Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8633 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 15:47

Ақберен Елгезек. Жоқ, мен жеңілмеппін. Мен жеңген екенмін

Бүгін бір жігіттер туралы әртүрлі әңгіме естіп, әрі күрсіндім әрі қуандым. Күрсінгенім - оларды аяғаным, қуанғаным - өзімнің қатты өзгергендігімді сезгенімнен еді. Университет бітіре салысымен 10 жылға жуық мемлекеттік қызметте істедім. Қолымнан ештеңе келмесе де, құзыретімде бәрін өзгертуге мүмкіндік беретін үлкен тетіктер болмаса да, Қазақ мемлекетінің болашағына, басшылықтың дұрыс саясатына өлердей сеніп, белсенді жұмыс істейтінмін. Тіпті, жұмыстан елден кеш шығып, ерте келетінмін. Көп оқып, басшылыққа ең көп ұсыныс бергіш те біз едік. "Пысық" та, "мансапқор" да атанғанбыз. Алғашында жүрегің ауыратын, артынша миығымыздан күліп, жүре беруге де дағдыландық. Себебі, жұмыс істеген адамның ғана артынан күңкіл сөз еретінін ерте түсінген едік. Ауылдан аттанғанда, ұлы армандармен шыққан едім. Тәуелсіз елімнің жарқын болашағына сенген аңғал жүрегім мен балаң танымның арқасында ештеңені елемей, көп дүниені байқамай жүретінмін. Жылдар өтті, өмір өзгерді. Өмір өзгерген жоқ екен. Сана, көзқарас өзгеріпті. Сана өзгерген соң, сиыспау орын алды, шеттетілу мен әлеуметтік жеңілістер дәуірі басталды. Аллаға сансыз тәуба, сынуға таяп қалғанда, ішкі рухымыз бек серпіліп, еңсемізді тіктеп жіберетін. Бүгін енді заман да, қоғам да басқа. Ал, бізді басқарып отырмыз деп есептейтін әлгі жігіттер шын мәнінде ештеңені байқамай, он жыл бойы сол деңгейде, сол қалпында қалып қойыпты. Жоқ, мен жеңілмеппін. Мен жеңген екенмін, жігіттер! Себебі, мен халықпен бірге өзгеріппін, ал, сендер көштен қалып қойыпсыңдар. Алла шебер ғой! Саған не қайырлы, не қайғылы екенін Жаратқаннан артық кім біледі? Өзің қайда кетіп бара жатқанынды өзің де білмейсің. Ендігі бар арманым, бар асқақ мұратым - қазақтың жоғын жоқтап, барын көбейту. Бізде бұлай сөйлеген "мемлекеттік саясатқа қарсы", "халық жауы" деп танылатынын да жақсы білемін. Әсілінде, олай емес қой, мүлде! Отырып ап сынау да - керемет шаруа емес екенін ұғынамын. Халыққа білген-түйгенін айтқан адамды "жау, содыр, бүлікшіл" деп танитын кісілер қоғамның жедел дамуы үшін пікір алуандығының қажеттілігін, ұсыныс пен әділ бағаның керектігін білсе, абзал боларын естеріне салғым келеді. Бүгінгі біз қандай болғанымыз жөн, ертеңгі ұрпақ қандай болу керек, мемлекетіміздің кемелденуі қай жолмен дамуы тиіс деген мәселелерді бірлесе қарастыратын, бірлесе іске асыратын жолда болғым келеді. Себебі, мен ақын ретінде де, азамат ретінде де Отанымды шексіз сүйемін!

www.facebook.com

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963