«Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек»
Таяуда ғана халқына дәстүрлі Жолдауын жасап тастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет, өнер өкілдерімен кездесу жасады. Кеше Алматыдағы резиденциясында алқалы жиын өткізген Елбасы сөзін:
Таяуда ғана халқына дәстүрлі Жолдауын жасап тастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет, өнер өкілдерімен кездесу жасады. Кеше Алматыдағы резиденциясында алқалы жиын өткізген Елбасы сөзін:
- Бүгін қалыптасқан игі дәстүр бойынша өздеріңізбен кездесіп, әңгімелесудің реті келді, - деп бастады. - Қазақта «орамал тон болмайды, жол болады» деген сөз бар. Өзімнің жеке қорымнан әдебиет пен өнер адамдарына арнап осы Президенттік стипендияны тағайындағаныма биыл 15 жыл толыпты.
Осында отырғандардың көпшілігі бұл стипендияны сол алғашқы жылдан бері алып келеді.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы тұсындағы қиыншылықтар естеріңізде болар. Күйреген шаруашылық пен қаржы тапшылығы жас мемлекетіміз үшін үлкен сын болды.
Бірақ әдебиет пен өнер ұрпақ тәрбиелейтін, ұлтты жасайтын рухани күш екенін біз ешқашан ұмытқамыз жоқ.
Өнер мен әдебиет - халықтың жаны. Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашанда өз халқымен бірге. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық санамыз қалыптасты.
Сондықтан «заман қиын екен» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Сол себепті де мен әлгіндей шешім қабылдағанмын.
Оған қоса 2000 жылы Мемлекеттік стипендия тағайындадық.
Мемлекеттік стипендияның айырмашылығы - ол жыл сайын жаңа есімдермен жаңарып отырады. Бізде талантты, талапты жастар баршылық. Оларға ретімен жәрдемдесіп отыру міндет. Рас, өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген өлшем жоқ. Талантты, талантсыз деген ғана өлшем бар. Сондықтан айтар тілек пен қойылар талап баршаға бірдей деп ойлаймын (Президент Назарбаевтың бұл сөздері «Айқын» газетінің 4-ақпанда шыққан жарияланымынан алынып отыр)
Биылғы мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиялар жазушы Мархабат Байғұтқа, ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімовке, Светқали Нұржанға, Жарас Сәрсек пен Танакөз Ілиясоваға, суретші Қазақбай Әжібекұлына, дирижер Дәурен Ғылымовқа, сазгер Ержан Серікбайға, актер Дулыға Ақмолдаға т.б. берілді.
Салтанатты рәсімнен кейін Әзілхан Нұршайықов, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Қалмұқан Исабаевтар суырыла сөйлеп, жарыса тілек білдірді.
«Жақсы сөз - жарым ырыс» деген. Аузы уәлі ақсақалдардың үлкені Әзілхан Нұршайықов Елбасына «Сіз елді мәңгі бақи басқара беріңіз. Оденауэр 91 жасына дейін билікте болған. Сіз де сөйтіңіз» деп өтінді. Роза Бағыланова әдеттегідей «ақ патшамдап» бастағанда қазақ тілін әл ікүнге қақпайтын кейбір әріптестеріміз «мына кісі өлең оқып отыр ма?» деп күбірлесіп отырды. Осылайша ашылып сайрағандарға көңілі налығандықтан болар, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың сахибы Қалихан Ысқақ: «Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек», - деп қойып қалды.
Жиын жақсы көңілмен, жарасымды әзілмен тарады.
«Абай-ақпарат»
(Сурет «Айқын» газетінің сайтынан алынды)