ТУҒАН ЕЛІН ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒА
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, қоғам қайраткері:
– Ең алғаш Нұрсұлтанды домна цехында көрдім. Менің жасым небәрі 17-де, оның жасы 19-да болды. Сол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтанның бәрімізден көш ілгері екені аңғарылып тұрды. Эрудициясы өте мықты Нұрсұлтанмен бір мәселе төңірегінде пікірталаста ешқайсымыз да теңесе алмайтынбыз. Оның білмейтіні жоқ еді. Алайда ол біздің арамыздағы лидеріміз болды. Бәріміз оның айтқанын ұйып тыңдайтынбыз. Өйткені ол өте сенімді түрде сендіріп айтатын. «Егер сәл бір мүмкіндік туса, елімді өркендету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» дейтін.
Нұрсұлтан сол мүмкіндікті қалт жібермей, ел игілігі жолында іске асырған кемеңгер басшы. Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Ол оңай болмағаны белгілі. Тарихта алып империя ыдырап, оның құрсауынан бөлінген елдердің жеке мемлекеттің іргесін қаламаққа ұмтылысы сирек болатын құбылыс. 90-жылдары КСРО құрамынан шыққан республикалар дербестігін алған сәтте неден бастарын білмей біраз дағдарды. Дәл осы тұста қайсар да қажырлы, кемел ой иесі Нұрсұлтанның лидерлік қасиеті ерекше байқалды. Ол елін тығырықтан алып шығудың алуан жоспарын қарастырды. Халқын қиындықтан алып шығарына сендірді. Елі Нұрсұлтандай еріне сенді. Қолдады. Соңынан ерді. Көптің сеніміне ие болу қиынның қиыны. Халқы үшін нар тәуекелге бел байлаған Нұрсұлтан ел сенімін ақтады.
Ал енді бұл күндері Тәуелсіз Қазақстанды дамыту мен қалыптастыруда шешуші рөлді Президент атқарғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Туған жерін түлетуде ол бар мүмкіндікті қарастыра отырып, сол жолда аянып қалған жоқ. Оны сөзбен емес іспен дәлелдеген қайсар жанның осы бағытта жүргізген реформалары жаңашылдығымен зор мәнге ие. Оны бір біз емес әлемдегі алпауыт елдің басшылары да мойындайды. Интеграция идеясын бірінші болып айтқан да біздің Президент. Бірыңғай экономикалық кеңістік күшіне енді.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа, тың идеялар мен ұсыныстардың бастамашысы ретінде де өркениет көшін бастаған мемлекет басшыларын мойындатқан бірегей тұлға.
Ел дамуының басты бағыттарын саралағанда жас мемлекетіміздің қол жеткізген барлық жетістіктері Нұрсұлтанның қиыннан қиыстырар іскерлігі мен батылдығына, тікелей байланысты екеніне еш шүбәңіз қалмайды. Көздегенін орындауды ертеңге қалдырмай, дәл мезетінде іске асыратын қасиет өзіне сенімді тұлғаға ғана тән. Бұл тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтанның қолға алған қай бастамасы да түпкі нәтижесінің тиімділігімен ерекшеленуде. Нұрсұлтан Назарбаев әлемге өзін мойындатқан іскер де көреген, көшелі көшбасшы.
Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде Сыртқы істер министрі қызметінде Президентпен бірге жарты әлемді шарладым. Ұлы Вальтер айтқан екен, «мемлекетті құру үшін бір мықты адам болса жеткілікті» деп. Дәл осы сөз біздің Нұрсұлтанға қарата айтылғандай. Мемлекет құрылысын таза ақ парақтан бастаған Президент Батыстың да Шығыстың да тәжірибесін түгел қамтуға тырысты. Қазақстан 23 жыл ішінде экономикалық және әлеуметтік дамуында ғажайып нәтижелерге қол жеткізсе, бұл жолда Елбасы сіңірген еңбек ерлікпен пара-пар. Елімізде жасалып жатқан жарқын істерді Президент атымен байланыстыру заңдылық. Назарбаев Тәуелсіз жас мемлекеттің экономикалық және саяси даму бағыттарының тиімді моделін қалыптастыра білді. Осының арқасында Қазақстан дағдарысты жылдам еңсеруді қамтамасыз ете алды. Елімізде экономиканың жұмыс істеуі мен дамуын жаңа негізде жүргізетін нарықтық институттар жүйесі құрылды.
Қазіргі таңда Республикамызда индустриялық-инновациялық жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Маңызды жобаларды жүзеге асыру – заман талабы. Еліміздің әлеуеті зор. Болашақ – бүгіннен де жарқын боларына сенім мол.
Исмайыл ОРАЗБАЕВ, зейнеткер:
Астананың бас сәулетшісі
Нұрсұлтанмен 1958 жылы Днепродзержинскідегі нөмірі 8-техникалық училищеде кездестік. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданы Қасқасу аулындағы Куйбышев атындағы орта мектепті бітірген болатынмын. Бір күні мектеп директоры шақырып жатыр деген соң, бардым. Ол кісі аудан орталығында болғанын, 10 сыныпты тамамдаған балаларды Қазақстан Магниткасын игеруге, Теміртауға комсомолдық жолдамамен жіберетінін айтты. Содан аудандық комсомол комитетіне барып жолыққан едім, мәселенің мән-жайымен түбегейлі таныстырған олар, соңында қолыма жолдама ұстатып жіберді.
Днепродзержинскіде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар жатақханаға орналастық. Тәлімгерлеріміз комбинатты аралатып, арнайы экскурсия жасатты. Үш түрлі мамандықтың бірін таңдауға болатынын түсіндірді. Нұрсұлтан сабырлы, салмақты жігіт болып көрінді. Алғашқы сәттен-ақ өзін қызықтырған сауалдарға берілген жауапты мұқият тыңдап, бәрін білмекке ұмтылысы таңғалдырған-ды.
Содан бері Нұрсұлтан Әбішұлы бір мен емес, оны білетіндердің бәрін өзгелерден ерекше ойлап, іс тындыруымен таңғалдырып келе жатыр. Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытуда Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі өлшеусіз. КСРО деген алып империядан іргесін бөлектеген жас мемлекеттің қиыншылық құрсауында шырматылып қалмай, еңсесін тез көтеруінде, зор ұйымдастырушылық қабілетке ие, Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ұлан-ғайыр. Оған бүкіл әлем куә.
Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі қиыншылық әлі естен шыға қойған жоқ. Міне, енді бұл күндері Қазақстан қиындықты кері ысырып қана қоймай, өркениеттің көшбасындағы 50 елдің қатарынан көрініп отыр. Бұл сөз жоқ Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде іске асқан игілік. Бәрі де көпшіліктің көз алдында, бәрін тізбектеп жату шарт болмас.
Бір ғана Астананың өзі не тұрады! Арқа төрінен бой көтерген әсем қала Астананың көздің жауын алар көкке шаншылған ғимараттары қандай көркем десеңізші! Бейнебір ертегідей жыл санап емес, ай санап өркен жайған Астананың айбынды келбеті ел экономикасының көрсеткішіндей көңілді марқайтады. Мұндағы әрбір ғимараттың архитектуралық келбетінің ерекше, бірін-бірі қайталамайтын сипатымен даралануы кімді болса да сүйсінтпей қоймайды. Әрбір нысанның архитектурадағы ең озық үлгілерге сай болуын басты назарда ұстайтын Астананың бас сәулетшісі де Елбасының өзі.
Астана – Нұрсұлтан Назаарбаевтың тікелей бақылауымен салынып жатқан қала. Мұны жалғыз біз емес, елімізге табан тіреген шетелдік меймандардың кез келгені мойындайды. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің «Астана –Нұрсұлтан Назарбаевтың туған баласы, оның үлкен жетістігі және күмәнсіз мақтанышы» деуі соның бір дәлелі.
2010 жылы әлем назарын бір сәт Астанаға аударғаны мәлім. ЕҚЫҰ Саммитінің аясында «Астана декларациясы» қабылдануымен Астана тарихта мәңгілікке қалды. Ал Саммит, сөз жоқ, маңызы айрықша оқиға. Италияның премьер-министрі Сильвио Берлусскони сол кезде «Сіз адам сенбес жобаны іске асыра алдыңыз!» деп ағынан жарылғанда Нұрсұлтандай Президенті бар барша қазақстандықтар бір марқайып қалған-ды. Ақиқаты да, шыны да сол. Батыстың беделді ұйымына Азия елдерінен алғашқы төраға болған елміз. Бұл да тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының зор беделінің арқасында жүзеге асқан игі шара екені даусыз.
Нұрсұлтан Әбішұлының ешкімге ұқсамайтын басты қасиетінің бірі – ірі-ірі жиындарда, басқосуларда жаңа, тың бастама көтеруімен ерекшеленуі. Бұл жолы құрлықтың тұтас қауіпсіздігі жөніндегі бастамасымен өркениет көшін бастаған елдерді тағы бір тәнті еткені белгілі. Қазақстан – Тәуелсіздік жылдарындағы кез келген табысына, көреген Көшбасшысының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізгені анық.
Айқын гезеті.