Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 5275 0 пікір 8 Шілде, 2014 сағат 09:57

ҚҰЛАНДЫНЫҢ АСТАНАДАН НЕСІ КЕМ?

   

Күлмеңдер! Шын айтам, несі кем? Әрине Құланды - ауыл, Астана - астана дейтіндерің белгілі. Мен оны айтып отырғаным жоқ! Астанада тұратын адамдар, Құландыда да тұратын адамдар. Кәдімгі Қазақстанның азаматтары. Әрқайсысы өз тірлігі үшін және «ел экономикасының өрлеуі» үшін тынымсыз тыпырлап жатыр. Ешкімге өкпелемейді, өкпелегенде біреудің бірдеңесі қисаймайтынын жақсы түсінеді, сол үшін анда-санда күңкілдеп қойғаны болмаса... Басы артық әңгімеге уақыт та жоқ. Сонда да болса мына үш күндік демалыста мерекенің бір лебі сезілсеші, ең болмаса! Барлық көңілді-көңілсіз шаралар Астанада, облыс орталығында, қалаларда өтіп жатыр. Біз отырмыз, теледидәрға телміріп. Бізге бәйтерек, ханшатыр, «зажигалка», «моркоп» салып бермей-ақ қойсын, жылда бір келетін туған күнде кешкі салқынмен демалып қалатын концерт пе, тағы немене, сондай бір шара өткізе салса болмай ма? Біз орысшаны аз білетініміз болмаса, өзімізді астаналықтардан кем санамаймыз. Құқымыз бірдей деп ойлаймыз. Әлде олай емес пе? Біз төмен сортты адамдармыз ба? Неге Астанада Эйкон деген қара бала ән салады да, Құландыда «Қап-қарашка» ән айтпайды? Немесе Құландыда 16-ға толған бала жоқ па? Астананың құрдастары!? (Осы жерде ойға оралады, неге Астанаға 16 жыл? Ол Ақмола қаласының үстіне салынып жатқан жоқ па? 1998 жылы «Ақмола қаласының аты Астана деп өзгертілсін» деген қаулы шықты ғой, «Астана қаласы салынсын» дегенді естіген жоқпын). Әрқайсысына жеке сый жаса деп отырған жоқпын, оған Қазақстанның құдіреті жетеді, тек «атын атап итіне сүйек сал» демекші, балалардың көңілі үшін көңілді кеш өткізе салса жетіп жатыр.

    Туған күн, мереке, әрине, жақсы. "Астана - барша қазақтың мақтанышы, баршаға ортақ қала" деп жар саламыз, бірақ сол қаланың тойында жабықтан да сығалай алмай қалып отырғанымыз көңілімізді бұзады. Тек барлар мен «игі жақсылардың» мерекесі сияқты сезіледі. Содан соң, іштей Астананы жек көре бастағаныңды сезбей қаласың. Олай десең «күншілсің» деп кінәлайды, мақтанайын десең... «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен бір жетім.

    Тегіс жол, әдемі ғимарат, жасыл бау-бақша ешкімге, ауылға да, қалаға да артықтық етпейді. «Өстік, өркендедік, біреулерді қуып жеттік, енді озамыз» деп өрекпіп, әңгіме айтқанда құдай ғұрлымыз, Құланды сияқты ауылдарды көргенде, «олар озып барып орнығып, жағдайларын түзеген соң, келіп, бізді көшіріп алып кететін шығар» деп ойлайсыңда, күніңе шүкірлік етіп отыра бересің. Бас аман болсын! "Оу, астаналықтар! Біз де елміз, біздің де жақсы өмір сүргіміз келеді, бізге де көз салып қойыңдар" дегіміз келген жанайқай ғой бұл.

Меңдібай Ізтұрғанұлы

 Маңғыстау,

 Құланды ауылы        

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371