Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3812 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 10:42

Жұмыссыздар армиясы артып келеді

Кәсіподақ өкілдерінің болжамынша, соңғы екі айдың ішінде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 600 мың адамға ұлғаятын түрі бар. Сарапшы мамандардың айтуына қарағанда, қысқарту әрекеті өндіріс пен банк саласында жаппай жүргізіліп жатса керек.
Серік ҚҰМАРҒАЛИҰЛЫ
Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов мырзаның айтуынша, еліміздегі жұмыссыздар қатарының күрт өсуі алаңдатарлық жайты. Қазақстан азаматтарының еңбекпен қамтылуы күн санап емес, сағат санап төмендеп барады. Жыл басынан бері жұмыссыздар армиясын 40 мың адам толықтырған. Бүгінгі күні екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргендердің есебі, шамамен, 600 мыңдай, немесе экономикалық белсенді халықтың 7,4%-ын құрайды. Кәсіподақ федерациясы таяу арада тағы да 600 мың адам жұмыссыз қалады деген қаупін жасырмайды.

Кәсіподақ өкілдерінің болжамынша, соңғы екі айдың ішінде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 600 мың адамға ұлғаятын түрі бар. Сарапшы мамандардың айтуына қарағанда, қысқарту әрекеті өндіріс пен банк саласында жаппай жүргізіліп жатса керек.
Серік ҚҰМАРҒАЛИҰЛЫ
Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов мырзаның айтуынша, еліміздегі жұмыссыздар қатарының күрт өсуі алаңдатарлық жайты. Қазақстан азаматтарының еңбекпен қамтылуы күн санап емес, сағат санап төмендеп барады. Жыл басынан бері жұмыссыздар армиясын 40 мың адам толықтырған. Бүгінгі күні екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргендердің есебі, шамамен, 600 мыңдай, немесе экономикалық белсенді халықтың 7,4%-ын құрайды. Кәсіподақ федерациясы таяу арада тағы да 600 мың адам жұмыссыз қалады деген қаупін жасырмайды.
«600 мың жұмыссыздың үстіне өз бетімен күн көріп жүрген жұртты қосыңыз. Олардың саны 2,5 млн. адам, мұның ішінде 1 миллионы әзірге жан сақтап отыр, қалған 1,5 млн. халық табыс көзінен айрылудың аз-ақ алдында. Біздің болжамымызға сәйкес, ең көп жұмыстан қысқарту үрдісі мамыр және маусым айларында орын алмақ. Сондай-ақ, қысқартулар жыл соңына дейін жүре беретіні тағы анық», - дейді Амандықов мырза.
Маман келтірген деректерге сүйенсек, жұмыссыздар легі еліміздің Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облысы сияқты өнеркәсіп аймақтарында басым көрінеді. Бұл ретте кедейшілік тауқыметін көп тартатындар – тау-кен, металлургия және құрылыс саласы.
Амандықов мырзаның есебінше, қазіргі уақытта 627 кәсіпорын толықтай және біртіндеп өз жұмысын тоқтата бастаған. «Бұл компанияларда, шамамен, 83 мың адам мәжбүрлі түрде жартылай жұмыс күні бойынша еңбек етуде, немесе жұмысшылар ақысыз демалысқа жіберілген», - дейді ол.
Жалақы көлемі сақталмай демалысқа кеткен жұмысшылар саны да үздіксіз артып келеді. Сол сияқты өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүрлі түрде арыз жазатындардың қатары да көбейе түскен.
«Бұл жасырын жұмыссыздық. Жұмыс берушілер қарапайым демалыс ақысын, өтемақы төлемеу үшін осындай әрекетке баруда», - дейді кәсіподақ жетекшісі.
Осыған орай Амандықов мырза, биліктегілердің назарын елдегі жұмыссыздық мәселесіне аударту үшін Кәсіподақ федерациясы шама-шарқынша күш салып жатқанын да тілге тиек етті. Және ол үкіметте қолға алынып жатқан антикризистік бағдарламаға үміт артатындығын да ескертеді. Маманның айтуынша, көзделген жобаны жүзеге асыру мақсатында үкімет, шамамен, 350 мың жұмыс орнын құруға уәде берген.
«Біз аталған компанияларда істеп, жұмыссыз қалған жұртты бірден сонда жібереміз. Егер, айтылған жоспар жүзеге асып жатса, Қазақстан үшін жеңіл болар еді», - деп үміттенеді Амандықов.
Бұған қоса Одақ басшысы, «жұмыссыз қалғандардың ішінде, әсіресе, ұжымдық келісім-шарт жасамаған, кәсіподақпен байланысы жоқ қызметкерлер көп зардап шегеді» деп отыр. Маманның бағалауынша, мұндай санатқа шағын және орта кәсіпкерлік саласы, отбасылық бизнеспен айналысушылар және банк саласы жатады.
Бейресми ақпараттар бойынша, қазірде Қазақстан банктерінде жұмыстан жаппай қысқартудың екінші легі жүріп жатса керек. «Қазақстан іскеріне» сенімді ақпарат көзі құлаққағыс еткендей, банктер мен бірқатар құрылымдардың төңірегінде жаппай жұмыстан шығаруың бірнеше легі байқалған.
«Бүгінде банк қызметкерлерін қысқарту амалдары алдыңғы өткен 1,5 жылға қарағанда бәсеңсіп қалды», - дейді ақпарат беруші. Аты-жөнін атамауды өтінген сарапшымыз, жұмыстан қысқарту жағдайы әсіресе негізгі акционері мемлекет болып табылатын БТА Банк пен Альянс банк сынды қаржы институттарында қарқынды түрде жүргенін жеткізді.
«Самұрық-Қазынаның» келуімен бұл мекемелерде қысқарту басталды. Айталық, Альянс банк штатты азайту мен жалақы мөлшерін төмендету тұрғысынан зардап шекті. Бұл банктердің ауқымын есепке алсақ, мұның салдары нарықта қатты байқалып тұрды», - дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген сарапшы.
Сондай-ақ, бейресми дерек көздеріне жүгінсек, барлық банктерде қосымша бонус төлеу, әлеуметтік пакет пен демалыс ақысын беру шаралары да ұмыт бола бастаған.
«Егер өткен жылы қатардағы қызметкерлер штатын кеміту көрініс берсе, ендігі кезек жетекші мамандарға да келіп жетті. Және қысқарту бөлімшелерге қарағанда банктердің бас кеңсесінде кең етек жайған. Бұл түсінікті жайт, орталық басқармада істейтін қызметкерлердің жалақысы жоғары деңгейде белгіленген, сондықтан олардың санын азайту – қаржыны үнемдеуге үлес қосады», - дейді сенімді ақпарат көзі.
Бұл көзқараспен Қазақстанның Еңбек конфедерациясы президенті Серік Абдрахманов та келісіп отыр.
«Қазірде қоғамның әлдеқайда білімді бөлігі жұмыссыздық қамытын киюде. Қаржы секторы – бұл бұрындары үнемі даму үстінде келген сала, сол себепті мұнда аталған проблема өткір байқалады», - дейді ол.
Алайда, Зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаевтың пікірінше, банк саласындағы қызметкерлерді жұмыстан қысқартып, жалақыларын азайту үрдісі қатардағы құбылыс.
«Банк секторы Қазақстанда мұнай өндірушілерден кейін екінші кезекте жоғары жалақымен қамтылған. Сондықтан, бірқатар жалақы бірліктерін қысқарту бүгінгідей дағдарыс кезеңінде қаржы үнемдеуде таптырмас тәсіл. Бұдан екі жыл бұрын банк қызметкерлерінің айлық ақшасы еңбек шығынымен сәйкес келмейтін», - деп топшылайды төраға.
Өз сөзінде Әлібаев мырза, жұмыстан шығып қалған қаржыгерлер, егер тәкаппарлық танытпаса, жаңа қызмет тауып ала алады дегенді қосады.
«Отандық банк саласы аса еркелетіп жіберген мамандар енді қазір кез келген жерде жұмыс істегісі келмейді. Оларға мәртебесі төмендеу, жалақысы аздау қызметтер ұнамайды. Мұндай адамдар жағдай оңалғанша үйде қол қусырып отыруды жөн санайды», - дейді ол.
Қазіргі қаржы нарығында қызметкерлердің шығын мөлшерін азайтудың екі тәсілі бар деген уәжді «Optimum» консалтинг компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дина Абылғожина ханым айтып отыр. Маманның есебінше, бірінші тәсіл, жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жалақысын төмендетпейді, керісінше, енді қызметке тұратындарға 20-25% төмен айлық ұсынады. Екінші тәсіл, қызметкерлерді толық емес жұмыс уақытына алмастыру.
«Мұндай жағдайда жалақы көрсеткіші 40-50%-ға кесіліп, есесіне, жұмыс сағаты да азаяды. Бұл тәсіл бірқатар шағын компанияларда кеңінен қолданылуда. Біздің ойымызша, бұл – дұрыс шешім, қызметкерлер де мұны түсіністікпен қабылдайды, жұмыс беруші де өз қаражатын үнемдейді», - деп түсіндіреді компания өкілі.
Абылғожина ханымның айтуынша, бұрындары қаржы нарығында жалақы мөлшерін жұмыс іздеуші ұсынған-тын, қазір жағдай керісінше.
«Егер бұған дейін бізге 100-150 түйіндеме келген болса, енді оның саны 600-ге дейін жетті. Үміткерлердің қатары өте көп, сондықтан олар төмен жалақыға келісуге мәжбүр. Егер, бұрын топ менеджерлер 6 мың АҚШ долларын сұраса, бүгінгі күні олар 3-4 мың долларға келісіп отыр. Антикризистік менеджерлер ғана берік қалпын сақтап тұр. Жалпы, іздеушілердің қаржылық сұрауы 20-30%-ға азайды», - деп түйіндейді өз сөзін әңгімемізге пікір қосқан Дана Абылғожина.
«Қазақстан Іскері», №8 (28), 24-сәуір, 2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371