Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 8779 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 10:41

«СЕНҚАЗАҚ» САЙТЫ НЕГЕ ЖАБЫЛДЫ?

Бүгінгі заман ақпараттық заман екенін ешкім жоққа шығармайды. Көрші үй түгілі, алты құрлықтың арғы бетіндегі қазір болып жатқан оқиғаны қазір естіп, біліп, көріп отырмыз. Бұл қазақ елінің ақпараттық дамуда әлемдік көштен қалыспай келе жатқанының көрінісі. Тіпті, бұл көштен Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын қазақтарда шет қалған емес. Солардың ішінде интернет сайттары ерекше дамығаны – Қытайдағы қандастарымыз.

 

Олардың әр түрлі бағытта ел игілігіне арналған 50-ге жуық сайты ақын, ағартушы, қоғам қайраткері қазақтың қасқа маңдай азаматы Ахмет Байтұрсынов қалыптастырып кеткен төте жазу үлгісімен жарық көріп келеді.
Бұл сайттардың мекен-жайын әр жерден жеке-жеке іздемей-ақ, мына kz321.com- сілтемесін басып қалсаңыз айтып отырған әңгімеміздің ақиқатына көз жеткізесіз. Әр сайттың топтастырылған аты-жөнін анық көруге болады. Кез-келген біреуін басып қалсаңыз сол сайттың оқырманы болдым деп есептей беріңіз.

Жоғарыда атап өткеніміздей әр сайт әр түрлі бағытқа арналған. Соның ішінде «senkazakh.com» сайтының орыны ерекше! Жалпы шеттегі қазақ тілді сайттар туралы сұрасаңыз ел аузына бірден осы сайыт ілінеді. Олай дейтініміз аталған сайт арқылы арғы беттегі қандастарымыз ата-жұртындағы қыбыр еткен құбылыстың барлығынан құлағдар болып келеді. Ал, біз де осы ақпарат көзі арқылы сол жақтағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігінен, күнделікті өмірінен хабардар болып отыратынымыз жасырын емес. Тіпті, қандастарымыз ғана емес, Қытайдың ішінде болып жатқан кейбір маңызды ақпараттарды да осы сайт арқылы естіп, білеміз.

«Senkazakh.com» сайты Қазақстан мен Қытай қазақтары арасындағы ақпарат көпірі болғалы біраз жыл болып қалды. Соңғы уақытта бұл сайт екі ел арасындағы ақпарат көпірі ғана емес, әлемдегі қазақтардың ғаламтордағы ең үлкен рухани ордасына айналды десек артық айтқандық болмас. Бұлай айтудағы себебіміз – сайт тек төте жазумен ғана шектелмей, кирилше нұсқамен де  жұмыс істейтіні. Осыдан бірер жыл бұрын аталмыш сайт программасына төте-кирилді сәйкестіретін қабілет қосып, жаңалық ашып, әлем қазақтарының жазу алшақтығынан бөлініп қалған ақпарат кеңістігін тұтастырып, тек Қытай ғана емес, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Мұңғұлия, Түркиядағы қандастарымыздың бір-бірімен рухани тоғысу алаңын қалыптастрыды. Бұл сайттың елімізден тысқары жерде өмір сүріп жатқан қандастарымызды тамыры бір ұлттық құндылықтарын бөлісуге, алмастыруға қосып жатқан өлшеусіз еңбегі деп бағаласақ артық болмас.

Осылай «Senkazakh.com» сайты арқылы әр елдегі қандастар бір-бірімен жүзбе-жүз жолықпаса да, жүректері, тілектері тоғысып жатыр. Бүгінгі мәліметтерге сүйенсе, сайтқа бір күнде 2 мыңға жуық ақпарат, мақала салынса,  көрілімі жағынан бір күндік көрсеткіші 100 мыңнан асып жығылады екен. Ал қазірге дейін қазақ мәдениетінің әр қырынан сыр шертетін, ақпараттық танымдық мәліметтер 2 милионға жетсе, тұрақты тіркелушілері 60 мың адамнан асқан.

Сайт Қытай елінде болғандықтан өзге елдегі қытайтанушы әуесқойларға таптырмас ақпарат көзі болып тұрғаны айтпасақ та түсінікті. Алайда, осындай ауыр жүкті арқалап келе жатқан «Senkazakh.com» сайты соңғы кездері, нақтырақ айтсақ, тамыздың ортасынан бүгінге дейін бірде ашылып, бірде мүлдем ашылмай келеді.

Осыған байланысты әлеуметтік желілер арқылы сайт жетекшісі Ақытбек Шеризатұлымен сөйлескен едік. Қазір техникалық себептерге байланысты сайттың тоқтап тұрғанын айтты. Сонымен қатар сайттың тағдыры жабылып қалу қаупінде тұрғанын да жасырмады. Бүгінге дейін бұл ақпарат көзі  еңбекқор ұжым мүшелері мен бірқатар ұлтжанды азаматтардың көмегімен күн көріп жатқанын айтты. Әрине, бір сайтты осындай деңгейге жеткізу, ұстап отыру қаншама қаржыны талап ететіні түсінікті. 

Егер, Қытайдағы қандастарымыздың басты ақпарат көзіне айналған «Senkazakh.com» сайты өмір сүруін тоқтататын болса, онсыз да шұбарланып бара жатқан ондағы ұрпақтардың тілі де бірге жоғалары сөзсіз. Бұл сайт екі ел арасындағы ақпарат көпірі ғана емес, сол жақтағы қандастарымыздың тілдік қорының да алтын бастауы екенін естен шығармағанымыз абзал. 

Иә, «Senkazakh.com» сайты дәл қазір өндірістік байланыстан ажырап тұр. Мүмкін, экономикалық қиыншылық, мүмкін,  белгісіз қоғамдық қысым салдарынан, немесе басқалай себептерге байланысты есігін жауып тастаған болар. Алайда, ондағы алаш аманатына қиянат жасамайтын батыр бауырларымыз аталмыш ақпарат көзінің есігін қайтадан айқара ашады деген сенімдеміз.

Шеттегі бір қазақ баласы жетістікке жетсе, біздің де мерейіміз тасып, абыройымыз асып жатады. Керісінше, келеңсіз оқиғаларды естігенде көңіліміз пәс тартып қалады. Міне, әлем қазақтары арасындағы ақпараттың алтын көпіріне айналған «Senkazakh.com» сайтының басына «қауып төніп тұр» дегенді естігенде жабырқап қалғанымыз шындық. Бұл сайтты алыстағы ағайындарымыз ашса да, қазақ тілінде, қазақтың өркениетіне еңбек етіп жатқаны үшін қазақ баспасөзінің бір бұтағы деп есептейік ағайын. Ал бұтақты сындырып алу әр бір қазақ азаматына сын...

Мұрат Алмасбеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434