Балаға қанша ақша берген дұрыс?
Қазір ата-анаға студент ұл-қызы былай тұрсын, мектепте оқитын-дарының қалтасына да күнделікті тиын-тебен салып тұруына тура келеді. Азын-аулақ болса да сол теңгенің өзі баланы ақшаны дұрыс жұмсай білуге үйретеді. Өйткені, бұл - баланың алғашқы «бюджеті» емес пе?.. Айтайын дегеніміз, ата-ананың баласына күнделікті қажеті үшін қанша ақша бергені дұрыс деген әңгіме төңірегінде.
Қазір ата-анаға студент ұл-қызы былай тұрсын, мектепте оқитын-дарының қалтасына да күнделікті тиын-тебен салып тұруына тура келеді. Азын-аулақ болса да сол теңгенің өзі баланы ақшаны дұрыс жұмсай білуге үйретеді. Өйткені, бұл - баланың алғашқы «бюджеті» емес пе?.. Айтайын дегеніміз, ата-ананың баласына күнделікті қажеті үшін қанша ақша бергені дұрыс деген әңгіме төңірегінде.
Еуропаның бірқатар елдерінде (мәселен, Германияда) баланың күнделікті шығындары үшін қажетті ақша арнайы заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарай өзгеріп отырады. 6 жасар бала 50 еуроцент алса, 15 жасқа дейін оның «карманный» шығыны 30 еуроға дейін өседі. Ал бізде мұндай алдын ала шегеленіп жазылып қойған ереже жоқ. Балаңызға қанша ақша беремін десеңіз де еркіңізде. Оны мүмкіндігіңіз бен жомарттығыңыз білсін… Шөңгенің перзентінің табанына кіргенше өзінің маңдайына қадалғанын тілейтін әке-шеше баласынан барын аямайтыны рас. Тек кейде «жомарттың қолын жоқ байлап», жағдайы төмен отбасы баласына күнделікті қажетті тиын-тебенді де тауып бере алмай қалып жатады. Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары баласына жомарттық танытатындар тұрмысы орта деңгейдегі ата-аналар екенін анықтаған. Бір қызығы, өте бақуатты тұратын ата-аналар балаларына ақшаны өте аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі ақша беру баланы жалқау әрі масыл етеді деп есептейді. Ал өзінің алғашқы компьютерлік бағдарламасын 13 жасында жасаған әйгілі миллиардер Билл Гейтс балаларына бүкіл дәулетінің 1 пайыздай ғана бөлігін қалдырыпты. «Миллиардер болып есею сындарлы емес»деп есептейтін Гейтс балаларының өздерін-өздері қамтамасыз етуді үйренгенін қалайды. Сондықтан да аңызға айналған байлығының басым бөлігін балаларына емес, қайырымдылыққа берген.
Баланың ақшаны тиімді жаратуға дайын екендігін қалай байқауға болады? Ұл-қызыңыз қалтасына салып бергеніңізді болмашыға жаратып қойып, қайта-қайта қылқылдап ақша сұрай берсе, ата-ананың әрекеті қандай болмақ? Ақшасын жөнсіз жаратқаны үшін «жақсылап» тұрып жазалап, келесі жолы қаржыландыруды қысқарту керек пе? Әлде, тапқаным баламдыкі деп барыңызды соған беріп шолжаңдатасыз ба? Осы мәселе төңірегінде маманның пікірін білсек.
Ләззат АЛШЫНОВА, «Демеу» жастар орталығының директоры:
- Мәселе - ақшаның көлемінде емес, баланың тәрбиесінде. Ұл-қызды жас-тайынан ақшаның қадірін түсінетіндей етіп тәрбиелесеңіз, кейіннен оған қанша ақша бергенім дұрыс деп бас қатырмайсыз. Бала ақшаны дұрыс жаратуды әке-шешеден үйренеді. Бастысы - отбасында түсіністік пен үйлесім, махаббат пен сенім болуы керек. Сонда өзін қатарынан кем қылмау үшін ата-анасының азаннан қара кешке дейін үй бетін көрмей жұмыс істеп, ақша тауып жүргенін көрген бала ысырапшылдыққа бармайды. Ол өзіне шынында да қажет боп тұрған ақшаны ғана сұрайды. Балаңызға дер кезінде дұрыс тәрбие бере алмасаңыз, ол темекі шегіп, ішімдікке бой алдырып немесе түнгі клубтарды адақтап кетуі мүмкін. Сосын оның шығыны да көбейеді. Ақша бермей қою арқылы бұл жаман қасиеттерден тыя алмайсыз. Өйткені, ол қажет ақшаны қандай жолмен болсын бәрібір тауып алады. Ақшаны орынсыз жараттың деп агрессия жасаудың да қажеті жоқ. Алдымен ата-ана баланың тәрбиесіне дер уақытында күш салып, өз істерімен үлгі болуы керек. Себебі, балаларымыз біздердің «көшірмелеріміз» ғой. Қалай десек те, қазіргі балалар ақша санай біледі. Өйткені, олар капиталистік қоғамда өмір сүріп жатыр ғой.
Ерке ЕРҚОҢЫР
«Нұр Астана» газеті 21 мамыр 2009 жыл