Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6887 0 пікір 11 Маусым, 2014 сағат 13:14

ОРАЛХАН АҒАҢНЫҢ РУХЫНАН КЕШІРІМ СҰРА!

АДАСУ АДАМҒА ТӘН...

Суретте: жазушы Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкейқызы

Жас ақын Азамат Тасқараның «Оралхан Бөкейдің өміріндегі… біз білмейтін құпия…» атты мақаласы 4 маусым күні «Қазақ үні» газетінде жарық көрген еді. Мақалада автор жазушы Оралхан Бөкей өмірінің біз білмейтін құпиясы деп жазушының алғашқы жұбайы Айманның өлімі жайлы қаламгер Мүсілім Құмарбекұлының айтқанын келтірген. Аталған оқиға әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Мәселенің анық-қанығын қаламгердің қарындасы Ғалия Бөкейқызы былай баяндады.

Сіздің ағаңыз, Оралхан Бөкей туралы «Қазақ үні» порталында бір түсініксіз мақала жарияланыпты. Әлеуметтік желідегі жастар шулап жатыр деді бір журналист. Өз басым әлеуметтік желіні қарамайтынмын. Қарауға тура келді.
«Қазақ үні», соның ішінде жастар үні қазіргі таңда шулаған үнге айналған ба? деген таңқалыспен әлеуметтік желідегі «Оралхан Бөкейдің өміріндегі … біз білмейтін құпия…» атты Азамат Тасқараның ұсынуымен жарық көрген Мүсілім Құмарбек ақсақалдың естелігін оқып шықтым. Порталда – 28, facebookте – 87 (жазушыны шығармасы арқылы жақсы көріп, жамандыққа қимайтындары бар, желіні сыйлайтындары бар) пікір тіркеліпті. Оқырман қауымға Азамат Тасқара емес, масқара екендігін жеткізу үшін осы ашық хатты жазып отырмын.
Азамат, сенің мынау қаралау ісіңнен соң өлеңдеріңді біршама оқыдым. Өлеңдерің жақсы екен. Түсінгенім, саналы түрде осындай сенсацияға барыпсың. Әйтпесе 20 жасыңда небір айтулы сыйлықты алып жүрген талантты баласың ғой, сөздің қадірін білесің. «Жусан қыз» атты тұңғыш жыр кітабыңның алғысөзі де тұнып тұрған сен туралы алтындай салмақты, кілең дуалы ауыздан шыққан керемет пікірлер екен.
Бірақ сол жеткен биігіңе масайрағандай, тіріні былай қойып, өлі әруаққа тіл тигізіпсің. «Атың шықпаса жер өрте!» деген қарғыстан жаман болды мынау теріс қылығың. Тіпті ауылда өскен қазақ баласына жат мінез.
Дүниеден өткеніне 21 жыл болған қайран ағамның әруағын шулатыпсың. Оны кісі өлтірді, 20 жыл отасқан жарының түбіне жетті дегің келгені несі? Біреудің аузымен келтірсең де, бұл қай сасқаның? Ол көп қазақтың бірі емес, Алаштың ардақты азаматы, өз дәуірінің көкке өрлеген мықты жазушысы – Оралхан Бөкей.
Оралхан ағаңды, нулы Алтайда туған жерлес ағаңның рухын бір жаншыпсың. Қазақта «Өлгенге өтірік дау» дейді. Сол бықсық жаланы өрбітердей қара басыңа не күн туды? Бесіктен белің шықпай жатып көзіңе не көрінді, қарағым?
Тура жолды білгенмен,
Бір адасу – тілегім.
Иір-иір жүргенмен,
Інге түзу кіремін.

Тіліме у толады,
Тораңғы ассам талай күн,
Жарым жылан болады,
Аяны өтсе Абайдың.
«Жылан» атты өлеңді оқып, адасуды сұрап алдың-ау, сен бала, – деп ойладым.
Досымнан жақсы қас шықты,
Қастыққа қазақ дарынды-ай.
Қос көзден әрең жас шықты.
Тағы бір өлеңінде осылай мұң шағыпсың. Тірі адамдармен, өзің қатарлы жастармен бәсекелесе бер, бірақ 49 жасында дүниеден озған ағамның рухына кім саған қастық жаса деді?
Зер сала оқып, өлеңдеріңнен Оралхан ағаммен үндестікті тауып және қайран қалдым. «Жусан қыз» алғашқы кітабыңның атауы – «Қар қызы», ағамның әйгілі повесінің атауына ұқсас екен.
«Алтын мүйіз кербұғы-ау», бұл өлеңің де Оралхан ағамның сарыны, «Қар ұлдарын ұғуға қандай жүрек керек-ау?», бұл да Оралхан ағам, шабытыңды алдыңғы толқын жазушы ағаңның кітаптары оятқаны тасқа таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па!
Адасу адамға тән. Жүрегіңді, жаныңды тазарт, қарағым. Оралхан ағаңның рухынан кешірім сұра!
Астанада Құралай Омар екеуінің жыр кешін қатар ұйымдастырып бергенмін, біздің Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын қыран» Компаниялар тобының (бас директоры – Исламбек Салжанов) меценаттық көмегімен жарық көрген жеті автордың бірі ретінде жақында тұсаукесері өткен, өзім іш тартып бауыр санап жүрген Азаматқа хабарластым. Басында «Сіз түсінбей қалғансыз ғой» деп бұлтақтап, соңында Мүсілім Құмарбек ақсақалға жауып, одан түк шықпағаннан кейін, кешірім сұрай бастады. Сол тұста Оралхан Бөкейдің өзі жауап бергендей болды. Азамат Тасқара, саған арнаған-ау деймін. «…мына отырған көген көз – кейінгі ұрпақ сендердің орталарыңнан алқұлымдап дарын шыққандай болса, дандайсып кетпей, асқар тауың мен арқар ұранды азаматтарыңның өткен-кеткенін паш етіңдер» («Мұзтау»).
Азамат, сен ақталғанмен, соңғы пікіріңде, пост скриптумда не ойлайтының анық тұр. Жазушыларды зиялы әрі зымиян деп Мұқағалидың өлеңін келтіріп, үкім айтыпсың. Бұл енді парадокс. Нашар жазушыны бекерге зиялыға қоспа. Мықты жазушы – бұл Құдайдан берілер дарын иесі. Құдай тегін адамға бақ бермейді, соны неге білмейсің?
«Кербұғы» атты деректі фильм түсіруді қолға алып, жақсы бастама бастадың, оған қуандық. Ал, порталдағы мына тірлігің ақындығың былай тұрсын, қазақтығыңа сын. Нағыз қазақ әруаққа тіл тигізбеген. Махаббат символына айналған, өмірдан озған Оралхан мен Айманның екеуіне де тіл тигізіп отырсың. Екеуінде бала болмады, ол бір перзенттің зары, трагедия, бір Алланың қолында. Олардың жеке өмірлеріне араласқаның үшін Құдай алдында өзің жауап бересің. Айман жеңгемнің басындағы құлпытастағы ағамның жазған төрт шумақты есіңе түсірейін, Азамат Тасқара. Ақынсың ғой, өлеңді тез ұғарсың.
Бұл ескерткіш аяулыма, жарыма
Мәңгі ұйықтаған тұрмай менің зарыма.
Айман, саған арнап кітап жазамын,
Қаламымды малып көздің жасына.
Мен, пенделіктен тап-таза деп ағамды ақтап алайын дегеннен аулақпын. Жеке тұлға жайлы жазарда жан-жақты зерттеп, өзіңе жауап бере алатындай деректі дәлелің болу керек.
Азамат Тасқараның кешірімінен кейін, сол күні кешкі сағат 19.30-да анық-қанығын білейін деп, Мүсілім Құмарбек ақсақалға телефон шалдым. Бұрыннан жақсы білетін, елпілдеп қалған ағамыз: «Айналайын-ау мен тірімін ғой, бұл Азамат Тасқараның жазып отырғандарына мен келіспеймін, мен осылай жазайын деп едім деп бір ауыз хабарласпады. Менің үйіме келгені де өтірік. «Айманға қоңырау шалып, келгенінше үйді босатуын бұйырған» деп айтатын мен қасында тұрғаным жоқ қой, айналайын. Бұл Азамат Тасқараның не ойы бар екенін білмеймін. Мен сенің айтып отырған ғаламторыңды түсінбеймін».
Мен ақсақалға өз айтқанын мақаладан бастан-аяқ оқып бердім. Мүсілім ақсақал аң-таң болып есінен айырылғандай болды. Мүсілім ақсақал да, Азамат Тасқара да мені жақсы білетін азаматтар. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы. Азамат Тасқара мен Мүсілім Құмарбекке Оралхан Бөкей өзі жауап берді…  «Егер Құдайдың құдіретімен сол өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан үн-түнсіз, жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді, қайтер еді… бір-біріне қатты сөз айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай, бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді, қайтер еді, егер әруақтар зәуде қайтып оралса… (шіркін-ай, қайтып оралса) дүниедегі сансыз сұмдықтың бет пердесі ашылып, БІЗДЕР ұяттың отына өртеніп кетер едік-ау… амал қайсы, Олар ешқашан да, ешқашан да қайтып келмейді». («Сайтан көпір»).
АДАСУ АДАМҒА ТӘН... Оралхан Бөкей туралы мақалаға қарсы жауап. Мүсілім Құмарбек болсын, басқалары болсын, Айман жеңгем қайтыс болғаннан кейін (1988 ж. 3 май) ағам 5 жыл өмір сүрді (1993 ж.17 май) сол кезде жазса қайда қалыпты?! Бір-біріне деген таза махаббат болмаса, 22 жыл (1966 ж. 24 қыркүйек үйленген кезі) бірге тату-тәтті өмір сүрер ме еді? Осыны да ойлағандарың жөн. Өтірік мас болып, ең әлсіз тұсың осы ғой деп, үйге келіп былғақтап, талай мәрте ағамнан өш алудың лас жолын іздеп, баласы жоқтығын беттеріне басатын ағаларымның сұрқы да есімде. Ерлі-зайыпты екеуі де үнсіз, сол ағаларға дастарханындағы дәмін алдына қойған күйі отырып қалатын. Менің жүрегімде сол ағаларымның әр сөзі сайрап тұр. Балам бар деп дандайсыған сол ағалардың балалары әкелеріне топырақ салуға жарамағандары бар. Оны санаңнан өшіріп тастай алмайсың, ағам мен жеңгемнің жанын жаралаған сол ағалардың балалары туралы деректі еріксіз іздейді екенсің.
Фариза апам (Оңғарсынова) 2013 жылы шілде айында менің үйімде бір әңгіме айтып еді, соның реті келіп тұр. «Мен Айман қайтқаннан кейін Оралханға бір түрлі іштей ренжіп жүрдім. Оралханның жаны нәзік еді ғой, ол да сезсе керек. Бірде Кеңсай зиратында біреудің жерлеу рәсіміне барғанымызда Оралхан маған, Фариза, жүр, Айманның басына барып құран оқып қайталық, – деді. Кәрібай Ахметбеков үшеуіміз қабір басына келдік. Бұған дейін естігемін, Айманға әдемі құлпытас қойды дегенді. Оралхан маған, Фариза сен құран оқы, – деді. Білетін аяттарымды оқи бастадым. Қайсар Оралханның көзінен аққан жасты көргенімде адамның бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілік осы-ау іштей риза болдым. Оралхан сені түсінбейтін жанын ауыртатын адамдар көп болды ғой деп құлазып үйге қайттым…».
Мұның бәрін жазып отырған себебім, әр адам сөздің киесі де, иесі де бар екенін ұмытпаса екен. Сол себепті Азамат Тасқарадан шикі дүниемен оқырманды дүрліктіргені үшін менен емес, оқырмандардан кешірім сұрауын талап етемін.
Ескеретін жайт, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 21-бабы 2-тармағында журналист «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға» міндетті деп көрсетілген. Жазылған заңдармен жұмыс істеу қажеттігін тағы да есіңде сақтағайсың.
Оралханның әке-шешесінің және Айманның қолынан дәм татқан Мүсілім ақсақал, не айтсаңыз да ойланып, өзіңізше шындықты айтқан екенсіз, одан жалтақтамаңыз. Айта алмасаңыз, анық-қанығын зерттеп барып жариялау – жазушының парызы. Өйткені, сіз жәй адам емессіз, жазушысыз. Дәм татқан құдығыңызды ластамаңызшы!
Мені көптеген жастарымыздың өсек пен жалаға сенбей дұрыс ойлайтыны сүйсінтті. Рахмет!
Қазыбек Иса бауырым, порталды да қадағалап отырыңызшы. Өлгеннің артынан өсек емес, қазақ деген ұлы халықтың нағыз үнін естігіміз келеді.

Құрметпен,
Ғалия Исақанова Бөкейқызы
11.06.2014 ж.

«Жас қазақ» газеті - http://jasqazaq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383