М. Шоқай әлем тарихында "Түркістан мемлекетінің басшысы" болып қалуы тиіс
Өмірдеректен үзінді:
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ 1950 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1972 жылы ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген. 1972-1976 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарған. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген, запастағы полковник 2000-2005 жылдары Қызылорда облысының әкімдігінде бөлім менгерушісі, облыстық тәртіптік Кеңестің төрағасы болған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Алғашқы «Мұстафа Шоқай» деректі әңгімелері 1997 жылы жарық көрді. Кейін «Айқас» (1998 жыл), «Операция «Франц» (2000 жыл), «Андроповтың аласапыраны» (2002 жыл), «Андроповский десант» (2004 жыл), «Париждегі құпия кездесу» (2009 жыл), «Приговорен к расстрелу...» (2009 жыл), «Франц» операциясы» (2010 жыл), «Жаңа қызмет» (2013 жыл) атты кітаптары жарық көрді. «Мұстафа Шоқай» еңбегі Түркияда (2006 жыл) түрік тіліне аударылды.
1.Сізге шоқайтанушы ретінде сұрақ. Неге әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайдың қазақ елінің кеңестік тарихындағы азаттық жолындағы көсемінің бірі екенін айқындап нүкте қоя алмай келеміз?
Расында, Мұстафа Шоқайдың еңбегіне лайықты баға беріліп, тарихтағы орыны күні бүгінге дейін айқындалған жоқ. Неге? Кезінде Қазақстан республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың тұлғасын ұлықтау жөнінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке арнайы хат жолдаған болатын. Аталмыш хатында халық қалаулысы: «Оның идеялық күштілігі сонда – Мұстафа Шоқайдан әлі күнге дейін қорқатындар бар. Оған дәлел осы күнге дейін «М.Шоқай кім?» дегенге елімізде нүкте қойылмай келеді...» деген еді. Шамасы, Мырзахметов мырза «қорқатындар бар» деп билік басындағыларды ойға алып отырған болуы керек. Әрине, тарихи оқиғаларға және оған қатысы бар тұлғаларға ресми баға беретін билік. Алайда, ресми баға беру алдында тарихшылар мен мамандар сол тұлғаның іс-әрекетін терең зерттеп, тарихта алатын орнын анықтап, керек десе көрсетіп беруге міндетті. Мұстафа Шоқай туралы ізденіп, жазып жүрген журналист Гүлбану Абенова мақалаларының бірінде былай дейді: «То и дело в казахстанском обществе при упоминании имени Шокая возникает вопрос: «Кем все-таки он был? Предателем или героем?» Однозначного ответа пока нет. Казахстанские историки говорят, что пока дотошно не изучат все его работы, письма, публикации и архивные документы о жизни и деятельности Мустафы Шокая в Казахстане и эмиграции, однозначный вердикт не будет вынесен...»
Айта кету керек, Кеңес өкіметі тұсында ұлт-азаттық үшін күрескен тұлғалардың еңбегіне лайықты баға беріп, тарихтағы орынын айқындауға мүмкіндік болмады. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана тарихшылар мен мамандар бұл жұмысты қолға ала бастады. Бірінші кезекте алаш зиялылары ресми түрде ақталып, еңбектеріне лайық қазақ халқы тарихынан тиісті орындарын алды. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың тарихтан тыс қалып келе жатқаны жанға батады. Осы уақытқа дейін билік орындары оның еңбегіне лайықты ресми түрде баға берген жоқ. Себебі, Мұстафа Шоқай негізсіз тағылған айыптардан күні бүгінге дейін құтыла алмай келеді. Кезінде Мұстафа Шоқайды «фашистік Германияның басшысы Гитлер мен Шығыс министрі Розенбергпен кездесіп, келісім-сөздер жүргізді, «Түркістан легионын құрып, Отанына опасыздық жасады» деген қоғамдық пікір қалыптасқан еді. Соңғы кезде Мұстафа Шоқайға «Абвер» арнайы қызметінің Шығыс бөлімін басқарған немістің генерал-майоры» деген жаңа «айып» тағылды. Кейбір авторлардың осылай өтірікті шындай етіп, баспа беттерінде жарияланған мақалаларын оқып, қатты таңғаласын. Тіпті, Кеңес өкіметі де Мұстафа Шоқайды фашистермен сыбайлас болды деп айыптамаған. Мұстафа Шоқайды олар «матерый панисламист-алашордынец», «организатор и вдохновитель буржуазно-националистического «автономного правительства», «находясь в эмиграции с 1919 года, вел активную антисоветскую работу вплоть до своей смерти, последовавшей в 1941 году» деп қана айыптаған.
Расын айтқанда, Мұстафа Шоқай фашистік Германияның басшыларымен ешуақытта кездеспеген және келісім сөздер жүргізбеген. Мұстафа Шоқайды: «Отанын сатқан опасыз, фашистік Германияның басшыларымен сыбайласып, «Ұлттық Түркістан комитеті» мен «Түркістан легионының» негізін қалады» деген алып-қашпа әңгімелер аты шулы жазушы-чекист Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабынан кейін басталды. Нақтылап айтқанда, осы кітаптың негізінде Мұстафа Шоқай туралы қоғамдық теріс пікір қалыптасқан. Өкінішке қарай, кейінгі кезде Мұстафа Шоқай туралы жазылған роман да, түсірілген кинофильм де, қойылған спектакль де ұлы күрескерді Гитлер және оның серіктестерімен кездестіріп, қалыптасқан теріс пікірге еріксіз қолдау көрсетіп отырған секілді. Мұстафа Шоқайды сол жалған әңгімелерден аршып алуымыз керек. Олай етпейінше тарихтан өзінің еңбегіне лайық орын алуы екі талай.
Астын сызып айтқым келеді: Мұстафа Шоқай күшпен жойылған Түркістан мемлекетінің басшысы болған. Жиырма жылдан астам шетелде қуғындағы үкіметті басқарып, Түркістан атынан түркі халықтарының тәуелсіздігі мен демократиялық бостандықтары үшін аянбай күресті. Сондықтан да Мұстафа Шоқай жалғыз қазақ халқының ғана емес, әлем тарихында «Мұстафа Шоқай - Түркістан мемлекетінің басшысы» деген атпен қалуы керек.
Келесі жылы Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толуына орай, өлгеннен кейін болса да, оған Қазақстан республикасының азаматтығы берілсе абзал болар еді. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың шетелде жатқан сүйегін, өзі аңсаған туған еліне алып келіп, Түркістан қаласындағы белгілі адамдар жерленген Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанына, мемлекет басшысына лайық құрмет көрсетіліп, ресми түрде жерленгені дұрыс сияқты. Әрине, бұл іс-шараларының Қазақстан үкіметі атынан жүзеге асырылғаны жөн. Сондай-ақ, Астана қаласында ұлы күрескерге арналған алаңға ескерткіш қойылса құба-құп болар еді. Себебі, Мұстафа Шоқай осындай құрмет көрсетуге лайық қызмет істеді.
2. Кеңестік заман кезіндегі қазақ халқына жасалған зобалаңдар мен зұлматтарды терең зерттеуге, құпияларын ашуға байланысты мемлекеттік саясатымыз не себептен жалтақ, қорқақ болып отыр деп ойлайсыз?
Бұл сауалды тарихшылар мен мамандарға қойған дұрыс сияқты. Рас, бұл бағыттағы мемлекетіміздің саясатында жалтақтықтың басым екені анық. Биліктің желеуі - «қазағымыздың өзіне тиетін кейбір жағымсыз жәйттарды ашпай тұра тұрайық, арамызға жік түспесін, бүгінгі ынтымағымызға зияны тимесін» дегенді бетке ұстайды. Мен өз басым, бұл мәселеде басты кінәні тарихшы, ғалым, мамандарға артқан болар едім. Әрине, қазақ халқына қолдан жасалған ашаршылық пен репрессия туралы шындық жазылмай келеді деп, үзілді-кесілді айтуға болмайтын шығар. Белгілі академик М.Козыбаев («Ақтаңдақтар ақиқаты»), тарихшы Т.Омарбеков («Зобалаң»), жазушы В.Владимиров («Ұлы жұт») және басқа авторлардың осы тақырыпқа байланысты жазған кітаптары мен ғылыми еңбектері жалпыға мәлім. Алайда, қазақ халқына жасалған қиянатты ұйымдастырған басшыларға келгенде Сталин, Голощекин, Мирзояндардан аса алмаймыз. Сонда солардың қасында жүріп, заңсыз нұсқамаларын орындап жүрген ұлт уәкілдері қайда? С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Мендешов және басқаларының жағымсыз іс-әрекетін қалай бағалауымыз керек? «Соңғы қазақ» атанған белгілі жазушы Герольд Бельгер: «Знаю: были в истории казахов трагические полосы, были неслыханные жертвы, в чьих судьбах сыграли решающую роль доносы-анонимки своих же сокровников. Не знаю только, почему их стыдливо умалчивают», - деп, дұрыс айтады. Расында, шындықты айтуға неге ұяламыз?. Б.Қойшыбаев мақалаларының бірінде былай дейді: «Бізге тарихи тұлғалардың шуақты істерімен қатар, көлеңкелі тірліктерін де ашып қараған пайдалы. Олардың себеп-салдарларын анық пайымға салған жөн. Бұндай әрекет оларды тарих қойған тұғырынан тайдырмайды, бейнелерін еш кішірейтпейді. Есесіне, олардың кескін-келбетіндегі барша көмескілікті жойып, толық адам ретінде тануға мүмкіндік береді. Бізге шын тарихтан толымды да жан-жақты сабақ алуға жәрдемдеседі».
Белгілі жазушының бұл тұжырымдамасымен толық келісуге болады. Тарихтың ұнамсыз жерлерін тазартып өшірудің немесе әдемілеп өңдеудің қажеті жоқ. Түрлі-түрлі партия мен топтардың билік үшін күрескені рас. Олардың қайсысы халықтың қамын жеді, кім жеке басының пайдасын ойлады? Кім тарихи жолда шын қателесті, кім қасақана халқының қанын төкті? Бұл сауалдарға уақыты келгенде тарихтың өзі-ақ жауап береді.
3. Бүгінгі таңдағы Ресейде оянып жатқан империялық сананың тарихымызды түгендеуге ықпалы қанша деп ойлайсыз?
Жалпы алғанда Ресейдің бойында көршілес елдерге, бұратана халықтарға өктемдік, қанаушылық ежелден келе жатқан табиғи нәрсе. Бұл менің сөзім емес, Ресей империясының генералы А.Куропаткин 1900 жылы Патшаға мынадай анықтама берген көрінеді: «...предыдущие 200 лет Россия была в состоянии войны 128 лет, имела 72 года мира». Сол 128 жыл соғыстың 5 жылы қорғану, ал қалған 123 жылы басып алушылық ұрысы болған екен. Сонымен қатар, Ресей империясы қалыптасып, маңайындағы көршіліс елдерді басып алып, қанаушылық саясатын жүргізген кезде көптеген көтеріліс пен қақтығыс орын алғаны тарихтан белгілі. Осыған байланысты ұрыс, ара-арасында болған үзілісті еске алмағанда, 30 жылға созылған. Кеңестік дәуір кезінде Ресей 12 соғысқа қатысыпты. Қазіргі Ресей де 3 соғысқа қатысып үлгіріпті. Соңғы рет Ресей 2008 жылы Грузияға қарсы соғысты. Міне, енді күні кешеге дейін бауырлас болған Украинаға қарасты Қырымды аннексиялау арқылы тартып алып, халқына қарсы құпия майдан ашып отыр. Ресейдің қазіргі жүргізіп жатқан солақай саясаты көңілге мүлдем жақпайды. Бұл Ресей басшыларының ұзаққа баратын амбициялық жоспары секілді. Расын айтқанда, 20-30 және 50 жылдарғы қайғы-қасірет те елімізге сол жақтан келді. Ресейдің бүгінгі басшылығы кеңес заманында орын алған Ашаршылық, зобалаң мен зұлматтарды бөліп-жарып айтпаңдар, олар орысқа да, украинге де, қазаққа да бірдей болды деп қызғыштай қорғап отыр. Украинаға Ашаршылық мәселесін көтерме деп үзілді-кесілді талап қойған болатын, бірақ олар оны тыңдаған жоқ. Дегенмен, тарихымызды түгендеуге Ресей кедергі жасап жатыр деп айта алмаймын. Барлығы да өзімізге, қазақ басшылығының ерік-жігерінде, тарихшыларымызға байланысты. Өзімізде талпыныс жоқ.
4. Осы сұрақтың жалғасы. Қалай ойлайсыз, кеңестік тарихымызды терең зерттеуге, ескі санадан арылуға кешегі билікте болғандардын (бірінші хатшылардың, қызыл директорлардың т.б.) ұрпақтары қаншалықты кедергі жасап отыр деп ойлайсыз?
Кеңестік тарихты терең зерттеуге кешегі билікте болған басшылардың ұрпақтары кедергі жасап отыр деуге болмайды. Қайталап айтамын, барлығы да тарихшылар мен мамандарға байланысты. Аталмыш тақырыпқа шектеу қойып, зерттеуге тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Академик Ә.Нысанбаев баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде: «Қазір тарихшыларға жақсы болды. Ғаламтордан біреудің мақаласын алып, орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға бір-екі рет аударып, дисертацияларын қорғап жатыр», - деп, айтқан еді. Расында, біздің ғалымдардың басым көпшілігі еңбектенгісі келмейді. Айналымда жүрген деректерді пайдаланады, ізденбейді. Соңғы кезде Мұстафа Шоқай туралы қаншама кітаптар, қаншама мақалалар жарық көрді. Алайда, көбісінде бес-алты айналымда болған деректер келтірілген, жаңалықтар жоқ. Керісінше, Мұстафа Шоқайды іс-жүзінде болмаған фашистік Германияның басшыларымен кездестіріп, аты шулы «Түркістан легионымен» байланыстырып, оқырмандарды еріксіз шатастырып келеді.
5. Кеңестік ЧеКа, ОГПУ, КГБ органдарының тарихы жайлы пікіріңізді білсек.. Шоқайды сатқын санаған С. Шәкібаевқа («Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабының авторы) Қостанай қаласында, Қазалы қаласында 1930 жылы Қазалы уезінің НКВД-ң бастығы болған, Дзержинскийден сыйлыққа пистолет алған, «Асан көтерілісін» жаншыған Түркебаев Өмірзақ деген чекистке көше аттарының берілуіне қалай қарайсыз?
Қазан төңкерісінен кейін большевиктер бар билікті қолына алып, бірінші кезекте патшаның «политический сыск» деп аталатын саяси тіміскіну органдарын (келешек ЧК-ОГПУ-КГБ органдарының үлгісі) жоюға кірісті. Революция көсемі В.И.Лениннің нұсқамасы бойынша Кеңес өкіметі тыңшылық (агентуралық) жұмыстан бас тартып, жаңадан құрылған халық милициясы арқылы қылмыскерлермен ашық күресетін болған. Алайда, Кеңес үкіметінің саяси жаулары кешікпей антикеңестік жасырын ұйымдар қүрып, зиянкестік әрекеттерін құпия жағдайда ойластырып, жүзеге асыра бастаған кезде бұрынғы тыңшылық жұмысқа қайта оралған. Сүйтіп, жазалаушы «ЧК» (төтенше комиссия) органы пайда болған. Кейін «ЧК» таратылып, Біріккен саяси Бас басқармасы (ОГПУ) болып қайта құрылды. Бұл билеушілерге тікелей бағынатын саяси орган болатын. Жұмыстың негізгі бағытын солар белгілеп отырды. Әрине, қауіпсіздік органдарында соқыр орындаушылар мен жендеттердің болғандары да рас. Расын айтқанда, жаппай репрессия солардың қолдарымен жасалды. Дегенмен, ЧК-ОГПУ-КГБ органдарының қызметін бір мағналы бағалу қиын. Қайғылы беттерімен қатар батырлық істерін де жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет болған соң қауіпсіздік органдары керек.
Кеңес дәуірінде көшелерге атаулар берген кезде халықпен ешкім санасқан жоқ. Қазір де санасып жатқаны шамалы. Көше аты кімге берілмей жатыр?! Тіпті, жарысқа, мақтанышқа айналып кетті. Қазір «шөпке тышарлардың» барлығы көшеге өмірден өткен жақындарының есімдерін беріп үлгірді. Алайда, уақыт, талап өзгермей тұрмайды. Мән-мағнасы жоқ, кез келген кісілердің есімі берілген көше атаулары да өзгереді. Тек, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдері қалады. Осы орайда С.Шәкібаев, Ө.Түркебаев және басқалары халық есінде мәңгілік қалады деп ойламаймын.
Сұқбаттасқан С. Есмаханұлы
Қызылорда қ.
Abai.kz