"МЕНІ БҮГІН ҚАРАЛАҒАНДАР ЕРТЕҢ ҰЯЛАТЫН БОЛАДЫ"
– Жарылқап мырза, «Аңыз адам» журналының кезекті саны Адольф Гитлерге арналуы журналдың шығу мерзімі тұрғысындағы кездейсоқтық па, жоқ әлде 9 мамыр мен Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне қол қою қарсаңына арналған жоспарлы редакциялық саясат па еді?
– Біз бұрын 9 мамыр қарсаңында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметін айта отырып, Екінші дүниежүзілік соғыстың бұрынғы КСРО-ға және біздің Қазақстанға қатысын жан-жақты сөз еткенбіз. Бұл жолы Екінші дүниежүзілік соғыстың тікелей ұйымдастырушысы болған Адольф Гитлердің өмірбаянын айта отырып, Екінші дүниежүзілік соғыстың бүкіл бес құрлықтың халқына тигізген залалын, адамзат әлеміндегі ең сұрапыл соғыс тарихын ауқымды түрде ашпақ болдық. Сөйтіп, қазақ оқырмандарын Гитлер секілді тарихи тұлғалардың ұлтшылдық іс-әрекетінен сақтандырғымыз келді. Бүгінгі таңда оған ұқсап келе жатқан путиндік Ресейдің Қырымды күшпен қосып алғаны және бұрынғы Кеңестер Одағын қайта қалпына келтірмек болған империялық-шовинистік саясаты бізге қосымша әсер еткені рас. Путин Ресей билігіне келгеннен бері скинхедтер мен фашизмді жақтаушылар қатары көбейді. Ресейдің үлкен қалаларында свастикалы жалауды желбіреткен жастар тобының пайда болуының түбі жақсылыққа апармайды. Кешегі Толстойдың, Пушкиннің, Достоевскийдің мәдениетті Ресейі бүгін неофашистік путиндік Ресейге айналып бара жатқан жоқ па деп қорқамыз.
Ал енді «неге «Аңыз адам» журналы Гитлер туралы жазады?» деп қайта-қайта сұрай беретін соғыс ардагерлері мен оқырмандарға айтарым: бізді түсінбей қалмасын деп, журналымыздың алғысөзінде жоғарыдағы ойымды жазғанмын. Бірақ, өкінішке орай, ешқашан қазақ тіліндегі журналды оқып көрмеген орыс тілді қауым Гитлердің фотосуретінен шошып, оқымай жатып, қате қорытынды жасап, мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салуда. Оқып көрген адамға біз журналда фашизмді насихаттап, Гитлерді дәріптеп отырған жоқпыз. Қайта әшкерелеп отырмыз. Және сол әшкерелеу мақсатымен ғана жаздық.
– Сіз журналист ретінде есіңізге алыңызшы: қазақтың жерін сатуға рұқсат беретін заң шыққанда, қазақтың баласын әр жерлерде басқа ұлттың өкілдері қастандықпен өлтіргенде, елдің қамы үшін азаматтық қарсылыққа шыққан Заманбек пен Алтынбекті атып кеткенде, т.б. ұлтты һәм елдік мәселеге араша түсу қажет болғанда, үні естілмейтін қоғамдық-мыс ұйымдардың Гитлерге қатысты болар-болмас мәселеге байланысты сізге шүйлігуінде қандай себеп бар деп ойлайсыз?
– Оның себебі біздің жасы үлкен ұрпақтың кеңестік кезден қалыптасып қалған ескі, қатаң советтік түсініктен арыла алмағандығынан шығып отыр. Олар советтік идеологияның жетегінде қалып, тарихтың бұрын айтылмаған жаңа шындығын, адам құқы мен сөз бостандығын қабылдағысы келмейді. Осыны пайдаланған Ресей ақпараттық агенттігі бастап, оны жергілікті Ресейге бүйрегі бұрып отырған баспасөздің жабыла қостауымен қазақша оқи алмайтын бірқатар соғыс ардагерлерін қазақ журналына қарсы қойып отыр.
Ресей баспасөзінің жанына батқаны – тарихшылар мен ғалымдарымыздың қазіргі Путиннің ұлтшылдық-шовинистік саясатын Гитлердікімен ұқсастырғаны болар. Олар өз мемлекетінің ұлттық мүддесін көздеп отыр. Ал біздердің баспасөз бен билігіміз қай елдің мүддесі үшін жұмыс істеуде? Сонда сөз бостандығы мен ой еркіндігіне рұқсатты біз Ресей билігінен алуға тиіспіз бе?
– Жарылқап Қалыбайды тұқырту, тіпті оны соттау науқанын ішкі саясат мамандары мен биліктік органдар ұйымдастырып отыр деген пікірге не алып-қосар едіңіз?
– Иә, «Регнум» атты ресейлік ақпарат агенттігінің «жаптым жала, жақтым күйе» деген жалған ақпаратын тексеріп, біліп алмай тұрып, оған мемлекеттік билік органдары да қосылып кетті. Мәселен, Билік «Нур.кз» пен «Закон.кз», «Тенгриньюс.кз» сайттарының Ресей ақпарат агенттігінен тексермей көшіріп басқан сандырағына сеніп, заңсыз түрде мені сыртымнан Қылмыстық кодекстің 164-бабымен айыпты етті. Мемлекеттік органның заңсыз пікірін тілге тиек еткен «Мир», «Еуразия», «КТК» телеарналары бұл жалған ақпараттармен қаруланып, жарияға жар салды. Ресей елшілігі осындай сылтау таба алмай отырғандай, біздің Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдады. Біздің министрліктің баспасөз хатшысы жедел жауап беріп, онысын бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында таратты. Осылайша мен 1937 жылдағыдай ешқандай кінәм болмаса да, «халық жауы» болып шыға келдім. Мұндай болады-ау деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Енді олар өз қателігін ақтап алу үшін қалай да мені қылмысты етуге бүкіл мемлекеттік машинаның күшін қосуда. Мемлекеттік билік тарапынан жасалып жатқан аталмыш журнал санының сараптамалық қорытындысының қаншалықты әділ боларын бір құдай біледі.
– Жарылқап мырза, апта басында 28 панфиловшылар атындағы саябақта «Аңыз адамға» қарсы шара өткізілді. Ондай шараны өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алу керек. Билік оларға дем бермесе, бір түнде соғыс ардагерлерін, Ауған соғысына қатысқандарды журналистер «желкелеп» әкеле алады деп ойлайсыз ба?
– Журналдың тұрақты оқырманы болып табылатын құқық қорғаушы заңгер Мақсат Ілиясұлы мен Ауған соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Нұрдәулет Белғожаевтың айтуынша, 28 панфиловшылар саябағында журналға қарсы ұйымдастырылған шараға қатысушылардың арасынан Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерболат Әуезов пен оның орынбасарын көріпті. Белсеніп алғандардың бірі «баспасөз мәслихатына барып, Жарылқаптың жағасынан алып, соққыға жығамыз» дегенді естіген соң, құқық қорғаушы Мақсат Ілиясұлы әлгі жергілікті биліктің екі шенеунігінің жанына барып: «Мыналарың не сұмдық, қалай жол беріп қойдыңдар? Сендер заңсыз шеруге қалайша жол беріп отырсыңдар?» – деген екен, ана екеуі қаша жөнеліпті. Ал бүгін Е.Әуезов редакцияға хат жолдап, журналды басқан баспахананың атын көрсеткенімізбен, бірақ мекен-жайын жазуды ұмытып кеткенімізді байқап қалып, әкімшілік сотқа беретінін хабарлап үлгерді. Яғни, осы іске билік өкілдерінің қатысы болғаны айдан анық.
Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты, парламенттік фракция жетекшісі Жириновский еліміздің тұтастығы мен шекаралық аумағына байланысты 20 жылдан бері айтпағаны жоқ, бірақ біздің Сыртқы істер министрлігі ешқашан Ресейге нота жіберген емес. Ал соңғы жолғы сөзіне біздің елшілік жауап талап етсе, сіздер оның сөзін дұрыс түсінбей қалғансыздар деп кінәні өзімізге аударыпты.
– Ал жекелеген сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл дау-дамайдың түп-төркіні Гитлерге емес, Ресейдің президенті Владимир Путинге тиіп тұр дейді. Мәселен, ресейлік интернет-сайттар отын үрлеген «Гитлерді насихаттау» мәселесі Кремльге жеткен соң, қазақстандық билік Ресей патшасына адалдығын дәлелдеудің әрекетін жасап жатыр деген пікірге не айтар едіңіз?
– Осы пікірге менің де қосып-аларым жоқ, мәселенің түп-төркінінің үстінен дөп түстіңіз. Бізді осындай жағдайға жеткізіп отырған еліміздегі ресейшіл журналистер мен билік өкілдері.
– Ресейдің Қырымды басып алып, Украинаға қатысты агрессиялық саясат жүргізіп отырған жағдайында біздің билік қазақ жерінің солтүстігін қорғауға қатысты мәселе көтеріп жатқаны белгілі. Бәлкім, осы дүрмектің астарында ұлт патриоттарын тықсырудың әрекеті жатқан жоқ па екен?
– Менің қорқатыным – билік елдің тәуелсіздігін қорғайтын баспасөзді өзгенің алдында жығып беретін болса, ұлт патриоттарын Ресей шовинистерінің табанына таптатса, күні ертең Украинадағыдай сценариймен еліміздің бір пұшпағын бөліп беруге де қарсылық танытпайтын шығар деген күмәніміз жоқ емес. Тіпті Еуразиялық экономикалық одақ үшін тәуелсіздікті де құрбан етпесе етті деп алаңбыз. Ресейге бұрын Әуе күштеріне қарсы қорғаныс кеңістігін беріп едік, сосын солтүстік шекаралық аумақтағы Кеден бекеттерін бердік, ақпараттық қауіпсіздікті де Ресейге билетіп қойдық. Енді солардың боданы болу ғана қалды. Биліктің осы саясатын түсінбей-ақ қойдым.
– Сіздің журналыңызға қатысты белгілі әнші Бекболат Тілеухан ғаламторда таратылған бейнежазбасында Ресейдің ұстанымына қатысты ушығып тұрған мәселеге май құйды деген сияқты пікірін айтыпты...
– Бекболат бауырымыз – керемет әнші. Ол Ақтамбердінің термесін орындағанда, әрбір қазақтың жүрегі шымырлап, ұлттық рухы көтеріліп кетеді. Қайталанбас ғажап әнші. Сол талантымен өнерін жалғастырып, тыңдаушысын сүйсіндіріп жүре бергені абзал еді. Бірақ сондай әншінің бүгінде саясаткерге айналып бара жатқанын көріп, жаның ашиды. Мені ресейшіл, орыс тілді БАҚ жан-жақтан талап жатқанда, екінші жақтан өз қазағым қосыла «ұрып» жатқанына не жорық? Кімді кімге қарсы қойыппыз? Гитлер сияқты зұлымды әшкерелегеніміз үшін жазықтымыз ба? Ата заңымыздағы сөз бостандығына сәйкес қоғам қайраткерлері мен ғалымдарға «Гитлер кім?» деген сұрақ қойып, берген жауаптарын жарияладық. Ішіндегі бір адамның жеке пікірін жұлып алып, бүтін бір басылымды қаралау акциясына қазақтардың қосылып кеткені өкінішті...
– Әртүрлі орыс тілді сайттардың таратқан ақпараты сіздің жеке басыңызға немесе «Аңыз адам» журналына жасалып жатқан әрекет пе?..
– Өйткені біздің екі басылымның артында жүз мыңдаған оқырман бар. Сол оқырмандардың отбасының мүшелерін қоса есептесек, қалың бұқара тұр. Қазақ қоғамы ұлттық мәселені көтермеуі үшін, ерікті, азат қоғамға ұмтылған ұрпақтың жолына кедергі қоюдың амалы деп білем. Орысша сөйлейтін, Ресейге бодан болудан намыстанбайтындар үшін қазақтың ұлттық мүддесінің құны бес тиын.
Меніңше, қазір біздің қоғамда ұлтшылдық ордасын іздеу науқаны етек алды. Ол ресейлік идеологиямен ауырған ресейшіл пиғылдағы отандастарымыздың басқаруымен жүріп жатыр. Оған билік тармақтарындағы ресейшіл бастықтар да үлес қосып отыр. Егер кімде-кім мемлекеттік тілдің құқын қорғаса, қазақ ұлтының ар-намысын қорғаса, осы елдің патриоты ретінде ел Тәуелсіздігінің мәселесіне басын қатырса, сол адамға ресейшіл ақпарат «ұлтшыл» етіп айдар тағады, сосын жоғарыдағылар оған қысым көрсете бастайды. Бізде барлық мәселені тек билік шешіп, басқалары Ел тағдыры мен Жер тағдырына араласпай, өз кәсібімен ғана шұғылдануы керек сияқты. Яғни, басқа өркениетті елдердегідей жеке адамды азамат (гражданин) ретінде тану, қалыптастыру жағы қалыс қалған. Тек қарынның қамымен жүрген қарапайым тұрғын болғанымызды қалайды. Ал Ел тағдыры мен Жер тағдырына бас қатырған адамды «сен біздің бақшаға түсіп кеттің» дегендей, биліктегілер қудалауға салады. Мұндай елдің болашағы жоқ. Отанымызға қауіп төнген жағдайда оны қорғайтын патриоттар тәрбиелей алған жоқпыз. Ал Ресей ақпараты дәл осы мақсатты көздеп отыр.
– Жарылқап мырза, сөз соңында кімге сенесіз деген сұрақтың реті келіп тұр...
– Қалың қазағыма, оқырманыма сенемін. Өзіме сенемін. Басқа сенім артар күшті көріп тұрған жоқпын. Саясатпен айналысып жүрген жан емеспін, журналымды шығарып, журналистік міндетімді жақсы атқарып жүрмін деп санаймын. «Аңыз адам» сияқты медиа-жоба ТМД аумағында жоқ десем болады. Тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаны кезең-кезеңімен зерттеп, көпшілікке ұсынамыз. Ататүрік арқылы Түрік Республикасының қалай құрылғанын, өткені мен бүгінгі тарихын жарияладық. Мао Цзе Дунға қатысты өмірбаяндық деректер арқылы көршіміз Қытай Халық Республикасының тарихын, ал Гитлер арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын бүгінгі ұрпаққа, журнал оқырмандарына жеткіздік. Мектеп оқулықтарынан тыс қалған тарихи деректерді жарияладық.
Сөзімнің соңында мені фашизммен күрескен ардагерлердің патриоттық сезімін таптады деп қаралайтындарға айтарым: мен де сол соғысқа қатысқан буынның ұрпағымын! Нағашы атам – Қыдырбай Айтбайұлы Сталинград шайқасында бір қолы мен аяғынан жараланып, елге оралды. Атамның қолындағы жарасынан сарысулы іріңінің таусылмай аққанын соғыстан 14 жылдан кейін туған мен де көрдім. Фашизмнің жойылуына үлес қосқан ардагерлердің алдында басымды иемін, олардың ерлігін дәріптеу – менің перзенттік парызым! Менің Гитлердің фашистік-басқыншылық іс-әрекетін әшкерелегенім үшін жазықты болғаным – қазақ тарихында болмаған жағдай. Мені бүгін қаралағандар күні ертең ұрпағының алдында ұялатын болады...
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»
Ықшамдалып алынды.
Түпнұсқадағы тақырып: Гитлердің зұлымдығын әшкерелеймін деп,
«ХАЛЫҚ ЖАУЫ» БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІМ
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 16 (240) от 24 апреля 2014 г.