ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚОЙ ҚЫРЫЛУДА
Жамбыл облысында ұсақ мал жаппай арам өліп жатыр. Бір жетіде 60-қа жуық қой белгісіз дерттен қырылып қалған, деп хабарлайды Bnews.kz жаңалықтары КТК арнасына сілтеме жасап.
Енді жеуге де жарамсыз жануарлардың етін жұрт далаға тастауға мәжбүр болған. Хабарламаға сай Айша Бибі ауылының тұрғыны Қанат Еркебаевтың 50-ге жуық ұсақ малы дерт құраны болыпты. Ол: «Не ауру екенін білмеймін. Бірінші көзі-басы іседі, сөйтіп құлайды. Аузынан, көзінен көбік бұрқ ете қалады да өледі», - дейді. Оның айтуынша мал өрістен сүйретіліп келген бойда қораға кіріп қылжияды екен.
Қыруар шығынға батқан азаматқа мал дәрігерлерінен қайыр болмаған, түрлі дәрімен өзі емдеп жатыр. Ал жұмбақ аурудан өліп жатқан қойдың саны күн санап көбейіп барады.
Әзірге ауылда 60-қа жуық қой өлген. Тұрғындар өлекселердің саны әлі де артуы мүмкін деп қауіптенеді. Ал мал дәрігерлерінің пікірі ауыл тұрғындарымен сәйкеспейді, олар бар болғаны 11 қой өлді деп отыр. Өлген малдың еті жеуге жарамайды. Сондықтан тұрғындар өлекселерді ауылдың шетіне сүйреп әкеп тастап жатыр. Бұл жерден жұқпалы дерт тарауы да мүмкін. Ал шенеуніктер қырылған бастың ақысы мемлекет тарапынан өтелмейді деп кесіп айтқан. Шығынға батқан жұрт енді не істерін білмей, абдырап отыр.
Aбай-ақпарат