Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 9626 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 12:06

ТАМАҚТЫ ҚОРЛАҒАН ТЕЛЕАРНА

   1988 жылы мектепте оқып жүрген кезімде әкем Кеңес: «Жанар Айжанова деген жас қыз қазақтың қара домбырасымен сахнаға шығып, құйқылжытып Шәкәрім Құдайбердіұлының «Анадан алғаш туғанда» деп аталатын әнін салғанда,  көрермендер ұйып тыңдады, ризашылығын білдіріп гүл сыйлады» деп мақтағаны әлі күнге есімде.

   Арада 26 жыл өтіпті. Марқұм әкем мақтаған Жанар Айжанова Айгүл Иманбаевамен бірігіп «КТК» телеарнасынан «Той Bast star» деген бағдарламаны жүргізіп жүр.

15 наурыз  күні кешқұрым телеарнаны қосқаным сол еді, әлгі бағдарлама жүріп жатыр екен. Сахнаға бір жігіт ән айтып шықты, артынан екі қыз келіп басынан бір табақ борщты құйып жіберді, артынан бір қыз келіп басынан екі литр «коланы» асықпай құйды. Жігіт ешқандай қарсылық көрсетпей, одан бетер тамақтың үстіне секіріп билеп, өлеңін жалғастыра берді.  Одан кейін сайқымазақтың киімінде бір жігіт шығып, өлең айтып тұрған жігіттің бетіне қолындағы тортын жақты. Қызыл сары бояуды құйды, құстың жүнін үстіне төкті. Залда отырған парықсыз көрерменмен қосыла Жанар мен Айгүл беттерін басып, әбден күлді күлді. «Кола» құйған қыз ән салған жігітке «алғыс хат» тапсырды.

  Айгүл мен Жанар жігітке «Бәрекелді, жарайсың, нағыз жігіт екенсің» деп айтып жатты. Бұл не тойынғандық па, әлде азғындағандық па? Қалай түсінуге болады? Тамақтың үстіне би билеп, өлең айту әлемнің бірде бір елінде жоқ. 1931-32 жылдары ашаршылықтан 4 миллион қазақ қынадай қырылып еді... Ал біз астың үстінде асыр салып билеп жүрміз.

     Бүгінгі қазақ телеарналарын бет-аузын қисаңдатқан жәркелеш әзілкештер, күлмейтін нәрсеге күлдіремін деп өзі де әуре болатын, жұртты да әуреге салатын сайқымазақтар басып алды. «Жаңалықтардан» көретініміз қыз зорлау, сәби өлтіру, көлік апаты, адам тонау. Осының бәрі қазақты ойсыз, түйіксіз, жабайы, азғын ұлтқа айналдыру үшін әдейі жасалып отыр ма деген де ойға кететін болдық. Әлгіндей бағдарламаға қатысушы жігіттер мен қыздар да өңкей өзіміздің қаракөздер. Осы бағдарламаны еліміздің миллиондаған жастары көрді, олар кімдерді үлгі тұтып, кімдерге қарап өсетіні түсініксіз. Бағдарламаға қатысушылар мен кейіпкерлердің бәрі дерлік ата-ананың тәрбиесін көрмеген, ұстаздың алдында болмағандай әсерде боласың. Біресе орысша, біресе қазақша сөйлейді. Сахнадағы мәдениет, инабат  дегеннен жұрдай. Не болса соған қол  шапалақтап, беталды ыржалақтай береді,  шетінен ойсыз жастар, тіпті мәз-мәйрам. Қазір бүкіл қазақ осындай арзанқол әжуаға мәз болатын ұлтқа айналып бара жатқан сияқты. Әдеби, мәдени талғамнан жұрдай боп барады.

    Осындай «Шоуларды» ойлап тауып жүрген бағдарламашылардың мақсаты -  қазақ халқын топас, дүбәрә, надан,  мәдениеттен жұрдай етіп көрсету сияқты. Бұлар бүгінде көзі ашық, көңілі ояу  қазақтың ар-намысын таптап, наразылығын тудырып отыр. 2013 жылдың қараша айының 23 жұлдызында өткен құрылтайда Дулат Исабеков ағамыз «қазақты азғындату үшін құпия институттар өте жақсы жұмыс істеп жатыр» деп еді, бірақ ешкім оған құлақ аспады. Мынау солардың жымысқы саясаты секілді.

   Өткенде қазақтың киелі ұлттық тамағы — етіне тиісіп, «Бешбармақ шоу» деп бір бүлдіріп еді, енді «Той best star» - атының өзінен шошып едік.

    Егер телеарналарда берілетін хабар-ошар, әртүрлі көрсетілімдерді іріктеп, сұрыптап отыруды қолға алмаса, қазақ өзін-өзі өз телеарналары арқылы-ақ құртатыны сөзсіз. Және телеарна басшыларын тездетіп ана тілін, ата-баба дәстүрін, ұлттық рухты бірінші орынға қоятын адамдардан тағайындайтын күн туды.

Жұмамұрат  Шәмші

тарих  ғылымдарының  кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369