Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 20596 0 пікір 1 Сәуір, 2014 сағат 16:47

АБАЙДЫҢ ТҰҢҒЫШЫ - АҚЫЛБАЙ

Суретте: Абай ұлдары Ақылбай және Мағауиямен бірге

Ақылбай - Абайдың Ділдә атты бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған. 

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді. Құнанбай өзімен тең жерден қыз айттырып, Ақылбайды үйлендіреді.

«Өзімен тең жер» деген сөзімізді түсіндіре кетейік. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:

Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, - деген сөз бар.

Қисық Тезекұлы Найман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінен аға сұлтан болыпсайланған. Сондықтан Қисықты: «Қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптейді.

Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би, Қисық шежіресін былай тартады:

…Көшкімбайдың баласы Тезек дейді,

Тезек ұлы Қисық хан найман білген.

Ұмақан, Қасен, Әлсейт, Нүрпейістер –

Төртеуі хан баласы үлгі көрген.

Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.

Үйленген Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

Фаниден уақыт жетіп о да кеткен.

Сасқан жан жер шетінен бабам десем,

Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, - деген сияқты болатын. 

Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қарақесек, Қаздауысты Қазыбек би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би, Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай.

Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандарды әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.

Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін (1890) жазады.

Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.

Еңді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады.

Құнанбайдың мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлақтап өткізген мағнасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас: Ақылбай Абай төңірегіндегі әржақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.

«Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын… Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын.

Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. «Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:

Матай да алыс бірталай жер деген соң,

Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тұраштың қайнына, күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма қол айтып берген әні екен.

Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Ол: «Дағыстан» (Кәрі Жүсіптің»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».

«Дағыстан» поэмасының тақырыбын ақын шәкірттеріне Абай өзі ұсынады. Бұл поэманы жазуға Ақылбай, Мағауия, тағы бірер шәкірті кіріседі. Поэманы бәрінен бұрын жазып шығып, оқыған Ақылбай болады. Ақылбай жазған «Дағыстан» Абайға және барлық ақын шәкірттерге ұнайды да бұл тақырыпты меңгерген Ақылбай деп ұйғарады.

Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай ауылының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.

Ақылбай, ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» (Кәрі Жүсіп»), Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалы поэмаларды жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты мәдениетті ақын.

Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне қатынасқаны байқалады.

1895 жылы Әбдірахман өліміне жазған жоқтау өлеңі, кейін 1904 жылы інісі Мағауияның қайтыс болуына шығарған жоқтауы да сақталған. Бірақ, негізінде Ақылбайды талантты ақын етіп танытқан оның белгілі поэмалары: «Дағыстан» (Кәрі Жүсіп), «Зұлұс», «Жаррах батыр». Бұл шығармалардың ішіненбізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана, «Зұлұс» поэмасының басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен.

Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш) қайтыс болады, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі қайтыс болады.

Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған. Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.

Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил.

 

Әдебиеттер тізімі:

Ақылбай // Абай: Энциклопедия.- Алматы: «Атамұра», 1995.-68-69 б.

Ақылбайдың ақындығы: Абай – 165 ж. // Ертіс өңірі. - 2010. - 11 шілде. - 12-13 б.

Әубәкірова Н. Ақылбайдың ақындығы // Семей таңы . - 2011. - 17 мамыр. - 3 б.

Бейсембаев М. Әрі ақын, әрі композитор // Семей таңы.-1981.-18 ноябрь.

Ердембеков Б. Ақылбайдың ақындығы // Ертіс өңірі. - 2010. - 11 шілде. - 12-13 б.

Жұмалиев Қ. Ақылбай Абайұлы // ХУІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті.-Алматы, 1971.-389-405 б.

Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері.- Алматы, 1993.-224 б.

kazadebiet.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963