Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 22730 1 пікір 27 Тамыз, 2014 сағат 11:48

ТІЛ ӨЛСЕ, ҰЛТ ЖОҒАЛАДЫ (жалғасы)

ІV

 

Шын мәнінде қазақ тілінде сөйлеуді ешкім ешкімге үйретпейді. Қазақ тілін пән ретінде оқу да қазақ тілінде сөйлей білу дегенді білдірмейді. Тілді біреу үйретеді деп күтіп отырудың да қажеті жоқ. Қазақша сөйлеу ең алдымен адамның өз қалауынан, жеке басының қадір-қасиетінен, тіліне, тарихына, ұлтына деген құрметінен туындайды. Бұл жерде «қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ» деп бұра тартуға болмайды. Ондай қиындықтың бар екені рас, бірақ, адамға өмір өткінші қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін берілмейді ғой. Керек тілде ғана сөйлеп, ана тілін ойланбай құрбандыққа шалатын болса, адам баласының өзіне керек дыбысты ғана шығаратын жануардан, мысалы, маңыраған қойдан қандай айырмашылығы қалады? Мәңгілік құндылықтар туралы түсінігі мен соларды сақтауға деген талпынысы болмаса, адам өмірі өткеніне мәз болып күн кешуі керек пе? Абайша айтқанда, «Хайуанша жүріп күнелтпек» пе? Сен үшін малын жиған, жанын қиған, ен даланы, ен қазба байлық пен жазба байлықты мұра етіп қалдырған, ең ізгі адамгершілік қасиеттер мен рухани құндылықтарды мирас еткен ата-бабалардың сан мың жылдық еңбегінің сен үшін ешбір құны болмағаны ма?

Тіл өлсе, ұлт жоғалады. Тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл – мәңгілік құндылық. Сол құндылықтың құны жойылмауына сіз сөйлеу мәдениетіңізді қалыптастыру арқылы үлес қосасыз.

Ал енді «қоғамдағы қажеттілік» дегенге назар аударайық. Дәл қазір салыстырып көрсеңіз, қазақ тіліне деген қажеттілік көп пе, ағылшын тіліне ме? Әрине, қазақ тіліне! Біреу мойындар, біреу мойындамас, ел халқының жартысынан көбі қазақ тілін тұтынады, сол тілде сөйлейді, сол тілді ана тілім деп біледі. Ал ағылшын тілін жарты қазақ қолданып, күнделікті өмірде сол тілде сөйлеп жүр ме? Қазақша мен орысшаны былай қойып, бір-бірімен ағылшынша түсінісетін екі қазақты біреу көріп пе? Сонда ағылшыншаға деген жан сала жанығардай қажеттілік қайдан туындады?

Біріншіден, бұл ағылшын тілі қызметтік мақсатта қолданылатын шектеулі салаларға тән міндетті қажеттілік, екіншіден, болашақтың жалпылама қажеттілігі, яғни ой-өріс пен қарым-қатынасты кеңейту, ақпараттануды күшейту, халықаралық қатынастар қажеттілігі, үшіншіден қолдан жасалып, сәнге айналып бара жатқан қажеттілік. Сондықтан қазір нақты өмірде, нақты қолданыста қазақ тіліне деген қажеттілік әлденеше есе басым болса да, біз сол қажеттілікті қолдан көлегейлеп, көмескілендіріп жүрміз. Қазақшамыздың шамасында шаруамыз жоқ, уақытымызды, қаржымызды, жүйкемізді шығындап, жан салып, ағылшын тілін үйренудеміз. Әрине, үйренушінің талабына нұр жаусын, оған ешкімнің қарсылығы жоқ, бірақ алдымен ана тіліңнің хал-жағдайына назар аудардың ба? Ата-бабаң мың жыл қолданған, қазір өзің күнделікті тұтынатын, ертең ұрпағыңа мың жыл азық болатын ана тіліңнің жай-күйі қалай? Әлде ар-ождан мен жауапкершілікке қатысты сұрақтар сені мазаламайды ма? Менің әрбір қазақ азаматына осы сауалды қойғым келеді.

...Тағдыр жазып, бір пәтерде отбасылы орта жастағы кісілермен бірге тұруыма тура келді. Өздері пәтер жалдап жүрген, мамандығының ағылшын тіліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қазақшасы мәз емес әлгі үйдің елуді еңсерген әйелі күн сайын кешкісін ағылшын тілі курсына барып, шаршап-шалдығып тіл үйреніп жүрді. «Неге өзіңізді қинап жүрсіз?» десем, «керек қой әйтеуір» дейді. Содан бері алты жыл өтті, әлгі әйелге ағылшын тілі қажет болмаған күйі зейнеткерлікке де шығып кетті. Санасыз сәнқойлықтан гөрі саналы іс-әрекетке, болуы мүмкінмен емес, болып қойғанмен өмір сүруге әлі де адамдардың еркі жете бермейтіні осындай мысалдардан байқалады.

Сөйлеу мәдениетінің дұрыс қалыптасуына бүлдіршіндердің санасын сарсаңға салып, бірнеше тілді қатар үйренуге мәжбүр ететініміз де барынша кері әсер етуде. Осыдан он-он бес жыл бұрын біздің қазақ зиялылары бастауыш сыныптарда шет тілін үйретуді доғару керек деп жанайқайға басып еді. Қазір біз бастауыш мектеп түгілі, балабақшада шет тілін үйретуді сәнге айналдырып алдық. Оның балалар санасына барынша кері әсер етіп жатқанын әртүрлі даурықпа себептермен бүркемелеудеміз. «Екі тілді ерте үйренген балалардың санасы жақсы дамиды, қиын бағдарламаларды тез игереді, өзгелерден озық болады» деп ғылыми тұрғыдан ешқашан дәлелдеуге келмейтін жайттармен өзімізді де, өзгені де алдаудамыз. Рас, бала жастан тіл үйренуге қабілетті, ерекше дарындылар болады. Сондай бірлі-жарым адамдардың мысалын бүкіл қоғамға таңып, құндылық ретінде қабылдаудың  қажеті жоқ. 

Балабақша жасындағы сәбиге шет тілін үйрету міндетті түрде төмендегі зардаптарға соқтырады:

Біріншіден, баланың негізгі сөздік қоры дұрыс қалыптаспайды, соның салдарынан тіл байлығы болмайды, тіл тазалығы ерте бұзылады, бала ана тілінде сөйлеуден сөзсіз кенжелейді.

Екіншіден, өзге ұлттың тілі арқылы балаң санаға оның құндылықтары да сіңе бастайды, соның салдарынан балада ұлтсүйгіштік және отаншылдық сезім дұрыс дамымайды.

Үшіншіден, бала санасы тіл арқылы өзге ұлттың идеологиялық бағдарларын жатсынбай қабылдайды, оның ұлттық бағдары қалыптаспаған балаң санасының қорғаныс қабілеті болмайды, бұл баланың бірте-бірте идеологиялық тәуелділікке түсуіне алып келеді.

Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Қазақ тілін игермеген адам қазақ мәдениетімен сусындай алмайды, қазақы болмысқа ие бола да, оны сақтай да алмайды. Бұл бірінші кезекте бала буын тәрбиесіне қатысты.

Мен кезінде қырғыз қызына үйленген түрік жігітінің отбасымен біршама уақыт араластым. Қалада тұратын олар балаларын қазақ балабақшасына берген. Отбасында жүргенде кішкентай үш баласының қай тілде сөйлейтінін адам ажыратып болмайды: бір сөзі түрікше, бір сөзі қырғызша, бірі қазақша, бірі орысша. Балаларда ана тілі туралы ұғым да жоқ, қай тілдегі сөз құлағында қалса, соны қолдана беруге дағдыланған. «Үш баламның да тілі кеш шықты» дейді анасы. Балалар, сірә, қай сөзді қалай айту керегін, қайсысының не мағына беретінін ажырата алмай көп қиналса керек.

Таяуда ғана жол үстінде 8-10 жастағы екі баласы бар келіншекпен сапарлас болдым. Өзі қазақша жатық сөйлейді, айтуына қарағанда қазақ әдебиетін сүйіп оқыпты. Балаларын да қазақ мектебіне берген, бірақ балалары қазақша сөйлей алмайды. Мінез-құлықтарына қарасаң, екеуі де алғыр сияқты, бірақ үлгерімдері нашар көрінеді. 24 сағат сапарлас болғанда 8 жастағы қызға Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің жалғыз жолын жаттата алмай бәріміз шаршадық. 10 жастағы ұл бірер шумақ жаттап, ерледі, бірақ оның айтуындағы қазақ сөзі қазақшаға мүлде ұқсамайды. Орысша сөйлегенде де балалардың суырылып тұрғаны шамалы. Тек күнделікті қолданыстағы сөздерге ғана жаттыққан. Осының бәрі балабақшадан басталған қос тілділіктің зардабы.

...Біз біз кездегі өркениетінен ажырап қалған, қайта өркениетке ұмтылған қоғам ретінде құнсыз құндылықтарға алданудан тыйылуымыз қажет. Сөз мәдениетін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бір күннің шаруасы емес. Әдеттегідей бұл жолы да біз мың жыл бойы жиып-терген тіл байлығымызды, сөйлеу мәдениетін тоздырып алып, енді қайта құрап, тілімізді жамап-жасқауға мәжбүрміз.

Қазақ тарихы құрбандыққа аса бай. Соның елеулі бөлігі – соңғы ғасырларда ай-күннің аманында жөн-жосықсыз шалынған құрбандықтар. Қазақы тілдің құнары да құрбан болып, жұрнағы қалып тұр. Қасаңдана, қарабайырлана бастаған, аяусыз шұбарланған ана тілін табиғи құнарына бүгін қайтармасақ, ертең осы жұрнағына да зар боларымыз анық. Қазақ тілінің тамырына қан жүгірсін десек, әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуі және сөйлесуі қажет.

(жалғасы бар)

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321