Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 7729 0 пікір 15 Шілде, 2014 сағат 18:11

САУАЛНАМА: УКРАИНАЛЫҚ "БОСҚЫНДАРДЫ" ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ ПЕ, ЖОҚ ПА?

 

Abai.kz ақпараттық порталының тілшісі Қостанай облысы Қамысты ауданының Дружба деген ауылында «Украинадан қашқан 20 босқынның отбасын қарсы алуға дайынбыз» деген «жалынды» ұран көтеріліп жатқанын жазды. Ал, Тараз қаласына Украинадан ауған жұрттың алды келе бастағаны туралы ақпарат тарауда. Мұны қалай түсінуге болады? 

- Украинадағы қазіргі саяси ахуалға байланысты үдерген жұрт барса өзінің байтақ отаны Ресейге бармай ма екен?

-  Неге олар Қазақстанды көздеуде? Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы Қазақстанға қай тараптан болса да босқындарды қабылдай беруге міндет жүктей ме?

- Украинада сепаратистік әрекеттерге қатысып, бүлік салғандардың Қазақстанға келуі қауіпті емес пе?

Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Меніңше, Украинадан бізге босқындардың келе бастауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Қазақстан - Совет Одағы халықтары достығының лабораториясы» деген бір кешегі коммунистік клише болғаны рас. Сол баяғы «пролетарлық интернационализм» деген құбылыстың бір сарқыншағы іспеттес. Бәлкім, сол адамдар біздің тәуелсіз елді сол баяғы «кез келген келімсекке ешбір қалаусыз, ешбір талапсыз, ешбір сұраусыз құшағын аша беретін айдалада жатқан бір рахат кеңістік» деп қарайтын болуы керек. Екіншіден, біздің ел кезінде шынымен де басына іс түскен талай ұлтқа қамқор болып, қиын-қыстау шақта төрінен орын, өз аузынан жырып ас бергені рас. Ол босқындардың сол кезде біздің елге кеп қалған, қоныстанған, арамызға сіңіп кеткен ағайындары қалған болуы мүмкін. Бәлкім, сол жақындары оларды шақырған болар. Бірақ та қаншама халықаралық келісім-шарттар болса да, кез келген тәуелсіз мемлекет кімді қабылдау не қабылдау мәселесін өз деңгейінде дербес әрі өзінің түпкілікті мүдделері тұрғыларына сәйкес шешуі тиіс деп ойлаймын! Және де ол үдеріс стихиялы түрде жүрмей, ресми, мемлекетаралық деңгейде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, Украина мемлекеті Қазақстанға ресми түрде өтініш жасап, ол мәселені Парламент не Үкімет өз шешімі арқылы рәсімдеуі тиіс деп ойлаймын. Мәселен, ол босқындар ішінде сол елде қиындық көріп, енді өз атамекеніне оралғысы келген өз қандастарымыз болса, басқа әңгіме. Ал егер де басқа ұлт өкілі болса, осынау таңдау шағында өз отанына, өз ұлтына оралғаны тарихи әрі моральдық тұрғыдан әбден дұрыс болар еді емес пе? Үшіншіден, бұл мәселенің отансүйгіштікке, патриотизмге тікелеі қатысты моральдық жағы тағы бар. Қазір Украинадан кешегі Отаны ретінде безген әрбір азамат кезінде сол мемлекетке адал боламын деп ант-су ішкен жоқ па? Бір сәтте олар өз атамкененін жеріп шыға келді. Турасын айтсақ, сол елдің Конституциясын сатып кетті! Біртұтас елдің бөлінуін қолдап шықты. Осындай сепаратистік пиғылдағы сатқындарды құшақ жая қарсы алуымыз өз ішіміздегі болашақ сепаратистердің қолтығына су бүрку боп шықпай ма?! Ол жағын да антисепаратистік тұрғыдан, өз азаматтарымызғы, келер ұрпаққа сабақ болатындай мықтап ойлануымыз қажет сияқты.

 Мұхтар Сеңгірбай, Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD):

- Олар бұрын Қазақстанда тұрған украиндар болуы мүмкін. Украинада атыс-шабыс басталған соң туып-өскен жері, мұндағы көрші-қолаң, дос-жаранды паналап келген болар.  Шешенстандағы соғыс кезінде де Қазақстаннан көшіп кеткен шешендер қайтып келген. Оларды «патриот емес», «кезінде бізді сатып кеткен» деп жазғыра берудің қажеті жоқ. Олардың саясатпен ісі жоқ, бастарына күн туғанда пана іздеп жүргендер. Өз елінде тұрақсыздық басталғанда кез келген адам өзіне бұрыннан таныс жерге уақытша барып, паналай тұруға тырысады. Ешкім де тілі, менталитеті бөлек Еуропаға, Америкаға ағылмайды. 

Екіншіден, Украинада кең ауқымдағы азамат соғысы болмайды. Елінен уақытша кетіп қалғандардың онда дүние-мүлкі, үй-жайы қалды. Жағдай тұрақтаған соң олар да елдеріне қайта кетеді, себебі босқын болып өмір сүру өте қиын, жағдайға бейімделуден бөлек, тұрғынжай, жұмыс орын, оқу деген мәселелер бір күнде шешілмейді.

Оның үстіне, «босқын» дегеніміз өзі тұрып жатқан өңірде ұлттық, діни, нәсілдік және т.с.с. ерекшеліктеріне байланысты қудалауға ұшырап, өміріне қатер төніп тұрғандар. Ал соғыс аймағынан бас сауғалап кеткендерді «уақытша қоныс аударғандар» деп атайды. Украинада орыстілділер мен украинтілділер арасында кикілжің болып жатқаны рас. Ондағы халықта таңдау бар, қай жағына бүйрегі бұрады, сол жаққа өте алады. Мұндай жағдайда оларды ел ішіндегі босқындар дейді. Осы ретте Қазақстанға келгендердің халықаралық құқық нормаларына сәйкес «босқын» мәртебесін алуы қиындау болады.

Дегенмен, Украинадағы жағдай тұрақтамайынша, бізге келген украиндарды өз елдеріне қайтарып жіберуге болмайды. Ал босқындардың болуы - тұрақсыздандырушы фактор. Бұл әлеуметтік, экономкалық, медициналық, қылмыстық, саяси мәселелер туғызады. Онсыз да ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесі өршіп тұрғанда оларға жұмыс тауып беріп, әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру бюджетке салмақ болады.

 Бір елдегі соғыс екінші бір елге босқындар арқылы жайылады. Сіздің үрейіңіздің жаны бар. Босқындардың арасында да жазадан қашып бас сауғалаған бүлікшілер, немесе бейбіт халықтың арасында жатып соғысқа әзірленетін топтар болуы мүмкін. Израиль неге Палестинадағы босқындар лагеріне бомба тастайды? Сириядағы «Хезболла» ұйымы қалай күш алды? Босқындар шоғырланған жерде заңсыздық белең алады, қылмыс өршиді. Оның үстіне олар қоғамның ішіндегі қалыптасқан үрдістерді өзгертеді, жаңа идеялар, көзқарастар алып келеді, ал бұл кикілжіңге апарып соғуы мүмкін.

Мұның барлығы босқындардың үлкен нөпірі келген кезде болады. Әзірге Қазақстанға Украинадан босқындар жаппай ағылып жатқан жоқ, себебі біз географиялық тұрғыдан шалғай жатырмыз. Дегенмен, үкімет бұл мәселені бақылаудан шығарып алмай, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан әрекет етуі керек.

Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы: 

- Аты айтып тұрғандай Қамысты ауданындағы (Қостанай облысы) «Дружба» ауылында бұрынғы совет одағы кезінен қалған «дружбаның» мазмұны сақталып қалған сияқты. Ұлттар лабораториясына айналған кешегі Советтік Қазақстанның кішкентай келбеті сияқтанған ауылдар болатын, шамасы мынау сондай ауыл. Облыс орталығынан 320 шақырым қашықтықта жатқан әлгі ауыл таза қазақы ауыл, дегенменде  әртүрлі ұлт өкілдерінің азды-кем азаматтары да тұрып жатыр екен.

«Дружбалықтардың» Украинадан ауғандарды құшақ жая қарсы алып, ынтызар болып отыруына Ресей баспасөзі ықпал етуде деп есептеймін. Ресей баспасөзі болғанда алдымен телеараналарды айтуымыз керек. Олар күндіз-түні біржақты ақпарат таратып, Украина жікшілдерін жергілікті халықтан қысым көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырағандар деп ұқтыруда. Соны көрген біздің жұрт   зәбір-жапа шеккендерге қол ұшын созуды жөн санауы мүмкін. Осы арада айта кетейін, қазақстандық телеарналар Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа қатысты дербес, тәуелсіз сараптамалық хабарлар жасай алған жоқ әлі күнге. Екі-үш мемлекеттік арна бола тұрып телеақпараттық тұтас кеңістік құру және ол кеңістікті қорғау қабілеті қалыптаспай отыр елімізде. Мына түрімізбен сыртқы ақпараттық күштер елімізді жерімізбен қоса бөлшектеп жатса да қарап отыра беретін шығармыз тегі. Оның үстіне, Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ дегенді саяси одақ деп түсініп алған біздің қортық саналы шенеуніктер жаппай ресейшіл болып барады. Бұрында солай еді. «Дружба» ауылының әкімі Ринат Байбулов, мысалы, біздегі ақ жағалы ұлықтардың ұсақ бір түрі. Ол да өзінше көзге түскісі, Үлкен Ұлыққа (Ресейге)  маймаңдап жағынғысы келеді. «Дружба» ауылы тұрғындарының бастамасы туралы ақпарат қазір Ресейге жетті. Енді ол жақтан міндетті түрде «талабың дұрыс, бала» деген марапат сөзге толы хат келеді. Содан біздің бала қызмет бабымен өсе бастайды. Алдымен ауданға, сосын тіпті облысқа әкім болып кетуі мүмкін. Қазір солай, неғұрлым ресейшіл болсаң сені соғұрлым қолдап, қолпаштап отыратын күштер табыла кетеді. Көзге ұрып, көріне бермейтін күштер. Әйтпесе, Украинадан үдере ауғандардың қандас-туыстары Қамыстыда, оның аржағындағы «Дружбада» қалды дегенге өз басым аса илана қоймаймын.

Иә, «украиналықтардың» алды осы күні Ресейге  барып жатыр екен. Украинадағы саяси ахуалға байланысты осыдан бір-екі ай бұрын Серік Әбікен деген әріптес бауырым айтып еді, Ресей босқындарға қарық болады деп. Рас, табалайтын нәрсе емес, «қарқ» болып жатқанға ұқсайды. РФ көші-қон қызметі Украинадан 500 мыңға жуық адам Ресейге келіп, жақын-туыстарының үйін паналап жатқандығын айтып отыр. Біздің ІІМ, оған қарайтын көші-қон полициясы ләм-мим, үнсіз. Ештеңе болып жатпаған сияқты. Ал, міне біз дабыл қағып отырмыз. Осынымызды билік ұнатпайды. Ұнатпау былай тұрсын, жек көреді. Осылар-ақ «жауды жақындатып, бөріні тақымдатып шулайды да жатады» деп. Сосын артынан «е-е, солай екен ғой расында» дегенді үнсіз мойындап іске кіріскен болады. Сондықтан билік орындарына қарап отырудың қажеті жоқ, мәселені өзіміз күн тәртібіне қоя беруіміз керек.

Сөздің шындығына келсек, Украинадан үдере қашқандар барса өзінің байтақ отаны Ресейге баруы керек. Өйткені олар украиндер емес – этникалық орыстар. Орыстың отаны – Ресей. Оның үстіне Ресей билігі сыртта қалып қойған қандастарын еліне көшіріп алу саясатын ұстанып отырған төрт мемлекеттің бірі. Демек, Украинадан ауғандар өздерінің заңды талап-мүддесін көтеріп Ресейге барып қоныстануы әбден орынды.

Қазақстан Босқындардың мәртебесі туралы конвенция мен Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қол қойды. Біздің ел босқындар лагеріне гумманитарлық көмек жәрдем жасап тұрады. Ал, мына келіп жатқандар босқындар емес, қашқындар немесе уақытша бас сауғалап келгендер. Босқын атануы үшін оларды Босқындар мәртебесі жөніндегі конвенция «босқындар» деп тануы керек. Біздің білуімізше, олар қашқыннан бұрын жікшілдер. Тыныш, бейбіт жатқан елдің ішінде бұлғақ туғызып, бүлік бастап мемлекеттің тұтастығына нұсқан келтіруге ұмтылғандар. Демек, қауіпті топ. Оларды қолдаудың өзі сепаратистерді қолдау болып табылатынын өткенде Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев та айтты.

Адам ретінде, қазақтың жүрегі жұмсақ, көңілі дархан  бір азаматы ретінде менің, сенің, оның оларға жанымыз ашиды. Келсін, паналасын, ес жисын. Тегінде, жалпы жұрттың бәріне жамандықты жаба беру қате. Бұлар, бәлкім, саясиланған, ниеті қарау қандастарының қақпанына қапысызда түсіп қалған адамдар шығар. Бірақ, әр елдің заңы, қауіпсіздігі деген болады. Бірінші кезекте осы мәселе ескерілуі керек. Себебі, жікшілдерді (сепаратистерді) көрген адамдармен бірге жікшілдік иедеясының қоса келмесіне кім кепілдік береді? Жасырып не қыламыз, бізде осындай көңіл-күйдегі адамдар аз емес. Олардың көкейін тесіп жүрген арманды Украина-Ресей арасындағы дүрбелең кезінде көріп отырдық қой.

Шліденің 12-сі күні «украиналықтар» келіп жатқан Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында Премьер-министр шағын қалалардың жағдайы мен көші-қонға қатысты жиын өткізді. Оңтүстікте ел тығыз орналасқан дегенімізбен, шағын қалалар баршылық. Олар және өнеркәсіпті қалалар. Міне, сол қалаларға оралман бауырларымызды орналастыруымыз керек. Ал, алда-жалда   Үкімет сол қалаларға украиналық «босқындарды» сіңіріп жіберіп, үлкен «адамгершілік» жасауды ойлап жүрген болса, оған да көзіміз жетер.  

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396