Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2953 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 07:50

Көктемнің он жеті сәті: халықаралық көрсетілімге арналған қазақстандық шым-шытырық қойылым

Экс-қайын ата мен экс-күйеу баланың арасында «тірі көкпарға» айналған академик Мұхтар Әлиевтің жаңа сұхбаты «Республика» басылымында жарық көрді. «Мені терезесі жоқ бөлмеде қамап ұстады» деген мақаланы оқығаннан кейін, кешегі аптадағы күдікті көп жәйттің беті ашылғандай болды, соны талқыға салып көрейік.

Қайыржан СҮЛЕЙМЕН

 

 

ЭКС-ҚҰДА ШАБУЫЛҒА ШЫҚТЫ

 

 

Экс-қайын ата мен экс-күйеу баланың арасында «тірі көкпарға» айналған академик Мұхтар Әлиевтің жаңа сұхбаты «Республика» басылымында жарық көрді. «Мені терезесі жоқ бөлмеде қамап ұстады» деген мақаланы оқығаннан кейін, кешегі аптадағы күдікті көп жәйттің беті ашылғандай болды, соны талқыға салып көрейік.

Қайыржан СҮЛЕЙМЕН

 

 

ЭКС-ҚҰДА ШАБУЫЛҒА ШЫҚТЫ

 

 

Әуелі Әлиев-әкенің сұхбаты туралы. «Маған Алматыда қалған әйелім арқылы Елбасымен тікелей әңгіме болатындығы жайында ескертілді. Баяғы менің үйімнен тауып алған аңшы мылтығының патрондарына қатысты және ұлыма қатысты қылмыстық істердің тоқтатылуы турасында сөз болады деп айтқан еді. Сол үшін мен Австриядағы Қазақстан елшілігіне өз аяғыммен келген болатынмын» деп баяндайды Мұхтар Әлиев «Респбулика» тілшісіне. Одан әрі Венадағы елшілікте академикті екінші қабаттағы терезесі жоқ бөлмеде ұстағандығы, ол кісімен ешкімнің сөйлеспегендігі, баласы Рахаттың үстінен шағым жазуға үгіттегені, Берік Мұхтыбаев дейтін ҰҚК қызметкері тергеу жүргізгені туралы айтылады. «Менің ол жерден кеткім келді, бірақ, олар жібермейтін болды. Қан қысымым көтеріліп, жағдайым нашарлай бастаған кезде маған белгісіз бір таблеткалар берді. Жағдайым тіптен төмендеп кетті. Келесі күні олардың мені Қазақстанға күштеп алып кеткісі келетіндіктерін білдім. Сол жерде үлкен дау көтермей тұрғанда мені босатуларын ескерттім. Сосын менің қызым Гүлшат келді. Қызымның ағылшын азаматтығы бар, олар ағылшын үкіметімен сөзге келуден қорықты да, мені босатты» дейді Мұхтар Әлиев.
«Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, төрінен көрі жақын тұрғанда академик Әлиевке жақсы ғой деймісіз? Қу бала үшін де осының бәрі. Қара нан жесе де, тып-тыныш отының басында немерелерін иіскеп отырғанға не жетеді?!

 

 

БАҚ – БҰҚАРАНЫ АЛДАУШЫ ҚҰРАЛ

 

Көктемнің жауынымен жарысып, «Әлиевтер әулетіне» қатысты науқан неге нөсерлетіп кетті деген ой мазалайды. Мамырдың басынан бергі ақпарат кеңістігіндегі хабарларға тоқталып өтейік.
Мамырдың 5-і күні Алматы қаласында Адонис Дербас дейтін канадалық кәсіпкер «Рахат Әлиевтің үстінен Кипрде қылмыстық іс қозғалды» деп баспасөз мәслихатын өткізгенін хабарлайды ҚазТАГ. Адонистің айтуынша, экс-күйеу Рахат Әлиев екі мыңыншы жылдың басында оның атынан бірнеше жалған фирма ашып, шет елден ірі көлемдегі қаржыны Қазақстанға аударумен айналысқан. Сонымен қатар, Кипрдің Мосол қаласында Рахаттың туған жездесі Иссама Хоранидің үстінен де қылмыстық іс қозғалғанын Адонис Дербас мәлімдеді.
Осы күні ҚазТАГ «Алматы қаласы бойынша Ішкі істер департаменті рейдерлік әрекетке байланысты Иссама Хоранидің үстінен қозғалған қылмыстық іс жауапкерлердің жетіспеуіне байланысты тоқтатылды» деп хабарлайды. Түсінікті болу үшін айта кетейік, 2005 жылы Әлиевтер әулеті дүрілдеп тұрған кезде Иссама Хорани сириялық кәсіпкер Сами Сабсабидің барлық бизнесін күш көрсете отырып тартып алған болатын. Кейінірек, Әлиевтердің басынан бағы тайған кезде Сабсаби Қазақстан құқық қорғау орнына арыз түсірген. Міне, сол іс тоқтатылып отыр.
Осы ақпараттардың артын ала бере тағы да ҚазТАГ агенттігі «экс-елші Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев Венадағы Қазақстан елшілігіне келіп ұлының үстінен шағымданып, өзін Қазақстанға жетуге көмектесуін сұрған. Мұхтар Әлиев 2008 жылдың қазан айынан бері Венада мәжбүрлі түрде өмір сүріп келгенін мәлімдейді» деген ақпаратты жарқ еткізді. «4 мамыр күні таңғы төрт шамасында ұлының үйінен қашып шыққан Мұхтар Әлиев өзінің барлық заттарын (паспорт, кредит картасы, телефон және ақшасын, 1 шабадан, 2 жол сөмкесін) Рахаттың алып қойғандығын айтады» деп Сыртқы істер міністірлігі баспасөз хатшысы Ілияс Омаровқа сілтеме жасай отырып хабарлайды ҚазТАГ. Сондай-ақ, осы ақпаратта Мұхтар Әлиевтің жағдайы жақсы екендігі, елшіліктегі арнайы қонақ бөлмесіне орналастырылғандығы, барлық сұрақтарға сауатты әрі сергек жауап беріп отырғаны, елшілік ғимараты сыртына арнайы күзет қойылғандығы, Венадағы дипломаттардың Мұхтар Әлиевті елге аман-есен жеткізу шарасымен айналысып жатқандығы айтылған болатын.
Апыр-ай, десіп есімізді жиып үлгергеніміз жоқ, «Белгілі хирург, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халық қаһарманы Мұхтар Әлиев кешкі сегіз шамасында Венадан Астанаға ұшақпен ұшып шығады. Академик мінген ұшақ таңғы 5.40-та Астанаға келіп қонады. Сәрсенбі күні ел астанасында Мұхтар Әлиев баспасөз мәслихатын өткізіп, онда өзін ұлы Рахаттың шет елде қалай күшпен ұстап отырғандығы туралы мәліметті жариялайды» деген ақпарат тағы да ҚазТАГ-тың тақтасында жарқ ете қалды.

 

 

ЭКС-КҮЙЕУ ЕСЕ ҚАЙТАРУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

 

Ертесінде Рахат Әлиев ақпарат майданына сайланып-ақ шықты. Ол дереу Қазақстанға хабар тарататын ақпарат көздеріне «Менің әкемді қазақстандық ҰҚК тыңшылары ұрлап кетті» деп хабарлама жасады. «Мұның бәрі менің «Өкіл қайын ата: деректі повесть» атты кітабымның Еуропада таралуына байланысты жасалып жатқан кедергі. Аталған кітап мамырдың он бесінен бастап еркін саудаға шығады» деп мәлімдеді экс-күйеу.
Әкесін аман-есен әпкесі Гүлшат Хоранидың қолына табыстаған соң Рахат «Австриядағы Қазақстан елшісі Ержан Қазыханов Елбасынан тікелей тапсырма алғандығын әкеме жеткізген. Елші қайткенде де, қандай жолмен болса да, әкемді Қазақстанға жеткізуі тиіс болған. Сол әрекетті жүзеге асыру үшін арнайы қарастырылған ұшақ күні бүгінге дейін Вена әуе-жайында тұр» деп мәлімдеді. Сонымен қатар экс-күйеу әгерәки, әлгі кітапты Еуропада сатылымға шығаратын болса, Мұхтар Әлиевтің жағдайы мүшкіл болатындығын елші Қазыханов арқылы Елбасы қатаң ескерткен дейтін де әңгімені таратты.
Бір білгеніміз, билік пен бұрынғы күйеу баланың арасындағы соғыс жаңаша қарқын ала бастады. Рахаттың мәлімдемелерінен кейін «зона.кз» сайтына Виталий Мантров дейтіннің «Р.Әлиевтің жаңа әйелі» деген мақаласы шықты. Виталидің айтуынша, Рахаттың Эльнара ШОРАЗОВА дейтін әйелі бар екен. Ол қазір Венада «халық жауына» айналған күйеуінің жанында көрінеді. Эльнара мен Рахаттың бір баласы бар дейді білгіш кісілер.
Саспаңыз, қызықтың көкесі әлі алда. Аман болсақ, әне-міне қуырдаққа деп түйе жығылғалы тұр!..

 

 

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы,
№19 (259), 21-мамыр, 2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470