Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 7870 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 11:12

БІЗДІҢ ИДЕЯМЫЗДЫҢ КҮЙРЕУІН ҚАЛАЙТЫНДАР ДА АЗ ЕМЕС

Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның кемелденген көкжиегіне

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясына келді. Сапар барысында Елбасы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция тақырыбында

лекция оқыды.

Осыдан тура жиырма жыл бұрын дәл осы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай сөз сөйлеген болатын. Онда Елбасы мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы ұсынысын жария еткен еді. Сол сәт Қазақстан басшысы дәл осы мінберге дәл осы тақырыппен жиырма жылдан соң қайта көтеріледі деген ешкімнің ойына келмеген шығар. Себебі, бұл шынымен де, сол кезде енді ғана тәуелсіздігін алып жатқан ТМД елдері үшін тым тың идея болатын. Біреулер бұл мүмкін емес деп бірден қарсыласса, енді біреулер идеяның игілікті боларына күдікпен қараған. Ал біз сияқты тәуелсіз елдің жас буыны сол кездері мұның байыбына да бара алмағанбыз. Ал енді, міне, араға жиырма жыл салып, аталған идеяның өміршеңдігін өзіміз көріп, көрегенділіктен туындаған ұтымды ұсыныстың жиырма жылғы жүзеге асырылған жылнамасын жиыстырып, соңғы нүктесін қояр шешуші кезең алдындағы кездесудің куәсі болып отырмыз.

Иә, осыдан жиырма жыл бұрын ұсынылған ұсыныс содан бергі жиырма жылғы жемісін жиып-теріп, алдағы кемел келешекке қарай қанат сермегелі тұр. Лайым, болашағы жемісті болғай.

Мәскеу мемлекеттік универ­ситетіндегі Ғалымдар кеңесінің мәжіліс залында мінбердегі Мем­лекет басшысын көріп отырып, іштей осылай тілектестік айттық.

Залға кісі қарасы көп жиналған екен. Тыңдаушылардың дені – ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қыс­қасы, Ресейдің бетке ұстар­лары. Тіпті, олардың арасында осыдан жиырма жыл бұрынғы сөзді тыңдағандар да бар. Енді біразы студенттер. Сол залда тарихи сәттің куәсі болып, Елбасы сөзін қағазға түсіріп отырған бізді де мақтаныш сезімі кернегенін жасыра алмаймыз.

М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік универ­си­те­тінің рек­торы Виктор Садовничий қыс­қаша сөз сөйледі. Ол Қазақстан Президентінің осыдан жиырма жыл бұрынғы сөйлеген сөзін еске алып, оның ұсынысының бүгінгі маңыздылығына тоқталып өтті. Бұл идеяның өзі басқарып отырған М.В.Ломоносов университетінде жария болғанын мақтан тұтатынын айтып, Н.Ә.Назарбаевқа алғысын жеткізді. Қазақстанның бүгінгі же­тістіктеріне тоқталып, бұл рет­те Қазақстан басшысының ерен еңбегі бар екенін атап өтті. Ел­дер арасындағы интеграциялық үдеріс­тердің бүгінде тиімді жүзеге асуына Қазақстан Президентінің еура­зиялық интеграция идеясы ай­рықша әсер етіп отырғанын баса айтты. Қазақстан басшысы Н.Ә.На­зарбаевтың ЕАО құру идеясы еу­ра­зиялықтың іс жүзіндегі жаңа кезеңі­нің бастауы болғанын алға тартты.

Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Мәскеуге осыдан екі ай бұрын ғана келіп, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысып кеткен болатын. Ал ертең осындай отырыс Беларусь астанасы – Минскіде өтеді деп жоспарланған. Алдағы мамыр айының аяғында Астанада кеңес отырысының қорытынды жиыны өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп күтілуде. Ендеше, қазір Еуразия одағын құрудың соңғы шешуші кезеңдері. Ал осындай түйінді тұста оның кемел келешектегі келбеті қалай болар екен деген ойға көз жүгіртіп, идея ұсынылған орында идея ұсынушының көрегендігіне тағы бір сүйену, әрине, орынды.

Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың осыдан 20 жыл бұ­рын Мәскеу мемлекеттік универ­сите­тінде сөйлеген сөзіне тағы көз жүгірттік. Ерекше айта кетерлігі, дәл кеше бірқатар Ресей басы­лым­дары осы сөзді сол қалпында жариялапты. Бұл да болса, Қазақстан Президентінің көрегендігін мойын­дап, осыдан жиырма жыл бұ­рын айтылған идеяның бүгінде қалай дәлелденіп, қалай жүзеге асқанын айтқысы келгендері болар деп пайымдадық. Иә, ол кездері жаңа тәуелсіз мемлекеттер өздерінің арасындағы көптеген қарым-қатынас проблемаларын шешу жолында көптеген кедергілерге ұшырағаны белгілі. Осы тұрғыда оларға сауда-эконо­микалық ынтымақтастықтың мүлде жаңа стратегиясын құру қа­жет­тілігі туындады. Өзгерген жаңа әлемге сай жаңаша қағидат­тар қаралуы тиіс еді. Осы сәт­те Қазақстан Президентінің еура­зия­лық интеграцияны дамыту және тереңдету бағытындағы ұсынысы дер кезінде айтылған идея болғаны сөзсіз.

Сонымен, бұл идея нені мең­зе­ген еді? Онда мемлекеттердің Еу­разиялық одағы әр қатысушы елдің ұлттық-мемлекеттік мүддесі жүзеге асырылатын тең құқықты тәуелсіз мемлекеттердің одағы болуы тиіс және әрқайсысының жиынтық әлеуеті толықтай пайдаланылуы қажеттігі айтылды. Бұған қоса, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан айырмашы­лы­ғы, бірлесу негізі басқа емес, эко­номикалық өзара байланыс­тар болуы шарт делінді. Өңір мемлекеттерінің біртұтас эконо­микалық, кедендік, сауда және әлеуметтік-гуманитарлық кеңістік құру жолымен жүзеге асуы тиістігі, ал мұның бәрі егемендікке нұқсан келмейтіндей, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау, өз елінің мемлекеттік құрылым тәртібін айқындаған әр халықтың құқына құрметпен қарау жағдайында жүргізілуі керектігіне басымдық берілді. Сонымен қатар, Еуразия мемлекеттері интеграциясының басты мақсаттары ретінде тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, өңірді әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту қажет­тігіне назар аударылды. Идея ұсы­ну­шының пайымынша, Еура­зия халқы бәсекелестер емес, кері­сін­ше, одақтастар делінген болатын.

Н.Ә.Назарбаевтың кешегі дә­рісі де өзі ұсынған жиырма жыл бұрын­ғы идеяның заңды жалғасы сияқ­ты болды. Өзектілігін жой­ма­ған өміршең ұсыныстың бүгінге дейінгі бедерін бағамдап, алдағы бола­шағына бағыт сілтеген бағдар­шам іспетті десе де болатындай.

Енді Елбасы сөзіне құлақ түрейік.

Құрметті кездесуге қаты­су­шы­лар!

Мен университет ұжымын соң­­ғы онжылдықтарда ММУ-де жү­зеге асқан орасан өзгерістермен құттықтаймын.

Мені университеттің құрметті профессоры ретінде сіздердің ғы­лыми жеңістеріңіз, әлемдік ғылым мен білім берудегі шептеріңізді ны­ғайтқандарыңыз қуантады.

Мен осыдан 14 жыл бұрын Вла­­димир Путин Астанада М.В.Ло­­мо­носов атындағы ММУ-дің фи­лиалын ашу туралы идеямды қол­дағанына терең қанағат сезі­­міндемін.

Осы жылы Астанадағы филиал өзінің мыңыншы тәлімгеріне дип­­лом тапсырып үлгереді.

Бұл – айтулы оқиға!

Бүгінде ММУ дипломы бар ма­мандар Қазақстанның экономика­сында, ғылымында және басқа да бағыттарда табысты жұмыс іс­теп жүр.

Сондықтан ММУ-дің қазақ­стан­дық филиалының қалып­та­суына қатысқандардың бәріне ри­зашылығымды білдіремін.

Қымбатты достар!

Жиырма жыл бұрын, ММУ қа­бырғасында мен алғаш рет жа­ңа интеграциялық бірлестік – Еу­разиялық Экономикалық Одақ құру туралы идеяны ұсындым.

Оның тұжырымдамасы біздің елдеріміздің барлық азаматтарына бірдей жақын және түсінікті шындыққа негізделді. Ортақ тарих, өзара эко­но­ми­калық тартымдылық, мәде­ниет­тердің тығыз өзара байланысы мен адамдардың жақын­дасуға ұм­тылысы біздің халық­тары­мыз­ға көпқырлы мемлекетаралық бай­ланыстардың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік береді.

Мен Еуразиялық Одақ тек ер­кіндік, тең құқықтылық, өзара тиім­ділік қағидаттары мен әр қа­тысушы елдің прагматикалық мүм­кіндіктерін есепке алғанда ғана мүмкін деген ұстанымда болып келдім және соның берік жақтаушысы болып қала беремін.

Бұл бастама қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналды.

Біріншіден, сол уақыттағы ТМД-дағы көптеген саясаткерлер үшін түсініксіз және лайықты бағаланбаған менің идеям бүгін іскер топтарда және қоғамдық-гума­нитарлық деңгейде кең қа­жет­тілікке айналды.

Еуразиялық интеграцияны нәр­лендіретін көптеген бірлескен алаңдар пайда болды және жемісті жұмыс істеп тұр.

Бұл Еуразия Даму банкі, Еура­зия Іскерлік кеңесі, Еуразиялық Ме­диа-форум, Еуразия универ­си­теттерінің ассоциациясы және тағы басқалар.

18 жыл бұрын Астанада біз ал­ғаш ашқан нысандардың бірі Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті болды.

Бүгінде бұл – Орталық Азия­дағы жетекші жоғары оқу орны.

Лев Николаевич Гумилев Ре­сей мемлекетінің еуразиялық жо­лының тағдыршештілігін алдын ала білген көреген орыс ин­тел­лектуалдарының бірі болып табылады.

Бұған аса көрнекті ойшылдар К.Леонтьевтің, Д.Данилевский мен басқа да көптеген ғалымдардың ең­бектері айғақ бола алады.

Бұл туралы Ресейдің тарихы, географиясы, мәдениеті, экономикасы да айтады.

Бүгінде «еуразиялық интеграция» түсінігі саясаткерлер, экономистер, журналистер мен қоғамдық орта белсенді пайдаланып жүрген бренд болып отыр.

Екіншіден, қазіргі заманғы еуразиялық бастама ешқашан шындықтан алшақ болмағанын ерекше атап көрсеткім келеді.

Бірінші кезекте, ол тәуел­сіздік пен саяси егемендік инте­гра­циялық үдеріске қатысушы барлық мемлекеттер үшін басымдыққа ие екенін әркез есепке алып келді.

Сонымен бір мезгілде, оның мәні әуелден Қазақстанның, Ре­сейдің, Беларусьтің, сондай-ақ, Еуразия кеңістігіндегі бас­қа да ел­дердің қарапайым аза­мат­та­рының мүдделері туралы шынайы қамқорлықта жатқан еді.

1998 жылы мен «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасын ұсындым.

Осы жылдар ішінде оның бар­лық негізгі ережелері іс жүзінде орындалды.

Кеден одағы мемлекеттері ара­сындағы бірлескен шекаралар біздің елдеріміздің азаматтары ке­дергісіз кесіп өту үшін, жүктер мен тауарлар, валюта қаржыларын алып өту үшін мөлдір болды.

2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетті.

Біздің Ресей мен Беларуське экспортымыз 63 пайызға өсті, оның ішінде өңделген тауарларды шығару 2 есеге ұлғайды.

Біз ресейлік және беларусьтік компаниялармен бірлескен кәсіп­орындар ашудамыз.

Біздің елдерімізде жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дип­лом­дарды өзара тану туралы ке­лісім жұмыс істейді.

Жыл сайын Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің, сон­дай-ақ, басқа да бірқатар ТМД ел­дерінің ондаған мың азаматтары біздің мемлекеттеріміздің ЖОО-ларында оқуға, еңбекке орналасуға және жедел медициналық көмек алуға теңдей құқықтарды пайдаланады.

Бір мемлекеттің азаматтарының басқа қатысушы елдің аумағында шағын және ортақ бизнес жүргізу үшін жағдайлар кеңейіп келеді.

Еуразиялық интеграция мә­де­ни-гуманитарлық байланыстарды, туризмді жемісті дамыту үшін көптеген басымдықтар береді.

Осының барлығы мил­лион­да­ған адамдар үшін нақты тиім­ділік.

Және бүгінде осының бар­лығы болмауы ықтимал екенін елестетудің өзі мүмкін емес.

Үшіншіден, еуразиялық бас­тама бүкіл ТМД кеңістігінде инте­грациялық үдерістердің сипатын өзгертіп, серпінділік берді.

Осылайша Ұжымдық қауіп­сіз­­дік туралы шарт ұйымы құ­рыл­ды.

2000 жылы Еуразиялық эко­но­­микалық қоғамдастық бекі­тілді.

Тұтастай алғанда, Тәуелсіз Мем­­лекеттер Достастығының қыз­меті мен оның құрылымдық буын­дары нақтырақ бола түсті.

Оның шеңберінде 40-қа жуық салалық мемлекетаралық органдар жұмыс істейді.

Төртіншіден, ХХ және ХХІ ға­сырлардың тоғысында еура­зиялық бастамасы халықаралық қаты­настарға, оның ішінде оның алғашқы кезіндегі геогра­фиялық алаңынан тыс жерлерге де айтарлықтай ықпал етті.

Арқаулық еуразиялық қа­ғи­даттар Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруда және қызметінде қолданылды.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте де осындай прагматикалық негіздегі үдеріс 20 жылдан астам уақыттан бері табысты жүргізіліп келеді.

2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде мен Еуразиядағы қауіпсіздіктің ортақ құрлықтық тұғырнамасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастауды ұсындым.

Сенім, тең құқықтылық жә­не өзара тиімділік қағидаттарына негізделген ол еуропалық және азия­лық өлшемдерді қоса алған болар еді.

Бұл ұстаным ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталған Астана дек­ларациясында көрініс тапты.

Бесіншіден, еуразиялық идея­сы қазір, ХХІ ғасырдың екінші он­жылдығының ортасында нақты геоэкономикалық және геосаяси сұлбаға ие болып келеді.

Жоғары Еуразиялық эко­но­микалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия табыс­ты жұмыс істеп тұр.

Қазақстан, Беларусь жә­не Ре­сей Біртұтас Кеден ко­дексін қол­данып, өздерінің макро­эко­но­ми­калық саясаттарын үйлестіріп отыр.

Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясының 20 жыл­дығында Астанада осы инте­гра­­циялық бірлестік құру туралы та­рихи шартқа қол қойылуы жос­парлануының нышандық мәні бар.

Одақ жұмысына қатысуға бір­қатар басқа да елдер қызы­ғушы­лық танытып отыр.

Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары.

Тек қатысушы үш ел эконо­ми­­касының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды.

Үш ел шығарған өнеркәсіп өні­мінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтады.

Жиынтық ІЖӨ-нің өсімі тү­рін­дегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы 2030 жылға қарай шамамен 900 миллиард долларды құрай алады.

Осылайша, еуразиялық интеграция бізге келе жатқан Үшінші жа­һандық индустриялық революция алдында ортақ страте­гиялық басымдықты қамтамасыз етеді.

Ол әлемдік құрылыс пара­диг­­масының көпқырлылық жа­ғына қарай ауысуы драмалық актісі жағдайында жүріп жатыр.

Қазіргі жаһандық тұрақсыздық – тек экономиканың ғана емес, сондай-ақ, халықаралық құ­қық­тың, жаһандық саясаттың дағ­дарысы.

Олардың алдында G-8 және G-20 дәрменсіздік танытуда.

Нақ сондықтан 2012 жылы мен G-GLOBAL бастамасын іл­ге­рі­леттім.

Оған 160 ел интерактивті қа­ты­суда.

G-GLOBAL әлемнің ХХІ ға­сыр­­дағы іргелі қағидаттарын: эво­лю­цияны; әділеттілікті, тең­дікті, консенсусты; жаһандық толе­ранттылық пен сенімді; жаһандық транспаренттілікті; сындарлы көпқырлылықты қамтиды.

Мен егер халықаралық құ­қық­­та, сыртқы саяси практикада, мем­лекетаралық қатынастар тәсі­лінде түбегейлі өзгерістер жүретін бол­са, онда қазіргі жаһандық сын-қатер­лер еңсерілетін болады деп есептеймін.

Сондықтан, біздің G-GLOBAL қағидаттары туралы ұсы­ныс­та­ры­мыз әлемдік қоғамдастыққа бү­гінде қай кездегіден де пайдалы.

Мен олардың әлемнің дамуына сындарлы сипат беруге қабілетті екеніне сенімдімін.

Тұтастай алғанда, бүгін біз еу­ра­зиялық интеграциялық үдеріс­тің орасан зор оң рөлі мен нақты нәтижелерін көріп отырмыз.

Интеграцияны одан әрі терең­дету – тек жаңа мүмкін­дік­тер ғана емес, біздің мемле­кет­теріміздің қазіргі және болашақ буын азаматтарының алдындағы ортақ парызымыз.

Қымбатты достар!

Жиырма жыл бұрын мен Еуразиялық Экономикалық Одақ құруға апаратын интеграциялық үдерістердің ядросын нақ Қа­зақ­стан мен Ресей құрауы тиістігін айтқан болатынмын.

ХХІ ғасырдың басында еура­зиялық интеграциялық дамудың жаңа серпін алғанында Владимир Путиннің маңызды рөлін атап өту қажет.

2010 жылы оны Дмитрий Мед­ведев қолдады.

Қазақстан мен Ресейдің қаты­насы әркез әріптестіктің үлгі тұ­тар мысалы болып келді және болып қалып отыр.

Өткен 2013 жыл біздің ел­де­ріміз үшін серпінді жыл болды.

Екатеринбургте ХХІ ғасыр­дағы ізгі көршілестік және одақ­тастық туралы бірегей шартқа қол қойылды.

Бүгінде біздің елдеріміз сенімді негізде өзара іс-қимыл танытпайтын сала іс жүзінде жоқ.

Өнеркәсіптік кооперация үдерісі, оның ішінде өңіраралық дең­гейде де жүріп жатыр.

Энергетикалық әріптестік, ғарыш саласындағы ынтымақ­тастық табысты дамып келеді, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл кеңейе түсуде.

Ресей – Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі.

Өткен жылы біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 24 миллиард долларды құрады.

Бұл – біздің қарым-қаты­на­сымыздың барлық тарихындағы рекордты көрсеткіш.

Ол көп жағдайда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңіс­тіктің арқасында мүмкін болды.

Жалпы, өткен жыл біздің экономикаларымыз үшін оңай жыл болған жоқ.

Өткен жылдың соңында Әс­ке­ри-тех­никалық ынты­мақ­тас­­тық ту­ралы екіжақты шарт жа­салды.

Әуе шабуылына қарсы қор­ға­ныс­тың біртұтас жүйесі жұмыс істейді.

Өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету мәселелерінде біз Ре­сеймен халықаралық ұйымдар аясында тығыз өзара іс-қимыл танытудамыз.

Сенім, тең құқықтылық, өза­ра тиімді ынтымақтастық пен одақ­тастық – біз ұрпақтан-ұрпақ­қа әрі қарай да беруге міндетті болып табылатын қазақстандықтар мен ресейліктердің ортақ құн­дылықтары.

Құрметті кездесуге қаты­сушылар!

Әлем әлі де толықтай айыға қой­маған жаһандық қаржы-эконо­микалық дағдарыс планетаның түрлі ареалдарының өңірлену үдерісін жеделдетті.

Ол Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Парсы шығанағы субөңірі мен араб-мұсылман әлемінде, Австралия мен Океанияда, Батыс Африкада жүріп жатыр.

Біз мемлекетаралық эконо­ми­калық-қаржылық қатынастарда ортақ алгоритмдерге ие ірі өңірлік жүйелер қалай қалыптасуда екенін көріп отырмыз.

ХХІ ғасырда өңірлік интеграция түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұруда маңызды фактор болатыны айдан анық.

Қазір, жалпыға ортақ жа­һан­дану жағдайында, бұл – мемле­кеттердің экономикалық және өрке­ниетті дамуындағы, олар­дың жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырудағы түбегейлі мәселе.

Бүгін, Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы айтқанда, сарапшылар мен саясаткерлердің бәзбіреулері әлемдік қоғамдық пікірді Кеңес Одағының мифтік «реинкарнациясымен» қор­қытады.

Мұндай пікірлер шындықтан алыс жатыр және негізсіз деп есептеймін.

Біріншіден, бүгін кеңестік үлгі бойынша реинтеграция үшін, тіпті, институттық база да жоқ.

Барлығы түп-тұқиянымен тарих қойнауына кеткен.

Екіншіден, посткеңестік кеңіс­тік халықтары өздерінің жеке мемлекеттілігін құрды.

Үшіншіден, меншіктің қазіргі жүйесі, біздің қоғамдарымыздың әлеуметтік құрылымы мен эко­номикалық қалпы кеңестік архаи­кадан тым алысқа ұзап кетті.

Және мұнда біз Ресей және Бе­ларусь басшылығымен бір пікірдеміз.

Алайда, қазіргі дүниеде жүзеге асырылып жатқан бірнеше өңірлік интеграциялық жобалар бар екенін байқамау да қиын.

Бірақ олардың бірде-бірі қалыптастырылып жатқан Еура­зиялық экономикалық одақ сияқты санқилы бағалауларға ие емес.

Ашық айтайын, мұндай теріс бағалаулардан мен, бір жағынан, Еуразиялық экономикалық одақ жаһандық экономикалық гравитацияда басқа орталықтарға айтар­лықтай күшті бәсекелес болатындай әлеуетке ие деген қауіпті бүркемелеу әрекетін көремін.

Іс жүзінде, құқық тілімен айт­қанда, әңгіме біздің жаңа инте­грациялық бірлестігіміздің қа­лыптасу кезеңінде-ақ жаһандық ауқымдағы әділетсіз бәсеке әдіс-тәсілі туралы болып отыр.

Неліктен олар Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтардың орасан зор жақын­дасу перспективалары туралы айтпайды?

Бұл жерде пайда әркімге де айқын.

Екінші жағынан, түрлі ақылға қонбайтын әңгімелер ағыны еуразиялық интеграцияның әлеу­еті мен перспективаларын тек нақтылай түседі.

Жиырма жыл бұрын, Еура­зиялық Одақ жобасын ұсына отырып, мен экономикалық прагма­тика оның табыстылығын ай­қын­­дайтынын алдын ала бол­жаған едім.

Қашанда «Әуелі – экономика, сосын саясат» белгілі фор­муласының шынайы жақтаушысы болдым және болып келемін.

Бұл қағидат біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына теңдей тарап, жалпыға ортақ сипатқа ие болып отыр.

Мұндай қадам Қазақстан дамуының барлық саласында – экономикалық реформалар­дан халықаралық аренада әріптес­термен прагматикалық қатынастар қалыптастыруға дейінгі эконо­микалық реформалардың дәйек­тілігін қамтамасыз етті.

Тәуелсіздіктің алғашқы күн­­дерінен бастап біздің еліміз бұра­лаңсыз және түсініксіз қимыл­дарсыз, әлеуметтік сілкініс­терсіз және ішкі жанжалдарсыз дамып келеді.

Біз қашанда лайықты әріптес болып қалудамыз, флюгер секіл­ді өзіміздің сыртқы саяси басым­дықтарымызды ауыстырмаймыз.

Ашығын айтқанда, ТМД-ның көптеген елдеріне осындай кешенді саясат түзіп, осындай тұрақты дамуға қол жеткізу мүм­кін болмады.

Бүгін, бүкіл дүниежүзі Ук­раи­на туралы айтып жатқанда, мен де бұл мәселені айналып өте ал­маймын.

Сіздер менің Украинада оқы­ғанымды, украин халқының тағдырына бейжай қарай алмайтынымды білесіздер.

Мен осы елде болған сілкі­ніс­терді жүрегім қан жылай отырып қабылдаймын.

Украина бұрынғы Одақта өзі­нің өнеркәсіптік әлеуеті, ин­дус­триялық базасы бойынша екінші болатын.

Ол өз бетінше сенімді даму үшін басқа барлық респуб­ли­ка­лар­ға қарағанда алғашқы мүм­кін­дік­тері айтарлықтай көп ел еді.

Алайда, тәуелсіздіктің екі он жы­лында бұл елде экономикамен және қарапайым адамдардың әл-ауқатымен айналысқандар аз болды, есесіне саясатпен көп әуестенді.

Қазіргі Украина дағда­ры­сының басты себебін осыдан көремін.

Біз бауырлас украин хал­қына тұрақтылықты, келісім мен бірлікті жедел қалпына келтіруді тілейміз.

Қандай жағдайда да Украи­наға біздің елдерімізбен сауда қа­тынасы тиімді.

Мұны естен шығармау керек.

Мемлекеттің интеграцияға қа­тысуы ұлттық экономиканы индус­трияландыру, адамдарды жұмыспен қамту, бизнесті да­мытуға оңтайлы жағдай жасау үшін ынталандырушы қызметін атқаруы тиіс.

Халықтардың әл-ауқатын арт­тыруды қамтамасыз ететін, бірінші кезекте, тиын-тебен үшін жатжұртта емес, өз елінде адам­дарға адал да әділетті еңбек ету үшін жаңа мүмкіндіктер беретін интеграция ғана табысты болады.

Экономика мен азаматтардың әл-ауқаты мәселелері Қазақ­станның еуразиялық интеграцияға қаты­суы тұрғысынан басым­дыққа ие.

Біз болашақта Еуразиялық эконо­микалық одақтан еліміздің инно­вациялық серпінділігі мен жедел дамуы үшін орасан мүм­кіндіктер көреміз.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақ­станда дамудың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жаңа стра­те­гиясы жүзеге асырылып жатыр.

Біз «Қазақстан-2030» Стра­тегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырдық және енді өз алдымызға жаңа – ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемдегі ең да­мы­ған 30 елдің біріне айналу мақ­сатын қойдық.

Біз бұл мақсатқа жалпы еура­зиялық геоэкономикалық кеңіс­тіктің егемен және лайықты бө­лігі ретінде қол жеткізбек ниет­теміз.

Біздің Еуразиялық эконо­ми­калық одақ бойынша әріптес­терімізге жоғары меже – 2050 жылға қарай әлемдегі интегра­циялық бірлестіктер көшбас­шы­ларының алғашқы үштігіне ену межесін қоюды ұсынамын.

Бұл жерде Ресей экономи­касының рөлі өте маңызды.

Сондықтан біздің бірлестіктің дамуы экономикалық прагматизм; теңдік пен жауапкершілік, дамудың эволюциялылығы мен Еуразиялық экономикалық одақтың ашықтығы қағидаттарында арқаулық алуы тиіс.

Қазақстан жаңа биіктікке жолды жоғары қарқынмен бастайды.

Өткен жылы біз Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индек­сінде 50-ші елге айналдық.

Бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша біз 50-ші орын алдық және бұл көрсеткішті жақсартудамыз.

2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ 6 пайызға өсті.

Елдің жиынтық халықаралық резервтері қазірдің өзінде шамамен 100 миллиард долларды құрайды.

Қазақстанда айқын жаң­ғырту міндеттері алға қойылып, жүзеге асырылуда.

Бұл, ең алдымен, экономиканы үдемелі индустрияландыру.

Оның шеңберінде 4 жылда 780 жаңа кәсіпорындар салынып, 250-ден астам өнімнің жаңа түрлері игерілді.

Бүгінде әлемнің 111 елі қазақ­стандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алуда.

Біз жыл сайын, электр энергия­сы, энергия үнемдеу және «жасыл технологиялар» саласындағы жобаларды қоса алғанда, жүз­деген жаңа инновациялық кәсіпорындарды іске қосудамыз.

Біз ТМД-да бірінші болып «Жасыл экономиканы» дамыту Стратегиясын қабылдадық.

Бізде мұнай-газ шикізаты, мұнай-химиясы, туризм, терең өңдеу сияқты инновациялық кластерлер дамуда.

Қазақстанда бұрын ешқашан болмаған экономиканың жаңа салалары – автомобиль және авиақұрылыс, тепловоздар мен вагондар, Жер серігі, электроника және басқа да көптеген салаларға негіз қаланды.

Азық-түлік өндірісінің өңірлік орталығы ретінде аграрлық сектор ырғақты дамуда.

2015 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы аяқталады – бұл біздің аумақ арқылы өтетін және Ресей мен Беларусьте салынып жатқан 2700 шақырым.

Өз көршілерімізбен бірге біз Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға, Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығатын жаңа темір жол магистральдарын салып, аяқтадық.

Бізде білім беру саласында маңызды өзгерістер жүзеге асуда.

Бүкіл әлем бойынша жетекші университеттерде 20 мыңға жуық жас қазақстандықтар білім алуда.

Озық халықаралық жоо-лардың 10 мың түлегі қазірдің өзінде біздің экономикада, мемлекеттік қызметте, өндірісте, мектептерде, жоо-лар мен ауруханаларда жұмыс істейді.

Астанада әлемдік деңгейдегі жаңа университет ашылды, барлық өңірлерде 20 интел­лек­туалдық мектептер салынды.

Жүректі және басқа да органдарды ауыстыру жөнінен операциялар, діңгекті жасушалармен емдеу және басқа да инновациялар қазақстандық медицинаның шындығына айналды.

Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артуда.

Бұл осы салаларға елеулі мем­лекеттік қаржы салу­дың арқасында мүмкін болып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, мен әрқашанда «еуразиялықтар мек­тебі» ғылыми мұрасына, әсіресе, Лев Гумилевтің бірегей тарихи тұжырымдамасына ерекше құр­метпен қарадым.

Бұл бағыт бізге көптеген уа­қыттан озық идеялар қалдырды.

ХХІ ғасырда оларды тереңдетіп оқу ерекше көкейкестілікке ие болуда.

Бірақ жаппай жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан біз үшін ең құндысы сол, Гумилев еңбектері барлық халықтарға өзіміздің бірегей тарихи-мәдени кодымызды және біздің бәріміздің еуразиялық екенімізді мақтан тұтуға мүмкіндік береді!

Еуразиялық интеграция – бізге екі мыңжылдық белесінде тарихи прогрестің объективті қадамын ашқан ұлы мүмкіндік.

Құрметті кездесуге қаты­сушылар!

Еуразиялық экономикалық одақ идеясы қалың жұртшы­лықтың, соның ішінде ғылыми қоғамдастықтың қолдауымен нақ­тылы іс-қимылдардың егжей-тег­­жейлі бағдарламасына айналды.

ЕурАзЭҚ, ТМД-ның көптеген елдерінің қатысуындағы еркін сауда аймағы, Қазақстан, Бе­ларусь және Ресейдің Кеден одағы, Біртұтас экономикалық ке­ңістік – бұл біздің бірлескен жұмысымыздың дәйекті жемісі.

ХХІ ғасырда біз сығымдалған тарихи уақыт феноменінің куәсі болдық.

Бұл бүкіл жаһанданған әлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің бірі.

Еуразиялық интеграцияның көптеген нақты мәселелерін бізге мейлінше шектеулі мерзімдерде шешуге тура келеді.

Салыстыру үшін Еуропадағы интеграция үдерісінде, кеден одағын құруға – 11 жыл, ортақ рынок құру үшін – 34 жыл, экономикалық және валюталық одақ үшін 40 жыл қажет болды.

Бірақ онда өзгеше тарихи жағдай, тәуекелдер мен сын-қа­тер­лердің басқадай жүйесі болды.

Еуразиялық интеграцияда бүгінде ешқандай да «уақыт байлығы» жоқ.

Кеден одағы тек 2011 жылдан бастап қана жұмыс істей бастады.

Бізге ХХІ ғасырдағы туындап келе жатқан және бұлтартпас кең ауқымды технологиялық өзгерістер және өзге де сын-қатерлер салдары ретіндегі жаһан­дық экономиканың цейтноты жағдайында іс-қимыл жасауға тура келеді.

Еуразиялық одақтың, бүгінде Еуроодақ бастан кешіп отырғандай, әлемдік экономикадағы түрлі дағдарысты ахуалдармен бетпе-бет келуі мүмкін.

Дағдарысты ахуалдар біздің экономикаларымызда да пайда болуы мүмкін.

Украиналық жағдай – біз үшін жақсы уақыт емес.

Біздің идеямыздың күйреуін қалайтындар да аз емес.

Сондықтан Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы келісімге қол қойғанда осы сын-қатерлерді барынша ескеруге тиіспіз.

Бұл факторлар біздің шешім­дерімізде қандай да бір «бұлдыр сағым» көзқарастар туындатуға тиіс емес.

Өкінішке қарай, сараптамалық деңгейде алаңдатарлық «шы­дам­сыздықтар», ашық айтқанда, болашақ экономикалық одақты дағдылы қалыппен «тезірек қалқитуға» ұмтылушылық бар.

Әрине, мазмұнға нұқсан кел­тіре отырып.

Мен мұндай қарадүрсін көзқа­растардың жақтаушысы емеспін.

Бәрі де геоэкономикалық немесе геосаяси конъюнктуралардың жаңа өзгерістері жағдайында еріп кетуі мүмкін ақшаңқан түспен жарқылдаған ақшақар соғып жатпағанымызды түсінуі керек.

Шынайылық үшін еске сала кетейін, ТМД-дағы жекелеген интеграциялық бірлестіктер туралы бұдан дейін де «жылдам шешімдер» қабылданған болатын.

Бұрынырақта, сонау 90-шы жылдары, жалпы валюталық, кеден және экономикалық және басқа да кеңістіктер құру туралы түрлі пішімдердегі келісімдерге қол қойылды.

Солар қазір қайда? Олар кімнің есінде?

Олар тек тіпті, тарих оқулық­тарында да көрініс таппаған табыссыз талпыныстар күйінде қалды.

Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында біздің мұн­дай қателіктер мен бос ұран­да­тушылыққа құқымыз жоқ.

Ашық айтайын, бүгінде кез келген асығыстық немесе жете ойласпаушылық оны іскер топтар мен миллиондаған адамдардың қолдауынан айыра отырып, интеграциялық үдерістердің түбіне жетуі мүмкін.

Қазақстанның экономикалық одақ құру туралы келіссөздер үдерісіндегі бірқатар қағидатты ұстанымдарының негізінде дәл осындай сенім жатыр.

Биыл біз Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы Келісімге қол қоюдың тарихи белесіне шығамыз.

Сонымен бірге, бүгін одан арғы стратегиялық іс-қимылдарды кем дегенде 15-20 жыл алға белгілей отырып, көкжиектен әрі көз тас­таудың маңызы зор.

Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақтың ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясының екі маңызды аспектіден тұратынын түсінудің маңызы зор.

Біріншіден, әлемдегі шешуші экономикалық макроөңірлердің бірі болу.

Сарапшылардың есептеуінше, қазіргі жүзжылдықта «эконо­ми­калық тартылыстың» әлем­дік орталығы Шығысқа, Азия­ға, соның ішінде, болашақ эконо­микалық одақтың аумағына қарай ауысады.

Біз әлемнің ең ірі өндіруші массивтері – Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасында орналасқанбыз.

Бұл Шығыс пен Батыстың, Еуропа пен Азияның арасындағы геоэкономикалық көпір ретін­де бізге табиғи бәсекелестік артық­шылығын береді.

Сонымен бірге, бір ареалдан екіншісіне тауарлар мен технологияларды беруде әншейін делдал болып қала алмаймыз.

Еуразиялық экономикалық одақ бірден трансұлттық бизнес үшін жаһандық инновациялар мен тартылыстардың жаңа орта­лығы ретінде құрылуы тиіс.

Екіншіден, Еуразиялық интеграцияның маңызды құрамдас миссиясы әрбір қатысушы елдің әлемнің неғұрлым дамыған мем­лекеттерінің қатарына енуін қам­тамасыз етуінде.

Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен бүкіл ұлттық экономикалар үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиіс.

Бізде еуразиялық инте­гра­ция­ның халықтың әл-ауқатының, экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне тигізетін ықпалын өлшейтін индикаторлардың айқын жүйесі болуы керек.

Тек осындай көзқарасты ұстана отырып қана, біз «еуразиялық таңдаудың» тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағ­дыршешті мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола теріске шығара аламыз.

Еуразиялық интеграцияның бүкіл үдерісі дәл осынау маңызды екі бірегей өркениетті миссияны шешуге функциялық және практикалық тұрғыда ба­ғын­дырылуы тиіс.

Тек осылай ғана еуразиялық интеграцияның үзіліссіз табысын және оның мақсаттары мен міндеттеріне деген жалпыға ортақ қоғамдық қолдауды қам­тамасыз етуге болады.

Менің пайымдауымша, Еу­разиялық экономикалық одақ­­тың таяудағы 15-20 жылдағы даму стратегиясында келесі басым­дықтарды қарастырған маңызды.

БІРІНШІ. Ол ұлттық экономи­калар мен еуразиялық интегра­цияның бүкіл кеңістігінің жедел­детілген инновациялық техно­логиялық серпілісі үшін арқаулық жағдайлар қалыптастыру.

2025 жылға дейінгі кезеңге ар­налған Еуразиялық иннова­циялық-технологиялық өзара іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеп, қабылдау маңызды деп санаймын.

Онда күш пен қаржыны шашыратып алмай, экономикалық өсімнің бірлескен нүктелерін белгілеу, неғұрлым перспективалы бағыттар бойынша бірқатар индустриялық консорциумдар құру маңызды.

Мәселен, минералды ресурс­тарды тереңдетіп қайта өңдеуде, аэроғарыш, химия, машина жасау, агроөндіріс, энергетика, көлік салаларында.

Біздің инновациялар сала­сындағы ынтымақтастығымыздың мәселелерімен айналысатын теңбе-тең негіздегі Еуразиялық инновациялық Кеңес тағайындау маңызды деп санаймын.

Екіжақты, сондай-ақ көпжақты негізде бірлескен ғылыми-зерттеу кластерлер құру қажет.

Нақты жобалар экономикалық интеграцияның қозғаушы күші­не айналып, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, жұмыс орындарын құрып, ұлттық бюджеттерге аударымдарды ұлғайтуы тиіс.

ЕКІНШІ. Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы, бүкіл Еуразия ауқымында, жал­пы­­құрлықтық инфра­құ­ры­лымның озық буынына айналуы керек.

Бұл жерде бірқатар жобаларды әзірлеп, жүзеге асыру маңызды.

Мәселен, Біртұтас Еура­зиялық Телекоммуникациялар Желісін құру, Минск – Мәскеу – Астана – Алматы бағыты бойынша жүрдек темір жол магис­тралін салу, қазіргі бар, әсіресе, батыста – еуропалық, шы­ғыста – қытайлық көлік жүйелеріне шығатын автомобиль және темір жолдар желісін жаңғырту, сондай-ақ, «Еуразия» арнасының «Каспий-Қара теңіз» жобасын жүзеге асыру.

Келісілген және біркелкі тарифтер бойынша бүкіл ұлттық экономикаларды газбен қамтамасыз ететін Бірегей ішкі газ тасымалдау желісін құрудың болашақ еуразиялық экономиканың беріктігі үшін маңызы зор.

Энергетика кешенін терең интеграциялаудың жол картасы ретінде бірлескен «Еуразиялық энергетика» бағдарламасын әзірлеп, қабылдау қажет.

Сондай-ақ, біз Ресеймен бірлесіп, бізде АЭС салуға тиіспіз.

ҮШІНШІ. Жалпыеуразиялық экономиканың негізін шағын және орта бизнес құру екені мен үшін барынша ашық мәселе.

Бұл мүмкін деген экономикалық сипаттағы барлық жаһандық сын-қатерлерге икемді жауап беруді қамтамасыз етудің ең маңызды мәселесі.

Қаржылық және сервистік қолдау институттарын жұмыс істеп тұрған Еуразиялық даму банкі арқауында құруға болады.

Еуразиялық интеграцияның ақпараттық-сараптамалық жә­не ғылыми-тәжірибелік инфра­құ­рылымын құру қажет.

Еуразиялық экономикалық одақ механизмдерін қалыптастыру біздің елдеріміздің озық сарапшылары мен ғылыми әлеует­терінің күшін тарту нүкте­сіне, мүдделерді үйлестіру көзқа­растарын белгілеу алаңына айналуы тиіс.

Ұлттық аграрлық салалардың ғылыми-тәжірибелік әлеуетін біріктіре алатындай Еуразиялық аграрлық академия тағайындау орынды болмақ.

Аграрлық сектордағы кооперация азық-түлік экспортына қуатты серпін береді, сонымен бірге, ол біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілер арасында бәсекелестік туғызбауы керек.

ТӨРТІНШІ. Еуразиялық экономикалық одақ мақсат­тары оның құқықтық және ұйым­дастырушылық тетіктеріне айрықша талаптар қояды.

Олар қатаң қағидаттарға негізделген, сонымен бірге, кез келген өзгерістерге тиісінше әре­кет ете алатындай жеткілікті икем­ді­лікке ие құрал болып табылуы тиіс.

Еуразиялық экономикалық одақ органдарын басқару құры­лымы мен тәсілдері өзге инте­грациялық құрылымдардан алынған әншейін бір көшірме болмауы тиіс екені белгілі.

Менеджменттің біздің бір­лестігіміздің ерекше миссиясына жауап беретіндей инновациялық модельдерін іздеу қажет.

Бұл оларды бюрократиядан және ұлттық мемлекеттік аппараттар шенеуніктерінің қажет емес синекурасына айналуынан қорғайды.

Сіздер менің Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүс­тілік органын Еуразия құрлы­ғының дәл жүрегінде орын тепкен Астанада орналастыруды ұсынғанымды білесіздер.

Бұл жерде ешқандай астам ойлаушылық жоқ.

Бұл біздің ел үшін жүк­теме.

Мен мұны, біріншіден, бүкіл экономикалық кеңістікті реттеу алгоритмін теңдестіру қажеттілігі бойынша негіздедім.

Екіншіден, Ресей «бәрін өзі үшін құруда» деген еуразиялық интеграцияға қатысты барлық сыртқы күмәндарды жоюдың маңыздылығы үшін.

Басқа нұсқа ретінде мен осыдан жиырма жыл бұрын географиялық жағынан Еуропа мен Азия түйісетін өңірде орна­ласқан қаланы одақтың орталығы жасауға шақырғанымды еске сала кетпекпін.

Қазақстандық Атырау, Ақтөбе немесе ресейлік Екатеринбург қа­лаларының кандидатураларын қарастыруға болады деп есеп­теймін.

Бірақ Астана бұл рөл үшін анағұрлым дайын.

Бүгін мұндай таңдауды мен қосымша жаңа еуразиялық агломерация, еуразиялық интеграция аумағының орталық бөлігінде жаңа өсу орталығын құрудың маңыздылығымен дәйектеймін.

Ол Еуразиялық экономикалық одақтың әкімшілік орталығының біртұтас экономикалық кеңістіктің шеткі нүктелерінен шамамен бірдей алшақтығы негізінде бүкіл реттеуші тетіктерді бекемдей алар еді.

БЕСІНШІ. Мен экономикалық интеграцияның біздің халық­тарымыз арасындағы мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныстардың белсенділігін арттыратынына және оларды не­ғұр­лым терең­дете түсетініне сенімім мол.

ХХІ ғасыр мәдени сегментті ІЖӨ өсуінде қомақты пайыз­дар әкелетін ұлттық эконо­ми­ка­лардың сөзсіз маңызды құрам­дасына айналдырады.

Бұл туризм, соның ішінде та­рихи-мәдени экологиялық және медициналық туризм.

Бұл инновациялық-индус­трия­лық даму мен басқару жүйесі үшін айрықша маңызды білім беру қызметтері.

Бұл экономиканың көңіл көтеру, спорт сектор және ақ­параттық өнім өндірісі.

Сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық интеграция үдері­сінің қандай да бір сегменттің үс­темдігінен еуразиялық кеңістіктегі рухани-мәдени алуандылықты жойып жібермеуі де маңызды.

Мен біздің кез келген елі­мізде мәдениеттің ұлттық мазмұнының эрозиясына жол беруге болмайды деп есептеймін.

Сондықтан мүше мемле­кеттердің мектептері мен жоо-ларында бір-біріміздің тарихымызды, әдебиетімізді, мәдени мұралар мен тілді оқып-үйренуді ынталандырудың маңызы зор.

Бізде болашақта пайда болатын еуразиялық хабар тарату құрылымдары интеграциялық үдеріске қатысатын барлық елдердің мемлекеттік тілдерін пайдалануы маңызды деп санаймын.

Ол бізді жақындата түседі және сенімді арттырады.

Сондай-ақ, Астанада Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімге қол қою күнін Еуразиялық интеграция күні деп жариялауды ұсынамын.

Қымбатты достар!

ХХІ ғасырда еуразиялық интеграцияға жүріп өтуге тура келетін стратегиялық жолға қатысты менің пайымым, бүтіндей алғанда осындай.

Мен сіздермен – жастармен тікелей жұмыс істейтін ғылыми элитамен тағы да өз ойларымды бөлісіп отырмын.

Біздің экономикалық одақтың құрылғысы – қатып қалған догмат емес.

Бізге уақыттың көптеген күрде­лі сын-қатерлерімен бетпе-бет келуге тура келеді.

Интеграциялық таңдау – «си­қырлы таяқша» емес және таңға­жайыптарға кепілдік бере алмайды.

Тек уақыт қана барынша иландыру дарынына ие.

Мен еуразиялық интеграция идеясын жариялағаннан кейін өткен екі онжылдық тәжірибесі оны растай түседі.

Мен Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуының маңыз­ды сатысына деген менің көзқарастарым мен пайым­­дауларымның ғылыми топтар мен жұртшылық арасында қол­­дау табатынына шынайы үміт артамын.

Мен ХХІ ғасырдың ұлы, өркен­деген Еуразия жүз жыл­дығы болатынына терең сенімдімін.

Назарларыңызға рахмет!

Дәріс оқылып болған соң Қазақ­стан Президентіне залдан сұрақтар қойылды. Енді біреулер Еуразиялық интеграция авторына алғыстарын айтты.

Алғашқы сұрақ ғылым жайында болды. Ғалымдар тарапынан қойылған «ғылым саласын дамытуда қазір қандай бағыттарға маңыздылық берген дұрыс, қай бағытта ынтымақтастықты күшейту керек» деген сауалға Елбасы өзінің жоғарыда оқыған дәрісіне қайта орала отырып жауап берді. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық бағ­дарлама жұмыс істеп жатқанын, ал оған ғылымның аса маңызды әсері бар екендігін айтып өтті. Бүгінде зауыт салу оңай, ал оның әрі қарай дамуы үшін ғылыми жетістіктердің болуы шарт, деген Елбасы елімізде ғылыми жаңалықтарға, ғылыми жаңашылдықтарға, инновацияға маңыз беріліп отырғанын тілге тиек етті. Н.Назарбаев экономиканы дамыту үшін ортақ табиғи ресурстарды барынша өңдеуге басымдық беру керектігін жеткізді. Яғни, шикізатты мүмкіндігінше, соңғы өнімге дейін өңдеу – бүгінгі заманның талабы, деді Елбасы. Нанотехнологияға басымдық беріліп, роботтар жасап шығаруға дейін барынша заманауи ғылымға бейімделуге тиіспіз.

Келесі бір сұрақ қоюшы Елбасының дәрісте айтылған ұсыныстары өзінің де ойынан шыққанын айта отырып, соның бірі Интеграция күнін атап өтуді жалғыз Астанада ғана емес, барлық Кеден одағы елдерінің астаналарында да атап өтсек қалай қарайсыз, деген сауал жолдады. Н.Ә.Назарбаев мұны бірауыздан құптайтынын айтты.

Студенттер тарапынан қойыл­ған бірқатар сұрақтар Президенттің жеке өміріне қатысты болды. Оның ішінде қарапайым металлургтен бүгінгі беделді Президент деңгейіне дейін көтерілген өмір жолына да қызығушылық танытылып жатты. Елбасының тағылымды өмірін үлгі тұтқан жас буын Қазақстан басшысынан ақыл-кеңес сұрады. Н.Ә.Назарбаев өзінің қиын кезеңдерге тап келген балалық шағынан сыр тарқата отырып, өмірде кез келген адам шыдамды, еңбекқор болса, бәрін бағындыратынын баса айтты. Жастарды сабырлы болуға шақырды. Көшбасшылардың үнемі алғы шепте жүру керектігін, әрбір адам алдына мақсат қоя білу қажеттігін тілге тиек етті.

Сұрақ-жауап аяқталған соң М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Нұрсұлтан Назарбаевқа университетке келгені үшін дәстүр бойынша естелік диплом ұсынды.

Сонымен, кеше Қазақстан Президентінің идеясы еуразия­лықтың іс жүзіндегі жаңа кезеңінің бастауы болғаны тағы бір мәрте дәлелденді. Қазақстан басшысының еуразиялық интеграция туралы ұсынысы соңғы 20 жыл бедерінде посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияға халықаралық-саяси тұрғыдан жаңаша серпін берді деу­ге әбден негіз бар. Әрине, соңғы 20 жыл қазіргі заманғы еуразиялық интеграция биігіне көтерілудің қиын да табысты жылдары болды. Ал алдағы болашақ бұдан да жарқын, кемелді болуы тиіс. Оған Елбасының еуразиялық интеграция жөніндегі жаңа ұсыныстары жетекші болары сөзсіз.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» –  Мәскеуден.

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969