Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 14591 0 пікір 18 Маусым, 2014 сағат 14:58

Ләззат Қапышева. Көңіл қымбат

(новеллалар)

Алматыдағы емдеуші дәрігерім қызмет ауыстырып кеткен соң, амал жоқ сол емдеуші дәрігерімді іздеп, Астанаға келіп кезекті дәрігерлік тексеруден өтіп жүргеніме 1 апта болды. «Өміріме ауру кірді – әлек кірді», - дегендей кейде жаным сыздап тәнім ауырғанда өзімді қоярға жер таппай кетемін. Осындай жағдайда жүргенімде бұрын Алматыда бірге есікпе-есік көрші болған әрі құрбым Салтанатпен кездесіп жанымды ауыртып жүрген жайларды айтып сырласпақ болып оған телефон (қоңырау) шалдым.

– Алло, Салтанат қалдарың қалай? Мен ғой Зейнеп.

– Жақсы. Қайдан жүрсің?

– Мен осында, емханада, емделіп жүрмін, бүгін қолым бос еді, сағындық қой, кездессек қайтеді.

–Жарайды кел. ВИП городокта коттеджде тұрамыз, жақындағанда ұялы телефонға қоңырау шал.

Мен қуанып кеттім. Асығыс такси ұстап, әне-міне дегенше тез жетіп те келдім, қоңырау шалып едім, есік алдынан мені Салтанаттың өзі емес, күзет қызметкері қарсы алды. Оғанда мән бермеппін, үйге кірдім, қазір Салтанат көзіме

көрінсе бас салып құшақтағым келіп тұрған. Бірақ ішке кірген менімен, оның ісі де болған жоқ. Қолдарында 2-3 телефон аузы жабылмай сөйлеп отыр. Мен состиып есік аузында тұр едім: «Ой, кірсейші, бір керек адамдар звондап жатыр», - деп  отыра берді. Мен ішке кірдім. Сән-салтанаты жарасқан керемет үй, дастарханы жайнап тұр. Қолынан телефоны түспеген Салтанат, арасында келіп шәй ішшей деп қояды. Бірақ, амандық-саулық, қал-жайымды сұрау деген ойында жоқ. Мен отырмын. Орнымнан сәл қозғалсам, алтынмен апталған, күміспен күптелген шыны ыдыстарды сындырып алам ба деп, үрке қараймын. Бір сәт есік қағылып, үйге үлдемен бүлдеге оранған бір келіншек кіріп еді, оны айналып, толғанып, құшақтап қарсы алған  Салтанат: «Кіре бер, Алматыда көрші болған, бір кісі келіп отыр, қазір кетеді ғой, кел жаным, жоғары шық», -деп әлгі келіншекке бәйек болып қалды. «Мен қате естіген жоқпын ба?», « Алматыда көрші болған бір кісі деді ме?» - онсызда ауырып тұрған жаным сыздап кетті. Салтанат, сен айтқандай біз жай ғана көрші болдық па? Сонау 90-жылдары екеуміз жарты нанды бөліп жеп туған бауырдай болып едік қой. Мен жұмыстан келгенше терезеден қарап, тағатсыздана күтіп, менсіз шәйда ішпейтін едің. Балалар жас болатын,  пәтерге қолымыз жеткенше Алматының бұрыш-бұрышын кезіп, пәтер жалдап тұрған кездерімізді, қожайынымыздан көрген құқайымызды айтып, бірде жылап, бірде күліп біздерді

көрші қылған бір Аллаға риза болатын едік қой. Сен балалармен жұмыс істемей үйде отырдың, қысқарту деген бәлеге ұшырамай тұрып мен де қызмет атқардым. Бір көйлекті өзіме алсам сағанда қоса алатынмын. Бірде таңертең сен қаражат қажет деп, қиналып келдің, көршің үшін намазыңды бұз деген ғой, құлағым мен қолымдағы гаухарларымды шешіп бердім емес пе, енді байқаймын тұрмысың түзелгенде мен керексіз жандардың қатарына қосылыппын. Мен үнсіз орнымнан тұрып, ауыр есікті әрең ашып ауладағы 5-6 итті шулатып, қаруланған күзет қызметкерлердің арасынан, темір қақпадан көңілім құлазып шықтым. Тас қорғанмен қоршалған керемет сәнді үйлердің арасымен селсоқ жүріп келем. Құлазып келе жатқан көңілімді күздің қара суық желі одан сайын қалтыратып жіберді. Бір үйдің қақпасынан өте бергенімде:

–Зейнеп, сені де көретін күн бар екен ғой, сен осы жерде тұрасың ба? – деп жүгіре келіп көптен кездеспеген Жәниға мені құшақтай алды, - өң-түсің қашып кетіпті ғой, ауырып тұрсың ба? Жүрші үйге.

Ол мені қолымнан жетектеп үлкен үйге қарай емес, оның қасындағы аласа 2 бөлмелік шағын үйге алып келді. Іші жылылыққа толы үйге кіріп, Жәниғаның шын қуанып тұрғанын көріп мен де жайланып, жөн сұрай бастадым.

– Ой, Зейнеп, өзіңмен қатар қызмет атқарған күндер  артта қалды ғой, отағасы екеуміз жұмыстан қысқартуға түскен соң, Алматыдағы 2 бөлмелік пәтерді сатып, Астанаға көшіп келгенбіз. Содан үлескер болып, салынып жатқан құрылысқа ақшамызды бергенбіз, енді қазір үй де жоқ, ақша да жоқ, пәтер жалдап жүрген жайымыз бар. Біраз жайды бастан өткердік, кейде үйді сен саттың, жоқ сен саттың деп бір-бірімізбен айқайласып қаламыз. Ең бастысы басымыз аман, бауырымыз бүтін соған шүкіршілік дейміз. Тағы бір айтарым, бір жамандық, бір жақсылықты жасайды екен. Біз тұрып жатқан мына үйдің қожайындары өте жақсы жандар. Біздің жұмысқа араласып, балалардың оқуына да осы кісілер көмектесті. Қазір бірге туған ағайын-бауыр сияқтымыз.

Жәниға маған шын ықыласымен шәй беріп, өткен-кеткенді еске алып көңілімді көтеріп тастады.

– Зейнеп, есіңде ме, менің туған күніме сен ақ маржан моншақ силап едің ғой, кейінгі уақыт үзіліп қалса да мен оларды жинап бой тұмардай сақтап қойдым. Қалай ұмытайын, сол кезде ешкімде жоқ асыл тасты сен силап едің. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» десек те сол кездегі сенің дархан көңіліңе риза болып едім. Сен ауырдым деп уайымдама, біз қасыңда боламыз, дәрігерлермен сөйлесеміз. Біздің үйдің қожайыны Жарас аға осындағы бір аурухананың бас дәрігері.

Менің көңілім бір демделгенде теледидар көріп жатып, көзім ілініп кетіпті. Оянсам Жәниға қазаннан қазы-қарта, жал-жаяның буын бұрқыратып, түсіріп жатыр екен. Мен оның шын пейіл-ниетіне риза болдым, тіпті ауруымнан сауығып кеткендей өн-бойымды жеңілділік пен көңілділік жайлай бастады. Далаға шықтым, аспанда сансыз жұлдыздар жымыңдап, дала да мамыр айындай жылынып кеткендей сезілді. Бір ауыз сөзден суынып, бір ауыз сөзден жылынып қалатын, қайран көңіл-ай! Көңілімнің қуанышқа толғаны соншалық: «Бұл фәниде қашанда өмір қымбат, Өмір қымбат, адамдық сенім қымбат. Байлығың да, дүние бәрінен де, Көңіл қымбат, адамдық сезім қымбат», –деп ән айтқым келді.

Өкінбе сен

Соңғы уақыт еңсем көтерілмей, өзімді «қылмыскер» жандай, айыпты сезініп жүрмін. «Басқа бәле тілден» деген рас екен. Өз-өзімді кінәлі сезінуімнің де реті бар. Түсінікті болсын, бәрін басынан бастайын.

Мен жоғары оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналаспақ боп, бармаған мекемем, ашпаған есігім қалмады. Барлық жерде қысқарту жүріп жатыр екен, тауым шағылып, шаршап та кеттім. Арқа сүйер ағамның, көмек берер көкемнің жоқтығына налып, көше бойында жылап та келемін. Алматыда жаңбыр құйып тұр. Көк тәңірінің көз жасымен жарысқандай, менің де жанарым селдеп келеді. Қол шатырым да жоқ, тоңып та келем. Осы сәт қолшатыр ұстаған бір апай:

– Қалқам, тоңып тұрсың ғой, жүр, менің көлігіме барайық,– деді. Мен оған ызғарлана қарап, ызалана:

– Тоңған жоқпын, – деп, дүрс ете қалдым.

– Жүр, қалқам, жылама, тілдесейік.

Солай біз таныстық, сөйлестік, ол мені көлігімен жұмыс орнына алып келіп, шәй берді. Құдай жарылқаймын десе, әп сәтте екен. Ажар Ахатқызы осы мекеменің бастығының орынбасары болып шықты. Сол мекемеде іс- тәжірибеден өтуіме кеңес берді. Оған да шүкір дедім. Арада біршама айлар өткен соң, бастыққа айта жүріп, менің жұмысқа қабылдануыма көмектесті. Мен бақытты едім, адам баласы жамандыққа да, жақсылыққа да тез үйренеді ғой. Шынын айтсам, дандайсып кеттім, ол кісінің тілін бірде алсам, бірде алмай, берген тапсырмаларына жүрдім-бардым қарадым. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген, мен қайдан білейін, Ажар Ахатқызына қызғанышпен қарайтын адамдар да бар екен.

– Бастық сені жұмысқа алғанын бұлдап, саған бар айтқан әмірін жүргізіп, үстін-үстін тапсырма бере береді, өзің жүдеп те кеттің. Сен соның айтқанына көне бересің бе? – деп, арамызға от салып жүргендерін мен сезбеппін. Неге екенін білмеймін, соңғы уақытта Ажар Ахатқызы мазасызданып, мұңайып, сел-соқ жүрді. Оның көңіл-күйін сұрап, қал-жайын білудің орнына, ол кісінің әр ісіне көре алмаушылықпен, іштарлықпен қарайтын, көзінше күлімдеп, адал жандай көрініп, ал сыртынан сөз айтып жүретін қыз-келіншектермен қосылап алып, өзіме жанашыр болған жан туралы өсек-сөз айтып, маған сабақ болсын деп, өзінің де басынан өткерген өмірі жайлы айтқан сырларын сыртқа жайып, жамандауға әуес болдым.

– Қыздар, сендер Ажар Ахатқызының үйі бар, күйі бар, жағдайы бар деп таң қаласыңдар ғой, менің бір байқағаным:

– бұл кісі кешкі тамағын ішкен соң, таң атқанша үйінен кетіп қалады. Күйеуі қайдан келді, қайда барады, тіпті шаруасы жоқ, екеуі бір-бірінен бөлек жандар секілді, түсінбедім. Таң атқанша қайда жүреді?

– Қайда барушы еді, қонақ үйге баратын шығар?

Қыздар сықылықтап күлсін. Масқара, есік жаққа қарасам, Ажар Ахатқызы шығып барады, біздің бар әңгімемізді естіді, енді кіретін тесік таппай сасып қалдық. Сол күні жұма еді, ертеңінде, сенбі күні ол бөлімдегі төртеумізді таңғы тоғызға жұмысқа шақырды. Әрине, төртеуміз де енді не болар деп, таң атқанша көз ілмедік. Таң да атты, жұмысқа келдік. Көңілсіз күй танытқан бастық апамыз машинаға отыруымызды сұрады, біз үнсіз келістік. Жүріп келеміз, бір кезде қаланың шетіндегі шағын ауылға келдік. Бізді үйден шыққан апа мен ата қуанып қарсы алып жатыр.

– Ой, Ажар қалқам, денсаулығың қалай? Сен ауырдым дегеннен бері, осы ауылдың бәрі уайымдап жүр, өзіңе айтар жаңалықтар көп. Сен келіп қала ма деп, балалар да құлпынай теріп, тауықтың жұмыртқаларын да көптеп жинап қойды.

– Апа, жарайды, шай қойып жіберсеңіз кейін сөйлесерміз. Біз ештеңе түсінбей, абдырап тұрмыз. Бізді шағын өзен жаққа бастап апарып, терең күрсінген Ажар Ахатқызы әңгіме бастады.

– Мен сендер айтқандай, түнде ерігіп, зерігіп қонақ үйде түнгі көбелек боп жүрген жоқпын... Әркімнің айтыла бермейтін қателігі мен сыры болады. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» дегендей, менің де жұбайыммен сырымды бөлісіп, айтылар әңгімем ертерек таусылды. Жалғызсырап қалдым. Бірақ, мен өмірде өлімнен емес, ажырасу деген сөзден қорқатынмын. Оның да өзіндік себебі бар. Жас кезімде кетіп қалуыма да болар еді, бірақ, бір жағдай себеп болды. Көршінің келіні үнемі мұңайып, көңілсіз жүретін. Бірде қал-жағдайын сұрасам, мұңын шағып кетті:

– Ажар апа, менің ата-анам ажырасып, әкем өзге жанға үйленіп, анам басқа жанға тұрмысқа шықты. Әр балада бір шеше, бір әке болу керек қой, менің тойымда екі әке, екі шеше болып, төрт адам қатар жүрді. Осы күні енем сол жағдайды бетіме басып, қыр соңымнан қалмай айтатын болды. Жолдасым үйде жоқта «сенің қай әке-шешеңді құрметтеп, құда-құдағи деп төрге отырғызып сыйлаймыз» деп жанымды жей береді. Онсыз да әке-шешемнің ажырасуы маған аз соққы болмап еді.

Мен көршім Айгүлмен арада болған осы әңгімеден соң, көп ойландым. Ұлым мен қызым болашақта осындай күйде болмау үшін көніп, төздім. Ал екінші жағдай, мен күндіз қызметкермін, түнде кәсіпкермін. Бір жылдары банктен үлкеееен несие алып, жер сатып алып, үй салмақшы болдым. Бірнеше жер алдым, үйдің де құрылысын бастап кеттім. Бірақ, менің сатып алған жерімнің құжаттары заңсыз болып шықты. Сотқа барып, дауласып, әділдік іздегеніммен, еш нәтиже шығара алмадым. Ақыр соңында несиелерді өтеу үшін мен күндіз сендермен бірге қызметте болсам, түнде гүл базарына барып, таң атқанша гүл саттым. Кейде, тұшпара жасайтын цехтарда түнгі маусымда жұмыс істедім. Тіпті, түнде жол жүріп, Талдықорған қаласына барып, сол жақтан араның балын тасып, таң ата оларды үстеме бағамен базаршыға өткізетінмін. Ауыл-ауылды жағалап, қымыз, шұбат тасыған да күндерім болды. Мен мұны тіс жарып, ешкімге айтпадым. Ешкімнен қарыз сұрамадым, ешкімге қол жайып жыламадым. Ал сендер айлығымыз аз деп, «анда тартсан анда, мұнда тартсаң мұнда жетпейді» деп қарыз сұрағанда, қалтамнан табылатын ақша – менің айлығымның көптігінен емес, осы түнгі еңбектердің арқасы еді. Өздеріңе шет жағалатып, айтып көрсем, одан гөрі сендерге түріктің киноларын көріп, біреуің Ферхундеге, біреуің Бану ма, Шехрезат па, кім еді, соларға еліктеп, әңгіме айтқан тиімдірек көрінеді. Ал сенбі, жексенбі демалу керек деп, жиын тойға, қонаққа барудан қолдарың босамайды. Менде сенбі, жексенбі деген жоқ. Қысы-жазы осы ауылға келемін. 

Ажар Ахатқызы әңгімесін аяқтай алмай, баяу басып, алға қарай жүріп кетті. Біз не істерімізді білмей, үнсіз тұр едік, қасымызға келген апа самбырлап сөйлеп кетті.

– Қарақтарым, жүріңдер, самаурынға шай қойып, таба нан пісіріп қойдым, қазір сары майға былғап «быжыма» деген тағам беремін. Айран да, қаймақ та бәрі бар, жүріңдер үйге. Өздерің Ажар қалқамның кімі боласыңдар? Біз осы жерде 5-6 жыл тұрамыз. Ылғи да жалғыз келеді, ашылып, бізге әңгімесін де айта бермейді. Біз апамен ілесіп, үй жанындағы сәкіге жайғасып, кейуананың әңгімесін тыңдап отырмыз.

– Бізді жұрт оралман дейді. Осы үйдің қожайыны қалада тұрады, кейін осы үйін Ажарға сатып жіберді. Енді далада үйсіз қалдық қой деп жүргенде, Ажар: «Біздің үйде тұра беріңіздер, пәтер ақы сұрамаймын. Тек, маңайға бау-бақша егіп, тауық ұстап, шаруашылықпен айналысайық»,– деп кеңес берді. Біз келістік. Бүгінде Ажарға біз ғана емес, ауыл адамдары да дән риза. Бізді қаладағы театрға, концерттерге жиі апарып, балаларды да жаз айларында демалтып, олардың оқуларына да көмегін беріп тұрады. Ажардың қаладан келуін бәріміз де тағатсыз күтеміз. Ол келген күн біз үшін мейрам, той. Өзі сондай ақылды, жанашыр жан. Соңғы уақыт көп ауырып жүр. Тез жазылып кетсе екен деп, бәріміз тілейміз. Апамыз әңгімесін айта жүріп, дастархан үстін жайнатып қойды. Бізде асқа деген тәбет жоқ. Күнделікті қасымызда жүрген жанның қадір-қасиетін, енді түсінгендейміз. Бізді сол күні қалаға әкелгеннен кейін, Ажар Ахатқызының демалысқа кеткенін білдік. Біз оны тағатсыздана күтіп, қашан жұмысқа келеді деп сағынып жүргенімізде, ол кісі жұмыс ауыстырып, басқа қалаға көшіп кетіпті, кейін білдік. Бұл күнде біздің біріміз түнде лағман созып, оны дүкен, асханаға өткізіп, біріміз гүл сатып, біріміз көптен қолға ұстамаған тігін машинасымен іс тігіп, әжептәуір іскер, ісмер жан болып алдық. Көп нәрсені көкейге тоқып, көңілге түйіп, өзге әлемнен келгендей күй кешіп жүрміз. Бұрынғыдай өсек әңгіме айтып, корей, түрік киноларының кейіпкерлерінің іс-әрекетін талқылап, талдайтын уақытымыз да, тіпті зауқымыз да жоқ. Ерінбей еңбек еткен жанға қаражат та табылады екен. Бірақ, біз өзімізге анадай қамқоршы, ападай ақылшы, ұстаздай тәлім-тәрбие берген жанашыр жан – Ажар Ахатқызының жүрегіне өсекпен жазылмас жара салғанымызға өкініп жүрген жайымыз бар. Бізге қазір жаңа бастық келген, кей-кейде жағдайымызды айтып, алдына баруға да батылымыз жетпейді. Бір өзі бар әлемнің мәселесін шешіп отырғандай, бізбен тілдесуге де уақыты жоқ, қабағынан қар жауып: «вашы проблемы меня не интересует», деп қатқылданады да отырады. Осындайда Ажар Ахатқызын қалайша еске алып сағынбайсың?.. Бұрын ол кісі жайлы күбір-сыбыр әңгіме айтатындардың да іштей сағынып жүргенін сеземін. Бәрін айт та бірін айт, маған не жоқ? Ажар Ахатқызы сәл қолы қалт етсе, қал-жайымды сұрап, қамқорлық көрсетіп, шашымнан сипағанда, мен анамның жоқтығына налып, жастайымнан жетімдіктің зарын тартып өскенімді айтып, мұңымды шағатынмын. Алғашқы махаббатымнан да жолым болмай, қателік қадам да жасадым деп қиналғанымда, Ажар Ахатқызы құшағына басып, «болашағың алдыңда, әлі бақытты боласың, өткен іске өкінбе» дейтін еді-ау... Бірде осындай күйде жүргенімде Ажар Ахатқызы түсіме кірді. Біз, жұмыстағы қыздар – бәріміз бір дастарханның басында отыр екенбіз, бірақ бізге бетін бұрмай, өзі ғана ән салып тұр екен. Бір кезде бәріміз сол әнге қосылып, «Өмірге келгеніңе өкінбе сен» деп жылап отырмыз. Содан оянып кеттім.

Осы әннің бір шумағын қайта-қайта қайталадым, сол бір аяулы да адал жанға деген сағынышым үдеп, жол жүруге асығыс дайындала бастадым... Қымбатты замандас, өзіңе жақсылық жасаған жанның сеніп айтқан сырының парақтарын өзгелерге ақтарып, жанын жаралап, көңіліне қаяу түсіруден абай болсақ деймін. Өмірде қандай қиындық болса да, мойымауды, әрбір істі қайырлыға жоруды, өткенге өкінбеуді мен сол кісіден үйреніппін...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5293