Жексенбі, 10 Қараша 2024
46 - сөз 10421 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 14:46

Ауыз бекіту – кеудеңді нұрға толтырады

Ораза тұтқан мұсылмандарды рухани танымы мен тақуалығына қарай үш топқа бөлуге болады.

Бірінші, жай халықтың тұтқан оразасы. Яғни, ештеңе ішіп-жемей, жұбайымен жыныстық қатынас жасамайтын адамның ауыз бекітуі. Бұл оразаның ең төменгі дәрежесі саналады.

Екінші, таңдаулы тұлғалардың тұтқан оразасы. Яғни, тамақтан ғана тартынып қоймай, ораза тұтуға жан-дүниесімен бет бұрып, сыртқы пішінін түзеумен бірге, ішкі танымына да селкеу түсірмейтін тақуалық.

Үшінші, таңдаулылардың таңдаулысының тұтқан оразасы. Бұл дәрежедегілердің жүрегі Алладан басқаны ойына алмайды. Бүкіл болмысын Аллаға арнап, зәредей бір жаңсақ кетудің өзін ораза бұзушылыққа балайды. Тіпті, шариғат құптаған дүние қызықшылығын да жүрегі мүлде қаламайды.

Жалпы, Ислам ғұламалары ауыз бекіткенде Рамазанның рухын бойға сіңіру үшін мынадай алты мәселеге ерекше көңіл бөлу керектігін айтады:

Біріншіден, көзді харамнан қорғау. Яғни, біз екі көзімізбен де ораза тұтып, ұдайы тек Алланы ғана ойлауымыз қажет. Өйткені, жанарымызды харамға малысақ, жан-дүниеміз де таза болмайды.

Хақ Елшісі (с.ғ.а.): «Көзбен харам нәрсеге сұқтана қарасақ, рухымызға сайтанның улы жебесі қадалады. Ал, Алладан қорқып, жанарымыздың нұрын сақтай білсек, оның рухани қарымтасы еселеніп, жүрегіміздегі имандылық күшейе түседі», — дейді. Анас ибн Мәліктің жеткізуіне қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оразаны мынадай бес нәрсенің бұзатынын айтқан: Жалған сөйлеу. Ғайбат айту. Өсек айту. Өтірік куә келтіру. Оймен зина жасау.

Екіншіден, тілді харамнан қорғау. Ораза тұтқан кезде мүмкіндігінше көп сөйлемеген абзал. Пікір таластыруға итермелейтін орталардан барынша аулақ болып, оның есесіне Құран-Кәрімді көп оқыған жөн. Базбір ғалымдардың көзқарасынша, өтірік сөз сөйлеу мен ғайбат жасау да оразаны бұзады. Сондықтан, әрбір мұсылман аузынан шыққан сөзге қарауыл қойып сөйлеуі қажет.

Үшіншіден, құлағымен харам нәрсені тыңдамау. Әсілі, айтуға болмайтын нәрсені, тыңдауға да болмайды. Егер харам саналған әңгімені тыңдасақ, сол нәрсені айтқан секілді күнәға батамыз.

Төртіншіден, қол-аяқпен бірге бүкіл дене-мүшелерін күнә жасаудан қорғау. Ауыз бекіткенімен күнә істерден бойымызды аулақ ұстамасақ, ораза ұстамай, харамға белшесінен батқан адаммен бірдей боламыз. Алла Елшісі (с.а.у.) хадис-шарифтерінің бірінде былай дейді: «Кейбір ораза тұтқан адамдар бар. Олар ауыз бекітуді ас-су ішпей, ашқұрсақ болып жүру деп қателеседі». Бұдан шығатын қорытынды — оразаны тек ауызбен емес, тұтас дене мүшемізбен тұтуымыз қажет.

Бесіншіден, ауыз ашарда харам немесе күмәнді болған ас ішпеу. Негізі, адал астың өзін сылқия тойып ішпеген абзал. Өйткені, ора -заны нәпсі қалауларын әлсірету үшін

тұтамыз. Ал, күндіз ауыз бекіткенімен, түнде оның есесіне күндіз ас ішкендей көп тамақ ішетін болсақ, онда ол оразаның ешбір мәні қалмайды. Сондай-ақ, екі бөлек ішетін асты бір уақытта ішу де нәпсі қалауларын ауыздықтауымызға кедергі келтіреді. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у): «Алла-Тағалаға іші толы болған қаптан (асқазан) асқан дұшпан жоқ» деген болатын.

Алтыншыдан, ауыз ашқаннан кейін жүректің үміт пен күдіктің арасында болуы. Яғни, мұсылмандар күні бойы ашқұрсақ болып жүргенімен, тұтқан оразасының қабыл болып-болмағанына көз жетпейді. Сондықтан Алла-Тағалаға: «Тұтқан оразамызды қабыл ете гөр!» деп жалбарынуы шарт.

Түйін: Ауыз бекіткендегі негізгі мақсатымыз періштелердей пəктікке ұмтылу болып табылады. Ал, аузымыз ораза тұтқанымен, ішкі жан-дүниеміз нəпсі қалауларын ауыздықтамаса, онда ол оразаның рухы жоқ, тек пішіні ғана бар. Яғни, адам баласы ауыз бекіткенде тақуа болуға талпынып, Рамазан рухын бойына сіңіре алса, періштедей пəк күйге бөленіп, Хақ разылығын иемдене алады. Ендеше, Хақ шұғыласына бөлейтін илаһи зор мүмкіндіктен құр алақан қалмайық, ағайын!

Мұхан Исахан

Islam.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1158
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2637
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2669