МӘСІМОВ МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ ОРАЛДЫ
Abai.kz ақпараттық порталы отставкаға кетіп жатқан Ахметов Үкіметін «Үндемейтін Үкімет» атаған еді. «Үндемейтін Үкімет» сол үндемеген қалпы жылы орынын босатып, атқарушы билікті қайтадан Кәрім Қажымқанұлының қолына қайтарып берді. Серік Нығметұлы 1 жыл 7 ай (ол 2012 жылы 24 қыркүйекте Прмеьер-министрлікке тағайындалған болатын) ҚР Үкіметін басқарыпты. Ахметовтың премьерлігін ел іші жылы қабылдаған еді. Ешқандай кланда жоқ. Суыққолдылығы байқалмаған. Сыпайы, сылық. Алайда, Ахметов сол имиджін сақтап қалуға тырысып баққандай басқа ештеңе тындыра қоймады. Тілге сынбады. Көші-қон мәселесіне қыңбады. Ресеймен кедендік одақ шеңберінде бәсекеге түсе алмады. Есесіне Үкіметтің сондай үнсіздігі мен момындығы Президент әкімшілігін басқарған Кәрім Мәсімовтің салмағын арттыра түскен. Жұрттың есінде шығар, 14 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында айналасына қадау-қадау тапсырма берген Елбасы Ахметовке емес, Мәсімовке көбірек қарап, соған мойын бұрып, со кісімен кеңесіп отырғандай, со кісіге ғана үміт артқандай сөйлеген еді. Оның үстіне, Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасы нашар екен дегенді еститінбіз. Ақыры, міне, Ахметов отставкаға аттанып Үкімет басшылығына Мәсімов қайта тағайындалып жатыр. Кәрім Қажымқанұлы бұдан бұрында Премьер-министрдің орынтағына отырып көрген. Тәжірибесі мол. Қысқасы, Мәсімовтың тағайындалуы – Қазақстан Үкіметінің тарихында болмаған тағайындалу.
Ал енді Мәсімовтің бұл тағайындалуында қандай мән бар?
Біріншіден, Президент оның Кедендік одақ шарттарын түзіу барысындағы тараптармен (Ресеймен, Беларуссиямен) байланысын кәдеге жаратуды көздеуі мүмкін.
Екіншіден, дүниежүзілік кезекті қаржы дағдарысы кезінде Үкіметті басқарып елді дағдарыстан алып шыққан Үкімет басшысы ретінде бағалануы ықтимал.
Үшіншіден, Мәсімов мәмілегер тұлға. Оның кісіге жұғымдылығы да есепке алынған шығар.
Төртіншіден, Қытайдан жұмысшы күшін тартып, солтүстікті дихан-шаруалармен толтыру дейтін аса нәзік шаруаны ҚХР-да оқыған, қызмет жасаған, қытай тілін білетін Мәсімов жүзеге асыруы мүмкін дегенді Президент ойға алды делік.
Бесіншіден, Еуразиялық экономикалық кеңістікке қадам басар тұста Мәсімовпен Үкімет басшысы ретінде кеңесе отырып жұмыс істеу Президентке тиімді болса керек. Алтыншыдан... жетіншіден.... жүзіншіден.... осындай себептермен Кәрім Қажымқанұлы Мәңгілік елдің Үкімет басшылығына оралды.
С.А. Терещенко (1992 — 1994)
Ә.М. Қажыгелдин (1994 — 1997)
Н.Ө. Балғымбаев (1997 — 1999)
Қ.К. Тоқаев (1999 — 2001)
И.Н. Тасмағамбетов (2001 — 2003)
Д.К. Ахметов (2003 — 2007)
К.Қ. Мәсімов (2007 — 2012)
С.Н. Ахметов (2012 - 2014)
К.Қ. Мәсімов (2014)
Abai.kz