РҰҚСАТҚАҒАЗДАР САНЫ 50 ПАЙЫЗ ҚЫСҚАРАДЫ
Министрлер кабинеті 2015 жылдың бірінші тоқсанында еліміздегі рұқсатқағаздар санын 50 пайызға дейін қысқартатын заң жобасын әзірлейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрінің орынбасары Марат Құсайынов хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланған 16 қыркүйектегі Үкімет отырысында қазіргі кезде берілетін лицензиялар мен рұқсатқағаздардың жалпы санын қысқарту кеңінен қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай, бұған дейін 2011 және 2012 жылдары лицензиялар мен рұқсатқағаздарды 30 пайыздан қысқартудың екі кезеңі өткізілгені белгілі. Мәселен, 2011 жылы анықталған 1015 рұқсатқағаздың 348-і, ал 2012 жылы 1096 рұқсатқағаздың 297-сі қысқартылды. Бұдан кейін, 2014 жылдың 16 мамырында «Рұқсатқағаздар мен хабарландыру хаттар туралы» заң қабылданып, сол құжатта рұқсатқағаздардың бірыңғай тізімі жасалды. Бұл тізімде 708 рұқсатқағаздар мен 29 хабарландыру хаттар бар. Ұлттық экономика министрлігі өкілінің айтуынша, жаңа рұқсатқағазды қолданамыз десек, «Рұқсатқағаздар мен хабарландыру хаттар туралы» заңға міндетті түрде өзгеріс енгізуіміз керек. Демек, мұндай мәселе басқа заңнамалық актілерде жазылмайды.
Осылайша, Үкімет рұқсатқағаздар санын азайту мен ықшамдау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек. Сондай-ақ, Марат Құсайынов 2014 жылдың аяғына дейін елімізде ұйымдардың өзін-өзі реттеуі туралы жаң заң жобасы дайындалатынын мәлімдеді. Өз кезегінде бұл рұқсатқағаздар пайда болатын салалардағы құжаттардың санын азайтады. Жалпы алғанда, «Рұқсатқағаздар мен хабарландыру хаттар туралы» заңда реттеушілік ықпалды талдау механизмі қарастырылған. Соның нәтижесінде өзінің тиімсіздігін көрсеткен рұқсатқағаздарды қысқарту жөнінде Үкіметке нақты ұсыныстар енгізіледі.
Сайып келгенде, мұндай игі іс-шаралардың барлығы отандық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады. Бұған дейін айтылғандай, қазір Үкімет Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет үшін қойылатын талаптарды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Ұлттық экономика вице-министрі аталған заң жобасының Парламентке ағымдағы жылы қыркүйек айының соңына дейін енгізілетінін хабарлады.
Марат Құсайынов атап айтқандай, жаңа заңда құрылыс саласындағы рұқсатқағаздар беруді оңайлатуға қатысты мәселелер анық жазылған. «Сонымен қатар, бұл заңда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап нысандар құрылысында техника-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамаға салалық сараптама алу кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу қарастырылған. Назар аударарлық жайттың бірі, заң жобасында мемлекеттік қабылдау комиссиясын жойып, оның қызметін тәуелсіз сарапшыларға беру бағытындағы іс-шаралар да қамтылған. Өйткені, атқарылған жұмыстың сапасына тікелей тәуелсіз сарапшылар жауапты болуы тиіс. Сондай-ақ, салалық сараптаманы жою көзделген»,- деп түсіндірді М. Құсайынов.
Әмірлан Әлімжан
Abai.kz