор Ющенко да Кеңес Одағының мұрат мақсаттарына мұрагер болып, өзгермей, өспей қалған Ресейден іргесін аулақ сала түсуде.

Кеңес Одағы дейтұғын пәле кешегі 15 республиканың басындағы ортақ кеп еді. 15 республикамен қоса әлемнің жарты жалын айырып білегіне ораған қара құбыжықтың өзі еді. Бұл күндері сол құбыжықтан құтылғанына мәз жұрттың бәрі тырбанып өз күнін өзі көруге ұмтылып бағуда. Бұнда Ресей десе іші елжіреп, бауыр еті езіліп шыға келетін ел біз - Қазақстан болдық.Ельциннің тұсында Ресей еркіндікті ептеп сезініп, Батыс әлеміне қарап бой түзей бастады. Ресей саясаткерлерінің Кеңес Одағындағы генсектер ісінен бас тартып, іш жиған сәті де сол кез. Ал тура сол кез жайындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» атты мемуарын оқысаңыз еріксіз бас шайқайсыз. Біздің халықаралық саясаттағы кәнігі білгіріміз, кәсіби диполматымыз деп жүрген Қаскең Кеңестік дәуірдегі позицясын бірінен кейін бірін беріп қойған Ресейге, Ресей саясаткерлеріне жатта кеп ренжиді. Ренжігеніңіз не, айыптайды. Айыптаумен шектелмей «бұ қалай болды өзі?» деп күңіренетін жолдарды да «ұлықсыған орыстарға» байлаулы басымен жасырмай баян етіпті.
Осыны неге мысал еттік біз? Түсінесіз ғой, әрине. Қазақ халқы бастан кешкен қасіретті қабылдамайтын, ұқпайтын, қабылдағысы да ұққысы да келмейтін ұрпақ, Биағамыздың (Бейімбет Майлиннің)қарақошқыл кейіпкерлерінен тараған ұрпақ, ел билеп, ел сұрап тұрған заманда Қазақстанда «Сталинді соттау» деген іс болмайды. Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың өзі біртіндеп жадыдан көшіп, жаңғырық боп өшуі мүмкін. Өйткені, бүгінгі қазақстандық билік Ресеймен ынтымақтасудың жолы - өткеннің бәрін ұмыту деп қана біледі. Ал, өткенін ұмытқан, санасы борпылдақ елді ешкім сыйламайды да, менсінбейді. Бұрынғы жырау бабаларымыз «Атадан ұл тусайшы, ата кегін қусайшы» деп кеткен екен. Біз кексіз, кепиетсіз елге айналдық қазір.
Бірақ үмітсіздікке беріліп, таусылуға және хақымыз жоқ. Қалайда 1920-40 жылдар аралығында бүгінгі халқымыздың орасан зор бөлігін жер бетінен жойған жауыздарды соттауға тиіспіз. Демограф-мамандардың болжамдарына жүгінсек, қазақ Сталиндік жүйеге ұрынбағанда қазір 30 миллионнан еркін асқан ормандай халық болады екен.
Украинада аштықтан 3 миллион 941 мың адам опат кетіпті. Дүниеге келуі ықтимал ұрпақпен еспетеп олар аштық құрбандарының жалпы саны 10 миллион 63 мың дейді.
Виктор Ющенко Сталин мен оның қандықол қарақшыларын халықаралық трибунал құрып «жазалауды» ұсынады. Осы ұсынысын ол Шығыс Еуропа мен Балтық бойы елдерінің басшыларына жасағанын хабарлайды «Азаттық» радиосы.Ющенконың ұсынысы Астанға келіп жетті ме, жетпеді ме, хабарсызбыз. Келіп жеткеннің өзінде біздің Ақорданың әлгіндей ұсынысқа «түңілігін түре қоймасы» анық. Алайда, қоғамдық ұйымдар мен саяси қозғалыстар Президент Ющенконың бастамасын неге қолдап шықпасқа? Ғалымдар, зерттеушілер Қазақстандағы аштық пен қуғын-сүргін құрбандарының нақты санын неге жария етпеске?
Қазақ қазақтың шаруасын жапанда жалғыз жүріп бір жақты ете алмайды.
1989 жылы халықаралық заңгерлер комиссиясы украинадағы голодоморды «украина халқына қарсы жасалған аяусыз езгі» ретінде таныған соң іле шала Канада, Аргентина, Австралия, Грузия мемлекеттерінің өкіметі де мойындап, растады. Аталған елдердің бәріне Украина халқының белсенді ұлдары Сталиндік зұлматты әшкерелей жүріп, дәледей жүріп мойындатты. Біз де құр бекерге көзіміздің жасын көлдетіп отыра бермей әлемге қазақ халқы көрген қорлық пен сұмдықты жария етейік. Айту бізден болды. Осыны ойға алып, іске кіріселік дейтін азаматтар табылып жатса, тізе қосуға дайынбыз.
Себебі, отаршылдықтың ойранын соттап Сталин фобиясынан құтылмаса, қазақтың санасы сауығар емес.
«Абай-ақпарат»
P.S. Кейбір мәліметтер 1916 жылы халқымыздың саны 6 млн. болды дегенді айтады.
1939 жылы халық санағында 6 млн адам 3 099 000 адамға кеміді.
1944 жылы қазақтың саны 1 900 000-ға шейін азайды.
1911 жылғы патшалық санақтан кейін қазақтардың саны 1959 жылға дейін тұрақты түрде азайып, оталып отырған.
2009 жылғы санақтың қортындысы әлі жария етілген жоқ