Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 23340 0 пікір 8 Мамыр, 2014 сағат 18:02

ҚОҢЫРАУЛЫ НАЙЗА ҚОЛҒА АЛЫП...

 

Махамбет Өтемісұлы. Ереуіл атқа ер салмай

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық, шөл көрмей,

Арып-ашып жол көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?!

Бекініп садақ асынбай,

Біріндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жауырын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай,

Балдағы алтын құрыш болат

Балдағынан қанға боялмай,

Қасарысқан қарындасқа

Қанды көбік жұтқызбай,

Халыққа тентек атанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?!

 

Қазтуған Сүйіншіұлы. Белгілі биік көк сеңгір 

Белгілі биік көк
сеңгір

Басынан қарға ұшырмас,

Ер қарауыл қарар
деп,

Алыстан қара
шалар деп;

Балдағы алтын құрыш
болат

Ашылып шапса дем
тартар,

Сусыным қанға
қанар деп;

Арғымақтың
баласы

Арыған сайын тың
жортар,

Арқа мен қосым
қалар деп;

Ақ дария толқын
күшейтер,

Құйрығын күн
шалмаған балығым

Ортамнан ойран
салар деп;

Азамат ердің
баласы

Жабыққанын
білдірмес,

Жамандар мазақ
қылар деп!

Ақтамберді Сарыұлы.  Ақтамбердінің жыры

Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екемiз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екемiз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екемiз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзендей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мiнер ме екемiз!

Сол шұбарға мiнген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екемiз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екемiз!
Тобыршықты әндiген
Толтыра тартар ма екемiз!
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екемiз!
Жарлауға бiткен жапырақ –
Жамылсақ тоңар ма екемiз.
Жазыққа бiткен бүлдiрген –
Сұғынсақ тояр ма екемiз!

Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мiнiп,
Қоныс та қарар ма екемiз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екемiз!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371