С. МАТАЕВ: ЖУРНАЛИСТЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕ КЕРЕК
Журналистер қауымына әлеуметтік жағынан мемлекеттік мәртебе қажет. ҚазАқпараттың жазуынша бұл туралы кеше, Алматыда, Журналистер күні қарсаңында өткізілген футбол матчы барысында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев мәлімдеген. Оның айтуынша, қазір журналистерде ондай мәртебе жоқ.
«Қазақстанның журналистері де нағыз отансүйгіш жандар. Олар - өз елінің патриоттары. Бірақ әлеуметтік жағынан мәртебесі жоқ. Кеңес заманында мысалы, пәтер алғанда, шипажайға барғанда белгілі бір әлеуметтік көмектер, жеңілдіктер болатын. Мен қазір де соларға ұқсас жеңілдіктердің болғанын қалаймын. Сондықтан журналистер туралы бөлек заң керек. Біз бұл мәселені әлі көтереміз. Ал мереке қарсаңында журналистерге тілейтінім - ең бірінші зор денсаулық. Журналистика - бұл ауыр да күрделі мамандық. Журналист сағатқа қарамайды. Ол күндіз-түні жұмыста. Сондықтан денсаулықтарыңыз мықты болсын! Қызметте жаңа биіктерден көріне беріңіздер, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін!» - деген С.Матаев өз сөзінде.
Журналистер құрамасы ойнаған кешегі жолдастық кездесуде жасыл алаңға Жанарбек Әшімжан, Амангелді Сейітханов, Гений Төлегенов секілді белгілі журналистер шығып, «Былғары доп» турнирінің үздік ойыншыларынан құралған құрама команданы 4:0 есебімен жеңген. Осы команда сапында ойнаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 3 гол салып, хет-трик жасапты.
Абай-ақпарат