ҚМДБ: келісім алмаған азамат шетелде оқуға қабылданбайды
Бұдан былай шетелге діни оқуға баратындар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан арнайы рұқсат қағаз алуы шарт деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.
Ел азаматтары қажетті құжатты алған жағдайда ғана жіберіледі. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Мысырға жасаған сапарында осындай келісім-шартқа қол қойылды.
Ержан қажы Маямеров Мысыр мүфтиі шейх Шауқи Ибраһиммен кездесуінде дін мамандарының білімі мен біліктілігі туралы ұсыныс-пікірімен бөлісті. Екіжақты кездесуде дін қайраткерлері өзара келісім мен ынтымақтастық туралы келісім-шарт құжатына қол қойды. Аталған құжатта отандастарымыз тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан арнайы рұқсат қағаз алған жағдайда ғана Мысырда діни ілім алуына мүмкіндік берілетіні айқын көрсетілген.
«Әл-Азһар университетіне Қазақстан азаматтары тек ҚМДБ-ның жазбаша келісімі және оны Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің куәландыруы арқылы қабылданады», – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Әл-Азһар университеті арасындағы білім, ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы келісім құжатында.
Абай-ақпарат