Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7784 7 пікір 13 Маусым, 2014 сағат 10:00

КҮЙЕУ САТЫП АЛАМЫН...

©Алаш айнасы иллюстрациясы

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Өмір деген қызық қой! Елестері мен белестері қатар. Бірде көкке көтерсе, бірде сұлата құлатады. Дәл бүгінгідей мені ешкім осыдан екі жыл бұрын ғана «күйеуді де сатып аламын» деп кекірейе қалады деп ешкімнің неше ұйықтаса да түсіне кірмеген болар?! Өткен күндері дос-жаран, тамыр-таныс түгіл тіпті ата-анамның алдында сүйкімім болмаған менің бүгін «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс».

... Жасым қазір 29-да. Мектеп қабырғасын бітірген жылдары әке-шешемнің мені оқытуға мүмкіндіктері болмады. Бір жылдай үйде жаттым. Содан кейін амал жоқ, 35 мың теңге жалақы төлеген кішігірім бір құрылыс компаниясы директорының хатшысы қызметін атқардым. Аз ақша төлегендеріне қарамастан сол жерде аттай 6 (!) жыл жұмыс істеппін. Білімім жоқ, өз-өзіме сенімсізбін, қолымнан басқа не келсін. 

Бірде бастығыма еліміздегі белгілі бір эстрада тобының әншісі келді. Атын айтпаймын әрине, оның үстіне жұдырық ала жүгіретін жаман әдеті бар (тепкісіне талай жыл шыдадым, ақымақ басым). Сөйтсем ол әке-шешесіне деп үй салып жатыр екен. Ал менің сол кездегі бастығым оның танысы болып шықты. Құрылыс материалдарын арзан бағамен алуға келіп жүріп, екеуміз бір-бірімізді «ұнатып» қалдық. Расын айтқанда, мен ғашық болып қалдым. Екі жыл кездестік. Соның айтқандарына көне беріп, қадір-қасиеттен жұрдай болдым. Ішіп алып болмашы нәрсеге ұрып-соғуы жиілеп, ауруханадан бірақ шыққан кездерім де болды. Ертесіне сыйлықтарын алып, кешірім сұрап келіп тұрғанда еріп сала беретінімді қайтерсіздер. Енді ше, «жұлдызбен кездесіп жүр екен» деген сөздің өзін мәртебе санадым ғой баяғы. Оған қоса «үйленіміз» деп алдап қоятыны тағы бар еді кейде. Бір көзін қысып тұрып айтқан оның бұл жалған сөзіне қалай сенді деңіздерші... 

Мақтанып, анама тұрмысқа шықтым деп салдым, асығыс. Мені күйеуге тимей қалады деп алаңдаса керек, шешем байғұс естігенде қатты қуанды. «Болашақ күйеу баламыз әнші екен» деп әкеменен сүйінші сұрағандай болды. Не керек, екеуі барлық туған-туысқа айтып, дайындық басталды. Төсек-орын, жасау деген сияқты. Біреулері ақша жинап беріп жатты. «Болашақ күйеуім» жалған айтуы мүмкін-ау» деген ой миымның түбінде жатса да, оның мені селк еткізгенінше арада екі-үш ай өтіп кетті. Қиялдың жетегінде жүріп, есімді жиып, «ойбай, енді қайттім» деп сан соқтым. Жігітіме «мен алшы» деп жалындым сол кезде. «Есің дұрыс па!?» деп бір-ақ ауыз сөз айтқан ол қайтіп маған келмеді. 

Үйде қандай соғыс болғанын айтпаса да түсінген боласыздар. Ашуға булыққан әкем тіпті таяқ ала жүгіріп, үйден қуып жіберді. 

Жұмыс жоқ. Жасым болса 20-ның бел ортасында. Дәмханаларда даяшы болсам, бірде біреуге жалданып сатушы болып жұмыс істедім. Несін айтасыз, сөйтіп жүріп талай «мамандықты» игеріп алдым. Бірақ өмірімнің берекесі қашты.

Сөйтіп, сергелдең күй кешіп жүргенімде көптен араласпай кеткен туыс апайымның жұмысына келдім бір шаруамен. Ол қала маңындағы бір сауда орнында сатушы болатын. Сол дүкеннің бір бұрышын жалға алған әйел бар, менің апайым бар түс кезінде тамақтандық. Әңгімені әңгіме қозғап, маникюр, педикюр жайында сөз қылдық. Апайымның танысының мамандығы сол болып шықты. Менің өміріме күрт өзгеріс әкелген адам Шәмшия болса, уақыты 2013 жылдың ақпан айының 21-і. Бұл күнді мен еш уақытта ұмытпайтын шығармын. 

Қайтып әңгімеме оралайын. Шәмшия апай «ақыр тұрақты жұмысың жоқ екен, маған көмекші бол. Күнделікті ақшаңды төлеп тұрамын» деді. Мен сол кездері ғана білдім, менің тырнақ күтіміне, бетті әрлеуге, қысқасын айтқанда стилистік қабілетім керемет екен. Тез-ақ үйреніп алдым. Тіпті жұмысымнан ләззат алатын болдым.

Өз-өзіме ризамын. Қалтамда ақша пайда бола бастады. Үйге оны-мұны, азық-түлік ала бастап едім, ата-анамның «отырса – опақ, тұрса - сопақ» маған деген көзқарастары да өзгере бастады. 

Әңгімені қысқа қайырсам, өстіп жүргенімде баяғы әнші жігіт пен маған ортақ тағы бір әнші қызды көріп қалдым. Біраз сырластық, басымнан өткен-кеткенді естіп, ол мені шын аяды. «Айтпақшы, телеарнаға бет әрлеуші керек деп жатыр, ертіп барайын, мүмкін сынақтан өтіп кететін шығарсың» деп қолқалады. Жүрексінсем де бардым. Кім ойлаған, сыннан сүрінбей өттім.

Бір жылдай уақыт ішінде көп нәрсені үйрендім. Мені тіпті қазір өз ісінің шебері деп көкке тигізбейді. Ол жұмысыма қосымша Қазақстанның барлық облыстарына іссапарға шығып, шәкірт дайындаумен айналысып жүрдім. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Атырау облысына барып, он күн ішінде 16 адамды оқытып келдім де, әр қайсысынан 130 мыңнан 2 миллион теңгедей ақша жинаппын. Қазір ол арнадан кетіп, өз салонымды ашып алдым. Салоным элита ғана келетін салондардан кем емес. Арасында үлкен концерттер болса кеш ұйымдастырушылар «ақшасын жақсы төлейміз» деп шақыртып алады. Тапсырыс өте көп, тіпті демалуға уақытым жоқ қазір. Қысқасы, қазір енді мен «жұлдызбын». Телебағдарламаларға да шақырып тұрады, кейде өңкей ығай мен сығай жиналатын орталарға барып тұратыным бар. 

Автосалоннан су жаңа көлік сатып алдым. Үйіме еуро нақыштағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін жиһазға толтырдым. Рас несие алдым, бірақ несиені тез-ақ төлеп тастадым.

Ата-анам, туған-туыстарым қазір менің ыңғайыма жығылатын болып жүр. «Не бай алмады, не құдай алмады» деп жерден алып, жерге салатын әкем қазір менің қас-қабағыма қарайды. 

Жалпы жаман емес. Бірде анам ренжітіп алмайын дегендей бәсең дауыспен «енді күйеуге тисең жақсы-ақ болар еді» деді. «Мама, алаңдама. Мен қазір күйеуді де сатып ала аламын» дедім нық сеніммен. Десем де, жүрегімнің түбінде «шіркін менің ақшама емес, өзіме ғашық болатын» жан болса ғой деген арман жатты. Бірақ ол арманның орындалу, орындалмауы енді екіталай. Осы уақытқа дейін ешкім шынайы ғашық болмағанда 30-ға келген шағымда енді ешкім құлай сүйе қоймайтын шығар, сірә. Есесіне қазір ақшама қызығып жүрген жігіттердің неше түрлісі жүр маңайлап. Жасы да, кәрісі де. Тек барлығы дерлік біреудің есебінен күн көруді қалайтындар. (Баяғыда қалталы жігеттерді қыздар іздеуші еді, не болып барады мына заман өзі). Амал нешік, ішіндегі тәуірлеу біреуіне күйеуге тиемін. Әрине «күйеуге тиемін» дегенім айтыла салған сөз екенін жақсы білемін. Оларға ақша, ал маған күйеу керек. Қысқасы, күйеу сатып аламын деген шешімге келдім. Сіз не дейсіз оқырман?

Айна

http://alashainasy.kz/

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383