Иман ҚАЗАҚБАЙ. «Жас Отанға» таңсық нәрсе баяғы тiл басқармаларының тозық тәсiлi
Қазақ тiлiне қамқорсу арзан ұпай жинаудың тәсiлiне айналып бара ма деген ой келедi. Тiлдiң жыртысын жыртушылар арасында қазiр кiм жоқ дейсiң?! Ерiнбегеннiң бәрi бар. Бiрдеңе өндiрiп жатса, Құдайдың құлысың ғой...
КҮРКIРЕП БАСТАЛЫП, СIРКIРЕП БIТТI
Былтырғы жылдың ортасында «Жас Отанның» «Қазақша сөйлесейiк!» атты акциясының тұсауын кескенiн жұртшылық ұмытпаған шығар. Ұмытуға тиiс емес. Жарнама жағын қатырған. БАҚ-та көлдей-көлдей мақалалар шықты. Бәрi жазған. Қуана жазған. Қуаттап, көпшiк қоя жазған. Үмiттенiп жазған. Содан не шықты? Алғашында «Жас Отанның» екпiнi тау жыққандай едi. Кәдiмгiдей, сауда орталықтарын аралап, қазақ тiлiне шекесiнен қарағандардың шаңын қағып едi-ау. «Халыққа қызмет көрсететiн орындардың мемлекеттiк тiлдi сауатты қолданудағы ең жақсы және нашар ондықтарын анықтаймыз! Тiзiмi БАҚ-та жарияланады!», - деп сұстанған.
Қазақ тiлiне қамқорсу арзан ұпай жинаудың тәсiлiне айналып бара ма деген ой келедi. Тiлдiң жыртысын жыртушылар арасында қазiр кiм жоқ дейсiң?! Ерiнбегеннiң бәрi бар. Бiрдеңе өндiрiп жатса, Құдайдың құлысың ғой...
КҮРКIРЕП БАСТАЛЫП, СIРКIРЕП БIТТI
Былтырғы жылдың ортасында «Жас Отанның» «Қазақша сөйлесейiк!» атты акциясының тұсауын кескенiн жұртшылық ұмытпаған шығар. Ұмытуға тиiс емес. Жарнама жағын қатырған. БАҚ-та көлдей-көлдей мақалалар шықты. Бәрi жазған. Қуана жазған. Қуаттап, көпшiк қоя жазған. Үмiттенiп жазған. Содан не шықты? Алғашында «Жас Отанның» екпiнi тау жыққандай едi. Кәдiмгiдей, сауда орталықтарын аралап, қазақ тiлiне шекесiнен қарағандардың шаңын қағып едi-ау. «Халыққа қызмет көрсететiн орындардың мемлекеттiк тiлдi сауатты қолданудағы ең жақсы және нашар ондықтарын анықтаймыз! Тiзiмi БАҚ-та жарияланады!», - деп сұстанған.
Акция басталған кезде ұйымның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Мирас Құттыбай мен Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Бақытқали Мұсабековтiң де баспасөз мәжiлiсiн өткiзгенi көз алдымызда. Бар болғаны екi-үш жорналшы қатысқан жиынның жетiм қыздың тойына көбiрек ұқсағаны да есiмiзде. Жасотандықтардың үйiп-төгiп берген уәдесiн де ұмытқан жоқпыз: «Осы акциядан кейiн жастардың қазақ тiлiне деген қызығушылығы артып, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясы кеңейедi, қоғамдық рөлi артады; Қателiктер әшкереленiп, түзеледi; Халыққа қызмет көрсету орындарындағы нормативтiк актiлердi қайта қарау жөнiнде облыс әкiмiне ұсыныстар жолданады».
Артынша олар БАҚ өкiлдерiн Қарағандыдағы «Абзал» сауда үйiне алып барған. «Көрдiңдер ме, масқара ғой, даңғарадай сауда үйiнен мемлекеттiк тiлдегi жазуды емге таппайсыз! Бұл деген тұтынушының құқығын таптау ғой! Бiз, жасотандықтар осыны ретке келтiремiз! Бiр айдан кейiн осы жерге жиналайық. Сол кезде «Абзал» сияқты сауда орталықтары түп-түгел қазақшаланып тұрады!», деген. Содан берi алты ай өттi. Ай сайын әдейiлеп уәделескен жерге барамын. «Абзал» тұр орнында. Бәз-баяғыша. Қазақшаға мұрнын шүйiрген күйi. «Ал қырып алшы!» дегендей. Жасотандықтар болса iзiм-қайым.
Күркiреп басталған iс едi, сiркiреп, сiркiреп барды да құмға сiңiп жоқ болды. «Е-е-е-е, ештеңе шығара алмаған соң бұлар жалығып, қойған болар» деп ойлағанбыз. Қызық болғанда...
«ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕЙIКТIҢ» ТҰСАУЫ ТАҒЫ КЕСIЛДI
Қызық болғанда, кешелi берi жасотандықтар «Қазақша сөйлесейiк!» қоғамдық республикалық акциясы бастау алды» деп тағы да сауын айтып жатыр. «Бастау алғаны қалай?» Ол неге қайта-қайта бастау ала бередi? Былтырғысының нәтижесi қайда? «Халыққа қызмет көрсететiн орындарды қазақшалаймыз, көнбегендерiнiң көкесiн көзiне көрсетемiз!» деген ұран қайда?
«Сабақты ине сәтiмен» болып, көптен берi ұйқы бермей жүрген осы сұрақтардың жауабын «Жас Отанның» атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешовтiң өз ауызынан естудiң ретi келгенi. Қарағандыда «Мемлекетiк тiл және жастар: жетiстiктерi мен проблемалары» тақырыбында кездесу өткiзiп жатыр екен Өтешов. Оның айтуынша, «Қазақша сөйлесейiк!» қоғамдық республикалық акциясы тағы бастау алыпты. Соның аясында «Ең үздiк дүкеншi», «Ең үздiк кондуктор», «Ең үздiк шаштараз», «Ең үздiк хатшы», «Ең үздiк таксист» номинациялары бойынша байқау жарияланып, қорытындысы Наурыз мерекесiнде шығатын көрiнедi. Былтырғы уәделер туралы сөз жоқ. Ол тақырыптан олай да, былай айналып өтiп кетуге тырысады белсендiлер.
«Нұрекесi-ау, акцияларыңыз былтыр басталған сияқты едi ғой? Дүкендердi қазақша сайратамыз деп едiңiздер, не болды өзi?» деп сұрауымызға тура келдi сосын.
- Мойындау керек, сол бастамамыз сәтсiз болды, - дейдi Нұрлан Өтешов. - Байқауды тоқтатуға тура келдi. Иә, бастапқыда батылдау кiрiскен едiк. Онымыз қате болған сияқты, менiң ойымша. Ендi бұл шараны мейiрiмдi түрде iске асыру керек деп шештiк. Қазақ тiлiн жақсы меңгерген өзге ұлт өкiлдерiнен топ құрып, оларды iрi фирмаларға, кеңселерге жiберiп, қазақ тiлiнiң өрiсiн кеңiтуге арналған насихаттық шаралар өткiземiз. Баспа өнiмдерiн шығарып, таратамыз. Осылайша жұртшылықтың намысын оятамыз.
Ал заңды қатайту немесе тiл инспекторын құру мәселелерiне «Жас Отан» белсендiсi оң қабақ таныта қоймады.
- Қазақ тiлiнiң мүддесiн қорғайтын мемлекеттiк органға билiк берсе, ол ертең қазақ тiлiнiң имиджiне зиянды болуы мүмкiн. Ондай құзiреттiлiк берсе, олар қатаң шара қолдана бастайды да, үшiншi немесе, оныншы санэпидемстанция болып кетедi. Ал бiз ол шараны қазақ тiлiн модаға айналдыру арқылы жүзеге асырамыз.
ҚАЗАҚ ТIЛIН МОДАҒА АЙНАЛДЫРУ «ЖАС ОТАННЫҢ» ҚОЛЫНАН КЕЛЕ МЕ?
Үмiттен күдiк басым. Неге дейсiз ғой. Бас жақтан немесе төменнен бастаған емес, жасотандықтар мәселенiң байыбына бармастан дәл ортадан қойып кетiп отыр. Тiптi, «Қазақша сөйлесейiк» деп ұрандап жүргендердiң өздерi бүгiнде қазақ тiлiнiң басында қандай проблемалар бар екенiн, оның адымының ашылмайтынына не себеп екенiн бiледi дегенге сену қиын. Ғажап болғанда мемлекеттiк тiлдiң жыртысын жыртамын деп жүрген «Жас Отан» серкесi Нұрлан Өтешов Қазақстанда әлi күнге Мемлекеттiк тiл туралы заң жоқ екенiнен мүлдем хабарсыз болып шықты.
- Нұрлан мырза, көршiлерiмiздiң бәрi мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдап алды. Бiзге де соның мезгiлi жеткен жоқ па? - дегенде талып қала жаздады хатшы мырза.
- Рас айтасыз ба?, - дейдi көзi шарасынан шыққан Н.Өтешов. - Баяғыда қабылдау керек едi ғой. Шынымен мемлекеттiк тiл туралы заң қабылданбаған ба?
КҮЛЕМIЗ БЕ, ЖЫЛАЙМЫЗ БА?
Бiз бұл iстен жүйе көрiп тұрған жоқпыз. Қазақ тiлiн шала-шарпы меңгерген бес-алты өзге ұлт өкiлiнiң басын қосып Абайдың қарасөздерiн оқытып, ән айтқызу секiлдiлер талай жылдан берi Тiл басқармаларына азық болып келген, әбден таптаурын болған шаруалар ғой. «Жас Отан» соған ортақтасқан да қойған. Бұл тәсiлдiң өзiн-өзi ақтамайтыны жасотандықтардың жетесiне әлi жетпеген сыңайлы.
Жасотандықтар одан да осы уақытқа дейiн әлгiндей ешкiмге, қазаққа да орысқа да қажетi шамалы арзан байқауларды өткiзуге, курстар ашып, қазақ тiлiн оқытуды ұйымдастыруға мемлекеттiң қанша қаржысы кеткенiн, курстарда оқып шыққандардың қанша пайызы бiр-екi ауыз қазақша үйрене алғанын, құжат жүзiнде әлдеқашан қазақшаға көшiп алған мекемелерде iс қағаздарының қанша пайызы мемлекеттiк тiлде жүретiнiн, барлық құжатты қос тiлде толтыруға қанша тонна қағаз кеткенiн, атаулары 100 пайыз қазақша балабақшалардың қанша пайызының қазақша тәрбие берiп жатқанын неге есептеп көрмейдi екен деген ой келедi. Шаруаны қай жерден бастау керек екенiн, бәлкiм, сонда түсiнер...
P.S. Жаңағы жиыннан шыққаннан кейiн, баламды ала кетейiн деп балабақшаға бұрылғанмын. Ойынның түбiн түсiрiп жатқан ұлым көрген бетте құлдыраңдай жүгiрiп едi... Тәрбиешiнiң «Подожди, ты забыл что то сказать..», - деген қатқыл үнi есiкке жеткiзбей кiлт тоқтатты. Артына бұрылған ұлым: «Можно... домой?» - дедi сосын. Тәрбиешiнiң түсi жылып: «Можно», - дедi. «Даспидание» дегендi асығыс айтқан ұлым қайтадан маған қарай томпаңдады.
Орысша бiр ауыз сөз бiлмейтiн тентектiң күнi бойы мұнда ойындағысын жеткiзе алмай жаутаңдайтыны есiме түскенде... «басқа топқа ауыстырмасам ба» деп кiжiндiм, бiрақ қазақтiлдi топ жоқ екенi ойыма түсiп, тiлiмдi тiстей қоямын. «Басқа балабақшаға беремiн» деп бiр күшейгенiм бар-тын түнеу күнi келiншегiмнiң алдында. Ол мырс еткен. «Онда да осы ғой!» дегенi едi онысы.
Қарағанды.
(Жас Алаш №10 (15468) 4 ақпан, бейсенбі 2010)