ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАНЫМ АКЦИЯСЫ
Алдағы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Заң және біз» бағдарламасының редакциясы маусымның 23-і күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының конференц-залында көрермендермен сұхбаттасып, «Құқықтық таным акциясын» өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша бір күн бойы тегін заңгерлердің кеңесін ұсынып, заңдық сауатты көтеруге атсалыспақ ниетте.
Өткен жылдың қыркүйек айында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Заң және біз» бағдарламасы ашылып, оның журналистері тікелей эфир арқылы көпшіліктің көкейінде жүрген құқықтық сауалдарға жауап беріп, түйткілді мәселелелерді шешуге септігін тигізуді мақсат тұтқан еді. Міне одан бері 9 ай өтті, 9 ай ішінде не істелді, хабар өз мақсатына жетті ме? Қанша көрерменнің құқықтық-әлеуметтік мәселелерін шешуге хабар септігін тигізді? Міне осы сауалдарға жауап беру үшін, көрермен алдында есеп беру үшін «Заң және біз» бағдарламасының журналистері «Құқықтық таным акциясын» өткізуді қолға алды.
Аталған жобаның продюсері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Сәуле Жиреншинаның айтуынша, осы уақытқа дейін 40-тан астам бағдарлама эфирге шығып, 300-ге жуық көрермен тікелей эфирге қоңырау шалған. Одан өзге хат жолдаған көрермен саны 200-ден асса, редакцияға хабарласқан жандар қаншама.
«Күнделікті тұрмыста не істерін білмей, басы дауға қалып жүрген көрерменнің хатынан, біздің редакцияға жазып жатқан отандастарымыздың шағымынан түсінгеніміз – бізде әлде де құқықтық мәселелердің кемшін тұстары көп. Неғұрлым бұл тақырыпқа тереңдеген сайын, соғырлым мұндай әлеуметтік жобаға халықтың сусап отырғанын көрдік. Бірде-бір телеарна, жалпы бірде-бір баспасөз құралы өз көрерменінсіз, өз оқырманынсыз ештеңе емес. Біздің басты қызметіміз көрерменге арналған», дейді «Заң және біз» хабарының продюсері Сәуле Жәнібекқызы.
«Заң және біз» тележобасына кәсіби маман иелері, прокуратура, адвокат, сот, әділет қызметі саласының білікті мамандары қатысып, құқықтық тақырыпты жан-жақты талқылайды. Әр дүйсенбі күні кешкі сағ. 19:00-де көрерменнің өзін мазалаған сауалды студия қонақтарына тікелей телефон арқылы қойып, немесе, электрондық поштасына хат жазып, жауап алу мүмкіндігі бар.
Қосымша ақпарат бойынша «Заң және Біз» бағдарламасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ағылтаеваға хабарласуға болады
8 701 360 66 63, 8 (727) 354 06 07