Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6527 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 10:51

Қайрат Мәми. Елбасы бастамалары – сот реформасының қайнар көзі

Елімізді ұлы жетістіктерге жетелеп келе жатқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы қай тұрғыдан айтсақ та жарасады. Президент мемлекет басына ел мен ұлт мүддесін көздің қарашығындай сақтап қалуда, халық шаруашылығын қақыратып алмауда өте қиын мәселелер қат-қабат шиеленіскен аса жауапты кезде келді.

КСРО-ның ыдырауы алдында еліміздің болаша­ғы мен тәуелсіздігі таразы басында тұрды. Сол кезде, яғни шешуші сәтте ел басқару тізгіні Нұр­сұлтан Назарбаевтың қолына табысталды. Сол кезден бастап ата-бабалар аңсаған егемен ел болуға, толыққанды тәуелсіз мемлекет құрудың мақсат-мұраты, әрбір ісі осыған ұйытқы бола бастады.

Ол уақытта басқа одақтас республикалармен экономикалық байланыстар үзілуге жақындап, елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмендей түсті. Одақтас елдермен арадағы экономикалық қарым-қатынастарды қал-қадерінше сақтау, әсіресе, ел ішіндегі саяси ахуалды тұрақтандырып, қоғамдық тәртіпті және халықаралық татулықты сақтау сынды келелі міндеттер тұрды. Осыған байланысты мемлекет құрылымын, оның ішінде құқықтық органдарды жаңаша құру мәселелерін Елбасы алдын ала болжай білді.

Ол кез дүние ай сайын емес, күн сайын емес, сағат сайын сан алуан өзгерістерге түсіп жатқан беймаза шақ еді. Мұндай аумалы-төкпелі тұста қытай халқы «Өзгеріс кезінде өмір сүрме» деп елін сақтыққа шақырады екен. Сөйтіп, сол жылдары бүкіл елдің тағдыры үшін жеке басын бәйгеге тігіп, Президент халқына қанатымен су сепкен қарлығаштай қалтқысыз қызмет жасап келеді.

Кеңестік жүйенің күні бітуге жақын­даған, ел ертеңі елең-алаң күй кешкен кезде бұрынғы конституцияға Президенттік басқару нысанын енгізу қажеттігі туындады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Нұрсұлтан Әбішұлына президенттік лау­азым жүктелді. Сол тарихи кезең туралы академик Салық Зиманұлының естелігінен бір ғана мысал келтірелік: «Сессияның күн тәртібіне Президент туралы ұсыныс қойылып, Конституцияға осы өзгертуді енгізу мәселесі дауысқа салынды. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, Қазақ КСР-інің Конституциясына президенттік басқару нысаны туралы өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылданды».

Ал арада бір жыл өткенде, 1991 жылдың желтоқсан айының 1-інде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының қалауымен бірауыздан тәуелсіз елдің Президенті мәртебесін иеленді. Нұрсұлтан Әбішұлын бүгінгі биік белестерге бастаған осы ақжолтай күндер халық жадында мәңгі сақтала бермек.

«Тәңірдің таңдауымен, халқының қалауымен» мемлекет тізгінін осылай қолына алып, туған елі үшін ерен еңбек сіңірген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде Елбасы деген асқақ абырой, биік беделдің төріне шықты.

Тоқсаныншы жылдар басында Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында елдің ішкі-сыртқы саясатында мемлекет тарапынан атқарылар аса ауқымды міндеттер тұрды. Әсіресе, жоспарлы экономикаға негізделген республиканы енді нарықтық экономика бағытымен алға апарудың ең маңызды міндеті деп белгіледі. Алайда, ел басшысының бұл жаңашыл бастамасын бірден түсіне қойғандар аз еді. Қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, кейбір шенеуніктер нарықтық экономикаға көшу жөніндегі идеяның берер пайдасын бірден пайымдай алмады.

Кеңестік жүйенің шекпенінен неғұрлым тезірек құтылуды көздеген Президент, тәуелсіз еліміздегі кезек күттірмейтін әлеуметтік-эконо­микалық реформаларын жүргізумен қатар, жаңа құқықтық, соның ішінде, сот жүйесін қалып­тастырудың міндетін де күн тәртібіне қойды.

Құқықтық саланы реформалау жұ­мыстары елеулі қиындықтар туғызды. Өйткені, кеңестік жүйенің бірнеше жылдар бойы ой-санаға сіңіріп кеткен психологиялық ахуалын бұзу оңайға түспеді. Дегенмен, Елбасының жаңашыл ой-мақ­саттары құқық қорғау органдары мен заң­герлердің көңіліне бірте-бірте сенім ұялатты. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз сот жүйесін құру, құқық саласының тиімділігін арттыру, оларды заң­дық тұрғыдан бекітіп алу, ел ішіндегі сотқа деген жаңаша көзқарасты қалыптастыру, сол ар­қылы соттардың беделін көтеру – қыруар күш-жігерді, еселі еңбекті қажет еткен өрелі істер еді.

Елбасы Есілдің сол жағалауынан жаңа әкімшілік орталық салуды ойластырғанда Ақорда, Үкімет, Парламент ғимараттарының қатарында Жоғарғы Сот ғимаратын да салуды өз назарында ұстады. Ақорда іргесінен бой көтерген әділдіктің ақ отауы Астананың келбетіне келбет, сәулетіне сәулет қосты. Президент жобалаған осы ғимараттарды Астана қонақтары мен шетелдіктер еліміздің өсіп-өркендеуінің белгісі деп біледі.

Әр жылдары Президент құқықтық жүйені қалыптастыруда сот, прокуратура, ішкі істер және арнайы органдардың жүйелі әрі бірлесе отырып жұмыс істеуіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен күшіне енген «Қазақ­стан Республикасының прокуратурасы туралы» заңда прокуратура құқықтық қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде қалыптасты.

Елімізде прокуратураның рөлі және құзы­реттілік шектелімі туралы заңгерлер ара­сында үлкен дау-дамай орын алды. Тіпті, бір-біріне тікелей қарама-қайшы ойлар туындады. Осындай кезде де Елбасы басқа мемлекеттер­ден өзгеше, Қазақстанның қазіргі даму кезеңіне сәйкес, прокуратура органын сақтап қалды.

Сонымен қатар, Қазақстан Респуб­ликасы Эко­­номикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­­­лыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы поли­ция­­­сы) Үкімет қаулысымен алғашында Қар­жы ми­нистрлігінің салық қызметі құрамын­да Са­лық милициясы басқармасы болып құрылған еді.

Бұл саладағы құқықтық міндеттерді кезең-кезеңімен жетілдіріп отыруды Елбасы әр уақытта естен шығарған емес. Біздің республикамызда, басқалармен салыстырғандағы басты ерекшелік, Елбасының тапсырмасымен коррупциямен күрес жөнінде дербес заң қабылданды. Бұл заң қабылданғанда да кейбір заңгерлер мен құқық қорғау органдарының басшылары бөлек заң керек еместігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар қолданыстағы басқа да заңдар аясында қарастырылғанын айтып қарсы болған еді. Бүгінде халықаралық сарапшылардың бағалауынша, республикамыздың сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі заңнамасы ең тиімді деп танылған.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге шығатын жол сілтейді», деген сөзінде терең мән-мағына бар. Елімізді экономикалық тұрғыда дамытуда, сот саласын реформалауға ерекше мән беруінің арқасында көптеген жетістікке қол жеткіздік. Атап айтқанда, қазіргі экономикалық, банктік, әлеуметтік, тағы басқа салалардағы қол жеткен табысымыз, уақтылы өткізілген құқықтық реформа болмаса осындай деңгейге көтерілуі мүмкін емес еді.

Шын мәнінде, біз кейде экономикалық жетістіктеріміз туралы көп айтамыз да, еліміздегі жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың консти­туциялық құқығын әділ қорғайтын сот қызметі туралы айта бермейміз. Бұл жөнінде Президенттің «Қазақстан жолы» атты кіта­бында: «…сот­тық-құқықтық жүйе­нің тиімділігін қамтамасыз ету эко­но­микалық проблемаларды шешуден бірден-бір кем соқпайтын міндет еді», деп атап көрсетілген. Елімізде әлеуметтік жағдайдың жақсарып, эконо­миканың тұрақтануы, ең алдымен, Елбасының құқық қорғау, соның ішінде, сот саласындағы реформаларды жүргізудегі сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқаны баршамызға аян.

Менің ойымша, Елбасының тұла-бойында қай саланы болса да терең түсініп, дәл сол саланың мамандық иесіндей ой түйетін ерекше қабілет пен көре білу қасиеті бар. Еліміздегі сот қызметінің дұрыс жолға қойылғаны, сот төрелігінің әлемдік стандарттарға сай дамуы нәтижесінде сот әділдігі кәсіби деңгейге көтерілді. Мұның қоғамда тыныштық орнатуға, экономикалық өрлеуге бірден-бір кепілдік беретінін Тұңғыш Президентіміз өз уақытында болжай білді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда қабыл­данған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңда мемлекеттік билік жүйесі үш тармақта – заң шығару, атқару және сот билігі болып құрылды. Бұл қағидаттар 1993 жылы қабылданған Ата Заңымызда одан әрі нақтыланды. Мемлекет басшысы сот жүйесін осылай дамыта беру бағыттарын белгілей отырып, әр жылғы уақыт талабына сай батыл да жаңа қадамдар жасауға ықпал етті.

Елбасының ұйғаруымен 1994 жылы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа бағдар­ламасы туралы» қаулы қабылданды. Бұл құжатта судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігіне кепілдік берілді. Азаматтардың құқықтары мен бостан­дық­тарын сот арқылы қорғаудың заңдық-құқықтық алғышарттары жасалып, Қазақстандағы сот жүйесі бір арнаға тоғысты. Сөйтіп, сот тәуелсіздігі зама­науи реформаларға сай қамтамасыз етілді. Осы жылдарда жаңа Азаматтық іс жүргізу және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің қабылдануы нәтижесінде сот ісін жүргізудің алғашқы заңдық тетіктері қаланды.

Бұдан кейін сот реформасын одан әрі же­тілдіруде 1995 жылғы Конституцияның ма­ңызы зор болды. Мемлекет басшысы аталған Конституцияның сот жүйесін дамыту­дағы рөлін: «Сот әділдігін шын мәнінде әді­летті және риясыз жүргізуге сот корпусын қа­лып­­тастырудың Конституцияда көрсетілген тетік­тері септігін тигізеді», деп нақты айтып берді.

Осы Ата Заңымызда жергілікті жердегі соттарды сайлаудың орнына, енді оларды Президент тағайындайтыны, ал мұның өзі олардың тәуелсіздігін жергілікті жерлердегі әкімшілік ықпалдан қорғайтынын, ал Жоғарғы Соттың судьялары Президенттің ұсынысымен Парламент Сенатында сайланатыны ең жоғары заңдық тұрғыда айқындалды. Сөйтіп, еліміздегі сот жүйесінің буынын бекітіп, белін буып берді.

Президент 1995 жылы сот жүйесін дамытудың негізін қалаған тағы бір құжатқа – «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды. Конституцияға сәйкес, төрелік соттар таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді. Осылайша, сот жүйесінде мемлекеттік билікке қажетті барлық атрибуттар еліміздегі сот төрелігінің тыңғылықты қалыптасқанын айқындап берді. Ресей Федерациясы, Беларусь мемлекеттері соттардың біріктірілу тиімділігін арада жиырма жыл өткен соң түсініп, мұндай шешімге биыл ғана келді. Осындай орасан зор реформалардың жемісті жүргізілуі – Н.Ә.Назарбаевтың саяси көрегенділігі мен қажырлы күш-жігерінің, табандылығы мен позициясының беріктігінің арқасы дер едім.

Елімізде сот саласында реформалар жүр­гі­зіл­ген жылдар ішінде, әсіресе, азаматтық іс­тер бойынша бірқатар жаңашыл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, бұрын соттардың қарауына мүлдем кірмеген лауазымды адамдардың немесе мемлекеттік орган­дардың заңсыз іс-әрекет­тері, банкроттық туралы шағымдар енді тікелей соттардың қарауына берілді. Сот арқылы қорғаудың тет­ік­тері жасалып, сот қаулыларының міндет­тілі­гі және оларды орындау үшін жауаптылық белгіленді.

2000 жылы «Қазақстан Республика­сының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы туралы заңдардың қабылдануы судьялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелерін түпкілікті шешіп берді. Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізіле бастады. Олардың міндетті түрде тағылымдамадан өту тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді.

Бұған қоса, Президент тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруда республикалық деңгейде Судьялар съезін тұрақты түрде өткізіп отыруды қолдады. Осы уақытқа дейінгі Судьялар съезінің тарихын еске алсақ, ел Президентінің қатысуымен алты съезд өтті. Мемлекет басшысы әр съезд сайын Судьялар қауымдастығы үшін сот саласында атқарылатын іргелі істер мен межелі міндеттерді айқындап берді.

Егер қысқаша түйіндеп айтсақ, 1996 жылы 19 желтоқсанда Алматыда өткен Судьялардың I съезінің қаулысымен мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармағына бөлу туралы конституциялық ережедегі сот реформасын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Ал 1999 жылғы 25 қаңтарда Алматы қаласында өткен Судьялардың II съезі қабылдаған шешімде Судьялар қоғамдастығы мен мемлекеттік органдардың сот билігінің беделін арттыруы, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етуі тұжырымдалды.

Адамдардың сотқа сенуі, өз мүдделерін қорғауы үшін сотқа жүгінуі – сот-құқықтық реформаның басты нәтижесі екенін Прези­дент 2001 жылы 6 маусымда Астанада өткен Судьялардың III съезінде тиянақтап берді. Елімізде қылмыстық жазаларды ырық­тан­дыру және ізгілендіру мәселесі осы жолы көтеріл­ген болатын. Соттарды мамандандыру – Мемлекет басшысы ұсынған ең өзекті, ең өркениетті бағыттың біріне айналды. Сондық­тан, нарықтық экономикалық шарттардан туын­д­аған жаңа әлеуметтік қатынастар ықпалын жете түсінген Елбасы, барлық облыстарда ма­ман­­дандырылған экономикалық, әкімшілік, кә­ме­летке толмағандардың істері жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық, өзге де салалық соттарды құру жайлы Жарлықтарына қол қойды.

Астана қаласында 2005 жылғы 3 мау­сымда өткен Судьялардың IV съезінде Президент сот жүйесінің жетістіктеріне ризашылықпен баға беріп, соттардың қызметін одан әрі арттыруға, қадағалаушы сатыларды барынша қысқартып, сот ісін оңтайландыруды неғұрлым жетіл­дірудің жаңа міндеттерін қойды. Сонымен қатар, судьяларға қойылатын талаптарды қатайтуға, судьялардың біліктілігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Сот академиясы Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Басқару академиясының Сот төрелігі инс­титуты болып қайта құрылды.

Президенттің судьяларға жүктеген басым міндеттердің бірі – бүгінде еліміздің сот жүйесіне түбелікті енген Алқабилер институты. Аса ауыр қылмыстарды Алқабилердің қатысуымен қарау 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл сот төрелігін халық өкілдерінің қатысуымен ашық әрі шынайылықпен жүргізудің нормаларын айқындап берген заңдылық құжаты болды.

Ал Мемлекет басшысы 2009 жылғы 18 қара­ша­да өткен Судьялардың V съезінде сот ісін жүргізуді оңтайландыру, қадағалау инс­танцияларының санын азайту, аудандық соттардың тәуелсіздігін нығайту мен рөлін арттыру жөнінде міндеттер қойды. Бұл тапсырмалар өз ретімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңда көрініс тапты.

Осы заң аясында облыстық соттардың құрылымы өзгертіліп, мамандандырылған апелляциялық және кассациялық сот алқалары құрылды. Апелляциялық сот инстанциялары аудандық соттар жіберген қателіктердің түзетілуін қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Яғни, іске толық зерттеу жүргізілмеген жағ­дай­да сот ісін өзінің өндірісіне қабылдап, сот ше­ші­мінің күшін жойып, оның дұрыс шешім табуын қамтамасыз етудегі заңдылықты күшейтті.

Тағы бір елеулі жаңалық, Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғарғы Сот «Медиация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі. Өйткені, сот төрелігін баламалы негізде халықтың өзін қатыстыра отырып жүргізу – шынайылық пен әділдіктің және жариялықтың тиімді тәсілі. Президент қоғам қажетсінген осы заңға 2011 жылғы 29 қаңтарда қол қойғаны баршаға мәлім.

Бұл жаңа құқықтық институт еліміздің аумағында ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен қолдау табуда. Мысалы, 2012 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Қазақстан Республикасында медиа­ция инс­титутын енгізу» жобасы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 2012-2014 жылдарға арналған даму бағдарламасы жөнінде келісімге қол қойды.

Бұл келісім халықтың әлсіз топтары үшін сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға, дауларды соттан тыс реттеу мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталған. Медиация институтын дамытуда шетелдік озық тәжірибелер кеңінен пайдаланылды. Германия, Словения, Швейцария, Беларусь және Еуроодақ елдері сарапшыларының қатысуымен халықаралық конференция­лар, елімізде өңірлік ақпараттық семинарлар мен дөңгелек үстелдер, өзге де іс-шаралар өткізілді. Бұл іс-шара әлі де жалғасын табу үстінде.

Мемлекет басшысы Судьялардың кезекті VI съезіне 2013 жылы 20 қарашада қатысып, өзінің көкейге түйген ойларын және сот төрелігін одан әрі жетілдіру туралы келелі ұсыныстарын білдірді. «Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің  де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан», деп айтқан сөзі соттарға тың күш берді.

Біз, Судьялар қауымдастығы, Ел­ба­сының әр жылдардағы съезд қоры­тындысында берген тапсырмаларына сәйкес, жалпы сот жүйесін дамытуға белсене атсалысып келеміз.

Қазақстанның қарқынды дамуы біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Еліміздің әлемдегі ең дамыған елдер қатарына кіру бағдарламасы, белсенді интеграциялық процестер сот өндірісінің уақыттың сын-қатерлеріне теңбе-тең болуын талап етуде. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізудің жаңа моделін қалыптастыру тараптар мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін прагматикалық тәсілдерге негізделген.

Біз Қазақстан қоғамына етене жақын сот төрелігін қалыптастыру тұжырым­дамасына сүйенеміз. Даулардың бейбіт жолмен реттелуіне көмектесу судьялар қызметінің бір саласы деу керек. Әлем елдерінде дауларды баламалы түрде шешу рәсімдерінің белсенді қолданылғаны бізге де үлгі, әрі оның тиімді тұстарын алғанымыз жөн.

Елімізде бизнестің өзін өзі ұйымдас­тыруын ынталандыру жөніндегі шара­лардың дер кезінде қабылдануы, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының құрылуы аралық соттарды, мүліктік дауларды сотқа дейін реттеу институтын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Осы орай­да, тұтынушылардың құқықтарын, зияткерлік меншікті, еңбек және құқықтық даулардың басқа да санаттарын қорғау туралы дауларды шешу саласында баламалы перспективалар бар екенін көпшілік біле жүрсе деп ойлаймын.

Еліміздегі барлық соттарда электронды сот ісін жүргізу жүйесі енгізіл­ген. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот­тың ғаламтор ресурсын жаңарту, жергі­лікті соттардың Интернет-ресурстарын жетілдіру жұмыс­тары тиянақты жүргізіліп келеді. Сот өндірі­сіне қатысушылардың істің қозғалысы туралы жедел ақпарат алуына, шығарылған сот актілерімен танысуына барлық мүмкіндіктер жасалған.

Қазіргі таңда Жоғарғы Сотта өтетін сот про­цестерінде бейне-байланыс кеңінен қолданылуда. Облыстық соттардың қатысуымен жалпы отырыс­тар, кеңестер және судьяларды қашықтықтан оқыту жүйесі өз ретімен жүргізіліп келеді.

Сот жүйесінің қызмет ету сапасы ең алдымен білікті де тәжірибелі судьялар корпусын кадрлық қамтамасыз етуге тікелей байланысты болмақ. Жалпы, құқық мамандары арасында «Судья – заңгерлердің ең таңдаулысы» деген тәмсіл сөз бар. Бұл сөз олардың жанкешті еңбегіне, кәсіби біліктілігіне, шеберлік деңгейлеріне берілген баға болар. Аудандық соттардың судьялары еліміздегі сот істерінің тоқсан сегіз пайызын атқарады. Яғни, бұл – бейнеті көп қиын істерді қарауда, сондай-ақ салмағы басым жүктемелерге мойымай қызмет көрсетудің ең төзімді үлгісі.

Судьялардың әлеуметтік мәртебесіне сай, еш алаңсыз қызмет етуіне қолайлы жағдай жасау, лайықты баспанамен қамтамасыз ету әр жылдары өз шешімін тыңғылықты түрде табуда. Мемлекет басшысы судьялардың әл-ауқатын үнемі жақсартып отыруды өзінің назарынан ешқашан тыс қалдырған емес. Сол үшін де судьялар қауымының ел Президентіне деген құрметі мен алғысы шексіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы Судьялардың VI съезіндегі сөзінде: «Судьялардың V съезінен бері өткен төрт жылда Қазақстанның сот жүйесі «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі жөнінен Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісіндегі өз көрсеткішін бірден 23 орынға күрт жақсартты», деп атап өткен еді. Заңдардың сақталуы, азаматтық сот төрелігі, қыл­мыстық сот төрелігі және басқа да кө­р­сет­кіштер бойынша да Қазақстан пост­кеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден алда келеді. Мәселен, мұны World Justice Project халықаралық үкіметтік емес ұйымы ұсынған 2014 жылғы Заңның үстемдік құру индексінен көруге болады. Бұл рейтингіде Қазақстан 71-ші орынды иеленген.

Осы жылы рейтинг әлемнің 99 елі мен аумақтарын – билік институттары өкілеттігін шектеу, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық сот төрелігі, қылмыстық сот төрелігі тәрізді негізгі сегіз көрсеткіш бойынша бағалаған.

Ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың «Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген даналық сөзі Елбасының тағылымды таңдауға толы әрбір ісінен айқын көрініс тапқанын өмірдің өзі дәлелдеп беруде.

Біздің халқымыз – қашанда әділ билікті, шынайы заңды ардақ тұтқан, ақиқатын айтып, ақ жүруді қалаған өте турашыл ұлт. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің әр азаматы өз көкейінде сақтап жүруі үшін айтқан: «Егер де өзім бүгін заңға қайшы келсем, заңға қарсы шықсам, онда ертең құқығым табанға тапталған кезде менің сол құқығымды кім жақтайды, кім қолдайды» деп ойлауы керек», деген сөзінің мәні өте терең, өте тағылымды.

Заңды сыйламай, білгенін істеген кейбіреулердің бүгінде Қасиетті қазақ жерінің бір жұтым ауа­сына, бір уыс топырағына зар болған өгей өмірлері әркімнің ой-санасында қобыз сарынындай сарнап тұрса ғой!..

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы.

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364