Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 9106 1 пікір 6 Тамыз, 2014 сағат 15:53

АУЫТ МҰҚИБЕК. ҚАН

"Сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашып, олардың ел ішінде орналасуына жағдай жасауымыз керек", - деді бүгін Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев. 

Оқырман назарына ақын, "Қазақ көшінің" жоқтаушысы Ауыт Мұқибектің "Қан" деген өлеңін ұсынып отырмыз.

                 

                  Қан

 

Ертеңі үшін Мәңгі Елдің,

Келеді тынбай зар желгім!

Қаны сұйылған қазаққа

Құйсын деп бүгін ҚАН бердім!

 

Өшті ғой үні езгінің,

Кеспейді неге кездігің?!

Түрпіден бетер болып тұр,

«Қандасым!» деген сөз бүгін.

 

Жүк салар бар ма нар ізгі,

Қайтарар есе, қарызды?!

Түркіден қалған қайран ҚАН,

Сұйылып кеткен тәрізді.

 

Өтпесін босқа күнім еш,

Қоссам деп жүрем бір үлес.

Қазақы қаның болса егер,

Тоқтады неге Ұлы көш?!

 

Қол қойды Заңға керанау,

Зар жұтып жатты ел анау.

Бір пенде шығып, «Нұреке,

мұныңыз қалай?!» демеді-ау!

 

Орнатып басқа ауыр хал,

Істемес бұлай жауың дәл!?

Сондықтан таза ҚАН керек,

Қанымдай менің бауырмал!

 

Білетін Алаш бағасын,

Айырған жаудың жағасын,

Арғы атам түгел Қаракөк,

Акпар мен Сейіт нағашым.

 

Қам көңіл әке, мұңлы анам,

Ұмітін артқан бір маған...

Солардан қалған таза қан,

Таза қан мынау тулаған!

 

Құзғындар келіп құңқылдап,

Өңірің болса жыртылмақ.

Бабадан келген батырлық,

Бұл қанда, міне, тұр тулап!

 

Жолдардың шаңын бұрқатып,

Келсем деп шетте жұрт асық.

Отанға деген махаббат,

өр намыс тағы тұр тасып!

 

Жігерін құйған құрыштан,

Құстармен көкте бір ұшқан,

Адалдық жағы – ардақты,

Тұманбайменен туыс қан!

 

Атқанда кеше ақ таңым,

Бойымда тулап жатты ағын.

Сол қанның тіке арқасы,

Елімді есен тапқаным.

 

Сұрқы анау иен іргенің,

Толтырсам деп ем бір кемін.

Арқасы тағы сол қанның,

Көш-көш деп шауып жүргенім.

 

Шыға сап бірден шоқ басқан,

Шоқ емес, тура оқты атқан –

Құйыңдар бастап Кәрімнен,

Қазақтың көшін тоқтатқан!

 

Қашатын Қазақ көшінен,

Шықпастай етіп есінен –

Министрлерге де құйыңдар,

Көгендеп қойып шетінен!

 

Үзілген Көшті жалғасын,

Жалғай алмаса, Нарға сын!

Үн-түнсіз қолын көтергіш,

Депутат біткен қалмасын!

 

Шеттегі қазақ жиылсын,

Арқадан нәсіп бұйырсын!

Көш десе көзін шел басқан,

Әкімдерге де құйылсын!

 

Сыртта жүр қандас еңіреп,

Бос жатыр мұнда төңірек.

Ертісбаевтар мен құйыңдар,

Құлыбаевтарға көбірек!

 

Ашылар шағы жолдың да,

Болды ғой екі он жылда.

Қанымды менің күні өткен,

Мамашевтарға қор қылма!

 

Болмаса шешім ел сенер,

Көшуге ел қалай белсенер?!

Нұрекеңе де бір тамшы,

Құйыңдар, керек болса егер!

 

Бөлеген нұрға Арқаны,

Елімнің қымбат әр таңы.

Білектен енген әр тамшым,

Жүрекке төте тартады.

 

Ғұндардың сынды жасағы,

Тақымға бірден басады.

Қалғып бір кеткен милардың,

Қақпасын теуіп ашады.

 

Жабылып қалды жол бірақ,

Қасірет бұным болды нақ!

Бір тамып кетсе, Үкімет

«ҚАЗАҚ!!!» деп шығад сол күні-ақ!

 

Бар менен түгел жоқты екшеп,

Ел үшін бақыт – от кешсек.

Көр де тұр, жарты тамшыммен,

Тұрады Сенат «КӨШ, КӨШ!!!» деп!

 

Аруағы қозып атаның,

Артады құны батаның.

«Қандасым түгел келсін!» деп ,

Әкімдер шулап қатады үн.

 

Алаштың қалмай көшінен,

Елім деп мұнда жетіп ем.

Білмейтін қазақ өз тілін,

Ақын боп шықсын шетінен!..

 

Қаныңды сөйтіп, Қымбаттым,

Қаным кеп менің тулатсын.

Бабамның рухын оятып,

Даламның зарын тыңдатсын.

 

Жиғызсын қайта есіңді,

Жасатсын жаңа шешімді.

Бетіңді бері қаратып,

Жалғатсын тағы Көшімді!

 

Жасалсын кемел бір шешім,

Жинасын қайта жұрт есін!

Алыста жүрген ағайын,

Арқаға тіксін күркесін!

 

Бабалар құсап ер жүрек,

Ерлерім төксін терді көп.

Министрлердің мен десе,

Жүрегі тұрсын елжіреп!

 

Басын бір шалып әр шөптің,

Болмасын көшке қарсы ешкім!

Депутаттардың жолыққан,

Көзінің оты жарқ етсін!

 

Шашырап жүрген ұлтым кеп,

Көбейсін халқым біртіндеп.

Әкімдердің де, кездессем,

Бүйрегі кетсін бүлкілдеп!

 

Қандасым келсін демесек,

Кешпейді бізді келешек.

Шеттегі ел десе, шалқаймай,

Езілсін біткен емешек!

 

Түспеуі үшін арға дақ,

Келемін тынбай зарлап-ақ.

Патшадан бастап менімен,

Туыссын қайта бар қазақ!

 

Арттыру үшін санымды,

Арнадым шыбын жанымды!

НАМЫС пен ЕРЛІК кернеген,

Аяман қызыл қанымды!

 

Түйірім жүрсе қаныңда әр,

Едің сен мәңгі жалындар.

Берейін сарқып жүректен,

Жетпесе, тағы алыңдар!

 

Ақыны емен күйкі істің,

Майданға ел деп жиі түстім.

Қазақтан аяған қанымды,

Қанымды менің ИТ ішсін!!!

 

02.08.2014

Астана

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371