СӘРІНЖІПОВТАН ЖАУАП КҮТКЕН СҰРАҚ - 4
Бірінші қыркүйек - Білім күні бір жарым ай бұрынғы бас ұстазбен болған интернет-конференциямыздың жауапсыз қалған сұрақтары туралы жазған едік. Әзірге министрден ешқандай жауап жоқ. Сонымен,
ЖАУАБЫ ЖОҚ ЖЕТІМ САУАЛ – 4
17/07/2014
Құрметті, Аслан аға!
Мен Қытайдан жақында келген қарындасыңызбын. Пекиндегі шетел тілі университетін ағылшын тілі мен әдебиеті бойынша тәмамдап, магистратураны осында оқуға келдім. Мектепті қытайша бітіргем. Университетте ағылшын тілінде білім алдым. Яғни қытай, ағылшын тілдерін жетік білемін және ана тілімнен де құралақан емеспін. Мақсатым – атажұртта біржола қалу. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып, оқу жағдайын ұғысып келдім. Мамандығым бойынша Филология факультеті мен Шығыстану факультетінде оқуға мүмкіндігім бар екен. Олардың айтуынша, этникалық қазақ ретінде өтініш жазып, қазақ тілінің орынына ағылшын тілінен тест тапсыруға болатын көрінеді. Сізден сұрайын дегенім, мен ағылшын тілі сынағынан өтсем де, мамандықтан емтихан тапсырарда кедергілерге ұшырамаймын ба? Әрине, осында оқу бітірген қатарластарым да көп. Менің Қытай елінде білім алғанымды, жаңадан келіп жатқанымды ескеріп, назарда ұстауыңызды сұраймын. Қалай болғандада, өз білімімді мүмкіндігінше дәлелдеп, магистратурада білім алғым келеді.
Қызметіңізге сәттілік тілеймін!
Сізге деген үлкен құрметпен,
Ұлпан Серікқызы